- Жәкішевтің материалы бойынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініші қанағаттандырылмады. Оған Жәкішевтің шығынды өтемеуі себеп болған, - деді Азаттыққа 27 қарашада соттың баспасөз қызметінің өкілі.
Алайда сот өкілі Жәкішевтің шығынды кімге және қанша көлемде өтеуі керектігі жайлы ақпарат "құпия" екенін жеткізді. Өтінішті Семейдегі №2 сотының судьясы Нұрлан Нұралинов қараған.
Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, бүгінгі сотқа Мұхтар Жәкішевтің өзі бейнеконференция арқылы қатысқан. Сот залында судьядан өзге прокурор мен адвокат болған.
- Судья залдан шығып арада жеті минут өткен соң қайтып келді. Еш себебін түсіндірместен "өтініш қанағаттандырылмайды" деп қана хабарлады. Қаулыны толығымен оқуын талап етіп едім, судья ескермеді, - деді Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.
Енді адвокат шешімге қатысты жоғарғы инстанцияға шағым түсірмек.
55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.
Бұған дейін Мұхтар Жәкішев хәл үстінде жатқан анасы – Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда жерлеуге жіберуге өтініш жасаған. Бірақ екеуінде де оған рұқсат бермеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мұхтар Жәкішевті анасының жерлеуіне жібермедіҚылмыстық атқару жүйесі комитеті бұл әрекетін Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Бұл тармақта "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға сыртқа шығуға рұқсат етілмейді" деп түсіндірді.
ТҮРМЕДЕГІ ТОҒЫЗ ЖЫЛ
Мұхтар Жәкішев түрмеге түскенге дейін қан қысымы және өзге ауруларға шалдыққан. Ал түрмеде денсаулығы нашарлай түскен. 2018 жылы мамыр айында Жәкішевке үшінші топ мүгедектігі берілгені хабарланды. Кейбір дерек көздері оның қан қысымы ауруының қатты асқынып кеткенін айтты. Бірақ түрме әкімшілігі ақпаратты растаған жоқ.
Жәкішевтің туыстары мен жақтастары және бірқатар халықаралық ұйымдар Астананы Жәкішевті босатуға талай рет шақырған. 2018 жылы наурыз айында Хельсинки комитеті және “Орталық Азиядағы адам құқығы” қауымдастығы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазып, “науқас саяси тұтқын” Мұхтар Жәкішевке “адамшылық көрсетіп” босатуын сұраған. Үш жыл бұрын БҰҰ адам құқығы бойынша комитеті биліктен Жәкішевтің “әділетсіз сотталғанын мойындап”, үкімнің күшін жойып, босатуды талап еткен. Алайда бұл өтініштердің ешқайсысына жоғары билік реакция білдірмеді.
Мұхтар Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Кейбір құқық қорғаушылар оны қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовпен дос болғаны үшін қуғындады деп есептейді.