Алматыда қыркүйектің 6-сы күні болған "Ақиқат" жалпыұлттық саяси-демократиялық партиясының (ЖСДП) 15 съезінде партия басшылары ауысты.
Жиында күн тәртібіне қазіргі басшыларға сенімсіздік білдіру мәселесі шығарылып, ақырында партия басшысы Ермұрат Бапи төрағалықтан кетті. Оның орнына Асхат Рақымжанов партия басшысы болып сайланды. Ермұрат Бапи сонымен бірге партиядан да шығарылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қажыгелдин мен Рысқалиев қатысқан жиында не талқыланды?
Жиында кейбір партия мүшелері Бапидың партияға саяси күштерді тарту жұмыстарына сенбейтінін, оның бір топ белсенділермен бірге Парижге барып, елдің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалимен партияның рұқсатынсыз кездескенін айыптаған.
Олар ЖСДП-ның бұрын белсенді партия болғанын айтқан. Кейбір азаматтар партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбайдың съезге шақырылмағанына назар аударған. Залда отырғандардың көпшілігінің көңіл-күйін байқаған Ермұрат Бапи дауласпай-ақ қызметінен кететінін мәлімдеді. Дегенмен жиында сөйлеген кейбір азаматтар Ермұрат Бапиды қолдаған.
Съезд соңында сөйлеген Бапи мұны партия ішіндегі алауыздық деп бағалады.
"Елдегі жалғыз оппозициялық партияны жерледіңіздер" деп Ермұрат Бапи отырыс бітпей жатып, залдан шығып кетті.
"ПАРТИЯ ТАҒДЫРЫ ОСЫМЕН АЯҚТАЛДЫ МА?"
Партия отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Ермұрат Бапи бүгінгі жиынға өзі де партия төрағалығынан кету туралы оймен келгенін, бірақ бұл ойын айтып үлгермегенін, өзінің орнына белсенді Жанболат Мамайды ұсынбақ болғанын айтты.
- [Президент сайлауына жарияланған] Бойкоттың салдарынан біз қоғамдық процеске ілесе алмай қалдық. Осының бәрін көріп, сайлаудан кейінгі төрт ай ішінде қоғам алдында ақталып жүрмейін, өз орнымды босатайын деп ойлағам. Осы съезде отставкаға кетіп, орныма Жанболат Мамайды ұсынайын деп келгем. Бұл ойымды ешкімге де айтқан жоқпын. Бірақ оған жеткізген жоқ. Әлдебір "сговорлар" болатынын сезгем. Кикілжің, қитұрқы әрекеттердің арасында жүргім келмейді. Мынадай қитұрлы жағдай моральдық, азаматтық тұрғыма сай келмейді. Енді мені алаңдататын сұрақ - партияның осымен тағдыры бітті ме? - деді Ермұрат Бапи.
Ал партияның жаңа төрағасы Асхат Рақымжанов журналистерге "Бапидің өз бетінше әрекет етіп, партияны қиын жағдайда қалдырғанын" айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сайлау алдында оппозиция біріге ала ма?- Ереке партия жарғысы мен ережелерін орындаудан қашқақтады. Партияның ұжымдық органдары бар, бұл - саяси кеңес, президиум. Мұндай мәселелер (Бапидің шетелде қуғында жүрген саясаткерлерімен байланыс орнатуы - ред.) дәл осындай партия органдарында шешілуі тиіс еді, - деді Асхат Рақымжанов.
Партия мүшесі Уәлихан Қайсар съезден соң "Ермұрат Бапиде партия жұмысын жандандыру жоспары болған, бірақ оған жеткізбеді" деді.
- Бұл партияның халық арасында беделі өте төмен. Сондықтан бұл кісі партияның беделін көтерем деп ойлаған. Сайлауалды науқанында халықты біріктіріп, халықпен бірге партияны сайлауға шығартуды мақсат тұтқан. Елдегі саяси-әлеуметтік ахуал қандай екенін өздеріңіз көріп отырсыздар. Жалғыз легитимды оппозициялық партия болған еді. Енді оның меселін де қайтарды. Қазір жағдай шын мәнінде солай болып тұр, - деді сенаттың экс-депутаты Уәлихан Қайсар.
Ол съезде "шетелдік саясаткерлерден ақша алды" деп айыпталған Бапидің әрекетіне "ешкім дәлел келтірмегенін" де атап өтті.
Партия басшылығының ауысуына байланысты пікірін айтқан Айдар Әлібаев "бүгінгі оқиға нағыз демократиялық таңдаудың қалай болуы керектігін көрсетті" деп бағалады.
"Менің ойымша, бүгінгі оқиға дені сау партияның сақталып қалғанын айғақтады. Енді жаңа төраға және жаңа өзгерістермен парламент сайлауына батыл түрде барамыз" деді ол.
"ЖСДП-НЫ ШЫНАЙЫ ОППОЗИЦИЯҒА АЙНАЛДЫРҒЫМ КЕЛДІ"
Vlast.kz сайтына берген сұхбатында белсенді Жанболат Мамай "Бапиде отставкаға кету жоспары болғанын" растап, азаматтық қоғамды біріктіргісі келгенін айтқан.
"Жуырда Ермұрат Бапи маған оппозицияның ескі гвардиясына сенім жоғалғанын айтып, отставкаға кетуі керектігін жеткізген, сондай ұсыныс (Мамайды ЖСДП төрағалығына ұсыну - ред.) айтқан. Сондықтан келістім. Мен азаматтық қоғамды, жас белсенділерді біріктіріп, ЖСДП-ны шынайы оппозицияға айналдырғым келді, одан еркін ойлайтын адамдар бірігетін ұйым жасағым келді. Менің ойымша, біздің парламент сайлауында жеңуге мүмкіндігіміз бар еді, себебі қазір халықтың "Нұр Отанға" да, мемлекеттік органдарға да сенімі жоғалған" деген Мамай 6 қыркүйекте.
"ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯНЫ ЖЕРЛЕУ"
Құқық қорғаушы, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Facebook-тағы парақшасында "бүгін партия съезінде ЖСДП-ны "жерледі", жылдар бойы оппозицияшылдығын көрсетуге ұмтылған партия сол деңгейге жете алмаған күйі қалды" деп жазды.
"Менің болжамым бойынша, бұл әрекеттердің ар жағында билік тұр. Әрине, олар ЖСДП-ның ешкімге бағынбайтын Жанболат Мамай басқаратын нағыз оппозициялық партияға айналғанын қаламады және оның айналасына билікті сынайтын азаматтардың топтасқанына жәй қарап отыра алмады. Олар мұндай тәуекелге барғысы келмеді. Ондай жағдайда парламент сайлауына билікке балама саяси бағдарламасын ұсынып, тәуелсіз кандидаттар шығаратын нағыз тәуелсіз саяси партия қатысушы еді. Қоғамда наразылық көңіл-күй өршіп тұрған шақта олардың сайлауда жеңіліп, билікке бағынбайтын парламент жасақталуы мүмкін еді. Оларға бұл нәрсе қажет пе?" деп жазды.
Қуаныш Еділхантегі есімді қолданушы "Соңғы үміт Ермурат Бапи еді, оппозициялық партия қалмаған екен, ЖСДП-ны да басып алыпты" деп жазды.
Қолданушылар арасында бүгінгі оқиғаны оң өзгеріске балағандар да болды.
"ЖСДП партиясына төраға болып Асхат келді. Міне, енді партияға нағыз саясаткер келді. Асхат үнемі ел саясатына белсенді араласып жүрген азамат. Ол əрқашан шындықты тіліп айтады. Біздің елде "Алаш жолына" өз кеңселерін берген жалғыз партия осы ЖСДП болатын. Енді ЖСДП партиясын нағыз халықтық партияға айналдырады деп сенемін" деп жазды Rau Qazaq есімді қолданушы.
Партияның жаңа төрағасы Асхат Рақымжанов бұған дейін партияның Нұр-Сұлтан қалалық бөлімшесіне жетекшілік еткен.
Қазақстанда өздерін оппозициялық ұйым атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай сәуірдің 26-сы күні өткен партия съезінде төраға қызметінен кетіп, оның орнына "Дат" газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапи сайланған еді. Осы кезде партия атауы "Ақиқат" ЖСДП болып өзгерген.
Биыл кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген партия өкілдері "2021 жылға жоспарланған парламент сайлауына дайындалайық" деп сайлауға түсуден бас тартқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сайлауға бойкот жариялаған ЖСДП басшысы ауысты