"Estelıkter. Otkenmen syrlasý". Саяси қуғын құрбандары жайлы көрме

"Estelıkter. Otkenmen syrlasý" көрмесі. Нұр-Сұлтан, 27 маусым 2019 жыл.

Қазіргі уақытты Нұр-Cұлтан қаласында өтіп жатқан "Estelıkter. Otkenmen syrlasý" көрмесі Қазақстанда 1920-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға арналған.

Көрменің бір бөлігі - аулаға, екіншісі - көпес Василий Кубрин үйінің (көп жылдар бойы Қазақстандағы Украина елшілігінің иелігінде болған, биыл мамырда ел астанасының мемлекеттік архивіне өткен тарихи ғимарат) ішіне қойылған. Көрменің басқа бөлігін TSE ART DESTINATION галереясынан табуға болады.

Нұр-Сұлтандағы "Estelıkter. Otkenmen-syrlasý" көрмесі. 27 маусым 2019 жыл.

Көрмені тамашалауға келген алғашқы көрермендердің алдында сөйлеген Сарыарқа ауданы әкімі Ерғали Егемберді тарихшылар дерегіне сүйеніп, 1937-38 жылдары Қазақстанда жүз мыңнан астам азамат саяси қуғын-cүргінге ұшырағанын мәлімдеді. Бұл тізімге ілінгендердің төрттен біріне совет билігі ең қатаң жаза қолданған. Азаттық тілшісінің "Қазір Қазақстанда саяси тұтқын не саяси көзқарастары үшін қудаланған азаматтар бар ма?" деген сұрағына жауап берген аудан әкімі "мұндай сұрақтарға жауап беру аудан деңгейіндегі шенеуніктің құзыретіне кірмейтінін" айтты.

Көрме жетекшісі Айгерім Қапардың айтуынша, мұнда суретшілер мен ғалымдардың әртүрлі буындарының еңбектері қойылған. Көрменің көп бөлігін сол жылдардың оқиғасын көз алдыңа әкеліп, тарихтың бұрын айтылмай келген парақтарымен танысуға мүмкіндік беретін картиналар, инсталляциялар, бейнероликтер мен үстел ойындары құрайды.

СУРЕТШІЛЕР ТУЫНДЫЛАРЫ МЕН ОЙЛАРЫ

"Параллельная реальность" жобасының авторы 22 жастағы Мәдина Сарғали өзі жасаған видеоинсталляцияда қуғын-сүргінге ұшырағандар әдетте басынан өткен қайғылы жағдайды жасыруға тырысып, бақытты советтік кезең туралы айтумен шектелетініне назар аударады. Автордың видеокартиналарында саяси тұтқын ұрпақтары тыңдап үйреніп қалған әңгімелерден алынған үзінділер берілген. Бірақ бейнеге шам жарығын түсірсе, бастапқыда көзге ілінбеген басқа оқиға назарға түседі. Қос ғашықтың кездесу сәті деп қабылдаған сурет аяқ асты тергеудегі тұтқынды көрсететін бейнелерге ұласады.

Мәдина Сарғалидың "Параллельная реальность" туындысы. "Estelıkter. Otkenmen syrlasý" көрмесі. Нұр-Сұлтан, 27 маусым 2019 жыл.

"Oyan, Kazakh" инсталляциясының авторы Балнұр Нүсіпова өз жұмысының атауын Брайль шрифтімен (көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған жазу жүйесі – ред.) жазған. Ол осы арқылы қуғын-cүргінге ұшыраған қазақ ақыны, "Алаш" қазақ партиясы мен "Алашорда" үкіметі көшбасшыларының бірі Міржақып Дулатовтың ойын жеткізуге тырысқанын айтады.Автордың айтуынша, Дулатов осы аттас шығармалар жинағының көмегімен өткен ғасырдың басында халықты "оятып", биліктің озбыр саясатына "көзін ашқысы" келген.

"Oyan, Kazakh" инсталляциясының авторы Балнұр Нүсіпова. "Estelıkter. Otkenmen syrlasý" көрмесі. Нұр-Сұлтан, 27 маусым 2019 жыл.

Ақ кенептің орнына папирус тектес материал қолданған суретші Айсұлу Шайкенова қазақ әдебиетінің негізін салған жазушы, қудалауға ұшырап, кейіннен атылған саяси тұтқын, алашордалық Мағжан Жұмабаев жарының образын негізге алған. Жұмабаевтың әйелі Зүлейха жазушыныңәдеби еңбектерін сақтап, бүгінгі күнге жеткізген. Қудалау жылдары ол қолжазбаларды үйдің шатырына, жертөле мен жастықтардың ішіне салып, сақтаған. Зүлейха да "халық жауының әйелі" деген айыппен қудалауға ұшыраған. Айсұлу Шайкенова саяси көзқарастары үшін қудаланғандар қазір де бар деп есептейді. Автордың айтуынша, қазіргі мен өткеннің арасындағы осы ұқсастық оның жұмысына шабыт сыйлаған.

Суретші Аружан Жұмабек иллюстрациялық үстел ойынын жасаған. Автор мұндай идея "АЛЖИР" (Совет одағы кезінде Қазақстанда болған отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері – Ред.) лагеріне барғаннан кейін туғанын айтады. Суретші ерекше тәртіпке құрылған ойын арқылы қудалауға ұшырағандардың басынан өткен қасіретті сезініп көруге мүмкіндік береді. Аружан Жұмабектің пікірінше, саяси тұтқындар қазір де бар. Ол бұл туралы ашық айту керек деп есептейді.

Суретші Аружан Жұмабек жасаған "Ноқат" иллюстрациялық үстел ойыны. "Estelıkter. Otkenmen syrlasý" көрмесі. Нұр-Сұлтан, 27 маусым 2019 жыл.

Өзбекстаннан келген суретші Вячеслав Ахуновтың "Спецраспределитель" деп аталатын фотоколлажында саяси қуғын-сүргін дәуірінің басшылары мен саяси бюро мүшелері бейнеленген. Автордың пікірінше, олар құндылықтарға қарсы басқару үлгісімен, елде ерекше олигархия және жаппай тапшылықтың орнауымен есте қалған. "Бүгінгі экономикалық дағдарыстар мен саяси тұрақсыздық жағдайындағыолигархия – жабық тоталитарлық жүйеге қайта оралу. Айырмашылық қазір олигархтарға саяси тәртіпті сақтауға нақты материалдық игіліктер емес, үлкен ақша ағындары көмектесетінінде ғана, - дейді суретші.

Өзбекстандық суретші Вячеслав Ахуновтың "Спецраспределитель" деп аталатын фотоколлажы.

Суретші Асхат Ахмедьяров Қазақстанда саяси тұтқындар және саяси көзқарастары мен оқшау ойлары үшін қудаланатын азаматтар барын "жоққа шығаруға болмайтын факті" деп есептейді. Суретшінің пікірінше, қазір болып жатқан оқиғалар билікке сталиндік қуғын-сүргіннің кей амалдары мұраға қалғанын көрсетеді. Ол өткен жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні АЛЖИР маңында Совет одағының белгісі саналған орақ пен балғаны өртеу сәтін бейнелейтін фотоиллюстрациясын таныстырған.

Суретші Роман Захаров саяси оқиғаларға деген ерекше көзқарасына бола қудалаудың не екенін басынан өткен жайттан білетінін айтады. Ол уақытша ұстау мекемесінде төрт сағат отырғанын мысалға келтірді. Захаров – Алматыдағы көпірге Конституция бабы жазылған баннерді ілген адам. Басында оны "ұсақ бұзақылық" үшін бес тәулікке қамау туралы шешім шығып, қоғам қарсылығынан кейін бас бостандығынан айыру шарасын айыппұлға ауыстырған. Захаров Қазақстанда саяси тұтқындар әлі де бар деп ойлайтынын, жағдайдың өзгеріп келе жатқанын байқағанын айтады. "Қазақстандықтар бұл туралы (саяси себеппен қудалау туралы) айтпауға болмайтынын түсінді. Суретшілер, интеллигенция өкілдері бұрынғыдай батылдық танытып, жағдайды шығармашылық арқылы көрсетуге тырысуы керек" дейді Роман.

Суретші Сырлыбек Бекботаевтың "Бесжылдық" атты жұмысы.

"Қазақстан билігі шынайы реформалар қажет деп биік мінберден жиі айтқанымен, демократиялық бағытта ойлана алмайды немесе бұлай жасау мүлде қолынан келмейді. Осыдан өзгерістерді қалаған азаматтарды саяси қудалау басталады. Билік совет кезеңінен қалған ойлау жүйесімен өмір сүреді" дейді көрмеге қатысушылардың бірі Сырлыбек Бекботаев.

Көрмеге оның "Бесжылдық" деп аталатын жұмысы қойылған. Бекботаев туынды атауын "Совет одағында болған бесжылдықтар қазіргі кезде Қазақстанда 20, 30 жылға белгіленген ұқсас бағдарламалар арқылы жалғасын тауып отыр. Ал даму бағдарламаларын жариялап, халыққа уәде берген билік шын мәнінде жер қойнауын тонап, жерді шетелдіктерге сатумен айналысады" деп түсіндіреді. Автордың пікірінше, Қазақстандағы саяси тұтқындардың көбі жер мәселесін көтергені үшін зардап шегіп, жазықсыз түрмеге қамалған.

"Estelıkter. Otkenmen syrlasý", "Естеліктер. Өткенмен сырласу" көрмесі Нұр-Сұлтан қаласында тамыздың 10-на дейін жұмыс істейді.