Алматыдағы «Музейдегі түн» акциясы
1940 жылы негізі қаланған геология музейі жайлы білетіндер аз болғандықтан, «Музейдегі түн» акциясы бұл музейге өзін жұртқа танытуға жақсы мүмкіндік. Қазір бизнес-орталықтардың бірінің жертөлесінде орналасқан музейге кіру үшін кеншілерді шахтаға түсіретін құрылғыны еске түсіретін лифтіні пайдалануға туралы келеді.
Геология музейін үнемі жартылай түнек басып тұрады. Жай күндері мұнда бас ұғатындар некен-саяқ болса, «Музей түні» ондаған адамнан тұратын топтар келді. Олар осы музейге қойылған әртүрлі минералдар мен тастарды тамашалады.
Келушілер музей қабырғасына салынған Жердің геологиялық тарихына да зер салды. Олар динозаврлар, мамонттар және өте ежелгі замандағы басқа да аңдардың суреттері алдында тұрып селфиге түсті.
Дінмұхамед Қонаев музейінің екінші қабатында «Қонаевтардың шай дастарханы» жайылған. Жеміс-жидек пен тәттілер салынған дастархан басында отырып, Дінмұхаммед Қонаевтың туысы Жаннет Серікбаеваның (Қонаев музей-үйінің директоры, суретте – үстел басында оң жақта отыр) әңгімесін тыңдауға болады. Шай дастарханнан дәм тату үшін бағасы 500 теңге тұратын билет сатып алу керек. Қонаев музейі бұл акцияға алғаш рет қатысып отыр.
Дінмұхамед Қонаев музейінің қызметкері бірінші қабаттағы экспонаттармен таныстырып тұр. Бұл күні музейде «Комиссар» атты фотокөрме ашылыпты. Ол Дінмұхамед Қонаевтың жеке күзетінің бастығы болған Анатолий Горяйновтың 80 жылдығына арналған. Фотоға түсірумен әуестенген Горяйнов Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысын суретке жиі түсірген. Көрмеге сол түсірген фотосуреттер қойылған. Анатолий Горяйнов 2014 жылы дүниеден өткен.
Бұл уақытта Дінмұхамед Қонаев музейінің жанындағы алаңқайда дискотека өтіп жатты. Оған жиналғандар музыканы осы жерде берілген құлаққап арқылы ғана тыңдап, биледі. Маңайдағы үйлердің тұрғындарының мазасын алмайтын бұл ерекше дискотекаға қатысуға тілек білдіргендерге 60 құлаққап жетіспей, жастар би алаңына кезекте тұрды.
Қазақ композиторы Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейі 1970-жылдардың соңынан дүниеден өткенге дейін сазгердің өзі тұрған пәтерде бұдан бір жыл бұрын ашылған. Ондағы бес бөлмеде композитор тұтынған заттар қойылған.
Алматы қаласының тарихына арналған музей жұрт арасында «Үш алып» («Три богатыря») аталып кеткен ғимараттың бірінші қабатындағы тар аумаққа орналасқан. Қоятын жер болмағандықтан, музей экспонаттарының көбі қоймада сақтаулы. «Музейдегі түн» акциясында мұнда да тегін экскурсиялар ұйымдастырылды. Суретте музей қызметкері келушілерге бұрын қазақстандық альпинист Евгений Колокольниковтың отбасында сақталған ескі фортепьяноны көрсетіп тұр.
Алматы қаласының тарихына арналған музейге келушілер суретке түсіп тұр.
Алматы қаласының тарихына арналған музей қызметкерлерінің бірі 1969 жылы Есік түбіндегі қорымнан табылған сақ жауынгері – «Алтын адам» бейнесінде тұр. Онымен бірге суретке түсуге тілек білдіргендер аз болмады.
Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының мұражайы алдына орнатылған сахнада қазақ эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырылды.
Сахнада – этно-джаз және этно-рок жанрында өнер көрсететін «ST brothers» дуэті. Сонымен бірге, бұл концертке «Шыңырау» домбырашылар ансамблі, «Тұран», «Шарапат», «Aldaspan», «Arkayim» және басқадай топтар қатысты.
Суретте оң жақта – Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптарының мұражайының ғылыми бөлімінің меңгерушісі Абзал Арықбаев (ол «Тұран» және «Arkayim» фолк-топтарына мүше) шаңқобызда қалай ойнауды көрсетіп тұр.
«Музейдегі түн» акциясын өткізуге волонтерлер – Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері атсалысты.