Демалыс орнындағы ән үшін "Новая жизнь" шіркеуінің пасторы істі болды

"Новая Жизнь" Евангелие христиандары шіркеуінің" пасторы Виталий Затолокин

Өскемендегі "Новая Жизнь" Евангелие христиандары шіркеуінің" пасторы Виталий Затолокинді "дін туралы заң талабын бұзды" деген айыппен әкімшілік жауапқа тартып жатыр. Діни бірлестіктің қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Жуырда Өскемен қаласының мамандандарылған әкімшілік соты "Новая жизнь" шіркеуінің әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 490-бабының 1-тармағында ("Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы Қазақстан заңдарын бұзу") қарастырылған әкімшілік заң бұзушылық туралы толтырылған хаттамаға қатысты шағымын қабылдамай тастады. Енді ірі көлемде айыппұл салудан бөлек, шіркеу қызметін үш айға тоқтатуы мүмкін.

Шіркеу өкілдерінің мәлімдеуінше, айыптауға Шығыс Қазақстан облысы Зырян ауданындағы Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы "Зорька" демалыс орнында діни әндер айтты деген шағым түрткі болған.

ӘННЕН ШЫҚҚАН ШИ

Шағым шілденің 28-інде түскен. Ал одан бес күн бұрын "Новая жизнь" шіркеуінің өкілдері туыстары, достары және таныстарымен әлгі демалыс орнына барған. Олардың айтуынша, әлгі адамдардың кейбірі ғана діндар болған.

Шіркеу өкілі Елена Третьякованың сөзінше, жалға алған бөлмелерде әр түрлі қалалардан барған 70 шақты адам демалып жатқан. Ол "Зорька" базасына бұған дейін де бірнеше рет демалуға барғанбыз, өйткені ол жер тыныш, шу жоқ әрі балалармен демалуға қолайлы орын дейді.

- Шілденің 28-інде полицияға әлгі жерде әлдебір діни жоралар өтіп жатыр деген қоңырау түскен көрінеді. Қоңырау сағат 21:14-те түскен, ал демалыс базасы администраторының сөзінше, полиция жасағы әлгі жерге сағат 21:00 болмай жетіп барған. Менің түсінуімше, ол жаққа бақылау үшін, бірақ өздерін таныстырмаған, камера көтеріп алған аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен өзге құзырлы орган өкілдері барған, олар әкімшілік заң бұзушылыққа қатысты іс қозғап, енді шіркеуді айыптап отыр, - дейді Елена Третьякова.

Демалушылар тобында демалыстағы бірлестік мүшелері ғана емес, мүлде өзге, тіпті діндар емес адамдар да болған. Ал полицейлер әлгі әнді айтқан кім екенін де анықтамаған, әнші әйелді де жауаптамаған.

Шіркеу заңгері Мәдина Намның сөзінше, салт-жора деген не екені заңда жазылмағанымен, оларды демалыс орнында өткен кештердің бірінде дін істері басқармасы діни жора деп бағалайтын әндер айтты деп айыптайды. Бұған қоса, оның түсіндіруінше, шіркеуде мүлде өзге сипаттағы әндер айтылады, олар діни құлшылық етуге арналуы шарт емес әрі оларды шіркеуден тысқары жер түгілі, шіркеу ішінде атқарылатын жора деп атауға болмайды.

— "Құдай, жасаған ием" деген сөздері бар әнді діни бірлестік мүшелері емес, әлдебір әнші әйел айтыпты. Әлгі әнде сондай екі сөз бар екен, бірақ енді бүкіл діни бірлестікті айыптап отыр. Ал демалушылар тобында демалыстағы бірлестік мүшелері ғана емес, мүлде өзге, тіпті діндар емес адамдар да болған. Ал полицейлер әлгі әнді айтқан кім екенін де анықтамаған, әнші әйелді де жауаптамаған, - дейді шіркеу заңгері Мәдина Нам.

Оның сөзінше, полицейлер мен шенеуніктер хаттаманы "шіркеу өкілі ретінде" пастор Виталий Затолокиннің үстінен толтырған.

Пастордың айтуынша, хаттамада көрсетілген шараға қатыспаған. Ол әлгі базада демалыста жүрген, бірақ өзге орында болған.

- Елімізде болып жатқан жайттарға қынжыламыз. Әлгі отбасылық демалысты олардың "шіркеу ұйымдастырған демалыс" деп шығарып алғандарын сотта түсіндім. Шындығында, бұл шіркеу ұйымдастырған шара емес. Оны бәріміз айттық. Ол жақта біз ешқандай жиын өткізген жоқпыз, ол жақта шығармашылық кештері өтіп, қилы әндер шырқалды. Ал менің жұмысыма келсек, мен олардан 200 метрдей жерде болғанмын. Бірақ дін істері басқармасы егер әлгі жерде шіркеу мүшелері болса, пастор да болса, сонда кімді жазалауға тиіспіз деген қисынға сүйенеді. Олар пасторды жазалау керек деп тапты, - дейді Виталий Затолокин Азаттыққа.

Сотқа көрсеткен видео 26-сы күні жазылған, ал оларды 28-і күні айыптап отыр. Әлгі телефон қоңырауы 28-інде түскен. Ал ол күні жазылған ешқандай видео жоқ.

Шіркеу заңгері Мәдина Намның мәлімдеуінше, бұл істе қиюласпайтын тұстар бар.

- Сотқа көрсеткен видео 26-сы күні жазылған, ал оларды 28-і күні айыптап отыр. Әлгі телефон қоңырауы 28-інде түскен. Ал ол күні жазылған ешқандай видео жоқ. Енді әлгі жазба сотта заттай айғақ болып отыр, - дейді ол.

Шіркеу өкілі Елена Третьякованың айтуынша, демалыс ұйымдастырумен шіркеу администраторы айналысқан, бірақ ол кезде оның өзі демалыста болған.

- Ол кісі әлгі әкімшілік іске куәгер ретінде тартылған, оған ешқандай кінә артпайды, бүкіл кінә-айыпты діни бірлестікке артып отыр. Әлгі жерде шіркеуге келушілер де, шіркеу қызметкерлері де болуы мүмкін, сонда жұрттың демалуға хақылары жоқ па? Мұның бәрі бытысқаны соншалықты, біреулер солай боларын күтіп, әдейі арандатқандай болып көрінеді. Бұл халықаралық әлеуметтік және саяси құқықтар пактісін, оның 18-бабын ("Ой, ар-ұждан және дін еркіндігі құқығын - ред.) бұзу, - дейді Елена Третьякова.

"ДІНИ ЖОРА"

Шығыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының діни бірлестіктермен байланыс орнату бөлімінің бастығы Айтқұрман Тұрғанбаев Азаттыққа "ештеңеге комментарий бере алмаймын" деді.

— Заң бұзылған, енді оны сот анықтасын. Хаттама толтырғанымыз біздің позициямызды білдіреді. Дәл қазір айта алмаймын, бұған қоса, қазір бізде түскі ас үзілісі, - дейді Айтқұрман Тұрғанбаев.

ШҚО дін істері басқармасының бас маманы Елдар Мейірбаев толтырған әкімшілік заң бұзушылық туралы хаттамада шілденің 28-інде полиция пультіне азаматша Ю.Постоевадан Бұқтырма жағасындағы "Зорька" демалыс базасында белгісіз біреулер діни әндер айтып, тыныштығымды бұзды" деген хабарлама түскен.

Ю.Постоеваның күдігі демалушылар тобы әнге қосылып, кәдімгі биге ұқсайтын әлдебір қимылдар жасай бастаған кезде тіпті күшейген.

Хаттамада көрсетілгендей, әлгі әйел демалыс орнына өзінің танысымен бірге барып, бөлмені жалға алған. Кешкісін олар музыка үнін естіп, қолдан жасалған сахнада ән айтып тұрған әйелді, музыка ойнатуға арналған аппаратураны және үш адам тұрғанын көрген.

Мейірбаевтың хаттамасында: "...Әнші құдайға жалбарынып көмек сұраған әннің сөздеріне құлақ түріп, мән беріп тыңдағанға дейін ол кісінің әлгі концертке қатысты күдігі оянбаған. Ю.Постоеваның күдігі демалушылар тобы әнге қосылып, кәдімгі биге ұқсайтын әлдебір қимылдар жасай бастаған кезде тіпті күшейген, ал әлгі қимылдар мен ән сөздері әлдебір діни жораға ұқсаған" деп жазылған.

Бұған қоса, құжатта жапа шегуші әлгі көріністі видокамераға түсіре бастаған, бірақ әлдебір адамдар жанына барып, түсіруді доғаруын талап еткені айтылған. Әлгі әйелдің сөзінше, олар қауым болып демалуға келдік деп түсіндірген, ал өзге демалушылардан олардың "Новая жизнь" шіркеуінің өкілдері екенін естіген. Бұдан кейін ол танысымен бірге кетіп қалған, ал бір күннен кейін қайта барып, полицияға қоңырау соққан.

Шіркеу өкілдерінің айтуынша, оларға тағылған әкімшілік заң бұзушылыққа қатысты өтуі тиіс сот күні әлі белгіленбеген. "Егер іс насырға шауып жатса, біз халықаралық деңгейде шағымданамыз. Қазір діндарлардың құқығы тым шектеліп барады" дейді шіркеу өкілі Елена Третьякова.

Бұл – осы аптада священникті (пасторды) діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заңды бұзды деп айыптаған екінші оқиға. Тамыздың 14-інде Жамбыл облысындағы Мерке аудандық сотында елді мекеннен 20 шақырым жердегі тау баурайына барып құлшылық қылғаны үшін православ священник Владимир Воронцовтың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша сот басталған. Бұл іске қатысты сот қаулысы әлі шыққан жоқ, келесі сот отырысы жұма күні өтеді.

Тамыздың 16-сында АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті Халықаралық діни бостандық жөніндегі 2016 жылға арналған жыл сайынғы есебін жариялаған. Әлемдегі 200-ден астам мемлекет пен аймақтардағы дін бостандығының ахуалын сипаттайтын бұл есеп үкіметтердің, террорлық топтардың және жекелеген адамдардың діни бостандық заңдарын бұзу немесе оны асыра пайдалану фактілерін саралап шыққан. Діни бостандық туралы жылдық есептің Қазақстанға қатысты бөлігінде Қазақстанның конституция бойынша зайырлы мемлекет екендігі, діни бостандыққа кепілдік берілетіні айтылады. Дегенмен, есепте ел үкіметі діни ұйымдарды "дәстүрлі" және "дәстүрлі емес" деп екіге бөліп, "дәстүрлі дінді жақтайтындарды мойындап әрі оларға қолдау көрсетіп, ал "дәстүрлі емес" ұйымдарды жіті қадағалап, қудалап отырғаны" жазылған.