Нұр-Сұлтандағы православ шіркеуінде өткен Рождество

Православ христиандар биылғы Рождествоны әлемде коронавирус пандемиясы белең алып тұрған кезде қарсы алып отыр. Өзге елдердегі тәрізді Қазақстанда да көпшілік орындарда сақтық шарасы қабылданған.

Суретте: Шіркеуге кіреберісте мерекелік құлшылыққа келушілердің дене қызуын тексеріп тұрған ерікті. Нұр-Сұлтан, 6 қаңтар 2021 жыл.

Жаңа жыл басталғалы Қазақстанның бірқатар аймағында қатты аяз тұр. Рождество түні де Нұр-Сұлтанда күн ерекше суық болды.

Қатты аяз бен індетке қарамастан, Рождество түні шіркеудегі мерекелік діни шараға көп адам жиналды.

Мерекелік діни рәсім 6 қаңтарда сағат 22:00-ден аса басталды. Түнгі сағат он екіге қарай шіркеу ішіне жиналғандар саны бірнеше жүз адамға жетті.

Кейбіреулер шіркеудегі мерекелік шараға кішкентай балаларын да ала келді.

Рождество түні шіркеудегі діни мерекелік шараға келгендер шырақ жағып, мінәжат етіп жатыр.

Ресми дерек бойынша, 18 миллионнан астам тұрғыны бар Қазақстанда православ христиандар саны жағынан мұсылмандардан кейін екінші орында тұр.

Дін қызметкері мерекелік шара кезінде құлшылық әнін айтып тұр.

Діни кітап оқып, құдайға мінәжат етіп тұрған әйел.

Шырақ үстелінің тазалығын бақылап жүрген адам.

Қазақстанның ресми күнтізбесінде православ христиандар жыл сайын Рождество мерекесін тойлайтын 7 қаңтар демалыс күні болып белгіленген.