"Тұңғыш президенттің саясатын сынаған". "Экстремистік" баппен сотқа тартылған белсендіге тағылған айып

Орынбай Оқасов сот залында отыр. Орал, 18 қараша 2021 ж.

Орал соты Орынбай Оқасовтың ісін бір жыл тергеп, үкім шығарды. Айға жуық уақыт қаралған бұл істе бір күнде бірнеше сот отырысы өткен кездер де болған. Сот Оқасовты "экстремистік ұйым қызметіне қатысты" деп айыптап, бір жылға бостандығын шектеді. Белсенді әкімдік рұқсат еткен митингіде "Бостандық!", "Талап етеміз!" деп ұрандаған. Прокурор осы сөздерді "экстремистік ұранға" жатқызған.

СОТ ҮКІМІ

Сот үкімі 18 қарашада оқылды. Судья Қайрат Өтешев Орынбай Оқасовты қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлімі ("Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу) бойынша айыпты деп тауып, бір жылға бостандығын шектеді. Одан бөлек, айыпталушыға бір жыл бойы әлеуметтік желіні пайдалануға, ақпарат құралына материал жариялауға, саяси тақырыпта пікір білдіруге тыйым салынған.

Мұндай "экстремистік ұйымдар" қатарына "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстары жатады. Қазақстанда ресми тіркелмеген бұл ұйымдардың қызметіне қатысқан деген күдікке ілінген жүздеген адам қылмыстық қудалауға ұшыраған. Еуропарламент өз қарарында аталған қозғалыстарды "бейбіт оппозицияға" жатқызып, оларды "жақтаған" адамдарды қудалаудың саяси астары бар деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Хейди Хаутала: Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдаймыз

Сот оралдық белсенді Орынбай Оқасовтың әрекеті "қоғамда наразылық көңіл-күй туғызды” деген байламға келген.

– 2020-2021 жылдары [Оқасов] "ҚДТ" және "Көше партиясы" экстремистік ұйымдары қызметіне белсене араласып, аталған қозғалыстар мен олардың көшбасшысы [бұрынғы банкир және оппозиционер Мұхтар] Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілер мен наразылық акцияларына қатысқан. Ол заңсыз жиындарда "ҚДТ" мен "Көше партиясы" қозғалыстарының заңсыз қызметін қолдап, олардың экстремистік бағытын насихаттап, қоғамда наразылық көңіл-күй туғызып, халықты билікке бағынбауға үндеген. Facebook парақшасына ақпарат, фото және видеоесептер жариялаған, – деді үкімді оқыған судья Өтешев.

"БОСТАНДЫҚ!" "ЭКСТРЕМИСТІК ҰРАН"

Сот процесі кезінде іс материалдары жабық болған, қазір де бұл ақпараттарды сот кабинетінен табу мүмкін емес. Бірақ айыптау үкімінің мәнін прокурор Өтегеновтың (толық аты-жөнін айтудан бас тартты) сөзінен-ақ түсінуге болады.

Айыптау қорытындысын оқу жарты сағатқа созылды. Онда негізінен Орынбай Оқасовтың наразылық акцияларына қатысып, әлеуметтік желіге жазба жариялағаны айтылды.

Белсенді Орынбай Оқасов сотта жауап беріп тұр. Орал, 16 қараша 2021 ж.

16 қарашада соттағы жарыссөз барысында прокурор Өтегенов белсенді қатысқан шараны сипаттап:

– Оқасов "ҚДТ" штабы белгілеген уақытта "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткіші сыртындағы гүлзарға барып, экстремизммен айналысқаны үшін сот шешімімен тыйым салынған ұйымдар тізіміне енген "ҚДТ" және "Көше партиясы" қозғалыстарының қызметіне қатысты. Ол митингіге жиналған адамдардың алдында сөз сөйлеп, "ҚДТ" және "Көше партиясы" экстремистік ұйымдарының қызметін ақтап, тұңғыш президенттің саясатын сынап, ҚДТ көшбасшысы Әблязовтың идеяларын қолдады, – деді.

Осы сөзінде прокурор биыл 28 ақпанда Орал қаласында өткен митинг жайлы айтып тұр. Бұл кейінгі жеті жылда екінші, ал ақырғы бір жылда бірінші рет жергілікті әкімдік рұқсатымен өткен наразылық акциясы еді. Одан бері қала тұрғындары әкімдікке қанша өтініш берсе де, жергілікті билік бейбіт жиын өткізуге келісім бермеген.

Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді

Your browser doesn’t support HTML5

Митингіге 40 рет өтініш беріп рұқсат ала алмаған оралдықтар әкімдікті сотқа берді

Прокурор Оқасовтың митингіде айтқан сөзіне ерекше шүйлікті.

– Оқасов сөзінде биліктен саяси тұтқындарды босатуды, "ҚДТ", "Көше партиясы" және Әблязовқа қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етіп, белсенділерді бір-бірін қорғау үшін бірігуге шақырды. Ол "Талап етеміз!", "Бостандық!", "Шал, кет!" деген экстремистік ұрандар айтты, – деді прокурор Өтегенов.

Прокурор осындай бес наразылық акциясын атаған. Іс материалдарына сәйкес, бұл шаралар 2020 жылдың маусымы мен 2021 жылдың ақпаны аралығында өткен. Оқасов әр митингіден кейін әлеуметтік желіге фото, видео, жазбалар жариялаған. Прокурор Өтегеновтың сөзінше, бұл белсендінің "экстремистік қозғалыс қызметіне қатысқанын дәлелдейді".

"БІР ЖАЗБАНЫ БІР ЖЫЛ 20 КҮН БОЙЫ ТЕКСЕРГЕН"

Орынбай Оқасов тергеу барысы мен сот процесі кезінде кінәсін мойындаудан бас тартқан. Белсенді сот үкімімен де келіспейді. Адвокат айыптау тарабы Оқасовтың кінәсін дәлелдей алған жоқ деп есептейді.

– Оқасовтың бір жазбасын негізге алып, оны бір жыл 20 күн бойы тексерген. Бұл істі мүлде тоқтату керек, – дейді адвокат Жанболат Құлжанов.

Оқасов пен оның заңгері сот процесі кезінде судьяның назарын тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтарға аударуға тырысты. Адвокат Құлжанов куәгерден (Оқасов 2021 жылдың тамызына дейін "қорғану құқығы бар куәгер" статусында болған) заңсыз жолмен алынған түсініктеме айыптауға негіз бола алмайды дегенді бірнеше рет қайталады.

– Оны түсініктеме беруден бас тартқанына қарамастан тергеген. Бұл іс материалдарында да бар: Оқасов түсініктеме беруден бас тартса да, тергеуші сұрақ қойып, оны тергеу хаттамасына енгізіп отырған. Оқасовтың түсініктеме бермеуге толық құқығы бар, – деді Құлжанов.

Адвокат тергеу барысында жасалған "саяси сараптамаға" да күмәнмен қарайды. Құлжановтың айтуынша, жүргізілетін сараптамалар тізімінде мұндай талдау түрі жоқ.

– Тізімде мұндай сараптама жоғын сарапшының өзі де растады. Психологиялық-филологиялық сараптама бар, бірақ саяси сараптама деген жоқ. Онда жоқ сараптаманы қалай жүргізуге болады? – дейді Құлжанов.

"АҚЫЛҒА СЫЙМАЙТЫН АЙЫПТАУ"

Павел Кочетков, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры

Қылмыс құрамын көрген жоқпын, ол (Оқасов) [жазбаларым мен айтқан сөзімнің бәрі] – жеке пікірім деп дұрыс айтты. Оны ұнатқан дүниесі, ойын ашық білдіргені үшін сотқа тарту – сөз бостандығын, пікір білдіру еркіндігін шектеумен тең.

Айыптау үкімін тыңдау қиын болды. Сот үкімі ақылға сыймайды, судьяның мұндай үкімді неге сүйеніп шығарғаны түсініксіз.

Бұл үкімді, жалпы осы бап бойынша шығарылған барлық үкімді азаматтарды қандай да бір ұйым қызметіне қатысу былай тұрсын, билікке қарсы жақ ашып, сын айта алмайтын жағдайға жеткізіп, қорқытып-үркітіп, аузын жабу үшін жасалған саяси қудалау деп бағалаймын. Бұл – азаматтық белсенділерді қорқыту амалы.

Құқық қорғаушылардың дерегінше, қазір Қазақстанда 405-бап бойынша 300-ге жуық азамат қудаланып жатыр. Еуропарламенттің 2021 жылғы ақпанда қабылданған Қазақстандағы адам құқықтарының жайы туралы қарарында қудалауға ұшыраған азаматтардың аты-жөні аталған. Қарар авторлары Қазақстан билігін азаматтарды саяси себеппен қудалауды доғаруға үндеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Соғыс кепілдері" немесе белсенділерді қудалау

Франциядан саяси баспана алып, қазір сол елде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын 2018 жылғы 13 наурызда Астананың (қазіргі Нұр-Сұлтан) Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп таныған. Екі жылдан кейін дәл сол Есіл аудандық соты ҚДТ "Көше партиясы" болып өзгеріп, жұмысын жалғастырып жатқанын айтып, бұл ұйымның да қызметіне тыйым салған.

Оқасовтың үкімі әлі күшіне енген жоқ. Тараптар 15 күн ішінде сот үкіміне қарсы арыздана алады. Айыпталушы мен оның адвокаты апелляция шағымын беруге дайын екенін мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?