Құқық қорғау ұйымы Семенованы қудаламауға шақырды

Құқық қорғаушы Елена Семенова

Қазақстандағы «Либерти» қоғамдық қоры құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатуға шақырды. Еуропарламентте Қазақстан түрмелеріндегі азаптаулар жайлы айтқан Семенова «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген.

Тамыздың 7-інде жариялаған мәлімдемесінде "Либерти" қоры ұзақ жылдар бойы Қазақстан түрмелеріндегі азаптау мәселелерін тексеріп келе жатқан құқық қорғаушының қудалануын сынап, мұны биліктің азаматтардың еркіндігі мен бостандығын шектеу амалы ретінде сипаттады. Қор жетекшісі Ғалым Ағелеуов:

«Ұйымның атынан айтарым, азаматтар әлі күнге дейін Қазақстанның абақтылары мен түрмелеріндегі ахуалды, әкімшіліктің сотталушыларға деген көзқарасын адами құндылықтарды басып-жаныштайтын ГУЛАГ кезіндегі қатаң қудалау тәжірибесінің жалғасы деп біледі. Егер тәуелсіздік жылдары бұл стереотип өзгермесе, ал сотталушылардың туыстары азаптау мен зорлықтың жаңа фактілері жайлы айтып жатса, оған Елена Семенова кінәлі емес, қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен барша құқыққорғау жүйесі жұмысының сапасы деп білу керек» деп жазған.

Ағелеуовтің сөзінше, Қазақстан билігі Семенова жалпыға жария еткен мәліметті қамау орындарындағы кемшіліктерді түзеу үшін және жабық режимдегі мекемелерде адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін пайдалануы тиіс. Ол Азаттыққа берген комментариінде:

- «Либерти» қоры билікті құқық қорғаушылардың, азаматтық белсенділердің және журналистердің үстінен қылмыстық іс қозғау тәжірибесін тоқтатуға шақырады, - деді.

Қазақстандағы түрмелердің бірі. Көрнекі сурет

Шілде айының соңында Еуропарламент мүшесі Мади Дельво Қазақстан билігін құқық қорғаушы Елена Семенованың үйінен кәмпескеленген "Қазақстан түрмелеріндегі азаптауды дәлелдейтін" құжаттарды қайтаруға шақырып, оның адам құқығын қорғау қызметін жалғастыру хақын таптамау керектігін айтқан.

"ІС ҮШ ТОМҒА ЖЕТІПТІ"

​Құқық қорғаушы Елена Семенова биыл шілденің 3-і мен 5-і аралығында Страсбургте Еуропарламенті мүшелерімен кездесу барысында Қазақстан түрмелері мен қамауда ұстау орталықтарына түскен адамдардың ахуалы туралы баяндаған. Құқық қорғаушының сөзінше, тұтқындар ұрып-соғу, зорлау, қорлау және медициналық жәрдемнен айыру тәрізді азаптау мен қатыгездікке душар болып жатыр.

Әйткенмен Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы Семенованың бұл сөздерін "жала жабу" деп таныған. Ізінше Қарағанды облыстық ішкі істер департаментіне арыз жазып, шілденің 12-сі күні қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша («көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату») іс қозғалған. Бұл айып бойынша бес жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

- Тергеу Қарағандыда өтіп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалып, нәтижесі шықты. Тергеу жүріп жатқандықтан нәтижесі жайлы айта алмаймын. [Еуропарламентте] атаған фактілерді растау я терістеу мақсатында осы күнге дейін Қарағанды тергеу абақтысында отырған 50 шақты сотталушыдан сұрау алынды. Өткен аптада тергеушімен кездестім, іс үш томға жетіпті. Бұл істің жылдамдығы күдік туғызады. Бір ай өтпей жатып сараптама да жасалып қойды, ондаған адамнан жауап алынды, - деді Елена Семенова Азаттық тілшісіне.

Бұл - Қазақстанда тұтқындар құқығын белсенді түрде қорғап, танымал болған құқық қорғаушы Елена Семенованың үстінен қозғалған алғашқы қылмыстық іс емес. 2015 жылы күзде Қазақстан билігі өзін үнемі сынап жүрген құқық қорғаушыға "әлеуметтік желіде көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағып, бірақ бір жылдан соң істі жапқан.