Алматы облысындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Гаухар Құдабаева бір айдан бері төсекке таңылып қалды. Бойынан жаман ауру табылған соң бір үміті – химиотерапияда. Ол қамауда дұрыс ем алмағанын айтады. Тұтқынның түрмеге "ауырып түскенін" айтқан колония әкімшілігі оны денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын босатуға бейіл.
"БЕЛІМ ШЫДАТПАЙДЫ"
Зембілге бір жатқызып, бір түсіріп әр дәрігерге бір тасыған кезде дертіне шыдап баққан Гаухар Құдабаева ара-тұра ыңыранып қалып жүрді. Үш жарым жыл қамауда отырған 46 жастағы әйелдің соңғы бір ай бойы төсектен тұруға шамасы жоқ. Дәрігерлер бойынан онкологиялық ісік тапқан.
Маусымның 20-сында оны Алматы облысының Жауғашты кентіндегі колониядан тексермек болып алып шықты. Екі ер қарауыл мен ЛА-155/4 қамау мекемесінің медициналық әйел қызметкері Құдабаеваны Өтеген батыр кентіндегі аудандық ауруханаға жеткізді.
- Ақпанда ауыра бастады. Бәріне белім шыдатпайды деумен болдым. Қатты ауырады. Түрменің медициналық бөлімшесіне жаттым. Он шақты күн емдеген болады, шығам. Сосын қайта түсем. Дертім күшейе берді. Үш айдан соң бөлімдегі қыздар: "Гаухар тәте, әрең жүретін болыпсыз ғой, санитарлық бөлімге жатпайсыз ба?" деді. Ем-дом жоқ екенін айттым. Ақыры қоймай зембілге салып алып, санитарлық бөлімге жатқызды. Ертеңінде тұра алмай қалдым. Содан, міне, жатырмын. Дертім жанымды жейді. Отырмақ түгілі қозғала алмаймын, - деді Гаухар Құдабаева Азаттық тілшісіне бәсең үнмен. Іле-шала оны рентген бөлмесіне алып кетті.
Гаухар Құдабаева (түрме құжаттарында "Худабаева" болып жазылады – ред.) аурухананың еденіне қойылған зембілде дәрігерді күтіп жатқанда бір жас жігіт еңкейіп, оның бетінен сүйді. Көзінен аққан жасын да жасырып жатпады. Бұл – оның 26 жастағы ұлы Нұрбек Тобабергенов еді.
Сол күні таңертең Нұрбек нағашы әпкесін ертіп Алматыдағы жалдап тұратын пәтерінен Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіне жеткен. Сол жерден Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға ілесіп барды.
Нұрбек шешесінің қиын жағдайын түрмеде бірге отырған әйелдерден телефон арқылы білген. Сенбі сайын хабарласып тұратын анасы қоңырау шалмай қалған кезде алаңдай бастаған. Маусымның 10-ы күні нағашы әпкесімен бірге түрмеге келіп, кездесу бөлмесіне шешесін зембілмен әкелгендерін көрген.
Жас жігіт шешесінің қатты ауырып жатқанына қарамастан бұрынғы қамқор қалпы қалғанын айтады. Өзі телефон соғып жүргенде түрмеде бірге отырған әйелдің киімі тозып кеткенін айтып, спорт киімін сатып алып беруді өтінген.
- Өзім жетісіп жүрмесем де, шешемнің сөзін жерде қалдырмай, әлгі киімді алып бердім, - дейді даяшы болып жұмыс істейтін Нұрбек.
37 жастағы Айнұр Құдабаева зембілге жақындап, әпкесін кәрі шешесімен WhatsApp арқылы сөйлестірмек болып еді қарауыл бірден тоқтатты.
Айнұрдың сөзінше, бұлар сегіз ағайынды. Ата-анасы совет кезеңінде Өзбекстанның Бұқара облысынан көшіп келген. Айнұр – үйдің кенжесі. Өмір бойы жүргізуші болған әкелері 2013 жылы қайтыс болған. 75 жасқа келген шешелері Алтынгүл Утабасова Жамбыл облысында тұрады.
- Анам балабақшада аспаз болды. Қазір – зейнетте. Қант диабеті бар, инсулинмен отыр. Қыста Гаухарды көргісі келген. Қыста суық, тұра тұрыңыз дедік. Көктем шыққанда Гаухардың жайы мынадай болып қалды. Анамызға Гаухардың не дертке ұшырағанын ашып айтпаймыз, жүрегі ұстап қала ма деп. Белі ауырып жүр, тәуір болғасын жүздесесіз дейміз, - дейді Айнұр Құдабаева.
Ол ата-анасы өздерін шыншыл етіп тәрбиелегенін, отбасында Гаухарға дейін ешкімнің сотталып көрмегенін айтады. Әпкесінің заң бұзғанына әлі сенбейді. 2016 жылы Гаухар Құдабаева есірткіге байланысты қылмыс жасады деген айыппен 15 жыл бір айға сотталған.
№ 530 БҰЙРЫҚПЕН БОСАТУ МҮМКІНДІГІ
Іле аудандық ауруханасының директоры Майра Егембердиева Азаттық тілшісіне Гаухар Құдабаеваны тексеру аяқталған соң оған химиотерапия жасау үшін емдеу бюросының порталына тіркеу мүмкін екенін айтты.
Көп ұзамай жазасын өтеуші әйелді қарауылдар қайта түрмеге алып кетті.
ЛА-155/4 түзету мекемесіндегі медициналық-санитарлық бөлім бастығының міндетін атқарушы Байрам Аслановтың айтуынша, Гаухар Құдабаева түрмеге "сау күйінде" түспеген. Асланов Құдабаеваның ертеректе қатерлі ісікке шалдығып емделгенін, оған дейін омыртқасы зақымдалғанын хабарлады.
- Ол [Құдабаева] ауырып түсті. Соңғы кезде беліне қатысты шағымы күшейген... Сосын ұлы МРТ жасатқан соң қарайған жер байқалған. Ізінше Онкология институтына апарған кезде метастаза туралы сөз шыққан. Сондықтан оны облыстық ауруханаға апардық, "химиотерапия жасауға портал" ашты. Одан өткен соң сипаттамасын алады, Ішкі істер министрлігінің № 530 бұйрығына сәйкес [Жазасын өтеуден босатуға негіз болатын ауру тізімін бекіту] сотқа жібереміз. Бәрі заңға сай жасалып жатыр. Химиотерапияны күтіп отырмыз, - деді Асланов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бұрынғы тұтқын: "Түрме тозағынан құтылдым"Түрме басшысы Думан Рахманов Азаттыққа денсаулық сақтау жүйесінен медициналық құжаттар алынған соң түрме әкімшілігі жазасын өтеушіні мерзімінен бұрын шығару туралы сотқа талап арыз түсіре алатынын мәлімдеді.
- Анықтама қолыма тиісімен 530-бұйрықтың негізінде құжаттарды дайындай берем, - деді Рахманов.
Нұрбек Тобабергенов шешесін қатты уайымдайды, метастаза басталып кетті-ау деп аһ ұрады. Ол тұтқын анасымен қысқа мерзім кездескеннен кейін тоғыз күннен соң және Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға барардан бір күн бұрын, маусымның 19-ында Азаттық тілшісіне түрмедегі анасының жайын айтып, WhatsApp арқылы хабарласқан еді.
Сол күні кешкісін ресторандағы даяшылық жұмысының арасында ол тілшіге шешесіне деген махаббаты мен жан күйзелісін сипаттайтын шағын аудиожазбалар жіберді. Жас жігіт аватар суретіне "Анаңызды қорғаңыз" деген өлең қойған.
Гаухар Құдабаеваның туыстары оны ауруына байланысты босатады деп үміттенеді. Айнұр әпкесін босатқан соң бір техникалық мәселе тууы мүмкін екенін ескертеді. Гаухар Құдабаева Жамбыл облысында тіркеуде тұр. Түрмеге түсер алдында Алматыда пәтер жалдаған. Бірақ Жамбыл облысында баспанасы жоқ. Тіпті болған күннің өзінде қажетті дәрігер мамандар да аз. Нұрбек екеуі бірлесіп Алматыдан пәтер жалдағанның өзінде Гаухардың тіркеуін қалай шешу керектігін білмей дал болады.
"САН САЛАЛЫ ДӘРІГЕРЛЕР ҚАРАУ КЕРЕК"
Алматы қаласы мен Алматы облысының Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы, "Адам құқықтарын бақылау орталығы" қоғамдық қорының жетекшісі Ардақ Жанәбілованың пікірінше, сырқаты күшті жазасын өтеушінің қажетті ем-дом жасата алмауы жүйенің тиімсіздігін көрсетеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Түрмелер азайғанымен азаптау көбейді"- Қылмыстық-атқару жүйесі емдеу ісімен шұғылданбауы тиіс. Мамандары да жоқ, қарап үлгермейді. Адамның дертін дер кезінде көретін мамандар керек, - дейді ол.
Сол себепті Жанәбілова түрмедегі емдеу жүйесін қылмыстық атқару жүйесінен шығару керек деп санайды.
- Дәрігерлер азаматтық тұлғалар болуы тиіс. Шенді қызметкерлер емес. Біліктілігін арттырып тұрулары қажет. Қамалғандарды сан салалы дәрігерлер қарау керек, - дейді Ардақ Жанәбілова.
Өткен наурыз айында АҚШ үкіметі 2018 жыл бойынша әлемдегі адам құқықтары туралы есебін жариялаған. Құжаттың 44 беті Қазақстанға арналған. Есепте Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есеп бойынша, Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайды, мамандар мен дәрі-дәрмек жетпейді.
Өткен наурыз айында АҚШ үкіметі 2018 жыл бойынша әлемдегі адам құқықтары туралы есебін жариялаған. Құжаттың 44 беті Қазақстанға арналған. Құжатта Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есеп бойынша, Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайды, мамандар мен дәрі-дәрмек жетпейді.