"Әділетсіз сайлаудан да шаршадық". Азаттықтың Қызылордадағы тілшісінің көргені

Қызылорда қаласында 5 қаңтардағы наразылық пен тәртіпсіздік кезінде өртенген облыстық сот ғимараты.

Қаңтардың басында Қазақстанның барлық өңірін қамтыған наразылықты қолдап Қызылорда қаласында көшеге шыққан тұрғындар әлеуметтік жағдайдың нашарлап кеткенін айтып, үкімет саясатын сынады. Бейбіт митингіден басталған қарсылық акциясы қақтығыс пен тәртіпсіздікке ұласты. Облыс әкімдігі, сот пен билік партиясының ғимараттары өртеніп, полиция кеңселеріне шабуыл жасалды.

ШЫДАМЫ ТАУСЫЛҒАН ХАЛЫҚ, ШАРАСЫЗ ШЕНЕУНІК

4 қаңтарда жергілікті уақытпен түскі екінің шамасында Қызылорда қаласындағы Aray City Mall сауда орталығына бардым. Сол жерде билікке наразы азаматтар жиналып жатқанын Facebook әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирден естіген едім.

Сауда орталығы алдында жүздеген адам жиналып тұрғанын көрдім. Қасында ондаған полиция қызметкері мен прокуратура өкілі бар Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев те сол жерде жүр екен.

Сауда орталығы алдынан түске дейін полиция қызметкерлері 20 шақты жігітті ұстап алып кетіпті. Жиналғандар биліктен әуелі сол азаматтарды босатуды талап етті. Полиция қызметкерлері оларды жақын арада босатып, сол жерге қайта алып келеміз деп уәде етті.

Прокурор бұл митингінің заңсыз екенін айтып, жиналғандарды тарауға шақырды. Бірақ қымбатшылыққа, әлеуметтік жағдайының күннен күнге нашарлап бара жатқанын айтқан наразы азаматтар бұл жерден кетпеуге бекінді.

Олар жанар-жағармай, азық-түліктің бағасы күн сайын өсіп жатқанын, сұйылтылған газ былтырғымен салыстырғанда екі қымбаттап кеткенін, ақылы жолдардың талапқа сай емесін айтты. Бұған қоса "Шал, кет!", "Премьер-министрді отставкаға жіберсін!" деген саяси талап айтқандар да болды. Бірақ сол жердегі кейбір адамдар "митингіні саясиландырмауға" шақырып, әлгіндей ұран айтқандарға тоқтау салуға тырысты.

Наразылық кезінде демонстранттар экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың бойындағы осы жарнамадағы оның суретін жыртып тастады. Қызылорда, 6 қаңтар 2022 ж.

Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласынан бастау алған наразылық елдің басқа да аймақтарына жылдам тарады. Қызылорда жұрты да шешімін таппай қордаланған мәселелерді көтеріп, билікке талабын жеткізуді ұйғарды. Жергілікті билік өкілдері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 қаңтарда жиын өткізеді дегеннен басқа мардымды ештеңе айта алмады. Мемлекет басшысының ол жиында не айтатыны, қандай шешім қабылдайтынынан хабарсыз қала әкімі мен облыс әкімдігі қызметкерлері халыққа қалай басу айтарын білмеді. Шенеуніктер шулаған демонстранттардың алдында шарасыз күйде болды.

Кеш бата жиналғандардың қатары көбейе түсті. Сауда үйінің алдына сыймағандықтан, наразы топ сол жерден өтетін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын жаппақшы болды. Полиция оларды бөгемек болғанмен, жиналғандарға күші жетпеді. Ақыры наразылар Назарбаев даңғылының Астана даңғылынан Арай ықшамауданы қиылысына дейінгі аралығын жауып қойды.

Мұнан соң наразылардың бір бөлігі қала көшесімен шерулетіп, облыстық сот, Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыка драма театры, "Нұр Отан" партиясы ғимараты, Қорқыт ата атындағы университет орналасқан орталық алаңға бармақшы болды. Бұл жолы да полиция мен арнайы жасақ оларды Астана даңғылынан әрі қарай жібермеу үшін шеп құрып тұрды. Жиналғандар тағы да қоршауды бұзып өтіп, екі тарап қақтығысуға шақ қалды.

Наразылардың бір бөлігі орталық алаңға барудан бас тартып, шерулеткендерді қайтадан сауда орталығының алдына жинады. Талабы орындалғанша осы жерден тапжылмауға бекінген олар керек-жарақ алуға ақша жинай бастады. Белсенділердің айтуынша, көп ұзамай 70 мың теңге ақша жиналған. Сол қаржыға түн мезгілінде тамақтану үшін азық-түлік алып келді. Мұнан соң жан-жақтан қазан-ошақ, су қайнататын үлкен ыдыс жеткізілді.

Бірер масаң адамдар полиция қызметкерлеріне "халық жағына шығыңдар" деп айқайлады. Бірақ белсенділер "арандатпаңдар" деп оларды қуып жіберді.

"ӘКІМ, БҰЛ ТАЛАПТАРДЫ ОРЫНДАЙ АЛМАЙСЫЗ"

Сауда орталығы алдына жиналған мыңнан астам адам талаптарымен қоса Қазақстан әнұранын әлсін-әлсін айтып тұрды. Кейбірі полиция басшыларына арнайы жасақты алып кетуді, әйтпесе оларды көрген жастар өршелене беретінін бірнеше рет ескерткен соң, полиция күші наразы топтан әрі ығысты. Содан соң жиналғандар кезекпен сөз алып, талап-тілектерін, елдегі қиын жағдайды айтты.

Сағат 21:00 шамасында оларға Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова келді. Улап-шулаған халық әкімнің сөйлеуіне мүмкіндік бермей біраз тұрды. Сәлден соң аймақ басшысы дауыс зорайтқышпен сөйлей бастағанда сол жердегі бір жігіт оның сөзін бөліп, халықтың билікке бірнеше талабын айтты.

Ол әкімге халықтың "Елбасы туралы" заңды жою, қауіпсіздік кеңесін таратуды талап ететінін жеткізді. Мұнан соң "сіздердің әділетсіз сайлауларыңыздан шаршадық" деген әлгі жігіт Қазақстанның сайлау туралы заңын, саяси партияларды тіркеу талаптарын өзгерту қажет екенін мәлімдеді. Бұған қоса 1993 жылы қабылданған Қазақстан Конституциясын қайтаруды да айтты.

"Бұл талаптарымызды сіз орындай алмайсыз, – деді әлгі адам облыс әкіміне. – Сондықтан қолыңыздан келетінді істеңіз: бізге биоәжетхана мен халық осында паналайтын палатка әкеп беріңіз. Содан соң боссыз".

Жігіт әр талапты тізіп айтқан сайын халық "Дұрыс!", "Алға!" деп айқайлап, оны қолдап тұрды. Бұдан кейін облыс әкімі бұрылып, көлігіне беттеді. Осы сәтте оған наразы топ арасынан пластик құты лақтырғандар болды. Кейбірі шенеунік мінген көлікті тебе бастады. Әкім көлігі наразы көптің арасынан сытылып шығып кетті.

ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ

Облыс әкімі кеткен соң жиналған жұрттың біразы үйді-үйіне тарасты. Сауда орталығының алдында 500-дей адам қалды. Төрт сағат бойы Facebook әлеуметтік желісінде тікелей эфирде хабар таратқандықтан смартфонымның қуаты таусылуға айналып, үйге қайтуыма тура келді. Үйге жеткенде мобильді интернет байланысы ажырады. Тек "Қазақтелеком" операторының үйдегі интернет байланысы ғана жұмыс істеп тұрды.

Түнгі сағат он екіден өте көпшілік жиналған жерге қайта барып, ондағы жағдайды смартфонға түсіре бастадым. Сауда орталығы алдында халықтың қайта көбейгенін байқадым. Бұл жолы Назарбаев даңғылының ортасына дауыс зорайтқыш колонкалар қойылыпты. Сол жердегі микрофонды кезекпен алып, әркім өз талабын айтып жатыр. Арасында көп балалы аналар да жәрдемақының аздығын, азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттығын айтып шағымданып жатты. Бірақ билік өкілдерінен ешкім байқалмады. Тек полиция қызметкерлері көпшілікті алыстан сырттай бақылап тұрды. Екі жерде үлкен ыдыста ыстық су қайнап тұр. Екі ошақтағы қазанның бірінде тамақ таусылған. Екінші қазанға бір егде әйел тамақ әзірлеп жатты. Жұрт шай ішіп, тамақтанып жатыр.

Бұл уақытта да тәртіп бұзып жатқан ешкім байқалмады. Артық айқай-шу да жоқ, наразылар тұрған жерде жағдай тыныш болды. Жиналған жұрт түннің салқындығына қарамастан таң атқанша сол жерде қалуға бекінді. Сағат түнгі екілердің шамасында үйге келіп, түсірген видеоларымды әлеуметтік желіге жүктемекші болдым. Бірақ бұл кезде қалада интернет байланысы түгел ажыратылыпты. Бір жұма бойы қалада интернет болған жоқ.

ПОЛИЦИЯМЕН ҚАҚТЫҒЫС

5 қаңтарда түскі сағат 12 кезінде қалада қару даусы шыға бастады. Жұрт қасына жиналып тұрған сауда орталығы үйіме жақын болатын. Сол жақтан шыққан қара қою түтінді көрдім де оқиға орнына жедел жетуге тырыстым. Көшеде қоғамдық көлік жүрмей қалғанын байқадым.

5 қаңтардағы наразылық кезінде Қызылорда қаласындағы Aray City Mall сауда орталығы маңында өртенген автокөліктер.

Бұл кезде қалада дүрбелең басталған. Көшеде полиция көліктері байқалмайды. Түнде ғана Назарбаев даңғылын жауып тұрған патрульдік полиция қызметкерлерінің бірі де жоқ. Сауда орталығы қасында 8 автокөлік өртеніпті, біреуі автобус. Жерде полиция қызметкерлерінің киімдері, резеңке оқ қалдықтары шашылып жатыр.

Сол жердегі бірнеше жігіт жол бойындағы "Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы" деген жазуды жұлып алып, отқа тастады. Көше бойында жатқан сынған кірпіш пен ағаштан көз сүрінеді. Қазақстан туын ұстаған бір жігіт шеруді бастап, жұртты облыс әкімдігіне баруға шақырып жатты. Айналада болып жатқан оқиғаны смартфонға түсіріп тұрған маған шеру басындағы бір жігіт келіп, "халықты түсірме, ертең бізді жауапқа тартады" деп ескерту жасады. Басына қалпағын баса киіп, бетіне медициналық маска тағып алған ол сосын шерудің алдына түсіп кете барды.

Сауда орталығының алдында жүрген егде әйелді сөзге тарттым. Екі баласы мен күйеубаласының осы жерде жүргенін айтты. "Соларды уайымдап үйде жата алмадым" дейді. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері бейбіт тұрған адамдарды таратпақ болып құлақ тұндыратын граната жарып, резеңке оқпен атқаннан кейін дүрбелең басталған. Кейін көп адамға төтеп бере алмаған арнайы жасақ пен полиция қызметкерлері ол жерден бой тасалаған.

Бірнеше мың адам Назарбаев даңғылымен шерулетіп шамамен үш шақырым жердегі облыс әкімдігіне бет алды. Арасында қыз-келіншектер де бар. Бәрі ту ұстаған адамға ілесіп, соның соңынан "Шал, кет!" деп айқайлап барады. Дереу сол жерден бір көлікке мініп, облыс әкімдігі алдына жеттім. Бұл кезде шерудің басы да әкімдікке жақындап қалған еді.

Қызылордада 5 қаңтардағы тәртіпсіздік барысында облыстық жергілікті полиция қызметі алдында өртенген көліктің қаңқасы.

Әкімдікті арнайы киімдегі, қолында қалқаны мен резеңке таяғы бар жасақ қоршап тұр екен. Қасыма "Хабар" телеарнасының тілшісі мен операторы келіп, оқиғаны түсіре бастады. Бір кезде шерушілердің алды әкімдік қоршауының қақпасына лап берді. Құлақ тұндыратын гранаталар жарылып, гүрс-гүрс еткен мылтық даусы шыға бастады. Жас жігіттер әкімдік терезелеріне тас лақтырып, әйнегін сындырды.

Шерудегі бірнеше азамат бізге келіп, камераға түсіруді тоқтатыңдар деп талап етті. "Хабар" телеарнасы операторын қоршап алып, камерасына жабысты. "Ішіндегі флэшкасын бер, әйтпесе камераны сындырамыз" деп қоқан-лоқы жасаған олар ақыры камераның ішіндегі екі флэшканы тартып алды.

Әкімдік қақпасы алдындағы қақтығыс 10 минутқа созылып, шерушілердің жолын бөгеп тұрған жасақ қаша бастады. Іле-шала демонстранттар әкімдікке басып кіріп, дәлізінде тұрған туды сыртқа алып шықты. Осылайша "әкімдік қолымызға өтті" деп белгі бергендей болды.

Мұнан соң бір топ адам әкімдік гаражынан қызмет көліктерін айдап шыға бастады. Кейбірін өртеп, кейбірін мініп, бұл маңнан кетіп жатты.

Облыс әкімдігін басып алғаннан кейін қалада мылтық дауысы үдеп кетті. Қызбалыққа салынып, айғайлаған бір топ адам Қызылорда облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі ғимаратын басып алмақ болды. Әуелі әскери жүк көлігімен ғимарат ауласындағы қақпаны соқты. Одан соң облыс әкімдігінен айдап әкеткен Toyota Camry маркалы жеңіл көлікпен қоршауды барып қақты. Бірақ екі көлік те қоршаудың ішіне өте алмады.

Қызылорда қаласында 5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде облыс әкімдігінің қызмет көлігін айдап кеткен белгісіз адамдар онымен жергілікті полиция ғимараты қақпасын соқты.

Полиция ғимараты алдындағы автотұрақта бірнеше көлік өртеніп жатты. Екі тараптан да қарудан оқ атып жатқаны байқалды. Олардың қандай оқпен атқанын ажырату мүмкін емес еді. Қақпа алдында шамамен 20-30 адам ғимаратқа басып кіруге әлсін-әлсін ұмтылғанымен, ол жақтан атылған мылтық дауысы оларды кейін шегінуге мәжбүр етті. Ал қалған адамдар оқиғаны тек алыстан бақылап тұр, олар мылтық дауысы үдеген шақта тұра қашады, бәсеңсігенде қайтып келеді. Ғимаратқа шабуылдап жатқандар арасынан оқ тиіп жараланғандарды сол маңдағы көліктер салып алып кетіп жатыр. Өйткені мұнда шақырғанмен жедел жәрдем көліктері келмейді.

Бұл жер барған сайын қауіпті бола түскен соң үйге қайтуыма тура келді. Атылған мылтық пен жарылған граната даусынан қаланың бұл тұсы құдды соғыс алаңына айналғандай болды. Таңға дейін қалада мылтық даусы әр жерден оқтын-оқтын естіліп тұрды.

Кейін белгілі болғандай, шабуыл жасағандар полиция ғимаратын ала алмаған. Қалалық полиция басқармасына да шабуыл жасалған, бірақ оған да кіре алмаған. Түн мезгілінде "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы мен облыстық сот ғимараттары, модульдік полиция пункттері қиратылып, өртелген.

ДҮРБЕЛЕҢНЕН КЕЙІН. ӘСКЕР БАҚЫЛАУЫНДАҒЫ ҚАЛА

6 қаңтарда таңертең Қызылорда қаласында атыс-шабыс басылып, тыныштық орнады: көшеде көліктер пайда болып, тұрғындар күнделікті тірлігіне көшкендей еді. Көшеде бірер бағдаршам ғана болмаса, қалғаны бұрынғысынша жұмыс істеп тұр. Тек көше бойында әр жерде өртенген көлік қаңқасы көзге түседі. Ал орталықта орналасқан облыстық сот пен "Нұр Отан" партиясы филиалы ғимараттарының өртенгені алыстан көрінеді.

Қызылорда қаласында 5 қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде өртенген облыстық сот ғимараты.

Қазақстанның барлық аймағындағы сияқты Қызылорда облысында да төтенше жағдай жарияланған. Тұрғындарға сағат 23:00-ден таңертеңгі 7:00-ге дейін көшеде жүруге тыйым салынды.

Бұл күні облыс орталығындағы ірі сауда орындары жабық тұрды, ал шағын дүкендер бұрынғысынша жұмыс істей берді. Жанармай бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезек тұр. Сұйылтылған газ сататын бекеттерде наразылыққа дейін литрі 110-120 теңге болған газ бағасы 60 теңге деп жазылған, бірақ кейбірінде газ жоқ. Қала бойынша бір-екі жерде ғана банкомат жұмыс істейді. Онда да кезек күткен халық көп. Интернет ажыратылғандықтан сауда орындары онлайн төлемді тоқтатқан. Бұл күні көшеде полиция көзге түспеді.

7 қаңтарда Қызылордаға әскерилер келіп, көшеге бақылау жасай бастады. Қаланың кіреберіс жерлеріне блок-пост орнатылып, арнайы көлік мінген жасақтар жүрді. Сол күні қаланың әр тұсынан атылған мылтық даусы естіліп тұрды. Көшеде бұрынғыдай полицияның қызмет көліктері жүре бастады. Бірақ 10 қаңтарға дейін облыс бойынша мекемелердің басым көпшілігі жұмыс істеген жоқ.

10 қаңтарда таңертең Қызылорда қаласында интернет байланысы іске қосылды. Әлеуметтік желілерде белсенділерді ішкі істер бөліміне шақыртып жатқаны туралы ақпарат тарады. Түстен кейін интернет қайта өшірілді.

Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында қалған өртенген көлік қаңқасы. Қызылорда, 6 қаңтар 2022 ж.

Ертесіне таңертең интернет байланысы қайта қосылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен парламент мәжілісі Әлихан Смайыловты елдің жаңа премьер-министр етіп бекітті. Осыдан кейін Қызылордада интернет өшкен жоқ.

Әлеуметтік желіде қызылордалық белсенділерді полиция шақыртып, жауап алғаны, кейбірін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алып, кейбіріне 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салғаны туралы ақпарат тарады.

19 қаңтар түнде Қызылорда облысында төтенше жағдай режимі тоқтады. Облыс билігі өңірде тәртіпсіздіктер салдарынан 9 мемлекеттік нысан, 15 кәсіпкерлік субъектісіне зиян келген, келген шығын көлемі 6 млрд. теңге деп хабарлады.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақта 5 қаңтардан бері 718 азамат полицияға жеткізілген. 154 адамға әкімшілік шара қолданылып, 53 қылмыстық іс қозғалған, 96 адам қамауға алынған.

4 қаңтардан бері 210 азамат медициналық көмекке жүгінсе, солардың 33 ауруханаға жатқызылған, 5 жансақтау бөлімінде жатыр. Өңірде қаза болғандар жайлы ресми дерек әлі жария болған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтардағы оқиғаның хронологиясы