«БАПИДЫ ПАРТИЯ ЖАРҒЫСЫНА САЙ БОСАТТЫ»
Қыркүйектің 6-сы күні ЖСДП съезінде сәуірде ғана төрағалыққа тағайындалған Ермұрат Бапи орнынан алынып, партия қатарынан шығарылды. Бұл оқиға желіде қызу талқыланды. Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының өкілі, журналист Сергей Дуванов «Бапиды партия төрағалығынан кетіру – биліктің әрекеті. Билік тағы да оппозиция мен азаматтық қоғамды алдап, келесі парламент сайлауында балама болатын партиядан айырды» деп жазды.
Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев та Facebook парақшасында «Желдің қайдан соққанын болжауға болады. Бұл биліктің парламент сайлауына дайындалып жатқанын білдіреді. Күтпеген жағдай болмас үшін осындай алдын алу шараларын жасап жатыр» деді.
Желіде «құрылғанына көп жыл болса да, белсенділігімен танылмаған партияны Ермұрат Бапи қайта жандандыруға әрекеттенді. Бұл билікке жақпады» деген пікірлер де айтылды.
Видео: "ЖСДП-дағы дау парламент сайлауы жақындап қалғанын білдіреді"
Your browser doesn’t support HTML5
Алайда партия мүшелері мұндай болжамдарды жоққа шығарады. ЖСДП-ның жаңадан сайланған төрағасы Асхат Рахымжанов қыркүйектің 9-ы күні Нұр-Сұлтанда баспасөз мәслихатын өткізіп, Бапидың партия съезі бойынша орнынан кетірілгенін тағы да қайталады. Осы жиында сөйлеген ЖСДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Тазабек Сәмбетбай Бапиды төрағалықтан босату процесі партия жарғысына сай келетінін айтты.
– Съезге қатысқан 79 делегаттың екеуі ғана қарсы болды. Қалғаны қолдады. Делегаттар барлық облыстан сайланып, толық келді, – деген ол бір бума қағазды көрсетті.
Бірақ Бапиды төрағалықтан босатқан ЖСДП съезінде партия шешімін заңсыз дегендер де болды. Съезге Шымкент қаласынан келген Раманқұл Аманолла «Шымкент қаласында, Түркістан және Қызылорда облыстарында ЖСДП съезіне делегат сайланған жоқ» деген. Өзін «ЖСДП-ның Қызылорда облысы бойынша саяси кеңесінің төрағасымын» деп таныстырған Қарасай Әшірбеков те «съез болатынын бізге ескерткен де жоқ. Сырттай естіп, өз бетіммен келдім» деді.
Видео: ЖСДП съезі қалай өтті?
Your browser doesn’t support HTML5
Кейін Тазабек Сәмбетбай Азаттыққа Ермұрат Бапиды төрағалықтан алу мәселесі съездің күн тәртібіне алдын ала бекітілмегенін растады.
– Бірақ ол өзінің әрекетіне наразылардың көп екенін білетін. Ол жөнінде партияның өз ішіндегі жиындарда бірнеше рет айтылған. Ермұрат Бапи партия атынан түрлі сепаратистік келіссөздер жүргізді, шетелден қаржы алмақ болды. Шетелде қашып жүрген Бергей Рысқалиев (Атырау облысының экс-әкімі, 17 жылға сырттай сотталған – ред.) партияны сатып алуды көздеді. Болашақ депутаттық мандаттарды саудалауға кірісті, – деді ол.
Сәмбетбай барлық демократиялық күштіі партияға кіруге, ЖСДП қатарына қосылуға әлі де шақыратынын, биыл президент сайлауынан кейін пайда болған белсенді жастармен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады.
ТҰЯҚБАЙДЫҢ ҮНДЕУІ
ЖСДП съезіндегі Бапиді төрағалықтан алу шешімін осы партияның бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай «партия ішіндегі төңкеріс» деп атап, арнайы үндеу жолдады.
Үндеуде «Сәуірде партияның 14-съезінде төраға лауазымына Ермұрат Бапиды ұсынғанымда оның қоғамдық-саяси жұмыстардағы мол тәжірибесіне, демократиялық ортадағы беделіне, ЖСДП-ны реформалап, мықты саяси күшке айналдыра алатынына, демократияшыл азаматтардың барлығын біріктіретін платформа жасай алатынына сендім. Партия жұмысының тиімділігі ғана емес, партияның алдағы тіршілігі де сонымен байланысты болды. Сондықтан партияның 15-съезінде болған жағдайды нағыз трагедия, көптеген адамның осы партияға артқан сенімі мен күткен үмітіне соққы деп есептеймін» деп жазылған.
Партия басшылығынан өз еркімен кетсе де, партия мүшелігінен шықпаған Жармахан Тұяқбай ЖСДП-ның облыстардағы бөлімшелерін партия жарғысын сақтауға, Ермұрат Бапидың өкілеттігін қалпына келтіруге шақырған.
БАПИДЫҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?
Азаттыққа сұхбат берген Ермұрат Бапи өзін айыптаған пікірлерді «ойдан шығарылған» деп санайды.
– Шетелден қаржыландырылса, партияның жабылып қалатынын мен де білемін. Сондықтан олай айыптау - күлкілі. Олар мені «белгісіз адамдарды партия қатарына тартпақ болды» деді. Керісінше, маусымдағы президент сайлауы кезінде және одан кейін белсенділігімен таныла бастаған жастардың «Oyan, Qazaqstan», «Республика» сияқты тағы да басқа ұйымдарымен, сайлауда ерекше белсенділік көрсеткен бақылаушыларды партияға жақындатуды көздедім. Олар – белгісіз адамдар емес, – дейді ол.
Бапидың айтуынша, өзін партия жетекшілігінен кетірген «төңкерісшіл топтың» әрекеті әлі де әшкереленеді.
– Облыстық бөлімдерде съезге делегат жіберетін конференция болмағанын, облыстық төрағалар өзіне жақын адамдарды жібере салғанын дәлелдеуге тырысамыз. Қазір сондай бес облыс анықталды. Сонымен қатар партия делегаты болмақ түгілі партияға мүше емес жастардың да дауыс бергенін көрдік. Осының бәрін анықтап, сотқа жүгінуіміз мүмкін. Бұл партияны биліктің тартып алғанын дәлелдейтін процесс болады, – дейді ол.
Азаттық тілшісі «ЖСДП-ның облыстық бөлімдері арқылы Бапидың өкілеттігін қайтару мүмкін бе?» деген сұрақты қоғам белсендісі, партия мүшесі Жанболат Мамайға қойып көрді.
– Pаң тұрғысынан қарасақ, ЖСДП-ның бұл съезінің ешқандай легитимділігі жоқ. Бірақ оны сотпен дәлелдеуге мүмкіндік бар екеніне сенбеймін. Өйткені бұл әрекеттің артында билік тұр. Сот та, прокуратура да биліктің қолында. Билікке қазіргі ЖСДП ыңғайлы, – дейді ол.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өзін «Әділет министрлігінде ресми түрде тіркеуде тұрған жалғыз оппозициялық партия» деп санайды.
Қазақстанда оппозициялық саяси партияларының басшылары арасында бұрын да осыған ұқсас даулар болған. Мұндай дауларды сол кездегі сарапшылар «биліктің ықпалымен байланыстырған». 1998 жылы құрылып, 2003 жылы қайта тіркелген Қазақстанның коммунистік партиясы оппозициялық бағытта таныла бастағанда екіге бөлінген. «Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы» деп аталған бір жағы кейіннен парламентке өтсе, «Қазақстанның коммунистік партиясы» 2015 жылы жойылған.
2002 жылы құрылған «Ақ жол» партиясы көп ұзамай екіге жарылған. 2005 жылы партия басшылығында дау пайда болып, үш тең төрағасы - Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев және Ораз Жандосов партия қатарынан шығарылған. Олар көп ұзамай «Нағыз Ақ жол» партиясын құрған. «Ақ жол» партиясы кейіннен парламентке өтіп, «Нағыз Ақ жол» партиясының жұмысы тоқтаған.
Ал ЖСДП партиясы 2006 жылы «Әділетті Қазақстан» қозғалысының базасында құрылып, 2007 жылы ресми түрде партия болып тіркелген. 2015 және 2019 жылғы президент сайлауына бойкот жариялаған. Ал 2016 жылғы парламент сайлауында 5-орын алып, мәжіліске өтпей қалған.