Мамырдың 23-інде бір күн бұрын наразылық акциясына шыққан "Қазмұнайгаздың" еншілес мекемесі Oil Services Company (OSC) жұмысшылары Азаттыққа биліктің талап-тілектерін бір ай ішінде қарастыруға уәде бергенін айтты. Компаниядан және облыстық әкімдіктен қосымша мәлімет алу мүмкін болмады. Мұнайшылар әлеуметтік желі арқылы таратқан видеода облыс әкімінің орынбасары «үш жақты комиссия бір ай ішінде шешім шығарғанша ешкімнің жұмыстан шығарылмайтынын» мәлімдеді.
Сейсенбі күні OSC мұнайшылары мекеменің вахталық ауысымға жүретін автобустар бекетіне жиналып, жұмысқа шығудан бас тартқан. Олар OSC директоры Б.Боранбаевқа қойған 14 түрлі талабын Facebook әлеуметтік желісі арқылы жария еткен.
"Ұңғымаларға қызмет көрсететін бриагадаларды аралап, 5/50- ге жұмысшылар кетсін деп айтып кеткен Т.Сахиев арандатушылық туғызғаны үшін жұмыстан босатылсын. Сонымен қоса Т.Бимағамбетов, С.Әбденов, А.Үмбеталиевтер да кетсін. 5\50 бағдарламасының ережесін бекітсін. OSC цехтарын таратуды, сатуды тоқтатсын. OSC мекемесінің адам санын бектісін. Цех арасындағы ауысымдар тұрақтандырылсын. Мораторий ашылсын" деп жазылған мұнайшылар талабында.
"Жұмсақ оңтайландыру" деп аталатын бағдарламаның 5/50 ережесі бойынша OSC компаниясы қызметкеріне бес жылдық жалақының елу пайызын алдын ала төлеу арқылы еркімен жұмыстан шығуды ұсынады. Бұл саясатты бұған дейін "Қазмұнайгазға" қарасты OCC (Oic Construction Company) мекемесі де қолданып көрген.
Ал OSC-дегі наразы жұмысшылар Facebook мәлімдемесінде талап қойғандарды қудаламауды, тарифті көтеріп, жұмысшымен тіл табыса алмайтын басшының қажеті жоқтығын да ескерткен.
Мамырдың 22-сі кешкісін наразылық білдіріп тұрған мұнайшылармен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев кездескен. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған видеода ол мәселені облыс, қала прокурорымен, еңбек департаменті, OSC директорымен бірлесе талқылағанын мәлімдеген.
"Арандатушылық тудырған Т.Сахиевке қатысты қатаң жауапкершілікпен қарау "Қазмұнайгаз" басшылығының қарауына жіберілді. 5\50 бағдарламасы ережелерін жасау және қалған талаптарды үш жақты комиссия қарайды. Үш жақты комиссияға Маңғыстау облысы әкімдігі, жұмысшылар мен жұмыс беруші кіреді. Шешім қабылданғанша бір де бір қызметкермен келісім шарты бұзылмайды. Бір ай мерзімде шешім шыққанша бұл мәселелер қозғалмайды. Мораторийді ашу, тарифті көтеру тәрізді мәселе де "Қазмұнайгазға" жолданды" деп мәлімдеді жұмысшылар талабы туралы Серік Аманғалиев.
Мұнайшылардың бірінің Азаттыққа хабарлауынша, сейсенбі түнгі сағат 22.00 кезінде наразылық акциясы аяқталып, Қаламқас кенішінде жұмыс істейтіндер жатын орындарына, ал Жетібай кенішіндегі мұнайшылар түнгі ауысымдағы жұмыс орындарына оралған.
"Қазмұнайгаз" компаниясының еншілес мекемелеріндегі еңбек даулары 2015 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылыOSC мұнайшылар өзге Oil Construction Company және Oil Transport Corporation мекемелерімен қосылып "Қазмұнайгаздан" еншілес компанияларды да бірыңғай еңбек ақы жүйесі тарифіне енгізуді талап етіп, оның орындалуына қол жеткізген еді. "Oil Services Company" мекемесі Қаламқас және Жетібай кеніштерін игеріп жатқан "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қызмет көрсетеді. Мұнай газ ұңғымаларын бұрғылайды, жер асты ұңғымаларын жөндейді, тасымалдау қызметін көрсетеді.