Қасиетті Рамазан айында мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ас-су ішпей, ораза ұстайды. Бұл айда адамдар туыстары мен достарын жинап, ауызашар өткізеді. Әлемдегі 1,8 миллиард мұсылманның көп бөлігі мешітке барып, құлшылық жасайды.
Бірақ биыл коронавирус індеті көп нәрсені өзгертті.
Сәуірдің 24-і күнгі дерек бойынша, коронавирус әлемнің 2,8 миллион тұрғынына жұғып, 200,000 мың адамның өліміне себеп болған. Осыған байланысты пандемия кезінде ораза ұстаған адамның иммундық жүйесі әлсіреп, вирус жұқтыру қаупі артады деген мазмұндағы ақпарат көбейген. Адамдардың көбі Рамазан айында туыстар мен достардың басын қосып, ауызашар өткізу де вирустың таралуына ықпал етуі мүмкін деп алаңдайды.
Азаттық пандемия кезінде ораза ұстауға қатысты туған сұрақтардың жауабын білу үшін сарапшылармен сөйлесіп көрді.
ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ОРАЗА ҰСТАУҒА БОЛА МА?
«Дені сау және бұрын оразаны қиындықсыз өткерген адам биыл да құлшылығын жалғастыра алады. Осы жолы ораза ұстауға болмайды деген тұжырымды растайтын еш дәлел жоқ», – дейді Оксфорд университеті емханасының ғылыми қызметкері, дәрігер Салман Вакар.
Вакар – коронавирус пандемиясы кезінде ораза ұстау туралы нұсқаулық жариялаған Ұлыбританиядағы ислам медициналық қауымдастығының мүшесі.
«Көп жағдайда денсаулығы жақсы және бұрын еш қиындықсыз ораза ұстап келген адамдар пандемия кезінде де ауыз бекіте алады», – дейді Ұлыбританиядағы Ковентри және Уоркшир университеттік емханаларында трансплантациялық нефролог болып істейтін дәрігер Шафи Малик.
Маликтің айтуынша, созылмалы ауруы бар және дене қызуы көтерілген адамдар дәрігермен кеңесіп, қажет болған жағдайда, оразадан бас тартуы керек.
Құранға сәйкес, балалар, қарттар, ауру адамдар мен сапарда жүргендер исламдағы бес парыздың бірі саналатын ораза ұстаудан босатылады. Ораза мұсылмандарды Құдайға жақындатып, әлемде аштық пен кедейлікте тұрып жатқан басқа адамдар барын еске салады.
Ораза ұстау, иман келтіру, садақа беру, намаз оқу және қажылыққа бару – мұсылман өміріндегі негізгі бес парыз саналады.
ОРАЗА ҰСТАУ ИММУНИТЕТТІ ӘЛСІРЕТІП, КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ТҰРУ ҚАБІЛЕТІН ТӨМЕНДЕТЕ МЕ?
Рамазан сөзі арабтың "Әл-Рамад" сөзінен шыққан және қатты ыстық пен құрғақшылық деген мағына береді. Бұл сөздер ораза ұстап, күнәсінен арылуды көздеген мұсылмандардың басынан өткеретін қиындығын сипаттайды.
Ораза ұстау – қиын міндеттердің бірі. Сондықтан “Таңнан кешке дейін ас-сусыз жүру иммундық жүйені әлсіретіп, ағзаның коронавирусқа қарсы күресу қабілетін төмендете ме?” деген сұрақтар көбейді.
«Ораза адамның иммундық жүйесін әлсірететінін растайтын дәйектер жеткіліксіз. Бұл зерттеулер негізінен ретроспективті сипатта өткен және бақылауға ғана негізделген. Сондықтан ораза ұстау иммунитетті әлсіретеді дегенге нақты дәлел жоқ», – дейді Малик.
Вакар пандемия кезінде ораза ұстаған адамдар үшін маңызды мәселенің бірі ағзадағы ылғал жетіспеушілігі болуы мүмкін деп есептейді.
Оның айтуынша, ыстығы көтерілген немесе созылмалы аурулары бар адамдар оразадан бас тартып, медициналық көмекке жүгінуі керек, өйткені коронавирус жұқтырғандар тез ауыруы мүмкін, ал инфекция кезінде жеткілікті мөлшерде су ішу өте маңызды.
ИСЛАМДАҒЫ КЕЙБІР ҒАЛЫМНЫҢ АЙТУЫНША, ОРАЗА ИММУНИТЕТТІ НЫҒАЙТАДЫ. БҰЛ РАС ПА?
Суннит мұсылмандарының арасында беделді саналатын Египеттегі әл-Азхар университеті сәуірдің 18-і күні коронавирус пандемиясы кезінде ораза ұстауға шектеу жоғын хабарлады.
Мәлімдемеде «Рамазан кезінде коронавирусқа сілтеп, оразадан бас тартуға болмайды, ауыз бекіту – парыз, бұл – барлық мұсылман үшін міндетті дүние» делінген.
Шиит мұсылмандарының дінбасылары да осыған ұқсас мәлімдеме жасады.
Ирактағы шиит дінбасыларының бірі Аятолла Башир Хусейн әл-Нажафи сәуірдің 15-і күні “ораза иммунитетті нығайтып, мұсылмандарды коронавирус жұқтырудан қорғайды” деген пәтуа шығарды.
Бірақ Маликтің пікірінше, «ораза иммундық жүйені нығайтады» дегенді растайтын нақты дәлелдер жоқ.
Вакар Рамазан айы медициналық тұрғыдан енді ғана зерттеліп келе жатқанын, қолда бар деректер көбіне зерттеулерге емес, бақылауға ғана негізделгенін, сондықтан ораза иммунитетті нығайтады немесе әлсіретеді деп нақты ақпарат беру қиын екенін айтады.
«Рамазан кезінде кей адамның салмағы мен қан қысымы қалыпқа түсетінін білеміз. Бірақ көбіне аз уақыттан кейін бәрі бұрынғы қалпына оралады. Қазір адамдар интервалды ашығуды Рамазан айынан басқа уақытта да диеталық мақсатта жиі қолданып жүр», – дейді Вакар.
РАМАЗАН АЙЫНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРУ ҚАУПІН АРТТЫРУЫ МҮМКІН БЕ?
Рамазан айында адамдар ауызашарға жиналып, мешітке жиі баруы мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, коронавирус адамдардың тығыз байланысы кезінде ауа тамшы жолымен және вирус жұққан заттардың беткі қабатын ұстау арқылы жұғады.
Көп мемлекет вирустың қоғамдық денсаулық сақтау саласына кері әсерін төмендету үшін халық арасында ара қашықтық сақтау ережесін енгізді. Мұсылмандар саны басым елдер вирустың таралуынан қорқып, қоғамдық мерекелер мен Рамазан айындағы діни қызметтерге тыйым салды.
«Әдетте Рамазан айында адамдар бір-бірімен бұрынғыдан да жақсы араласып, бірге уақыт өткізуге тырысады. Бірақ биыл бәрі басқаша болуы керек. Пандемия кезінде басқа адамдардан оқшау жүру өте маңызды. Үкіметтің адамдар арасындағы қашықтықты сақтау жөніндегі шектеулерін бұзған адам коронавирус инфекциясының таралуына үлес қосады», – дейді Вакар.
Көп елдің үкіметі бұл ақпаратты мұсылман отбасыларына жеткізуге тырысты. Әртүрлі мұсылман ұйымдары әлеуметтік желіде ақпараттық науқандар жүргізді. Солардың бірі - #RamadanAtHome (#ҮйдегіРамазан) науқаны.
Малик үкімет пен денсаулық сақтау органдары енгізген қашықтық сақтау жөніндегі шаралар коронавирустың таралуын тежеу жолындағы маңызды қадам екенін айтады.
«Рамазан айында ораза ұстаған адамдар жергілікті ережелерді сақтап, басқалардан оқшау жүруі керек», – дейді Малик.
МҰСЫЛМАНДАР РАМАЗАН АЙЫНДА ҚАНДАЙ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАУЫ КЕРЕК?
«Адамдар үйде қалуы керек. Бұл шектеуді сізге ауызашар тамағын әкеліп, бірге уақыт өткізгісі келген барлық достарыңыз бен туыстарыңыз да есте ұстағаны жөн. Мешіттер жабық болады, ал мұсылмандар құлшылығын үйде орындайды», – дейді Вакар.
Оның айтуынша, адамдар Рамазан кезінде ауыз ашқаннан кейін жеткілікті мөлшерде су ішу, дұрыс тамақтану, коронавирустан басқа ауру белгілері байқалған күннің өзінде, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну сияқты әдеттегі қауіпсіздік шараларын сақтауы керек.
«Рамазан кей адамның психикалық денсаулығын жақсартады, бірақ пандемия кезінде бұл басқаша әсер етуі мүмкін. Сондықтан адамдар бұл айдың бар қасиетін виртуалды ауызашар сияқты басқа амалдармен сезінуге тырысуы керек», – дейді Вакар.
«Ауру белгісі байқалмаған және дені сау адамдар бұрынғыдай ораза ұстай берсе болады. Бірақ өзін жайсыз сезінген немесе коронавирус белгілері байқалған адамдар ораза ұстап, су ішпесе, ағзадағы ылғал мөлшері күрт азаюы мүмкін. Мұндай жағдайда оларға денсаулығы үшін оразасын бұзуға тура келеді», – дейді Малик.