Бейбіт жиын, даулы жарна, тіл, жер және "латифундистер"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жолдауын жариялап тұр. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте алғашқы жолдауын жариялады. Ол бейбіт митингілер, зорлық-зомбылық қылмысын жасағандарға жазаны күшейту, ауылшаруашылығы жері, тіл мәселесі, қосымша зейнетақы жарнасы және басқа мәселелер туралы айтты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектің 2-і күні Нұр-Сұлтанда алтыншы шақырылымдағы парламенттің бесінші сессиясының ашылуында халыққа жолдауын жариялады. Таңертеңгі сағат 11-де басталған мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысы биыл тікелей эфирде көрсетілген жоқ.

"НАЗАРБАЕВ САЯСАТЫНЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫН САҚТАУ"

Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін президент міндетін атқаруға кіріскен, 9 маусымда кезектен тыс өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша жеңімпаз болып жарияланған Тоқаев алғашқы жолдауын Назарбаевтың еңбегін атап өтумен бастады.

"Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады" деді Тоқаев. "Дамудың жаңа сапалы кезеңіне елбасы (Назарбаевтың заң жүзінде бекітілген мәртебесі) саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз" деді ол.

Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысы. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Тоқаев сайлауалды бағдарламасында өзі уәде еткен саяси трансформация "мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып біртіндеп жүзеге асырылатынын" мәлімдеді.

"Әлемдік тәжірибе шұғыл, жүйесіз саяси либерализация ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіктен айырылуға апарып соғатынын көрсетті" деді Тоқаев.

Президент мемлекеттік маңызды мәселелерді талқылауға азаматтық қоғамды қатыстыру қажеттігін, осы мақсатта елде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Тоқаевтың сөзінше, Назарбаев басқаратын "Nur Otan" партиясы елдің жетекші саяси күші міндетін атқаруды жалғастыра бермек.

"Қоғамды толғандыратын негізгі проблемалар көшеде емес, парламент пен азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы керек" деді Тоқаев.

Тоқаев президент әкімшілігінде мемлекеттік органдардың азаматтардың шағым-өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын бөлім ашылатынын хабарлады. Оның сөзінше, әдетте жергілікті және орталық органдардағы шенеуніктердің "кереңдігінен" халық президентке жүгінуге мәжбүр болады.

"Қандай бір салада қабылданған әділетсіз шешімге байланысты арыз-шағымдардың қайталануы нақты мемлекеттік органда немесе аймақта жүйелі проблемалар барын білдіреді" деді мемлекет басшысы.

Тоқаев президент қызмет атқаруға кіріскелі бері Ақордаға түрлі арыз-шағымдармен барған азаматтар президентке жолыға алмай, өзге шенеуніктердің алдынан қайтқан.

Қазақстанда жаңа консультативтік кеңесу органын құру қажеттігі туралы Тоқаев бұған дейін маусымда кезектен тыс сайлаудың ресми жеңімпазы болып жарияланғаннен кейін мәлімдеген. Президент қоғаммен диалог орнату үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін ( кейін құрамына президент әкімшілігі іріктеген 44 адам енген) құратынын жариялаған. Кеңес туралы қоғамда әртүрлі пікір бар. Кейбіреулер оны саяси "жылымыққа" баласа, енді біреулер оның "ешқандай пайдасы жоқ" деп санайды. Президент әкімшілігінің хабарлауынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтпек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мен үшін бұл - жалған құрылым". Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жайлы

МИТИНГІЛЕРГЕ АРНАЙЫ БӨЛІНГЕН ОРЫНДАР

Дүйсенбі күні парламентте жариялаған жолдауында президент Тоқаев азаматтардың бейбіт акциялар өткізуіне арнайы орын бөлу қажеттігін де айтты.

"Конституцияға сәйкес, азаматтарымыз өз еркін білдіруге құқылы. Егер бейбіт акциялар заңды және елдің шырқын бұзуды көздемесе, онда белгіленген заң шеңберінде митингілерге рұқсат беріп, арнайы орын бөлу керек" деді Тоқаев. Президент ондай орындардың қаланың шетінде болмауы керектігіне назар аударды. Бұған қоса ол "Конституцияға қарсы кез келген әрекеттер мен бұзақылық акцияларға" заң аясында тойтарыс берілетінін ескертті.

Белсенділер Тоқаевтың жолдауы жайлы не дейді?

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаевтың шеруге рұқсат беру туралы сөзі - популизм"

Қазақстан заңы бойынша, азаматтар бейбіт шеру, жиын мен митингілер өткізу үшін жергілікті атқарушы билік органдарының келісімін алуға міндетті. Әдетте жергілікті билік митинг өткізуге арналған орынды орталықтан алыс аудандардан я қаланың шеткері жағынан береді. Белсенділер үкіметке сын айтылуы мүмкін бейбіт акцияларға әдетте жергілікті әкімдіктер рұқсат бермейтінін айтады. Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстанның бейбіт жиындар туралы заңын халықаралық стандарттарға сай емес деп сынап келеді.

Қазақстанда биыл биліктің келісімінсіз өткен бейбіт шерулер мен митингілер жиілеген. Шілде айының соңына дейін ондай акциялар шеруге қатысқандарды ұстап, әкімшілік жауапқа тартумен (қамауға алу, айыппұл салу) аяқталған.

Қазақстанда биыл кезектен тыс президент сайлауына қарсылық акциялары жиілеп, оған қатысушыларды жаппай ұстап жатқан кезде өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша ел президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін батыс басылымдарына берген сұхбатында митинг туралы жаңа заң әзірлеу жоспары жайлы мәлімдеген. Тоқаевты сынайтындар оның "жаңалық" деп отырғаны қолданыстағы заңда бар ереже екенін айтады.

Бұған дейін азаматтарды тіпті ықтимал акция өтетіні туралы әлеуметтік желіде алдын ала жариялаған жазбалары үшін әкімшілік жауапқа тартатын Қазақстанда соңғы бір жарым айда бірқатар өңірде өткен ондаған шағын акция, пикеттерге қатысқандарды полиция ұстаған жоқ. Кей бақылаушылар бұл Тоқаевтың жолдауы мен оның бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы алдындағы уақытша құбылыс деп топшылайды.

АУЫР ҚЫЛМЫС ЖАСАҒАНДАРҒА ЖАЗАНЫ КҮШЕЙТУ

Тоқаев жолдауында кейбір ауыр қылмыс түрлеріне жазаны күшейтуге шақырды.

"Біз заңды гуманизациялаумен әуестеніп жүріп азаматтардың негізгі құқықтарын назардан шығарып алдық. Зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, тұрмыста әйелдерге әлімжеттік көрсету және басқа да, әсіресе балаларға қарсы қылмыстың ауыр түрлеріне жазаны шұғыл түрде қатаңдату керек" деген президент үкіметке екі айдың ішінде заңға енгізу үшін тиісті өзгертулер әзірлеп ұсынуды тапсыратынын мәлімдеді.

Биыл шілдеде Нұр-Сұлтанда министрлер үйінің алдына жиналған бір топ әйел Қазақстанда балаларға сексуалды зорлық-зомбылық жасау оқиғалары жиілеп кеткенін айтып, биліктен педофилдерге жазаны күшейтуді талап еткен.

2 қыркүйекте парламенттегі сөзінде Тоқаев биыл елде жануарларды қорғайтын екі инспектордың браконьерлер қолынан мерт болғанын айтып, браконерьлікті "ұйымдасқан қылмыстың қауіпті түрі" деп атады.

"Браконьерліктің тамыры тереңге жайылуына құқық қорғау органдарының салғырттығы да себеп болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымызды аяусыз жойып жатыр" деді ол.

Биыл қаңтарда Қарағанды облысында браконьерлер соққыға жыққан "Охотзоопром" мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиев ауруханада қайтыс болған, оның әріптесі Петр Ницык жараланған. Қазір бұл іс бойынша сот өтіп жатыр. Шілде айында Ақмола облысында "Охотзоопромның" тағы бір инспекторы Қаныш Нұртазиновті атып өлтіріп, оның серігі Самат Оспановты жаралаған.

ҚАЗАҚ ТІЛІ ТУРАЛЫ

Президент Тоқаев алғашқы жолдауында Қазақстанда этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасалатынын айтты.

- Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн, - деді президент.

Ол жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылданатынын хабарлады.

Тоқаев 2020 жылы Қазақстан әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өткенде ​ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғалардың еңбектерін халық арасында дәріптеу керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдан бастап мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын қысқартуға уәде етті.

Сонымен бірге президент сот жүйесі мен полицияда реформа жүргізу қажеттігі туралы айтты.

"МАСЫЛДЫҚТАН АРЫЛУ"

Қазақстан халқына жолдауында президент Тоқаев атаулы әлеуметтік көмекті бөлу тетігі тұрғындарды "бос сенделіс өмір сүруге емес, еңбекке ынталандыратын, ашық, әділетті" болғаны жөн деген пікір айтты.

Тоқаевтың айтуынша, өткен бес жылда табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті алатындар саны 77 мыңнан 1,5 миллионнан астам адамға дейін көбейген (үкіметтің мәліметінше, шілде айында елде мұндай көмек алатындар саны 1,8 миллион адам болған).

- 2017 жылдан бері әлеуметтік қолдауға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 17 есе және одан да көп шамаға ұлғайған. Басқаша айтқанда, жұмыс істемеуді жөн көретін, немесе одан да жаманы, әлеуметтік жәрдем алу үшін табысын жасыратындар саны өскен, - деді президент.

Тоқаевқа дейін, осыдан бір жарым апта бұрын, бұрынғы президент Назарбаев жұртты мемлекеттен әлеуметтік қолдауды талап етушілерді "масылдық" көзқарастан арылуға шақырған болатын.

- "Маған бер, менің балам көп, айлығым аз, бер" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой, - деген еді Назарбаев тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтанда өзі басқаратын "Nur Otan" партиясының жиынында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың сөзі аналар мен оралмандарға ауыр тиді

Дүйсенбіде жариялаған жолдауында Тоқаев әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының балаларына жеңілдіктер қарастыру туралы да айтты.

- Олар үшін кепілді әлеуметтік пакет енгізу қажет: мектеп жасына дейінгі балаларға жүйелі көмек бөлу, барлық мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақ беру. Оларды оқу құралдары және (мектеп) формасымен қамтамасыз ету. Медициналық, соның ішінде стоматологиялық жәрдем ақысын төлеу. Қоғамдық көлікте жол ақысына жұмсайтын қаржысын өтеу. Бұл шаралардың барлығы 2020 жылғы қаңтардың 1-інен бастап енгізулі тиіс, - деп мәлімдеді Тоқаев.

Үкіметке дәл осындай жеңілдіктер беру туралы талапты ел астанасында уақытша баспанадағы өрт салдарынан бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз бала опат болғаннан кейін биыл қыста және көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында биліктің әлеуметтік саясатына наразылық білдірген көп балалы аналар қойған болатын. Аналар наразылығы күшейген тұста сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызына тең сомаға ұлғайтып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаға 21 мың теңге шамасында атаулы әлеуметтік көмек белгілеу қажет деп айтқан.

Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардан құжат қабылдау сәуірде басталған. Құжат өткізбек болғандар бюрократиялық кедергіге тап болғандарын айтып шағымданған. Сонан кейін жергілікті органдардың атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде төлемей, кешіктіріп жатқанына шағым айтушылар да болған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тамыздың ортасында елде атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 1,8 миллион адам болған. Наурыз айында министрлік атаулы әлеуметтікті 111 мың отбасы немесе 572 мың адам алады деп хабарлаған болатын. Министрлік мәліметі бойынша, биыл атаулы әлеметтік көмекке 130 миллиард теңге (335 миллион доллар) бөлінген.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАСЫ МЕН ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Президент Тоқаев алғашқы жолдауында Қазақстанда жұмыс берушіден еңбекақының 5 пайызы көлемінде қосымша зейнетақы жарнасын алу тәртібін енгізуді 2023 жылға қалдыруды үкіметке тапсыратынын мәлімдеді. Тоқаев қоғамда дау туғызған және оны қосымша салық ретінде қабылдап, сынға алған бизнес өкілдерінің наразылығына тап болған бұл мәселеге үкімет, кәсіпкерлер мен сарапшылар "ортақ келісімге келген соң" оралуға шақырды.

Сонымен бірге Тоқаев елде "пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуға кірісетін кез жеткенін" мәлімдеген. Ол "мемлекеттен жерді жалға алу құқығын тегін алғандардың көбі онымен жұмыс істемей, құр сақтап отыр; елде қалыптасқан "латифундистердің" тұтас тобы (жерге) "шөп қорыған ит" тәрізді қарайды" деген.

"Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету - біздің міндетіміз" деп мәлімдеген Тоқаев.

Қазақстанда 2016 жылы үкіметтің қолданыстағы заңдарға ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімді жалға беруді көздейтін өзгертулер енгізу туралы бастамасы қоғам наразылығына тап болған. Атырауда өткен наразылық шеруіне кейін басқа өңірлерде де азаматтар үн қосып, "жер реформасына" қарсы митингілерге бірнеше мың адам қатысқан. Қоғамда үлкен резонанс тудырған заңның даулы баптарына Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев бес жылға мораторий жариялаған. Атыраудағы жиында үкіметке талап қойып сөйлеген белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды кейін "әлеуметтік алауыздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен бес жылға соттаған. Аян былтыр мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шыққан. Макс Боқаев әлі түрмеде отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мінберінен халыққа жолдауын жариялап тұр. Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 2-і күні президент Тоқаев парламент мінберінен халыққа жолдауын жариялап тұрғанда мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің жанындағы сенат төрағасының орны бос болды. Өткен парламент сессиясында сенатқа жетекшілік еткен Дариға Назарбаева Тоқаевтың жолдауын дейін сенаттың өзге депутаттарымен бірге залда отырып тыңдады. Тоқаев тамыздың 12-і күні Дариға Назарбаеваны сенат депутаты етіп тағайындау туралы жарлық шығарған. Дүйсенбі түстен кейін Назарбаева сенат төрағалығына қайта сайланды. Биыл наурызда әкесі Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін сенат басшылығына алғаш рет сайланған кездегідей, бұл жолы да сенат депутаттары Дариға Назарбаеваны палата төрағалығына сайлау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.