Уран банкі мен қала шетіндегі ядролық қалдық полигоны

МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкіне алғашқы уран қоры жеткізілді.. Өскемен, 17 қазан 2019 жыл.

Қазақстандағы уран өндірісінің орталығында не болып жатыр? Белсенділер Өскеменде аз байытылған уран банкінің ашылуына байланысты алаңдаушылық білдірсе, сарапшылар қала аумағында улы заттарды сақтаудың тұрғындарға еш қаупі жоқ дейді.

2015 жылы Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) арасында Өскеменде аз байытылған уран банкін салу туралы келісім жасалды. 2019 жылы Қазақстанға байытылған уранның бірнеше партиясы жеткізіліп, Үлбі металлургия зауытының аумағында аз байытылған уран банкі жұмысын бастады.

Бұл жағдай Қазақстан мен Ресей қоғамында екі түрлі реакция туғызды. Ресейде Германиядан уран тасымалдау мәселесін сарапшылар мен азаматтар қызу талқыласа, Қазақстанда елге уран әкелу мәселесі қоғам қызығушылығын туғызған жоқ.

Өскеменде аз байытылған уран банкінің ашылуына байланысты өткен қоғамдық тыңдауға әр жолы келген адам саны сексеннен аспаған. Олардың басым бөлігі – уранмен жұмыс істейтін зауыт қызметкерлері.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ: АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

Дегенмен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бастамасымен Үлбі металлургия зауытының аумағында аз байытылған уран банкін құру қоғам назарынан мүлде тыс қалды деуге болмайды. Алты жыл бұрын ол кезде Қазақстанда әлі бұғатталмаған change.org сайтында жарияланған петицияға 11 мың адам қол қойған.

Қазір жабылған петиция авторы мәтінде "Біздің қаламыз мен еліміз – бүкіл әлемнен ядролық қалдық қабылдайтын жер емес. Онсыз да Өскемен тұрғындары қалада жұмыс істеп тұрған зауыттардан бөлінген қалдықтарға уланып отыр" деп жазған.

Уақыт өте келе наразылық бәсеңдеп, 2019 жылдың сәуір айында аз байытылған уран банкіне бірінші рет шикізат жеткізілді.

Өскемендегі аз байытылған уран банкіне жеткізілген алғашқы уран қоры. Өскемен, 17 қазан 2019 жыл.

Өскемендегі Үлбі металлургия зауыты – уран, берилл және тантал өнімдерін өндіруші қазақстандық ірі кәсіпорындардың бірі. Қатаң құпиялық режимінде жұмыс істейтін зауыт 1949 жылы ашылып, СССР-дің ядролық қару дайындау жоспарының бір бөлігі болған.

Кәсіпорынның құпиясы алғаш рет 1990 жылы ашылды. Оған Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургия зауытының берилл өндірісі корпусында болған ірі техногенді апат себеп болды. Өскемен аспанын бериллдің майда бөлшектерінен тұратын улы бұлт жапты. Құрамында радиоактивті изотоптар болмағанымен, аталған элемент бәрібір улы саналады. Тұрғындар апат туралы ресми мәлімдемені бір күн өткеннен кейін бір-ақ естіді. Осыдан кейін қала тарихындағы ең үлкен митинг өтіп, оған 25 мың адам қатысты.

Жақында зауыт туралы тағы бір үлкен жаңалық шықты: қалдық көметін орында жұмыс істейтін 12 адамның уланғаны белгілі болды. Бірінші жарияланған бейресми деректе жұмысшылардың белгісіз заттан уланғаны, кейін жасалған ресми мәлімдемеде жағдайға улы газ себеп болғаны айтылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ядролық сынақтан зардап шеккендерге уәделі жеңілдік неге берілмейді?

Азаттық сұрағына жауап берген Энергетика министрлігінің өкілдері Өскеменде орналасқан аз байытылған уран банкіне байланысты алаңдауға негіз жоғын айтады.

Хатта "Үлбі металлургия зауытының уран гексафторидін қабылдау, қоймада сақтау және өңдеу бойынша 40 жылдық тәжірибесі бар. Осы уақытқа дейін қоршаған ортаға уран гексафториді тараған жағдай тіркелмеген. Кәсіпорын белгіленген мөлшерден жоғары қалдық бөлінбейтініне кепілдік беріп, экологиялық қауіпсіздікті сақтайтын, уақытпен тексерілген тиімділігі жоғары жүйе жұмыс істейді. Банк – 90 тоннаға дейін аз байытылған уран гексафториді сақталатын қойма. Бұл – Үлбі металлургия зауытында бұрын сақталған өндірістік қордың 10 пайызынан аспайды" делінген.

Бұл пікірге белгілі қарағандылық эколог Дмитрий Калмыков та қосылады.

- Ол жақта ядролық отын банкі ондаған жылдан бері бар. Зауыт ресейлік реакторларға ядролық отын дайындайды. Қазір зауытқа МАГАТЭ-нің қолдауымен жұмыс істейтін халықаралық қолданыстағы нысан мәртебесін берді. Бұрын да бұл нысан МАГАТЭ ережелерімен жұмыс істеген. Менің ойымша, қауіпсіздік талаптары барынша сақталып келді, - дейді Калмыков.

МАГАТЭ-нің 62-конференциясына қатысып отырған Қазақстан делегациясы. Вена,17 қыркүйек 2018 жыл. Қазақстанның Австриядағы елшілігінен алынған сурет.

Энергетика министрлігі банкте қалыпты жағдайда қатты күйде болатын уран гексафториді сақталатынын атап өтті. Қалыпты температура – 56,5 градус. Мұндай температурада уран гексафториді газға айналады. Министрлік өкілдері бұл жағдайдың өзінде атмосфераға улы зат бөлінбейтінін "ішінде уран гексафториді бар 30В моделіндегі цилиндрде ақау болып, уранның атмосфераға бөлінуі мүмкін емес" деп түсіндірді.

Бәрі жақсы болса, адамдар неге алаңдайды?

- Өйткені әдеттегідей ешкім халыққа көңіл бөлмейді, ақпарат бөлісіп, пікірін сұрамайды. Оларға назар аудармайды. Сондықтан "ертең ядролық отын банкі ашылады" деген кезде, бұл адамдарға қорқынышты әрі түсініксіз боп естіледі. Осыдан кейін халық, әрине, қорқады. Бұл – биліктің кемшілігі. Халықты құрметтеп, олармен жылына бір рет емес, күнде сөйлесіп, түсіндіру керек, - дейді Дмитрий Калмыков.

"НЕГЕ ОСЫНЫҢ БӘРІН БІЗГЕ ӘКЕЛУІ КЕРЕК?"

Өскемендік заңгер Алексей Божков – аз байытылған уран банкінің ашылуына арналған қоғамдық тыңдауға қатысып, жобаның қала аумағында жүзеге асуына қарсылық білдірген аз адамның бірі. Ол "Қазақстан МАГАТЭ-мен келісімге отырмауы керек еді" деп есептейді.

- Даулы мәселе жайлы көп сұрақ қойдым. Оларға ешкім жауап берген жоқ. "Контейнерлерге зақым келсе, оның арты не болады?", "Нысан әуе соққысынан қалай қорғалады?" деген сұрақтарым жауапсыз қалды. Бұл нысан соншалық қауіпсіз, ал уран гексафториді, бір әйел айтқандай, "қасықпен жесе де кері әсер етпейтін" болса, ядролық отын банкін неге ел астанасында салмады? Энергетика министрлігі ғимаратының жертөлесіне салу керек еді. Неге осының бәрін бізге әкелуі керек? Тарихтан бір нәрсені қауіпсіз десе, міндетті түрде оның бұрын айтылмаған кері тұстары шығатынын көрдік. Бізге әлі күнге дейін берилл өндірісіндегі апаттың салдары туралы ақпарат берген жоқ, - дейді Божков.

Өскемендегі ядролық отын банкіне жеткізілген аз байытылған уранның алғашқы партиясы. 17 қазан 2019 жыл.

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік Өскеменде ашылған аз байытылған уран банкінің жағдайына алаңдамайтынын білдірді. Ұйым өкілі Шинейд Харви Азаттыққа берген пікірінде қауіпсіздік бойынша жауапкершілік зауыттың мойнына артылғанымен, МАГАТЭ өндіріс орнының қауіпсіздік стандарттарына сай болуын тексеріп отыратынын айтты.

- Үлбі металлургия зауыты – аз байытылған уранды қауіпсіз сақтау, тасымалдау және өңдеуге қажет инфрақұрылыммен жабдықталған, мұны растайтын куәлігі бар ядролық оператор. Төмен байытылған уран банкінің қауіпсіздігі үшін негізгі жауапкершілік нысан операторына жүктеледі. Бірақ МАГАТЭ-нің қауіпсіздік стандарттары сақталуы керек. Агенттік тиісті тексерулер жүргізіп, кәсіпорын ұйымның қауіпсіздік стандарттарын сақтап отыр деген қорытындыға келді, - деді Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық ұйым өкілі.

Қоғам белсендісі және Өскемендегі Flash газетінің редакторы Денис Данилевскийдің бұл жауапқа көңілі толмайды. Оның пікірінше, Өскеменде аз байытылған уран банкінсіз-ақ, онкологиялық аурудан қайтыс болатын азаматтар саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелген.

- Неге біз Өскеменде ядролық қаруды таратпауға үлес қосып отырмыз деп мақтануымыз керек? Бізге оның не керегі бар? Неге біздің қалада? Неге біз әлемдік геосаясат тоғысқан жерде қалдық? – дейді журналист.

Журналист Денис Данилевский. Өскемен, 3 желтоқсан 2019 жыл.

Денис Данилевский мен ресейлік экологтар Германия мен АҚШ қауіпті өндірісін басқа елге ауыстырып жатыр деп қауіптенеді. Мысалы, Өскеменде Үлбі металлургия зауытының Айдахо ұлттық зертханасымен жасаған келісімі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Келісімге сәйкес, 2020 жылдан бастап зертхана зауытқа жоғары байытылған уранын өңдеуге жібереді.

Бұл мәселе бойынша петиция жарияланбаған. Бірақ Денис Данилевский АҚШ президенті Дональд Трампқа хат жазып, Өскемендегі экологиялық ахуал туралы айтқан. Бірақ журналистің хатына жауап келмеген. Ол Трамптың жауабына аса үміт артпағанын айтады. Денисті тұрғындардың белсенділік танытпай отырғаны қынжылтады.

- Белсенділік әлеуметтік желіден әрі аспайды. Тым болмаса портал арқылы өтініш жолдаңыздар. Бұған компьютер мен электронды цифрлық кілттен басқа ештеңе керек емес. Бәрі адамдарға байланысты. Халық кәсіпорын жабылып, жұмыс орны қысқарады дегенді айтады. Ешкім жабылуын талап етіп отырған жоқ қой. Қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына әсерін азайтыңдар, үлес қосыңдар, - дейді белсенді.

ҚАЛА АУМАҒЫНДАҒЫ ЯДРОЛЫҚ ҚАЛДЫҚ

Өскемендегі қоғам белсенділерінің сөзінше, аз байытылған уран банкі –қаладағы радиоактивті қауіптің жалғыз көзі емес. Данилевский аз байытылған уран банкі салынған жерге жақын маңда радиоактивті және улы қалдықтарды сақтайтын кешен барын айтады.

- Зауыттың қалдық көметін орны үлкен мәселе боп отыр. Ол өте үлкен және қала ішінде орналасқан. Оған қалдықтарды көмеді. Қалдықтар бетон шұңқырларға төгіледі. Мемлекеттік органдардан алған ресми дерек бойынша, жылына осындай 232 мың тонна қалдық шығарылады. Олардың 3 мың тоннасы – радиоактивті қалдық.

Көрнекі сурет.

Үлбі металлургия зауытының өкілдері 2028 жылдан бастап қатты радиоактивті қалдықтарды бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағына көме бастайтынын айтады. Ал оған дейін көмілген қалдықтар қазіргі орнында қалады.

Табиғи ресурстарды басқару және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі жақын уақытта қалдықтар көмілетін орынды жабу жоспарда жоғын айтты.

- Қалдықтарды көмуге 420 гектар жер бөлінген. Қазір оның 284 гектар аумағы қолданыста. Сауалхатқа ресми жауап – осы. Бұл жер әлі ондаған жыл бойы пайдаланылады! Ал қала әкімдігі мен Үлбі металлургия зауытының арасында ядролық қалдықтарды көму бойынша 2022 жылға дейін жұмыс бағдарламасы бекітілген, - дейді Денис Данилевский.

Журналист халықтың қала ішінде ядролық қалдық көметін орын барына тиісті көңіл бөлмегенін айтады.

2018 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының 73-сессиясы екінші комитетінің делегаттары қалдық көмілетін орындардың мәселесін қараған.

Ұйым сайтында "БҰҰ-ға мүше мемлекеттер Орталық Азияда уран және басқа да қауіпті қалдықтарды көму орындары халық тығыз қоныстанған аудандарда орналасқанын алаңдаушылықпен атап өтті. Қалдық көму орындарының көбі сейсмикалық қауіп жоғары аудандарда, халыққа жақын жерлерде немесе осы өңірдегі ірі өзендердің жағалауында орналасқан" делінген.

Шаған - Семей полигонындағы сағым қалашық (14 желтоқсан 2018 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

Семей полигонындағы сағым қалашық


Қазақстанда радиоактивті қалдық көметін үш орын бар. Оның бірі - Қазақстанның батысында орналасқан Қошқар-Ата. Аталған қалдық көму орнының мәселесі 2015 жылы мемлекет иелігіне өткеннен кейін шешіле бастаған. Әзірге аталған аумақты қайтадан тіршілікке жарамды жерге айналдыру мүмкін болмай отыр. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстарды басқару басқармасы жетекшісінің сөзінше бұған 17,5 миллиард теңге керек. Екінші қалдық көму орны Степногорск қаласынан (Ақмола облысы) 25 шақырым жерде орналасқан. 2014 жылы кешеннің экологияға әсері кеңінен талқыланған.

Ол кезде үкіметтен аталған қалдық көму орнын тіршілікке жарамды жерге айналдыру мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссия құрылып, мәселенің шешімін табу үшін жұмыс істейтіні жөнінде жауап келгені айтылған.