Аида Балаева және аккредитация. Министрлікті сотқа берген журналистердің уәжі қандай?

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 2 қыркүйек, 2024 жыл.

Қазақстанда 9 журналист бірігіп, сотқа Мәдениет және ақпарат министрлігінің ережесі жөнінде шағым түсірді. Олар министр Аида Балаева бекіткен "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесі" сөз еркіндігі мен ақпарат таратудағы конституциялық құқықты бұзып отыр дейді. Журналистерді бұл қадамға не итермеледі?

Your browser doesn’t support HTML5

Аида Балаева және оның ережесі. Журналистер ақпарат министрлігін неліктен сотқа берді?

Жадыра Жұлмұхаметова – ақпарат министрлігін сотқа берген 9 журналистің бірі. Оның айтуынша, әріптестерінде мұндай қадамға барудан басқа амал қалмаған. Жаңа ереже қабылданар алдында да, одан кейін де БАҚ өкілдері ақпарат министрі Аида Балаеваның өзімен кездесіп, кем-кетік тұстарын ашық айтқан. Алайда бұл уәждер ескерілмей, билік өзіне "ыңғайлы" нұсқаны қабылдап жіберді деп наразы болған журналистер мәселе көтерген, Ақордаға да хат жолдаған. Ол жақтан келген жауапта жаңа ереже жайлы сұрақты елеусіз қалдырған.

Журналист Жадыра Жұлмұхаметова

– Жауап келді. Ақорда хатты үкіметке бұрған екен. Ол жақтағылар әріптесім "Жәнияға аккредитация берілді" деген жауаппен шектелген, болды. Ал жаңа ережелер жайлы ләм-мим демеген. Яғни мүлдем елемей отыр. Сондықтан сот әділдігіне жүгінуден басқа амалымыз қалмады, – деді Жадыра.

Press.kz басылымының журналисі Жәния Ұранқаеваны мысал еткен Жадыра Жұлмұхаметованың БАҚ саласында жүргеніне он жыл болған. Соның 8 жылында ол Ақордадан және үкімет пен парламенттен ақпарат таратады. Журналист БАҚ өкілдерін тіркеудің жаңа тәртібіндегі нормаларды көргенде таңғалғанын айтады.

– Іс-шараға қатысып, мені аккредиттеген редакцияның атынан жаңалық шығардым делік. Бірақ кейін әріптестерім жаңалығымды түрлендірсе, яғни рерайтинг жасаса немесе "ұрлап" өз сайтына жарияласа, менің аккредитациямды алып қоя ма? Дәл осы жері түсініксіз әрі сұрақ көп. Ақпарат министрлігі белгілі бір журналистің жаңалығы алдымен қайда шыққанын қалай, қайтіп тексермек? Оған уақыты бар ма? Егер де біз [заң талаптары сақталатын] елде өмір сүрсек, жаңа ережелер туралы әңгіме айтуға болар еді, алайда біз қияли әлемде тұрмаймыз ғой, – деді ол.

Мәдениет және ақпарат министрі 20 тамыздағы бұйрығымен бекіткен "Журналистерді аккредитациялаудың үлгілік ережесі" бойынша, аккредиттелген журналист ақпаратты тек өзі тіркелген БАҚ-та ғана жариялауға тиіс. Сондай-ақ, бұл ережеде іс-шараны өткізетін мекеме аккредиттелген журналистерге қосымша талап қоя алатыны жазылған. Бұл талаптарды екі мәрте немесе одан да көп бұзған жағдайда құзырлы орган журналисті тұрақты тіркеуден алты айға айыра алады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзін Қазмедиа ғимаратында баспасөз орталығынан көріп отырған журналистер. Нұр-Сұлтан, 14 шілде, 2022 жыл.

Жаңа ереже жариялана сала, медиасарапшылар құжатта БАҚ өкілдерінен гөрі, тіркеу жүргізетін мекеменің мүддесі басымырақ әрі оларға берілген өкілет шексіз деп мәлімдеген. Жадыра Жұлмұхаметова да осы пікірде. Министрлік тілшілерді аккредиттеудің тәртібіне жаңашылдық енгізу арқылы ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты реттейміз десе, тараптарға бірдей талап қоюы керек еді деді ол.

Журналистерге арналған ережелер сияқты талапты неге шенеуніктерге де енгізбейді? Мәселен, тілшілердің сұрағына нақты, тиянақты жауап беру дегендей. Кейде сұрағымызға толық жауап алу үшін тағы он қосымша сұрақ қоюға мәжбүр боламыз. Шенеуніктер журналистердің сауалына анық, нақты жауап бермей тұрып, әлдебір регламент туралы айтудың өзі артық деп санаймын, – деді Жадыра Жұлмұхаметова.

Бірнеше жылдан бері үкімет үйі мен парламенттен хабар таратып жүрген журналист Серік Жолдасбай билік аккредиттеудің жаңа ережесін "ыңғайсыз" тілшілерді саптан шығару үшін ойлап тапты деп есептейді. Сөзінше, құжатта регламент пен тәртіпті бекітетін мемлекеттік органдар деп көрсетілген. Демек бұл жерде журналистің емес, тіркеу жүргізетін мекеменің мүддесі басымырақ.

– Үкіметте болсын, осы мәжілісте болсын "ауа жұтуға бола ма?" деп әзілдеп сөйлейтініміз бар да, өйткені біз нақты қандай жағдайға байланысты сені тіркеуден айырып тастайтынын білмейміз. Мысалы мен өткенде осы мәжілісте Азат Перуашевке байланысты сұрақ қойып, ол жауап бермей, мен лифтіге дейін ілесіп барған кезде мәжіліс қызметкері "сізде ескерту бар" деді маған. Ол қандай ескерту? Ол жай айтыла салған ескерту ме, жоқ әлде нақты бір құжат жүзінде бекітілген ескерту ме деген секілді. Әрине, бұның барлығы айналып келгенде бізге психологиялық қысым, – деді ол.

АККРЕДИТТЕУШІ МЕКЕМЕНІҢ ҚОСЫМША ТАЛАБЫ

Журналистерді аккредиттеудің жаңа ережесін алғашқылардың бірі болып Үкімет үйі қолдануға кірісті. Құжат қабылдана сала БАҚ өкілдерінің мұнда жұмыс істеу тәртібі өзгерді. Бұған дейін тілшілер үкімет отырысы өтетін үшінші қабаттан ақпарат таратып келген. Министрлермен журналистер дәлізде кездесіп, сұрақ қоя алатын. Ал жаңа талапқа сәйкес, енді БАҚ өкілдері бір қабат төменге түсті, тек екінші қабаттағы пресс-залда жұмыс істейді. Оларға министрлер жүретін үшінші қабатқа көтерілуге тыйым салынды. Сондай-ақ отырыс өтетін залға телеоператорлар мен фотографтар да кіре алмайды.

Ішкі ережені бұзғандарды жазалау көп күттірмеді. 6 қыркүйек күні үкімет журналист Жәния Ұранқаеваны әлдебір талаптарды сақтамады деп жылдың аяғына дейін аккредитациядан айырды. Қоғамда резонанс күшейіп, тілшілер тарапынан наразылық артқан тұста премьер Олжас Бектеновтің аппараты шешімін өзгертіп, Ұранқаеваға үкімет ғимаратына кіріп, жұмыс істеуге рұқсат берді. Бірақ мұндай жеңілдік бәріне бірдей берілмеуі мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Дөкейлердің мазасын алмасын деп". Министр жүрген қабатқа көтерілген журналисті үкімет жазалады

– Бұрынғымен салыстырғанда, шыны керек, сақ болу керек, өте сауатты жұмыс істеу керек. Иә, бұрын мүмкін қателескен шығармыз қандай да мәселелерде. Енді қателік жасамауымыз керек. Осы бір жағдайда жұмыс істейік деген секілді, осы бір тар ауқымда болса да, жұмыс істейік деген мәселе... осы көзқарасқа келе бастаған секілдіміз. Өйткені кез келген уақытта сізді тіркеуден шығарып тастауы мүмкін. Көнуге тура келеді, – деді журналист Серік Жолдасбай.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры журналистерді аккредиттеу ережесінде "Құқықтық актілер туралы" заңға да қайшы баптар барын айтты. Қор жетекшісі Карла Жаманқұлованың сөзінше, әділет министрлігі 21 тамыз күні тіркеген ереже 60 күннен кейін ғана күшке енуі керек болған.

"Әділ сөз" қорының жетекшісі Карла Жаманқұлова

– [Ереже] күшке ену үшін 60 күн уақыт беруі керек. Ал олар қалай істеді? [Ереже] 20 тамыздан бастап күшке енеді дейді, бірақ реестрге 21 тамыз күні тіркеп, 24 тамызда ғана жариялады. Мұның өзі заңбұзушылық. Заңның кері күші болмайды. Бұған болмашы нәрсе деп қарауға болмайды. Өйткені мемлекетіміздің керегесі – заң, – деді Жаманқұлова.

Әділет министрлігінің құқықтық жүйесінде ереже расымен де 21 тамыз күні тіркелгені, бірақ күшке 20 тамыздан бастап енетіні жазылған.

"Әділ сөз" қоры Қазақстан ақпарат министрлігін сотқа берген 9 журналиске құқықтық қолдау көрсетеді. Қор жетекшісінің сөзінше, тілшілер шағымын Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қабылдап алған. 11 қазанға алдын ала тыңдау белгіленген, негізгі процесс алдағы 3-4 аптада басталады деді қор өкілі.

Азаттық БАҚ өкілдерінің сотқа шағымдануы бойынша мәдениет және ақпарат министрлігінің позициясын сұрап ресми сауал жолдады. Материал эфирге шыққанға дейін жауап келген жоқ. Ал министрліктің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева бұл мәселеге байланысты әзірге "пікір бере алмаймыз" деді.

2 қыркүйекте ақпарат министрі Аида Балаева медиақауымдастық арасында дау-дамай тудырған тілшілерді тіркеудің жаңа ережесі жайлы журналистер сұрағына жауап берген. "Байбаламға салудың қажеті" жоқ деген ол БАҚ өкілдеріне ақпарат алуда ешқандай шектеу болмайды, оған министр ретінде көмек көрсетуге дайын деп айтқан.

"Бұйрық 100 пайыз өзгерген жоқ. Бұрынғы бұйрықпен ол сәйкес келеді, біріншіден. Екіншіден, өзгертулер ешқандай журналистердің құқықтарын бұзбайды. Өйткені барлық министрліктердің болсын, әкімшіліктердің болсын, барлық құжаттар бізде өзінің құқықтық жағынан экспертизасын өтеді. Сондықтан ешқандай бұйрықтың тетіктері біздің конситуциямызға, ата заңымызға я болмаса басқа да заңдарға қайшылығы жоқ. Сондықтан бәрі дұрыс", – деді министр сол күні.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің жаңа ережесі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Масс-медиа туралы" заңға қол қойғаннан екі ай өткенде қабылданды. Журналистер мен қоғам белсенділерінің, құқық қорғаушылардың қарсылығын тудырған бұл заң парламенттегі талқы кезінде бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ мақұлданған соңғы нұсқасында сөз еркіндігіне кері әсерін тигізуі мүмкін деген даулы баптардың көбі сол күйі қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Реформа" ма, әлде "журналистерге кедергі" ме? Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына көзқарас

"Масс-медиа туралы" жаңа заңда кей баптар статус-квоны жақсартуға бағытталғанымен, екіұшты және шектеу сипатындағы басқа ережелер жергілікті және шетел журналистерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін" деді сол кезде Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Заң Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық БАҚ-тың жұмысын да қиындатты. Онда шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу сыртқы істер министрлігі айқындаған тәртіппен жүргізілетіні, министрлік шетелдік БАҚ-ты аккредиттеуден бас тартуға, оны тоқтата тұруға және қайтарып алуға құқылы екені жазылған. Көп ұзамай, сыртқы істер министрлігі сол тәртіпті анықтап, оған шетелдік БАҚ пен оның тілшілеріне аккредитация бермеуге болатын 11 себеп келтірді. Олардың бірі – шетелдік БАҚ журналисінің Қазақстан заңын бұзуы. Бұл жерде министрлік қай заң екенін нақтыламаған. Яғни журналист жол ережесін бұзса да, бұл оны аккредитация куәлігінен айыруға ілік болады.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Мәдениет және ақпарат министрлігінің ережесіне де, сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне де алаңдаушылық білдірді.

"Қазақстанда аккредиттеу ережелеріне жаңадан енгізілген және енгізуге ұсынылған түзетулер шектен тыс, олар цензураға кеңінен жол ашады. Журналистер президент Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанда" уәде еткен ашықтығы орнына, қатаң мемлекеттік бақылауға ұшырап жатыр", – деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа мен Орталық Азиядағы бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид 3 қыркүйек күні жарияланған баспасөз хабарламасында.

Қазақстанда үкімет мүшелері, депутаттар мен лауазымды тұлғалар көп кезекте журналистің сұрағынан жалтарып, жауап бермей қашады. Кейде тілшілерге лауазымды тұлғадан соңынан қуалап жүріп пікір алуға тура келеді.

Билік елде цензураға заң жүзінде тыйым салынған, ақпарат құралдарының қызметіне шектеу жоқ десе де, журналистер кейінгі уақытта Қазақстанда ақпарат алу қиындап, сөз еркіндігі тежеуге ұшырап жатыр деген пікірді жиі айта бастады.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде былтыр 134-орында тұрған Қазақстан биылғы рейтингіде 8 саты төмендеп, 142-орынға тұрақтаған. Екі жыл бұрын 122-орында болған еді. Ұйымның есебінде елде баспасөз еркіндігі шектеледі, билік медиа кеңістікті мемлекеттік пропаганда құралына айналдырған, брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшырап, билікке бағынбайтын журналистер қудалауға түседі деп жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Журналист сауалнама үшін жазаланды. Бұл сөз бостандығын шектеу ме?Соғыс мемлекеттік БАҚ үшін неліктен жабық тақырыпқа айналды?Эфиопия мен Ливияның арасы. Баспасөз бостандығы рейтингінде ҚазақстанЖәмила Маричеваға қай "жалған ақпарат" үшін айыппұл салынды?Қазақстанда журналистер еркін жұмыс істей ала ма? Тілші болған депутат Жанарбек Әшімжанмен сұхбат