Мамырдың 29-ы күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:00-де басталған теледебатқа Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тіркеген төрт кандидат қатысты:
- Жамбыл Ахметбеков ("Қазақстан комунистік халық партиясы");
- Әміржан Қосанов ("Ұлт тағдыры" қозғалысы);
- Амангелді Таспихов ( Қазақстан кәсіподақтар федерациясы);
- Сәді-Бек Түгел ("Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы).
Дебатқа қазіргі ел президенті, алдағы сайлауға биліктің "Нұр Отан" партиясы атынан қатысатын Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ақ жол" кандидаты Дания Еспаеваның қатыспайтыны эфирдің басталуына шамамен бес-алты сағат уақыт қалған кезде белгілі болды. Тоқаевтың орнына дебатқа сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев, ал "жалғыз әйел кандидат" Дания Еспаеваның орнына "Ақ жол" төрағасы Азат Перуашев келді. Ал "Ауыл" партиясы кандидаты Төлеутай Рақымбековтің орнына партия жетекшісі Әли Бектаев қатысатыны дебат кезінде анық болды.
Бұған дейін дебаттың үш кезеңнен тұратыны, әр кезеңнің қандай тақырыпқа арналатыны хабарланған. "Хабар" арнасының Youtube-тегі парақшасында қолданушыларға арналған чатқа комментарий қалдыруға тыйым салынды. (Арнаның кейбір бағдарламаларында комментарий қалдыруға рұқсат етіледі). Дебат аяқталған сәтте видеода дизлайктар саны лайктарға қарағанда екі есе көп болып тұрды.
ДЕБАТТА ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕР АЙТЫЛДЫ?
Дебат мазмұны негізінен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, білім сапасы, ауыл шаруашылығы мәселеріне арналды. Кандидаттардың өзара сұрақ-жауап алмасуы да негізінен осы "шеңберден" аспады. Қатысушылардың басым бөлігі сөйлейтін сөздерін параққа қарап айтып отырды. Кей кезде олардың қарсыластары қоятын сұрақтарды алдын ала білгендей көрінді.
Дебатқа сәл "интрига" берген сәт "Ұлт тағдыры" кандидаты Әміржан Қосановтың коммунист Жамбыл Ахметбековке "Сталин қылмыстары үшін өкінбеген коммунистік партияның 21-ғасырда Қазақстанда өмір сүруі қалыпты нәрсе деп ойлайсыз ба?" деген сауалы болды. Ал оған партия өкілі "коммунистік идеология коммунистік практикадан басқашалай жүргенін мойындаймыз" деп өз кезегінде сұрақ қойған азаматтың да өткен жылы коммунистердің 100 жылдық мерейтойына құттықтап келгенін атап өтті.
Қазақстан кәсіподақтар федерациясының үміткері Амангелді Таспихов Жамбыл Ахметбековтің сауалына жауап беріп тұрып, "халықтың жағдайын білмейсіңдер, жұмысшылар жағдайынан мүлде бейхабарсыңдар" деп сынады. Дебатта көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алу қиындығы, мұғалімдердің күрделі әлеуметтік жағдайы, орташа жалақы көлемінің елдегі шынайы жалақы мөлшерімен сәйкес келмейтіні ішінара айтылып қалды.
"БАЛАЛАР ЕРТЕҢГІЛІГІ"
Әлеуметтік желі қолданушылары дебаттың тартыссыз, іш пыстырарлық сипатта өткенін айтып, сынады. Саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook желісінде "Дебат-сымақ баяндамасы бар конференцияны еске салды, жеті "кандидаттың" үшеуі мүлде қатыспады. Олардың өкілдері болды. Мұндай қарқынмен жүре берсек, бара-бара сайлауға сенімхат арқылы қатысу деген қазақстандық know-how пайда болады" деп жазды. Ол саяси реформалар мәселесі дебат тақырыптарына мүлде енбегенін сынады.
Бауыржан Карипов есімді қолданушы "Әлемдік басылымдар біздің дебат жайлы жарыса жазып жатқан шығар?" деп мысқылдады.
Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина пікірталасты "балалар ертеңгілігіне" ұқсатты.
Your browser doesn’t support HTML5
Қарағандылық блогер Айсұлтан Жақыпов "Жолда болдым. Дебатты көре алмай қалдым. Тамырлары білеуленіп, түкіріктері шашырап, жаға жыртысқан дегендей дүниелерден құр қалмадым ба?" деп әзілдеді.
Ербол Молдабек есімді қолданушы" Қымбат Досжан бүгінгі дебатты қызу пікірталас болды деп еді ғой. Ал мен байқамадым. Осылардың үшінші көздері мен құлақтары бар ма біз көрмейтінді көретін, біз естімейтінді еститін?" деп жазды.
ТОҚАЕВ ПЕН ЕСПАЕВА НЕГЕ КЕЛМЕДІ?
"Нұр Отан" партиясы атынан сайлауға қатысатын кандидат, елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дебатқа қатыспайтыны туралы ақпаратты ең алғаш президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин хабарлады. Ол мамырдың 29-ы күні жергілікті ақпарат құралдарына "Тоқаев үгіт-насихат науқанынан өзін барынша шектеп, президенттік қызметіне көп көңіл бөліп жүр. Оның үгіт-насихат жұмыстарын сайлауалды штабы мен сенімді өкілдері жүргізіп жатыр" деді.
- Президент басқа кандидаттарда көп мүмкіндік болуы керек деп санайды. Басқа кандидаттар да өз ұстанымдарын кеңінен насихаттап, халыққа танылса дейді. Ол (Тоқаев - ред.) әділ сайлау өткізуге уәде берген. Бұл - оның негізгі ұстанымы, - деді ол.
Ал "Ақ жол" партиясының сайлауалды штаб өкілдері Дания Еспаеваның аймақты аралап жүргенін, дебат уақытының кешірек белгілі болғанын айтқан. Ал Рақымбековтің дебатқа қатыспау себебі хабарланбады.
Бұған дейін теледебатқа бюджеттен 41 миллион теңге бөлінетіні хабарланған.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Бұл жолғы сайлау елді отыз жылға жуық басқарып, биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өткелі отыр. Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:
- Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
- Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
- Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
- Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
- Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
- Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
- Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.