Азаттық тілшісімен сөйлескен бірнеше шахтадағы наразы кеншілер тамақ пен суды әріптестері, туыстары мен еріктілер әкеліп жатқанын айтты. Жылы киімдері де бар екен. Кейбір кеншілердің айтуынша, Шахтинск қаласының төрт шахтасында 729 адам ереуілге шыққан: «Ленин» шахтасында – 207 адам, «Қазақстан» шахтасында – 243 адам, «Тентек» пен «Шахтинск» шахталарында — 184 және 95 адам бар.
ЖЕР АСТЫНДАҒЫ ЖЕТІ ЖҮЗ
Ресми билік келтірген цифр бұдан әлдеқайда аз. Билік өкілдері желтоқсанның 11-і күнгі түнгі ауысым біткен соң 200-ге жуық кенші жердің үстіне шығудан бас тартты деген болатын. Ертеңінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 684 кеншінің наразылық шарасына шыққанын мәлім етті.
Азаттық тілшісі «Қазақстан» шахтасының кеншілерімен сөйлесті. Аты-жөнін атамауды сұраған жұмысшылар жер астында (забойда - ред.) қала беретінін жеткізді. Сәрсенбіге қараған түні келіссөз жүргізу үшін оларға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов түсті, сол кезде өзін нашар сезінген бірнеше кенші жоғарыға шықты.
– Әзірге бізді ешкім ренжіткен жоқ. Біраз кенші шығып кетті, бірақ олардың саны аз. Өз дегенімізден қайтпаймыз, мүддемізді қорғауымыз керек. Маңдай терімізбен тапқан еңбекақымызды алуға тиіспіз. Артық ештеңе сұрап тұрған жоқпыз, ауыр еңбегімізге орай лайықты жалақы берсін. Біз – Қазақстан республикасының азаматтарымыз, үкіметтің көмегіне қатты сенім артамыз, компания басшылығы талабымызды түсінеді деп үміттенеміз. Мәселені бейбіт жолмен шешу керек.Талабымыз әділетті, - деді жұмысшылар саны ең көп «Қазақстан» шахтасының наразалық білдіруші өкілі.
Олар талаптарынан қайтпайды, забойдан шықпайды. Түнде ең алдымен денсаулығы шыдамайтындар көтерілді.
— Кеншілердің басым бөлігі шыдап отыр, — деді Азаттық тілшісіне «Ленин» шахтасының кеншісі Сергей Гальстер. – Олар талаптарынан қайтпайды, забойдан шықпайды. Түнде ең алдымен денсаулығы шыдамайтындар көтерілді. Шахтаның іші суық. Кейбіреулер моральдық тұрғыда шаршады, үйлеріне барады немесе жер үстіне шығады, бірақ олар кеншілер қойған талаптан ауытқыған жоқ.
Дегенмен жоғарыға шыққан кеншілердің нақты санын кеншілердің өздері де, көміршілер кәсіподағы да білмейді.
— Кәсіподақ төрағасы емес, жеке адам ретінде айтарым: адамдар забойдан шығып, жердің үстіне көтерілуі керек, келіссөзді солай да жүргізуге болады. Үш тәулік бойы жер астында отыру өте қиын, денсаулыққа зиян. Келіссөз кезінде компания негізгі жұмысшылардың жалақысын 30 пайызға, көмекшілерге 20 пайыз, ал сыртқылардың (поверхностный) жалақысын 10 пайыз көтерейік деген ұсыныс жасады. Кәсіподақ ешкімді алаламай, бәріне бірдей 30 пайыз қоссын деп сұрадық. Сол 30 пайызды есепке алмай толық индекстеу жасалса деп талап етеміз. Биыл 13-ші жалақы төленуге тиіс. Компания оған келіспей отыр, - деді Азаттыққа көміршілер кәсіподағының жетекшісі Марат Миргаязов.
Көре отырыңыз: Ереуілге шыққан кеншілер талабы
Your browser doesn’t support HTML5
«АрселорМиттал Теміртау» жұмысшылары биылғы тамыздан бастап жалақыны өсіруді сұраған еді. Миргаязовтың айтуынша, сол кезде жұмыс беруші келіссөзге келіп, жұмысшыларға өз жоспары туралы айтқанда қазір мынандай наразылық шарасы болмауы мүмкін еді. «АрселорМиттал Теміртау» кеншілермен болатын келіссөз нәтижесін айтамыз деп уәде берді. Бұған дейін жұмыс беруші келіссөз жалғасады деп хабарлаған.
ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК: "154 КЕНШІ ЖЕР БЕТІНЕ ШЫҚТЫ"
Теміртау шахтерларының талабы
Кеншілер қойған талаптар
- Жер астында және үстіңгі жақта жұмыс істейтін жұмысшылардың жалақысын 100 пайызға көбейту;
- Зейнеткерлікке 50 жастан шығу,
- Еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жалақыны толық көлемде төлеу;
- 2017 жылдың 13-жалақысын төлеу;
- Жыл басынан бергі жалақыны 100 пайыз индекстеу;
- Тариф кестесін жою;
- Шахтаның қауіпті қабатында жұмыс істегені үшін үстеме ақы төлеу;
- Мердігерлерді шахта штатына ауыстыру;
- Демалыс үйлері мен санаторийлерге берілетін жолдама санын көбейту.
- Шахтинск кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу.
Желтоқсанның 13-і күні таңертең Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі сәрсенбіге қараған түні әкіммен келіссөзден соң жер үстіне 154 кенші көтерілді деп хабарлады. Әкім Ерлан Қошанов бірнеше шахтаға түсіп, кеншілермен сөйлесіп шыққан еді.
Бұған дейін облыс әкімі Қарағандыға келген «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Парамжит Калонмен кездесті. Компанияға ұсынылатын талаптарды талқылау жергілікті уақытпен сағат 23.00-де бітті, бұдан соң билік өкілдері шахтерларға барды.
Наразылық білдірушілермен келіссөз екі сағатқа созылды. Биліктің дерегінше, «Тентек» шахтасынан 76 адам, «Лениннен» 19 адам шыққан. Сәрсенбіде Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі «Әлеуметтік желіде "Шахтинск аймағында адамдарды қамауға алды" деген ақпарат тарапты. Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды, Шахтинск аймағында ешкімді тұтқындау мен қамау болған жоқ. Полиция азаматтардың арандатуға елікпеуін сұрайды» деген хабарлама таратты.
Сейсенбі күні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы әкімшіліктің наразылық білдірушілерге «ыстық тамақ, құрғақ шұлғау және қолшам таратып жатқанын» және шахта алдында реанимациялық жылжымалы топтың кезекте тұрғанын хабарлады.
Көміршілер қауіпті жұмыстары үшін еңбекақыны өсіру мәселесін бекер көтермегендерін айтады. Соңғы 16 жылда Қарағанды облысының бірнеше қаласында орналасқан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахталарында бірнеше жарылыс болды, ондаған кенші қаза тапты. 2004 жылы «Шахтинск» кенішінде 23 кенші опат болды, 2006 жылы «Ленин» шахтасында жарылыстан соң 41 кенші қаза тапты, 2008 жылы «Абай» шахтасындағы төтенше жағдайдан соң 30 адам өлді, олардың көбінің денесі үйінді астында қалды.
Жағдай әлі де қиын. Тараптардың ешбірі қандай да бір келісімге келдік демеді. Кеншілер талаптарының орындалғанын күтіп отыр.