Алматы билігі Махатма Ганди атындағы саябақты бейбіт митингілер өткізуге лайық орын деп таңдағанымен, кейбіреулер қала орталығынан алыс жатқан саябақ аумағы елде өзгеріс болуын талап ететін шерулер мен наразылық акцияларын өткізгеннен гөрі қаланың у-шуынан аулақта демалуға қолайлы орын деп санайды.
Бірақ оппозицияның әзірге осыған көнуден басқа амалы жоқ сияқты.
Қазақстанның ең ірі қаласы әрі қаржы астанасы саналатын Алматы қаласының өкілді билік органы орталықтан шалғайдағы Махатма Ганди саябағын рұқсат етілген митингілер мен жиындар өткізетін екінші орын ретінде белгіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі қалалардың барлығында шерулер мен демонстрациялар өткізуге кемінде екі орын бөлу туралы тапсырма берген.
Әйткенмен Ганди саябағы бұған дейін Алматы қаласының мәслихаты митинг өткізуге қолайлы деп таңдаған алғашқы орын – "Сарыарқа" кинотеатрының артындағы алаңмен салыстырғанда, орталыққа жақынырақ жерде орналасқан.
Ганди саябағы орталыққа жақындау болғанымен, "[Алматының] екі орталық алаңы – Республика алаңы мен Астана алаңынан 5 километрден астам қашықта орналасқанын" Азаттық бұған дейін жазған.
Белсенділердің наразылығын тудырған шешімді қабылдаған Алматы қаласының мәслихаты митинг өткізетін екінші орынды таңдау мәселесі қаралаған қаңтардың 17-і күнгі сессиясына баспасөз өкілдерін қатыстырмады.
Қазақстандық құқық қорғаушы Ерлан Қалиев жергілікті билік қалада бейбіт митингілер мен жиындар өткізетін екінші орын етіп белгілеген алаңды "шерушілерді қамайтын жерге" балайды.
Қалиев шенеуніктер қоғамдық шараларды үнемі Алматының орталық алаңдары мен басқа да орындарда ұйымдастыратынын айтып, сондай жерде өткізуге болатын бейбіт митингілерге арнайы алаң бөлу билікке неге қажет болды деген сұрақ қояды.
Сонымен бірге құқық қорғаушы кез-келген митингіні өткізу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуды міндеттейтін бұрынғы ереже әлі күшінде екенін айтады.
"Митингіге Ганди паркін ұсыну – наразыларды оқшаулау амалы". (26 қараша 2019 жыл)
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда бұрын сирек құбылыс саналатын наразылық шаралары былтырдан бері жиі қайталанатын көрініске айналған.
2019 жылғы ақпанда Нұр-Сұлтанда (ол кезде Астана деп аталатын) бір отбасындағы кәмелетке толмаған бес қыз баланың уақытша баспанада шыққан өрттен қаза табуы азаматтардың наразылығына түрткі болды.
Көп балалы отбасы жалдап тұрып жатқан уақытша баспанадағы өрт бес қыздың ата-анасы түнгі ауысымда жұмыста болған кезде тұтанған. Қайғылы оқиға Қазақстандағы көп балалы отбасылардың еңбек және әлеуметтік жағдайының қаншалықты ауыр күйде екенін паш еткендей болды. Жер аумағы үлкен, тұрғыны аз Қазақстанда ұзақ уақыт бойы үкімет жұртты бала санын көбейтуге үндеп келеді, алайда мемлекеттік жәрдем берілетіні туралы уәде орындалған жоқ.
Азаматтардың наразылығы күшейгеннен кейін, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев былтыр ақпанның соңында үкіметті таратты. Алайда негізгі лауазымдағы шенеуніктер орын алмастырғаны болмаса, кейінгі құрылған үкіметтің құрамында қалды. Ал, наурыздың 19-ы күні Назарбаев президенттік өкілетін доғаратынын кенеттен мәлімдемеп, өз орнына ұзақ уақыттан бері маңайында жүрген серіктерінің бірі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды.
Тоқаев президент қызметіне кіріскен соң ол атқарып келген парламент сенаты төрағасының орны босады.
Мемлекеттік биліктегі ең жоғары екінші лауазым - парламент сенатының жетекшісі қызметіне Назарбаевтың үлкен қызы Дариға келді. Тоқаевтың президент қызметіне кіріскеннен кейін қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі – ел астанасы Астана қаласының атауын Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан етіп өзгертуі болды.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан немесе президенттіктен бас тартқан я қайтыс болған жағдайда, оның өкілеті сенат төрағасына көшеді.
Сенат басшылығына Назарбаевтың үлкен қызы Дариға келді. Тоқаевтың президент қызметіне кіріскен соң іле-шала қабылдаған алғашқы шешімдерінің бірі – мемлекет астанасы Астана қаласының атауын Назарбаевтың құрметіне "Нұр-Сұлтан" етіп өзгерту туралы болды.
Биліктің маңызды шешімдерді халықтың пікірін сұрамай қабылдағанына Қазақстанда көп жұрт наразы болды, олар бұл өзгерістерді бұрынғы авторитар президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасын одан сайын нығайтуды жалғастыру деп қабылдады.
Оның үстіне, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сән-салтанатты ғимараттарды салуға жұмсалған қаржының кіріс көзі - мұнай мен газға бай, бірақ халқының басым бөлігі кедей тұратын батыс өңірлердің тұрғындары Тоқаев президенттікке келгелі жалақыны көбейтіп, еңбек жағдайын жақсартуды бұрынғыдан да батыл талап ете бастады.
Бұған қоса Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданынан Қазақстанға заңсыз өтіп келгендер, ондағы этникалық қазақтар мен басқа да мұсылман азшылық өкілдерінің басындағы қиын жағдайды жұртқа жайып салғаннан бері Қазақстан қоғамының ол жақтағы қазақтардың тағдырына алаңдап, дабыл қағуы да биліктің тағы бір проблемасына айналды.
Пекиннің Шыңжаңдағы халыққа қысым көрсетіп отырғанына қарсылық білдірушілер Қазақстандағынегізгі инвестор саналатын Қытайдың жүргізіп отырған саясатын сынауға құлықсыз қазақ билігіне наразы.
Әйткенмен, Пекиннің қысымына қарамастан, Қазақстан билігі ел аумағына Қытайдан шекара арқылы заңсыз өткен этникалық қазақтардың бірде-бірін экстрадицияламағанын айта кеткен жөн. Шыңжаңнан тарихи атамекенге қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған этникалық қазақтардың кейбірі Қытайға қыдырып барғанда қамауға алынып, әлі күнге сол елде "қайта тәрбиелеу лагерінде" отыр.
1990 жылдардың басынан бергі кезеңдегі ондаған жылмен салыстырғанда, өткен жылы Қазақстанда наразылық шерулері мен қарсылық акциялары көбейгенімен, оларға жүздеген адам ғана қатысады, кейде жалғыз адам пикеттері өтеді.
Қыркүйектің басында Қазақстан халқына алғашқы жолдауында президент Тоқаев "Егер бейбіт шерулер заң бұзу мен халықтың мазасын алу мақсатында болмаса, онда белгіленген тәртіппен митинг өткізуге рұқсат беру керек" деген. Ол елдегі әрбір ірі қалада митинг өткізуге арналған арнайы орын болуы тиіс екенін айтқан.
Алматы қаласында митинг өткізуге екі орын бөлінді, бірақ кей белсенділер билік оларды "жұрт көзінен таса жерден" берді деп санайды.
Қазақстан басшылығы митингілер туралы заңға өзгерістер енгізуге уәде еткенімен, әзірге ол тек сөз жүзінде қалып отыр. Жаңа заң қабылдау туралы бастама жарияланғанымен парламент ондай жобаны әлі қараған жоқ.