Дулат Ағаділ: Жазықсыз қудалау мен заңсыздық қашуға мәжбүр қылды

Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ (сол жақтан екінші) Целиноград аудандық полиция бөлімінде тұр. Ақмол кенті, Ақмола облысы, 15 қараша 2019 жыл.

Уақытша қамау орнынан "жоғалып, қайта табылған" Дулат Ағаділді жұма күні Бас прокуратураға келген кезде полиция ұстап, Целиноград ауданы полиция бөліміне жеткізді. Ол билікке белсенділерді қудалауды тоқтату талабын жеткізу үшін қамау орнынан өз еркімен кеткенін мәлімдеді.

Қарашаның 15-і күні таңертең Қазақстан бас прокурорына шағымын жеткізу үшін Нұр-Сұлтандағы Бас прокуратура ғимаратына келген жергілікті белсенді Дулат Ағаділді полиция қызметкерлері ұстап, көлікке салып, алып кетті. Полиция әкетер алдында 42 жастағы белсенді сол жерге келген бірнеше жақтасы мен журналистерге "жергілікті құқық органдары өз құқығын өрескел бұзғанына шыдамай" уақытша қамау мекемесінен қашуға мәжбүр болғанын айтты. Осыдан бір күн бұрын Қазақстан ішкі істер министрлігі өкілдері қарашаның 4-і күні әкімшілік сот шешімімен 10 тәулікке қамалған Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Целиноград ауданы полиция бөлімінің уақытша қамау изоляторынан қашып кеткені туралы хабарлаған еді.

ДУЛАТ АҒАДІЛДІҢ ТАЛАБЫ

Жұма күні әлеуметтік желіде тараған видеода Дулат Ағаділ тағдырына алаңдаушылық білдірген баршаға алғысын айтып, өзінің аман-сау екенін сездіріп хабарласа алмағаны үшін туыс-жақындарынан кешірім сұрайды. Бұдан соң белсенді Қазақстанның бас прокуратурасы, Ішкі істер министрлігі және Жоғарғы сот басшылығына басындағы жағдайды баяндап, олардан өзін қабылдауын сұраған.

Белсенді Дулат Ағаділдің әлеуметтік желіде мәлімдемесін жариялаған видеодан скриншот. Нұр-Сұлтан, 15 қараша 2019 жыл.

"Целиноград ауданы ішкі істер бөлімі, прокуратура мен сот органы мені жазықсыз қудалап, бір айдың ішінде бес рет әкімшілік жаза қолданып, қамауда ұстады, шыдамым шегіне жеткен соң қашуға мәжбүр болдым" деп түсіндірген ол.

Ағаділ қамауда отырған кезде өзі және басқа да белсенділерді қудалауға қарсылық білдіріп, Жоғарғы сот, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне арыз жазғанын, бірақ ешқандай жауап алмағанын айтады.

"Құқық қызметкерлері екі жылдан бері мені көшеде, я көлікте кетіп бара жатқан жерімнен еш негізсіз ұстап әкетуді әдетке айналдырды. Жұрттың көкейіндегі мәселені айтқаны үшін белсенділерді қудалауға салып, заңсыздықтарға жол беріп отырған Целиноград ауданы полиция, сот және прокуратура органы басшыларын жауапқа тартуды талап етемін" дейді Ағаділ.

Полицейлер белсенді Дулат Ағаділді (ортада) күштеп ұстап жатқан сәт. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

Осыдан бір күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан ішкі істер министрлігіне Ағаділ туралы толымды ақпарат беруді талап етіп барған азаматтарға министрліктің Әкімшілік полиция комитетінің өкілі Кәрім Жарылқасынов "әжетханаға сұранған белсенді кезекшінің телефонға жауап беруге айналған сәтін пайдаланып қашып кетті" деп хабарлаған еді. Дулат Ағаділ ІІМ өкілінің ол сөзін жоққа шығарды.

"Әжетханаға сұранды дегені – өтірік. 55-60 адамға арналған изоляторда қамауда жалғыз отырдым. Мекемені күзететін үш қызметкердің екеуі сол түні жұмыс орнында болған жоқ, біреуі ұйықтап жатты, менің қашуыма ешкім көмектескен жоқ, ол жерден өзім кеттім" деді ол.

"ХАЛЫҚПЕН ОЙНАМАҢДАР"

Әлеуметтік желіде тараған видеода Дулат Ағаділ Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке де үндеу жасаған.

"Халыққа қарасыңыздар, халықпен ойнамаңыздар. Тағы да айтамын, елім, жерім деген адамдарды қудалауды, репрессияны тоқтатыңыздар!" деген Ағаділ қазіргі кезде Қазақстанда қамауда отырған, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Арон Атабек, Макс Боқаев, Серік Жахин, Алмат Жұмағұлов, Мұхтар Жәкішев, Қайырлы Омар сынды азаматтарды бостандыққа шығаруды талап етеді. Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық белсенділігіне бола қудаланған ешкім жоқ деп мәлімдеп келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен пикеттер жалғасып жатыр

"Шекараға, тіпті оны қойып полицияға қарасты уақытша қамау изоляторына бақылау орната алмай отырып, белсенділерді қудалауды, қарапайым қазақтың ішінен "террорист", "экстремист" іздеуді доғарыңыздар, өздеріңіздің нақты жұмыстарыңызбен айналысыңыздар" дейді Дулат Ағаділі билікке қарата айтқан сөзінде.

Ағаділ бұл видеоны Бас прокуратураға барар алдында жазғанын ескерткен.

"Егер осыдан кейін басқаша сөйлеп, Тоқаев пен Назарбаевтан кешірім сұрап, қателестім деп жатсам, оны еркімнен тыс, қысыммен айтылған деп есептеңіздер. Ал бұл сөзімді өз еркіммен айтып отырмын" деп мәлімдеген ол.

Жұма күні таңертең Дулат Ағаділді Бас прокуратура алдынан алып кеткен полиция қызметкерлері бірнеше сағаттан соң оны Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция бөліміне жеткізді. Полицейлер ішке кіргізер алдында белсенді сол жерге бірге барған бірнеше жақтасы мен журналистерге "Целиноград ауданындағы құқық органдарының заңсыздығын жеткізу үшін қамалған жерден кетіп қалғанын" тағы қайталады.

ӘКІМШІЛІК ЖАЗАМЕН БІРНЕШЕ РЕТ ҚАМАЛҒАН БЕЛСЕНДІ

Әкімшілік сот шешімімен 10 тәулікке қамалған белсенді Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Целиноград ауданы полициясының уақытша қамау изоляторынан "қашып кеткені" туралы ақпарат қарашаның 13-і күні тараған. Ішкі істер министрлігі өкілдері "ол серуендеуге сұранып, жартылай бекітілген терезесі арқылы сыртқа, ескі дуалдың саңылауы арқылы көшеге шығып кеткен" деп хабарлады.

Бостандыққа шығуына аз қалған белсендінің изолятордан "қашып кеткеніне" күмән келтірген жақтастары бейсенбі күні Нұр-Сұлтанда Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Целиноград ауданы полиция бөліміне барып, Ағаділ туралы түсініктеме беруді талап етті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жақтастары белсендінің "қамаудан қашқанын" айтқан полициядан айғақ талап етті

Қарашаның 14-і күні Целиноград ауданы полиция бөлімі Дулат Ағаділ әкімшілік бап бойынша қамауда отырғандықтан оны изолятордан кетіп қалғаны үшін жазаламайтынын, "қалған бес күн отырып шыққан соң" босататынын мәлімдеген.

Дулат Ағаділ әлеуметтік мәселелерді көтеріп, азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған. Қарашаның 14-і күні Нұр-Сұлтанда Ағаділдің жақтастарымен кездескен Қазақстан ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің өкілі полковник Кәрім Жарылқасыновтың айтуынша, белсендіге сот кескен жазаға "сотты құрметтемегені үшін" тағы бес тәулік жаза мерзімі қосылған. "Дулат Ағаділ қарашаның 19-ы күні шығуы тиіс болатын" деді ІІМ өкілі.

Бұған дейін, қазанның 28-і күні Целиноград ауданы соты Дулат Ағаділді "қазанның 17-і күні аудандық полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Полицияның бірнеше қалада көшеден азаматтарды ұстауы (26 қазан 2019 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Полиция Қазақстанның бірнеше қаласында ондаған азаматты ұстады


Тамыздың 27-і күні Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Дулат Ағаділді "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, он тәулікке қамаған. Белсендінің үстінен бір күнде екі сот өткен. "Бейбіт митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған оны бір судья ақтаса, іле-шала екінші сот болып, басқа судья дәл сол баппен айыпты деп танып, он тәулікке қамаған.

Тамыздың 24-інде Ағаділ "полицияға бағынбады" деген айыппен бес тәулікке қамалған еді. Адвокаты Данияр Ахтановтың айтуынша, сот оны сол күні Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында "заңсыз акция өткізді" деп айыптап, дәлел ретінде белсенділердің тамыздың 23-і АҚШ елшілігі мен Әзірет Сұлтан мешіті алдындағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылықтан түсірілген видеоны пайдаланған.

Дулат Ағаділ өзіне тағылған барлық айыптарды мойындаудан бас тартқан.

Биыл маусымның 9-ы, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Нұр-Сұлтанда полицейлер Азаттық радиосының тікелей эфиріне бара жатқан Дулат Ағаділді ұстап, Есіл аудандық полиция бөліміне апарған. Кейін белсенді полиция бөлімінде билік өкілдері өзіне күш көрсеткені туралы мәлімдеп, Бас прокуратураға шағым түсірген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Полициядан зәбір көргендер" бас прокуратураға арызданды

Биыл қарашаның 7-і күні Женевада Қазақстанның елдегі адам құқығы ахуалына байланысты есебін тыңдаған БҰҰ-ның Адам құқығы кеңесінде Батыс елдері Нұр-Сұлтанды азаматтардың ой-пікірін еркін білдіріп бейбіт митингі мен наразылық шараларына шығу құқығын құрметтеуге, ашық әрі демократиялық стандарттарға сай сайлау өткізуге, сөз және баспасөз бостандығын қаматамасыз етуге шақырған. Сонымен бірге Қазақстаннан ойын ашық айтып, билікті сынағандарды, митингіге шыққандарды қудалауды тоқтатуды, халықаралық қауымдастық алдындағы міндеттерін толық орындауды сұраған.