"Эволюция тонын жамылған тоқырау". Билік партиясы жақтастарының лигасы не үшін керек?

"Нұр Отан" партиясының лидері, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінен кейін президент етіп қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев және өзгелермен бірге партия съезі кезінде селфиге түсіп тұр. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2019 жыл.

Бір апта бұрын Қазақстанның саяси алаңында үстемдік құрып тұрған ең ірі партияны жақтайтындар лигасы пайда болды. "Нұр Отанның" өзі партияны қолдайтындардың бас біріктіргеніне "қуанады" әрі бұл лиганың құрылғанына еш қатысымыз жоқ дейді. Бұл – парламент сайлауына дайындықтың басы, билік партиясы соңғы кезде түсіп кеткен беделін көтергісі келеді дейді сарапшылар.

Саясаттану ғылымы жайлы оқулықтардың көбінде кез келген партияның көздеген мақсаты – мемлекеттегі билікке қол жеткізу деп жазылған. Қазақстандағы ең ірі партия бұл мақсатқа оп-оңай жетіп алған.

Үкіметтің орталық аппаратынан бастап ауыл әкімдіктеріне дейінгі мемлекеттік құрылымдардың барлығында басқарушы қызметте "Нұр Отан" мүшелері отыр.

Партия парламентте басым дауысқа ие. Соңғы жиырма жылдың ішінде өткен сайлаудың бәрінде "Нұр Отан" жеңіске жеткен. Батыс бақылаушылары бұл сайлаулардың ешқайсысы әділ де ашық өткен жоқ деп санайды.

"Нұр Отанның" миллионнан астам мүшесі бар. Бұл Қазақстанның еңбекке жарамды тұрғындарының 10 пайызына жуық. Олардың арасында бюджет мекемелерінің қызметкерлері өте көп.

"Нұр Отанның" бюджеті Қазақстандағы барлық партиялардың жиынтық бюджетінен көп. 2018 жылы ұйымның табысы 10 миллиард теңгеге жетеқабыл болды. Оның жартысынан көбі республика бюджетінен бөлінген (2019 жылдың қаржы құжаттары әлі жарияланған жоқ).

Саясат ғылымында бұл партияны иерархиялық саяси ұйым деп атайды. "Нұр Отан" иерархиясының ұшар басында оны тапжылмай басқарып келе жатқан Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Партия 1999 жылы оның сайлауалды штабынан "өсіп шыққан".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нұр Отан" партиясының 20 жылдағы эволюциясы

"Нұр Отанның" ресми сайтында "партия тарихы тұңғыш президенттің есімімен тығыз байланысты" деп жазылған. Қызметін ұзақ жылдан бергі үзеңгілесі – Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалдырып, өзі былтыр наурызда отставкаға кеткеніне қарамастан, Назарбаев мемлекетті басқару ісіне елеулі ықпал етіп келеді.

2019 жылдың маусымында мерзімінен бұрын өткен президент сайлауына "Нұр Отан" Тоқаевты кандидат етіп ұсынды, көпшілік күткендей, дауыс берудің ресми қорытындысы бойынша ол жеңімпаз атанды. Президент, премьер-министр, парламенттің қос палатасының төрағалары, аймақ әкімдері – барлығы "Нұр Отанның" мүшесі.

Өткен аптада саяси ұйымның бір басына қажеттің бәріне ие партияның жақтастары топ құрды. Әлеуметтік желі белсенділерінен тұратын, арасында саясаттанушы, блогер және журналист бар топ "Нұр Отан" партиясын қолдаушылар лигасы деп аталған қозғалыс құрды. Мемлекетті басқарудың барлық деңгейінде ұзақ жылдар бойы "Нұр Отан" үстемдік етіп келеді. Ал бұл партияның жақтастары мемлекеттің басты проблемасы – "әлеуметтік әділдіктің жоқтығы" деді.

"ЭВОЛЮЦИЯШЫЛДАР"

– Елге экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар керек деп санаймыз. Бірақ бұлар заң аясында жүзеге асуы керек, – деді Еуразиялық интеграция институтының директоры, лиганы құрудың бастамашысы Ерлан Сайыров. Оның айтуынша өзгеріс "эволюция форматында" жүруі тиіс.

"Нұр Отан" партиясын жақтаушылар лигасын құрушы Ерлан Сайыров.

Сайыров "Нұр Отан" партиясы жақтастары лигасының 2021 жылға белгіленген парламент сайлауына байланысты құрылғанын мойындады. "Қозғалыс мүшелері партия ішіндегі іріктеудің ашық жүруін бақылайды" деді ол.

Лига құрамында "Серпін" ұлттық білім және инновация палатасының президенті, бұрынғы білім министрінің орынбасары Мұрат Әбенов, саясаттанушылар Марат Шибұтов пен Эдуард Полетаев, журналистер Бибігүл Дәулетбек пен Жанарбек Әшімжан және блогер Яков Федоров бар.

"Нұр Отан" партиясын жақтаушылар лигасын құрушы Марат Шибұтов.

– Бұлар [парламентте] көпшілік орынды алады, яғни сайлау алдындағы уәделерін орындауы оңай. Алты партия арасында әріптес болуға ниет білдірген тек "Нұр Отан" болды. Әрине, азаматтық қозғалыстар да бар (әділет органдарында тіркеуден өтпеген ұйымдарды айтады - ред.), бірақ олар сайлауға қатыса алмайды. Біз халықтың ұсыныс-тілегін жоғары деңгейдегі дискуссияға айналдыруымыз керек, осы тұрғыдан алғанда біз модератор боламыз, – деп түсіндірді Марат Шибұтов.

Ерлан Сайыровтың айтуынша, лиганы "Нұр Отан" қаржыландырмайды, жұмыс шығындарын оның мүшелері өз қалталарынан өтейді.

"Нұр Отанның" өзі "жақтастар лигасының" құрылғанын қуана құптады, бірақ партияның бұл қозғалысқа еш қатысы жоқ екенін айтты.

– Өздерін неге олай атағанын білмеймін, меніңше осындай атау беру арқылы олар партияның инновациялары мен бастамаларына қарсы еместігін, Нұрсұлтан Назарбаев жариялап, партия ұйымдастырып жатқан қайта түлеу аясындағы демократиялық процестерді жақтайтынын көрсетіп, біз өткізіп жатқан шаралардың ашық, есепті және объективті болғанына көз жеткізгісі келетін сияқты. Осы жағынан алғанда бұл атау қозғалыстың болмысын паш етіп тұр, – деді партияның баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев

БӘСЕКЕ ЖОҚ ЖЕРДЕГІ "САЯСИ ЦИРК"

Азаттық сұрау салған сарапшылар лиганың "дербеспіз" деген сөзіне де, партияның "жаңа қозғалысқа қатысымыз жоқ" деген мәлімдемесіне де күмәнмен қарайтынын айтты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

– Саяси алаңды, жұмсартып айтқанда, осындай клоун ұйымдармен әркелкі етуге тырысу – саяси цирктің нағыз өзі. Қандай да бір партия жақтастарының қозғалыс құрғаны да ақылға қонымсыз, қисынға салып қарасақ, партияны жақтайтын да, даттайтын да – электорат. Қазақстанда электораттың классикалық варианты жоқ, себебі азаматтардың көбі әділ де бәсекелі сайлау арқылы өз саяси ой-арманын білдіре алмайды. Сондықтан партия өмірінен қалыс қалған жұрттың сайлауға қатысып, сайлау процесіне ықпал етуге әу бастан еш мүмкіндігі жоқ. Содан да елде бірдеңе өзгеріп жатыр деген иллюзия жасау үшін қоғамдық мониторингтің, бақылаудың имитациясын жасайды, бірақ бұл – саяси технологияның онша жолға қойылмаған түрі. (…) Олар саяси тоқыраудың сыртына эволюция "терісін" әдемілеп жабуға тырысады, себебі революциядан қорқады, – дейді Тәуекелді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Кезектен тыс президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат етіп бекіткен "Нұр Отан" партиясының съезіне қатысушы жоғары лауазымды шенеуніктер. Нұр-Сұлтан, 23 сәуір 2020 жыл.

Алдағы сайлау Назарбаев президенттіктен кеткелі өтетін алғашқы парламент сайлауы болмақ. Ол кеткеннен кейінгі бір жыл уақыт ішінде елде наразылық күшейді, саясат сахнасына жаңа саяси топтар мен ұйымдар шықты, азаматтық белсенділік артты.

Ал партия алаңында шынайы бәсеке жоқтың қасы: елде алты партия бар, олардың бесеуі билік жағында, ал жалғыз оппозициялық партия еш белсенділік танытпай отыр.

Саясаттанушы Асқар Нұрша.

– "Нұр Отан" әдеттегі "спарринг-серіктерімен" (ресми түрде тіркелген партиялар – ред.) емес, жүйеге енбейтін оппозициямен де бәсекеге түсуі тиіс деп ойлаймын. Себебі жүйедегілердің барлығы көшеге шығып жүрген жоқ, есесіне олардың әлеуеті бар. Мұндай қобалжу болмауы да мүмкін, бірақ егер партия саясаттағы басты орнын сақтап қалғысы келсе, мұндай көзқарас болуы керек, – дейді AlmaU университеті мемлекеттік саясат және құқық жоғары мектебінің деканы, саясаттанушы Асқар Нұрша.

Екі түрлі оппозициялық топ наразылық акциясы өтеді деп жариялаған жерге келген азаматтарды әкетіп жатқан полиция жасағы. Нұр-Сұлтан, 6 маусым 2020 жыл.

"Альтернатива" зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев Назарбаевтың партиясы "көше оппозициясынан" қорыққаннан белсенділікті арттырып жатыр дегенге күмәнмен қарайды.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев.

– Меніңше, "Нұр Отан" жүйе сыртындағы оппозицияға маңызды деп қарамайды. Өткен жылы басталған транзитті ескерсек, қазір партия басқа жағдайда тұр. Праймериз бен "жақтастар лигасы" (айтпақшы, бұл – Ресейдің ойлап тапқаны) сияқты жаңа саяси технология құралдары партияның бұрыннан қолтығынан демеп келе жатқан әкімшілік қолдауға сеніңкіремейтінін көрсетеді. Жұрттың көңіл-күйі басқа болып тұрған қазіргі коронавирус індеті жағдайында оларға бұрынғы электоратты сақтап қалу өз алдына, оны кеңейте түсу маңызды, [сайлауға] қанша адамның қатысатыны да белгісіз болып тұр, – деді Чеботарев.

"ПАЛЛИАТИВТІК ШАРАЛАР" ЖӘНЕ "НАШАР БАСТАМА"

Қандай да бір бастама мен идеяны насихаттау үшін халыққа сөзі өтеді деген адамдарды пайдалану – Қазақстанда жиі кездесетін құбылыс, бұл әдісті имиджін жақсартқысы келетін компаниялар мен саяси ұйымдар жиі қолданады. "Лиганың" құрылуының артында "Нұр Отанның" ел алдында бедел жинауға ұмтылысы тұрған болуы мүмкін дейді сарапшылар.

– "Нұр Отан" партиясы мен қоғам арасында дұрыс жолға қойылған кері байланыс байқалмайды, сондықтан түрлі шаралар қолға алынады, бірақ әзірге олар жартыкеш, паллиативтік шаралар. Партияға бұрын да ерекше бір сенім болмаған. Сондықтан халық сенім артатын ресурс – қоғам қайраткерлеріне сүйенгісі келеді, олар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, халықты алдаусыратса дейді, – деп санайды саясаттанушы Талғат Исмағамбетов.

"Нұр Отан" партиясы жақтастарының лигасы құрылып жатыр деген ақпарат тараған тұста Алматыда үлкен резонанс тудырған сот процесі өтіп жатты, онда билік партиясы көп ауызға ілікті. Медеу ауданының №2 соты 22 маусымда азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевты "төтенше жағдай кезінде біле тұра жалған ақпарат таратты" деп айыптап, үш жылға бостандығын шектеуге үкім етті.

Сот "Нұр Отан" мен Назарбаевты сынаған белсендінің бостандығын 3 жылға шектеді

Your browser doesn’t support HTML5

Сот "Нұр Отан" мен Назарбаевты сынаған белсенді Ильяшевтің бас бостандығын 3 жылға шектеді


Facebook-тағы постында белсенді "Нұр Отанды" "алаяқтар мен ұрылар партиясы" деп атайды, ал бұл – ресейлік оппозиционер Алексей Навальный бастап, биліктегі "Единая Россия" партиясына қарата қолданған тіркес. Ильяшев "Нұр Отан" партиясына кірген ондаған, тіпті жүздеген шенеуніктің жемқор деп айыпталып, жиі қамауға алынатынын ескере отырып, осы сөзді қолдандым дейді және өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.

Тергеушілер де, айыптаушылар да Ильяшевтың посттары мемлекеттік биліктің дәрменсіздігі туралы пікір қалыптастырып, елге қауіп төндірді деп санайды. Ильяшевтың өзі де, оның адвокаттары да мұнымен мүлде келіспейді, олардың айтуынша, посттар қоғамдық тәртіпке еш қатер төндірмейді және онда шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жоқ.

Ильяшевтың посттарына саясаттану тұрғысынан талдау жасаған Досым Сәтпаевтың айтуынша, партия саяси алаңда үстемдік етсе де, кейбіреулер оны билікпен бірге қарастырса да, партияны сынау – билікті сынау деген сөз емес.

Партия қандай саяси технологияларды қолданса да, қазіргі билікке бұрыннан қырын қарайтын азаматтар оны қолдай кетпейді дейді Сәтпаев.

– Бұл "лиганың" құрылуы ашуландырмайды, тек сарказм мен ирония тудырады. Бұл – кез келген ұйым үшін нашар бастама. Сын мен ашуға көнуге болады, бірақ сені әу бастан әжуалай бастаса, онда нүкте қоюға болатын шығар, себебі әрі қарай сені салмақты түрде қабылдай қоймас, – деді Досым Сәтпаев.