"Шешілмей келе жатқан мәселелер Жаңаөзенде ғана емес". Саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сұхбат

Қазақстан энергетика министрілігінің кеңсесі алдында жұмыс мәселесін шешуді талап етіп тұрған жаңаөзендік мұнайшылар. Астана, 11 сәуір, 2023 жыл

Жергілікті және ұлттық деңгейде дағдарысқа қарсы тиімді басқару болмағаны әлеуметтік жарылыстарға созылмалы сипат береді. Осылай жалғаса берсе, президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның командасы жағдайды бақылаудан шығарып алып, оның соңы тәуелсіздіктен айырылу сияқты ауыр салдарларға апарып соғуы мүмкін. Қазақстандық саясаттанушы, "Қауіпті бағалау" тобының директоры Досым Сәтпаев осылай дейді. Азаттық сарапшымен Астанадағы мұнайшылар акциясының себебі, биліктің мәселені шешуге талпынысы және наразылықты басу жолдары туралы сөйлесті.

НАРАЗЫЛЫҚ СЕБЕБІ

– Жаңаөзендегі ахуал неге қайталанып отыр? Тағы да мұнайшылар, неге? Неге билік жыл сайын олардың мәселесін шеше алмай келеді?

– Өйткені кейінгі жылдардағы әлеуметтік наразылық – ұзақ уақыт қордаланған мәселелердің нәтижесі. "Даулы жағдай + оқиға = кикілжің" деген формула бар.

Қазақстанның барлық өңірінен кикілжің туғызатын себеп табылады. Бірақ батыстың жөні бөлек. Біріншіден, олар республикалық бюджеттің ең ірі доноры саналады. Ал батыстың өзінде, оның ішінде Жаңаөзенде өмір сапасы төмен, жұмыссыздық көп, таза ауызсу тапшы. Билік көп жыл бойы оларды көзге ілмей келді. Осыдан батыс тұрғындарында "Неге 30 жыл бюджетке ақша құйып келсек те, өзіміз жұпыны тіршілік кешіп жатырмыз?” деген сұрақ туындайды.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзенде басталған наразылық қалай Астанаға жетті?

Сондықтан кейінгі болған оқиғалар – көп себептің бірі ғана. Әрине, мердігер компаниялар, тендер мен ұлттық компания қызметіне қатысты келіспеушіліктер, еңбек дауы болды. Бірақ бұл – мәселенің ұшар басы ғана, өңірде наразы көңіл-күй жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта да арта береді. Жергілікті билік пен үкіметте өңірді стратегиялық тұрғыдан дамытудың ұзақмерзімді жоспары, мәселені шешу құралдары жоқ.

Жыл өткен сайын артып жатқан демографиялық, көші-қон, экологиялық қауіп факторын да ескеру керек. Батыс Қазақстан – болашақта үлкен су тапшылығы болатын, экологиялық апат аймағына айналуы ықтимал өңір. Жаңаөзенде қазірдің өзінде су мәселесі бар. Бүгінгі еңбек дауы уақыт өте келе экология мәселесіне қатысты кикілжіңдерге ұласады. Сондықтан Батыс Қазақстан бөлмедегі орташа температураны көрсететін, яғни елде наразылық артып, қордаланып, арнасынан асып төгілгелі тұрғанын дәлелдейтін лакмус қағазы сияқты.

Жаңаөзен мен Астанадағы наразылықтың хронологиясы

Тағы бір себебі бар: Қазақстан билігі 30 жылда кәсіподақ қозғалыстарының түбіне жетті. Басқа елдерде кәсіподақтар билік пен халық арасындағы делдал қызметін атқарып, көп мәселені жергілікті деңгейде шешуге көмектеседі. Бізде кәсіподақ институты болмағандықтан, жұмысшылар, оның ішінде мұнайшылар мәселесін қалай шешерін білмейді. Үніне құлақ асар ешкім болмаған соң, ойын жеткізудің митинг не демонстрация сияқты формаларына көшеді.

МҰНАЙШЫЛАР ТАЛАБЫ МЕН ОЛАРДЫ АЙЫПТАУ ТУРАЛЫ

– Әлеуметтік желіде және кей блогерлер арасында "наразылар кәсіби біліктілігін арттырмай-ақ, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болмай-ақ, көп ақша алғысы келеді, өздеріне лайық емес жалақы талап етіп отыр" деген пікір айтылып жүр.

– Кім неге лайықты екенін кім шешеді? Дәл осы логикаға салсақ, билікте отырып, жақсы жалақы алып жүргендердің көбі туралы да "олар бұған лайық емес деуге болады.

– Бірақ олар наразылыққа шығып жатқан жоқ қой.

– Олар өз қызметімен басқаларды наразылыққа шығатындай жағдайға түсіріп отыр. Қазбалай берсе, елдегі тұрақсыздықтың негізгі себебі қылмыстық қызмет, салғырттық немесе үкіметтен әкімге дейінгі әртүрлі деңгейдегі билік органдарының әрекетсіздігі болып шығады.

Your browser doesn’t support HTML5

Жаңаөзендік наразылар 700 мың теңге жалақыдан неге бас тартты?

90-жылдары [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев "халқы аз, пайдалы қазбаға бай Қазақстан екінші Кувейт не Бахрейн болады" дегені есімде. Одан бері 30 жыл өтті. Бірақ Батыстағы халықтың өмір сапасы төмен күйінде қалды. Олар азық-түлікті, тіпті суды да сырттан тасып ішеді. Американы алсақ, Аляскада тұратын адамдар оңтүстік халқына қарағанда көбірек жалақы алады. Өйткені Аляскаға азық-түлік пен көп зат басқа штаттардан жеткізіледі, сәйкесінше, бағасы да қымбат болады.

Сондықтан батыстың қатал климатын, мұнай-газ секторындағы жұмыстың ауырлығын ескеру керек. Билік халықтың денсаулығына зиян келіп жатқанын да ұмытып кетеді, батыстағы өндіріс орындары экологиялық тұрғыдан таза кәсіпорындарға жатпайды.

Мұнайшылардың талабы, оның ішінде қосымша төлемдер туралы айтуы халықтың әділдік туралы түсінігіне негізделген. Басты мәселе мынада – алаңға жиналған көпшіліктің алдына бірде-бір билік өкілі шығып, сөйлеспеді.

"Мұнайшыларға уәде бердік" деген мәлімдемелер жасалды, бірақ халықтың көбі биліктің уәдесіне сенбейді. Бұрын мердігер компанияларда істеген азаматтарға ұзақмерзімді жұмысқа орналастырамыз деген кепілдік берілмеді. Олар ұлттық компаниялардағы топ-менеджерлер қалай жұмыс істейтінін, өзіне қандай жағдай жасап алғанын көріп отыр. Сондықтан бәрі солай өмір сүруі керек деген мәселе көтермек болды.

Білімге келсек, шенеуніктер өздеріне қарап алсын. Кейінгі 30 жылда елдегі кәсіби техникалық білім деңгейі төмендегеніне кім кінәлі? Кезінде техникалық колледждер жабылып, Қазақстанның батысынан бірде-бір технологиялық университет ашылмағанына кім кінәлі? Кейінгі кездері ғана шетелдік компанияларды тартып, азаматтарды оқытуды қолға алып жатыр. 1990-2000-жылдары неге солай жасамады? Билік ақшаға жазылған пікірмен, неше түрлі ақпаратпен мәселені жылы жауып қоюға тырысқанша, көп нәрседен айырылып қалғанын мойындауы керек.

ШЕНЕУНІКТЕР МЕН ДЕПУТАТТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖӘНЕ НЕГАТИВ СЦЕНАРИЙЛЕР ТУРАЛЫ

Астанада мұнайшылардың алдына Маңғыстау облысынан сайланған депутат Еділ Жаңбыршин неге шықпады? Ал облыс әкімі Нұрлан Ноғаев видеоүндеу жолдаумен ғана шектелді.

– Әкімдерден депутаттарға дейінгі билік өкілдері – сайлау жүйесі бойынша халық таңдаған адамдар емес. Яғни олар сенім мандатын қоғамнан емес, биліктен алған. Шенеуніктерге қарапайым адамдармен сөйлесу жағымсыз жұмыс сияқты, олар үнемі халықтың алдына шығудан қашқақтап жүреді.

Your browser doesn’t support HTML5

Серік Бейсембаев: Билік наразыларды күштеп ұстап, қате жасады

Оның үстіне, жоғарыдан бұйрық түспесе, ештеңе істегісі келмейді. Бұл – дәстүрлі ұжымдық жауапсыздық. Назарбаевтың кезінде солай болған, Тоқаевтың тұсында да солай. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесінің негізгі принциптері өзгерген жоқ.

Біріншіден, шенеуніктер бір қызметте уақытша отырып, басы дауға қалмай, басқа жылы орынға ауысуды ғана ойлайды. Екіншіден, олар өзіне жауапкершілік алғысы келмейді. Жоғарыдағылардың қырына ілігуден қорқады. Үшіншіден, саяси амбициям көрініп қалмасын деп, қоғамнан мейлінше аулақ жүруге тырысады. Сондықтан қазіргі көрініс – таңғаларлық дүние емес.

– Билік Жаңаөзен мен Маңғыстау облысындағы ахуалды жақсарту үшін не істеуі керек?

– Біріншіден, Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстандағы қауіп картасын жасауы керек еді. Әр өңірде бүкіл қазақстандыққа ортақ және жергілікті халық үшін ғана өзекті мәселелер бар. Олар бірден жарылмайтын бомба сияқты уақыты келгенде дүмпу туғызады. Билік өңір басшылары, тәуелсіз сарапшылар арқылы әр облыстағы мәселелерді талдап, орташа және ұзақмерзімді болжам жасап, қандай қауіп түрлері "әлеуметтік жарылыс" туғызуы мүмкін екенін анықтауы керек.

Өйткені пазлдың бір бөлігін ғана көріп, толық картинаны білмесең, шешім қабылдау қиын. Жаңаөзен мәселесі – бүкіл елдің мәселесі.

Жалпымемлекеттік қауіп мониторингін жүргізіп, әр мәселені нақты шешу жолын таппаса, наразылық деңгейі төмендемейді. Бұл процеске жеткілікті бюджет пен адам ресурсын бөліп, ақша әдеттегідей біреудің қалтасына кетіп қалмауы үшін қоғамдық бақылау орнату керек.

– Билік бұл қауіптердің алдын алып, жағдайды түзета алмаса, не болады?

– Қазақстанда наразылық акциялары жиілейді. Қазірдің өзіне осыны байқап отырмыз. Кейінгі 30 жылға көз жүгіртсек, бұрын наразылықтардың арасы ұзақ болатын. 2011 жылдан бастап наразылықтар арасындағы уақыт қысқарып келеді, қарсылық акциялары әртүрлі өңірді қамтып, жиілей бастады.

Экология, жұмыссыздық, қымбатшылық – қазақстандықтардың бәріне ортақ, жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер. Дағдарысқа қарсы тиімді шара қолдана алмаған билік наразылықтың артуына жол ашып отыр. Тоқаев президент болған жеті жылда әлеуметтік жарылыстар көп болады. Ерте ме, кеш пе, бұл жағдайды толықтай бақылаудан шығарып алуға ұрындыруы мүмкін.

Тиімсіз мемлекеттік басқару әуелі жергілікті, кейін жалпыұлттық деңгейдегі ішкі әлеуметтік жарылыс туғызады. Бұл тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізге қауіп төндіреді. Өйткені мұндайда сыртқы күштер араласуы мүмкін. Қазір осындай негатив, алармистік сценарий жүзеге асатын ықтималдық артып келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Парламентке ұжымдық "Аманат" өтті". Ақорда "Нұр дәуірінің динозаврларын" пайдаланудан неге жалықпайды?