Әзірет Сұлтан мешітіндегі Ораза айт намазы

Нұр-Сұлтандағы Әзірет Сұлтан мешітінде намаз таңғы 7:00-де басталды. Астанадағы ең ірі мешітке мыңдаған адам жиналды. Карантин ережесіне сай, құлшылық ету мешіт ауласында өтті.

Әзірет Сұлтан мешітіне Айт намазына келген жамағатты мешіт қызметкерлері күтіп алып, аулада қай жерге жайғасу керегін айтып, жол сілтеп тұрды. Мешіт маңайында жағдайды сырттай бақылап полиция қызметкерлері жүрді.

Айт намазына қатысуға келген жұртқа дыбыс күшейткішпен карантин ережелерін ескертіп тұрған мешіт қызметкері.

Мешіт ауласына жиналған жамағат өздері әкелген жайнамазын жайып, намазға дайындалып жатыр. Ораза аяқталар кезде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы биылғы айт намазы мешіт ауыласында өтетіні, намазға жамағат маска тағып қатысып, намаздан соң көп кідірмей тарауы тиіс деген шешім шығарған.

Әзірет Сұлтан мешітінің ауласында жерге жайнамазын жайып, Ораза айт намазын оқуға дайындалып тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 13 мамыр 2021 жыл.

Биыл Қазақстанда Рамазан айы 13 сәуірде басталған. Былтырғыдай биыл да ораза кезінде коронавирус пандемиясына байланысты көпшіліктің мешітке жиналына шектеу қойылды.

Әзірет Сұлтан мешіті ауласында Ораза айт намазын оқып жатқан жамағат.

Жыл сайын Рамазан айы біткеннен кейін елдегі мешіттерде Ораза айт намазы оқылады. Былтыр коронавирус пандемиясына байланысты мешітте көпшілік шара өткізуге тыйым салынған еді. Биыл мешіт ауласында өтетін намазға арақашықтық сақтап қатысуға рұқсат берілді.

Намаз аяқталған соң оқылған дұғаға қол жайып отырған адамдар.

Мешіт ауласында өткен Ораза айт намазына қатысқандардың кейбірі жайнамаз ретінде пайдаланған кілемшелер.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы (оң жақта) намаздан кейін оқылған дұғаға қол жайып отыр. Әзірет Сұлтан мешіті, Нұр-Сұлтан, 13 мамыр 2021 жыл.

Мешіттегі Ораза айт намазы кезінде полиция қоғамдық қауіпсіздікті бақылап, мешіт маңындағы көшеде көлік қозғалысын реттеп тұрды.

Ораза айт намазында дұға жасау рәсімі.

Ораза айт намазына көпшілікпен бірге қатысып, дұға жасап, Алладан тілек тілеп отырған адамдар.

Ораза айт намазына келген адамдар мешіт маңындағы пітір салатын арнаулы темір жәшікке ақша салды. Рамазан айында барша мұсылман пітір садақа беруі тиіс. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл пітір мөлшерін 420 теңге (1 долларға жуық) етіп белгілеген.

Намаздан соң жұрт бір-бірін айт мейрамымен құттықтады. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.