МАҢҒЫСТАУДАҒЫ КАДРЛАРДЫ ТАЗАЛАУ: КЕТКЕНДЕР МЕН КЕЛГЕНДЕР
Қазақстанда облыс әкімін аяқ астынан қызметтен алып тастау − таңсық оқиға емес. Бірақ бір облыстың күштік құрылым басшылары мен әкімді бір мезетте қызметтен босату – өте сирек құбылыс. Сондай сирек жағдай жақында Маңғыстау облысында болды.
Әуелі Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшысы лауазымын 2022 жылдың ақпанынан бері атқарған генерал-майор Аян Дүйсембаев қызметінен алынды. Ізінше облыс прокуроры Руфат Құттықов пен облыстық ұлттық қауіпсіздік департаментінің басшысы Бақытжан Уәлиниязов орындарынан кетті. Бір күннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты отставкаға жіберді.
Күштік құрылым басшылары мен әкімнің не себепті кеткені ресми түсіндірілмеді. ҰҚК Бақытжан Уәлиниязовті жұмыстан шығармадық дейді. Ведомствоның хабарлауынша, ол қызметін басқа өңірде жалғастырады, алайда оның қайда баратыны әзірге белгісіз. Оның орнын ұлттық қауіпсіздік полковнигі Серік Әміров басты.
Облыстың бұрынғы прокуроры Руфат Құттықов жұмыссыздар санатында ұзақ жүрген жоқ. Сол күні Ақмола облысының прокуроры қызметіне ауысты. Ал бұл лауазымды атқарған Айдос Майлыбаев Маңғыстау облысына прокурор болып келді.
Маңғыстау облысын 2021 жылдың қыркүйегінен басқарған, оған дейін Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысында әкім, энергетика министрі болған 56 жастағы Нұрлан Ноғаевтың басқа қызметке барар-бармасы белгісіз. Маңғыстау облысының әкімі қызметіне "Өзенмұнайгаз" АҚ басқармасы басшысы болған, сол өңірдің тумасы, 46 жастағы Нұрдәулет Қилыбай тағайындалды.
"КЛАНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫС"
Маңғыстаудағы кадрлық тазалауды қазақстандық басылымдар мен сарапшылар әрқилы талдады. Orda басылымы YouTube арнасындағы хабарда "үкіметтегі сенімді дереккөзге" сүйеніп, жаппай қызметтен кетіруді "облыста тәртіп жоқтығымен, аймақты ретке келтіру қажеттігімен" байланыстырды.
Басылымға сұхбат берген саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева күштік құрылымдарда Назарбаев кезінен бері кланаралық байланыс күшті дейді. Ол күштік құрылымдарды тазалау кештеу басталды, оны Қаңтар оқиғасынан кейін жүргізу керек еді деген пікірде.
"Күштік құрылымдардың әрекетсіздігі, қауіпсіздік міндетін орындамауы Қаңтар оқиғасына әкелгені анық. Күштік құрылымдарда қызметке қабылдау ережелері [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев тұсында қалыптасқан, іс жүзінде ештеңе өзгерген жоқ, бұрын және қазір отырған адамдар – таза кланаралық байланыс арқылы алынғандар. Күштік құрылымдарда клан байланыстары өте күшті, Тоқаев [тазалауды] батыстан, наразы көңіл күй ең күшті және әлеуметтік жағынан күрделі аймақтан бастады", – дейді Үмбетәлиева.
Маңғыстау облысы – ондаған жылдан бері наразылық ошағына айналған аймақ. 2011 жылы Жаңаөзен қаласындағы еңбек шартын жақсартуды талап еткен "Өзенмұнайгаз" мұнайшыларының ереуілі жеті айға созылып, тәуелсіздіктің 20 жылдығы тойланған күні полиция алаңдағы жұртқа оқ жаудырып, кемінде 16 адам қаза тапты. Келесі күні Шетпеде болған толқуда бір адам оққа ұшты.
"ТИІМСІЗ ЖҰМЫС" ЖӘНЕ МҰНАЙ МЕН ГАЗДЫҢ "ЗАҢСЫЗ НАРЫҒЫ"
2022 жылғы кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы Жаңаөзен қаласындағы сұйылтылған газ отынының қымбаттауына қарсы бейбіт наразылықтан басталды. Газдың қымбаттауына қарсы шыққан жаңаөзендіктерді басқа өңірлердің тұрғындары қолдап, кей аймақта наразылықтың арты жаппай тәртіпсіздікке ұласты.
"Күштік құрылымдардың тиімсіз жұмысы ахуалды онан бетер ушықтырып жатқандай. Күштік құрылымдар ірі бизнеспен, оның ішінде мұнай-газ секторымен тығыз байланысты. Олар қауіпсіздікті қорғағаннан гөрі мұнай-газ компанияларының жетекшілерін қорғап, еңбек дауларына араласып, халыққа қарсы шығады", – дейді Үмбетәлиева Orda-ға берген сұхбатында.
Елдегі мұнайдың 30 пайызы Маңғыстау облысында өндіріледі. Қазба отынның игілігін көргісі келетін тұрғындар ереуілдер мен наразылық акцияларында жұмыссыздықты жойып, аймақты көркейтуді талап етіп келеді. Қаңтар оқиғасына дейін Маңғыстау облысы әкімі болған Нұрлан Ноғаев одан кейін де сол қызметінде қалды. Бұрынғы мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Ulysmedia басылымына берген сұхбатында облыстағы шенеуніктерді жаппай кетіру бұл команданың жұмысты құрдымға жібергенін көрсететін жанама белгі дейді.
"Аймақта экологиялық, техногенді проблемалар, тозған инфрақұрылым, табыстың төмендегенін байқадық. Осы жылдар ішінде облыс немесе орталықтан аймаққа жаны ашыған бірде-бір шенеунік есте қалмады. Өздерін, мансабын ойлады. Халық аймаққа қызметке келетіндерді қиын, бірақ табыс табу үшін майлы орынға келді деп қабылдайды. Шенеуніктер мен күштік құрылым басшыларының отставкасы – бұл команда жұмысты атқара алмады немесе Батыс Қазақстандағы мұнай мен газдың заңсыз нарығын жайлаған криминалмен байланысып жатқанының жанама белгісі", – дейді Қоңыров басылымға берген сұхбатында.
Бір белгілісі, қызметтен алынған шенеуніктердің үстінен қазір қылмыстық іс қозғалмаған. Мұны 22 мамыр күні журналистердің сұрағына жауап берген қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов бір сәтте облыс басшысы мен күштік құрылым жетекшілерінің ауысуы өңірде кадрлық талазау жүріп жатыр деген күдік тудыруы мүмкін болғанымен, шын мәнінде мұны бір топты тазалау деп айту қиын деп есептейді.
"Саяси жүйе, оның ішінде күштік құрылымдар жабық. Азаматтық қоғам кадрлық өзгерісті постфактум біліп жатады. Оның себептерін ешкім түсіндіріп жатпайды", – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, саяси жабық жүйеде акторлар өзара келісуді жақсы меңгерген. Сондықтан бұрынғы әкім Ноғаев уақыт өткен соң жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін.
"Жаңа әкім ретінде Нұрдәулет Қилыбайдың тағайындалуы логикаға сай. Ол сол өңірдің тумасы, биліктің біраз сатысынан өткен. Саяси жүйеде Маңғыстау облысына қызметке баруға көп шенеунік ынталы болмайды. Себебі аймақ проблемаға толы, наразы көңіл күй басым", – дейді Нұрсейітов.
НАРАЗЫ КӨҢІЛ КҮЙ ЖОҒАРЫ АЙМАҚ
Бұл пікірді Paperlab зерттеу орталығының әлеуметтанушысы Серік Бейсембаев та қолдайды. Оның айтуынша, өңірде әлеуметтік-экономикалық теңсіздік айқын білінеді.
Тағы бір фактор – жұмыссыздықтың жоғары деңгейі. Жаңаөзен моноқаласында жоғары жалақысы бар жұмысты талап етіп наразылыққа шығатындар көп. Аймақта мұнай-газ секторына жұмысқа тұруға кезек түзілген. Бұл ретте демографиялық факторды да есепке алу керек: көпбалалы отбасында кейде жалғыз өзі жұмыс істейтін отағасы әйелі, балалары, ата-анасы мен бауырларын асырайды. Өзге аймақтардан әкелінетін көкөніс, жеміс-жидек пен басқа азық-түлік қымбат, онсыз да жоғары инфляция жұрт қалтасын қағады.
"Статистикаға қарасақ, жергілікті халықтың орташа жалақысы әжептәуір жоғары болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол аймақтағы шынайы әлеуметтік жағдай жайлы хабар бере алмайды. Мұнай секторында жұмыс істейтін халықтың үлесі көп емес. Әртүрлі есеппен халықтың 10-15 пайызы мұнай секторында жұмыс істейді. Бірақ экономиканың осы бөлігінде ақша бар да, қалған бөлігінде ақша аз. Тиісінше, экономикалық және әлеуметтік теңсіздік туындайды", – дейді Бейсембаев.
Әлеуметтанушы өңірде қордаланған проблемаларды тізді: аймақ республикалық бюджеттің көзі бола тұра, инфрақұрылым мәселесі мен Ақтауда су мәселесі шешілмеген, электр энергиясымен жеткілікті түрде қамтылмаған, мұнай өндірісі көлемінің жылдан-жылға төмендеп, ірі мұнай кен орындарының сарқылуының шешімі жоқ болып тұр. Одан бөлек Жаңаөзен оқиғасынан кейін халық санасында жара қалған.
"Содан бері ушығып келе жатқан мәселелер жылдан жылға күрделенбесе, наразылық артпаса, төмендеген жоқ. Қаңтар оқиғасынан бері неше ереуіл өтті. Мұнай компанияларындағы жағдай, ереуілге үнемі шығу, жұмыс талап ету тәрізді күрмеліп қалған мәселелердің көрінісін байқап отырмыз. Бірақ әзірге оның шешілетін жолы жоқ болып тұр. Сондықтан аймақ әрқашан наразы көңіл күйдің ошағы болып қала береді", – дейді Бейсембаев.
"ЕРЕУІЛДІ ТАРАТА АЛМАҒАНДАРДЫ ЖАЗАЛАУ"
Маңғыстау облысы Онды ауылының тұрғыны, бұрынғы журналист Жәнібек Қожықтың айтуынша, аймақ әкімі мен күштік құрылымдардың басшыларын жаппай кетірген оқиға бұрын да болған. Бірақ ол жолы аймақтағы барлық басшының биліктен кетуіне президент сайлауында аймақта оппозиция кандидатының тым көп дауыс алуы түрткі болған. Қожық сол кезде оппозиция атынан жалғыз кандидат ретінде сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың Маңғыстау облысы бойынша штабының жетекшісі қызметін атқарған.
2005 жылғы 4 желтоқсандағы президент сайлауының қорытындысы бойынша, Жармахан Тұяқбай ең көп дауысты Маңғыстау облысынан алған: 20,40 пайыз. Сол сайлауда ресми мәліметке сәйкес, республика бойынша 91 пайыздан астам дауыспен жеңген Нұрсұлтан Назарбаевқа ең аз дауысты Маңғыстау облысындағы сайлаушылар берген – 77,20 пайыз.
Бұл жолғы кадрлық ауыс-түйістің 2006 жылғыдан айырмасы, саяси науқан кезінде емес, өліара шақта жүрді.
Маңғыстау облысындағы кадрлық ауыс-түйістен бұрын "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кетті. Қожық билік облыстағы мұнайшылар ереуілін шеше алмағаны үшін өңір басшысы, күштік құрылым жетекшілері мен "Қазмұнайгаз" басшысын қызметтен алып, жазалаған болуы ықтимал дейді.
"Соңғы кездері облыста мұнайшылардың жаппай ереуілі болып жатыр. Ереуіл болмай қалған бір күн болған емес. Ереуілді неге уақытында таратпады, ҰҚК арасында неге жүрмеді, прокурор неге ереуілді заңсыз деп жауапқа тартпады, "Қазмұнайгаз" неге оны шешпеді деген болуы мүмкін", – дейді Қожық.
Жетібай кентіндегі West Oil Software мұнай-сервистік компаниясы жұмысшыларының ереуілі былтыр желтоқсан айында басталды. Олар өздерін "Қазмұнайгаз" құрамына алуды, еңбек жағдайын жақсартып, көлік пен техниканы жаңартуды талап еткен. Сәуір айының 21-і, наразылықтың 133-күні жұмысшылармен президент аппаратының инспекторы кездескен. Жұмысшылардың айтуынша, оларға еңбек жағдайы жақсы үшінші компанияға ауысу ұсынылған.
Наразылықтың бірінші күндері Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің талабын орындап, ереуіл заңсыз деген шешім шығарды. Наразылар оған келіспей, облыстық сотқа шағым берді, бірақ одан нәтиже болмады. Жұмыс беруші бұған дейін ереуіл салдарынан компания күн сайын 23 миллион теңгеден астам шығынға ұшырайды деп мәлімдеген. Наразыларды ереуілді тоқтатуға шақырып, жұмыстан шығарамыз деп қорқытқанымен, ереуіл әлі де жалғасып жатыр.
Облыста ереуілге шыққан басқа да компанияның жұмысшылары бар. Мамырдың 15-інен бері Жалғызтөбе кен орнына кіре берісте "Жалғызтөбемұнай" мұнай компаниясының ондаған қызметкері ереуілде тұр. Олардың сөзінше, жұмысшылар 15 мамырда жұмыстан заңсыз шеттетілген. Жұмысшылар шешімнің күшін жоюды, қызметіне қайта оралуға және оны ары қарай қудалаусыз жалғастыруға мүмкіндік беруді талап етті.
"АҚОРДАНЫҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУШЫ"
21 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әкім Нұрдәулет Қилыбайды қабылдап, оған біраз тапсырма берді. Ақорданың хабарлауынша, облыс әкіміне "өңір экономикасын әртараптандыру, соның ішінде жаңа өндіріс орындарын ашу және дамудың тың бағыттарын қолға алу керек екеніне назар аудару" жүктелген. Бұған қоса, туризм, құрылыс, көлік-логистика салаларын өркендетуге де мән беру керегі айтылған.
"Облыс әкіміне Ақтау қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерді жылумен, ауызсумен қамтамасыз етіп отырған МАЭК және "Каспий жылу, су арнасы" кәсіпорындарының балансындағы инфрақұрылымды жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ өңірдегі су тапшылығын жою үшін "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын арттырып, жеке инвестициялар есебінен қосымша сумен қамтамасыз ету нысандарын іске қосу қажет" делінген Ақорда сайтындағы ақпаратта.
Былтыр жазда Маңғыстау облысындағы жүздеген мың адамның өмірі байланған Маңғыстау атом энергокомбинаты (МАЭК) екі рет істен шығып, аптап ыстықта халық қиналған. Азаттық репортажында тоз-тозы шыққан МАЭК-тың ахуалы көрсетіліп, қаржыны "талан-таражға салғандар" туралы да айтылған.
2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде тамағына оқ тиіп жараланған жергілікті тұрғын Нұрлыбек Нұрғалиев бұл тапсырманың бәрі орындалып, аймақ көркейеді дегенге сенбейді.
"Әкімдерді ауыстырады, жоғары құрылымдардың бәрі Назарбаевтың уақытындағы шахмат іспетті. Бірін суырады да әкеледі. Айналып жүрген органның адамдары. Бәрін тазаладық, енді жұмыс жүріп кетеді деген – алдау", – дейді жаңаөзендік белсенді.
Елде облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау талабы бұрыннан айтылып келе жатса да, аймақ басшыларын президент тағайындайды. Әкімдер президентке есепті, оларды қызметке қоятын да алатын да – президент, сондықтан белсенділер жаңа кадрлар облыстың мәселесін шешпейді деп есептейді.
"[Олардың] қолына қанша билік болатынын президент шешеді. Ереуіл мәселесін шешу олардың қолынан келмейді", – дейді Қожық.
Серік Бейсембаевтың пайымдауынша, бұл мәселелерді шешу үшін өзгеріс аймақ деңгейінде емес, мемлекет деңгейінде болуы керек. Өзгеріс облыс әкімдері қолына шынайы билік тетіктерін алып, халық алдында жауапкершілікті сезінгенде ғана іске асады.
"Әрбір қойылатын әкім Ақорданың тапсырмасын орындаушы ретінде келеді. Ал жергілікті мәселені шешуге келгенде қолы байлаулы, жауапкершілігі басқаша. Қаражатты бөлуге байланысты орталықпен бәрін келіскеннен кейін ғана бағдарламаларды қабылдай алады. Қазір [проблемаларды] шешетіндей жолды көріп тұрғаным жоқ. Осы шиеленіс ушыға беретін секілді", – дейді ол.