Көшпелі омарташылар Қырғызстан тауларынан балды қалай жинап жүр?

Қырғызстанның таулы аймағында бал арасын жайып жүрген көшпелі омарташылар. Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Қырғыз омарташыларының үш буыны бал жинау үшін ел ішінде көшіп-қонып жүр. Жаһандық климаттың өзгеруі отбасылық бизнеске де әсерін тигізіп жатыр: араның ұясын көшіру жоғары өрлей-өрлей, Екі Нарын алқабына тірелген. Бұл жерден Сырдарияға құятын өзендер бастау алады.

Сырдария Орталық Азиядағы ірі өзен, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан аумағынан өтіп, соңында Арал теңізіне құяды. Азаттық журналисі әрі фотограф Пётр Троценко Сырдария бойы мен оның салаларына сапарлап, өзен жағалап өмір сүріп жатқан қарапайым балықшылар, саудагерлер мен фермерлердің тұрмыс-тіршілігімен танысып, өзеннің қазіргі жай-күйін біліп қайтты. Бұған қоса Сырдария мәселесін зерттеп, оны шешу жолдарын іздеп жүрген сарапшылармен сөйлесті.

Таулы аймақ болса да, күн жанып тұр. Соған қарамастан Тынышбек Сатаров жеңі ұзын қалың күрте киіп, торлы қалпағын алып, көшпелі омартасын тексеруге бара жатыр.

Тынышбектің жасы 36-да. Он жылдан астам уақыттан бері омарта ұстап, ара өсіреді, мамыр айынан тамызға дейін ара жаятын гүлді алқап іздеп, Қырғызстан ішінде көшіп-қонып жүреді. Тынышбектің отбасы түгелдей бал жинаумен айналысады: әкесі, ағасы, екі ұлы да жазғы демалысқа шыға салысымен отбасылық кәсіпке көмектеседі. Үстіне арадан қорғайтын қалың киім киіп алған, бірақ өзі ара шаққанына үйреніп алғанын, онша мән бермейтінін айтып қояды.

Омарташы Тынышбек Сатаров ұлы Ұлықбекпен бірге тұр. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

– Ағам омартасын анау жаққа, таудың ар жағына қойды, – деп Тынышбек оңтүстік жақты нұсқады. – Ал мен әкеммен және балаларыммен осы жерден жинаймын. Шу облысынан бастап, содан кейін Ыстықкөл облысына көшіп, Ыстықкөлден Нарын облысына дейін жетеміз. Екі Нарын – соңғы аялдама. Жақында соңғы балды аламыз да, Бішкекке ораламыз. Одан кейін аралардың қамына кірісеміз, оларды қысқа дайындау керек.

Алқаптың Екі Нарын деп аталуы бекер емес, Үлкен Нарын және Кіші Нарын деген тау өзендері осы жерде түйіседі. Олар біріге келе Нарын өзені болады, бұл – Орталық Азияның маңызды су көзінің бірі. Нарын Ферғана жазығын басып өтіп, Өзбекстанда Қарадария өзеніне қосылып, одан Сырдария пайда болады.

Үлкен Нарын және Кіші Нарын деген тау өзендері осы жерде түйіседі. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Тынышбектің айтуынша, Екі Нарын алқабынан жиналған балдың емдік қасиеті бар, сондықтан да бағалы.

– Неғұрлым тауды жоғары өрлесең, соғұрлым жақсы. Мұнда жазықтағыдай көп бал жинай алмайсың, бірақ бұл жердің балы таза әрі өте дәмді. Мәселен, Шу облысында 30-ға жуық өсімдік түрі өссе, тау басында гүлдің 15-тен аса түрі бар. Сол себепті де Нарын балы Қырғызстанда жоғары бағаланады.

Омарташы Тынышбек Сатаров жаз шыға арасын жаю үшін Қырғызстанның таулы аймағын шарлап, көшіп-қонып жүреді. Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Сатаровтар омартасын гүл көп өсетін жерге жақын қоюға тырысады, сонда ара алысқа ұшып шаршамайды әрі көбірек бал жинайды.

Омарта маңында ондаған мың араның ызыңы естіледі, ара камераға да, қолымызға да қонып жатыр. Тынышбек берген арнайы киім ғана қорғаныш болып тұр, соның арқасында фотоаппаратыммен омартаның ортасында жүрмін.

Сатаровтар отбасының көшпелі омартасы Екі Нарын алқабында тұр. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Сатаровтар отбасында қазір 130 ара ұясы, 30 мыңнан астам ара бар. «Он мыңы шырын жинайды, қалғаны ұяда жұмыс істейді, олардың да шаруасы жетіп артылады», – деді омарташы жұмыс тәртібін түсіндіріп.

Тынышбек Сатаров көшпелі омартасында жұмыс істеп жатыр. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Тынышбек кәсібі көңіліне жағатынын айтады, жан қинайтын жұмыс емес әрі тапқан табысы келесі маусымға дейін отбасын асырауға жетеді. Омарташының айтуынша, өндірісті іске қосқан бастапқы кезеңде қиын болыпты, ара ұясын жинап, ескі тіркеме сатып алып, омарта жасаған. Оған көп күш, уақыт пен ақша жұмсаған. Мамандығы дәнекерлеуші болғандықтан, әкесінің көмегі көп тиген, ол көшпелі омартаны қолмен құрастырып шыққан.

Омарташылар тұратын шағын вагонда ара ұясы, бал алатын орынмен бірге, екі қабатты төсектер қойылған жатын орын мен аядай ас бөлме бар.

Тынышбек Сатаровтың кенже ұлы Тынайдың жасы сегізде. Қырғызстанның Нарын облысы. 1 тамыз, 2024 жыл.

Омарташылар әулетінің үлкені Рысбек Сатаров 64 жаста. Жақында ғана зейнет демалысына шығыпты. Енді уақытының бәрін омартамен жұмысқа және немерелерін тәрбиелеуге арнамақ, олар да отбасылық кәсіпті жалғастырады деп үміттенеді. Сонымен бірге ол үнемі таза ауада жұмыс істеген денсаулыққа пайдалы деп санайды. «Егер омарта болмаса, ендігі үйде таяққа сүйеніп жүрер ме едім», – дейді зейнеткер әзіл-шыны аралас.

Омарташы Рысбек Сатаров. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Сатаровтар балды бөлшек саудаға шығаруға тырысады, солай сатқан тиімді. Дегенмен, жиналған балдың біразы көтерме бағамен сатып алушыларға кетеді. Таудан жинаған балдың келісі 500-600 сом (шамамен 6-7 АҚШ доллары) тұрады.

Тынышбектің айтуынша, балдың жақсы жиналуы көп жағдайда ауа райына байланысты. Жаз аса қатты ыстық болмаса, гүл мен тозаң да көп болады, тиісінше, бал жинауда да еш қиындық болмайды.

Бірақ климаттың өзгеруі омарташыларға да әсерін тигізіп жатыр: ауа райы жылдан-жылға ыстық болып барады, жазғы ауа температурасы үнемі рекорд жаңартып отырады. Көшпелі омарташылар тау басына қарай өрлеп, салқын әрі ылғал жер іздейді.

Тынышбек Екі Нарын алқабы бал шаруашылығымен айналысуға таптырмайтын орын дейді, өйткені үлкен су тиіп тұр: «Өзен жағалауында шөп те нәрлі келеді, гүл де көп, одан жиналған балдың иісі аңқып тұрады».

Ұяға бал жинап жүрген жұмысшы аралар. Қырғызстанның Нарын облысы, 1 тамыз, 2024 жыл.

Жақында Сатаровтар ақ түсті бал жинады, оны Нарында өсетін эспарцеттен алады, бұл балдың емдік қасиеті өте жоғары. Тыныштық ең бірінші осы бал өтіп кетеді дейді. Эспарцет – көпжылдық шөп, жануарларға таптырмайтын қорек, қалың өсетіндіктен қатты ыстықта да шырын бөле береді.

Экология мәселесін де сөз қылдық. Тыныштықтан күллі әлем омарташылары ондаған жыл бойы байқап жүрген араның жаппай қырылуы жөнінде сұрадым. Омарташы ондай мәселе барын естісе де, өз басынан өткермепті.

– Егер біздің өлкеде де ара қырылып жатса, оның себебі фермерлердің егістік алқабына химияны көп пайдалануынан. Қазір химиясыз ештеңе өсірмейтін болды ғой, – деді Тыныштық. – Құлпынай, таңқурай, алма – бәрін химиямен өсіреді. Өзім жеміс-жидек пен көкөністі де көп жылдан бері танып-біліп жүрген фермерлерден ғана аламын, білмейтіндерден алмауға тырысамын, ондайды балаларыма да бермеймін.

Таудағы шалғын гүлдеп болып, балды түгел жинап алған соң Сатаровтар отбасы омартасын жинап, қалаға түседі. Балды сатып, келесі маусымға дайындалады. Тыныштық Қырғызстанның климаты омарташылықпен әлі де көп жыл айналысуға мүмкіндік беретініне үміт артады, балаларым ғана емес, немерелерім де осы кәсіппен айналысса деп армандайды.