Карантинде еркіндік алған жергілікті биліктің шектеулері әрқилы

Алматы шетінде маска киген әскери жол бойына темір қоршау қойып жатыр. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл

Қазақстан жергілікті жердегі карантин шараларына байланысты шешімді жергілікті орандардың өз бетінше қабылдауына рұқсат берді. Азаттық «Қазақстанда шектеу шараларының бірыңғай стандарты неге жоқ?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Наурыздың 16-сына Қазақстанда төтенше жағдай күшіне енді. Наурыздың 19-ына төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды. 30 наурыз -7 сәуір аралығында Атырау, Қарағанды (іргелес қалаларды қоса алғанда), Орал, Петропавл, Шымкент, Ақтөбе және Тараз қалаларында карантин жарияланды.

Басқа көптеген қалада шектеулер енгізілді. Әр облыстың төтенше жағдай кезінде басшылыққа алатын өз ережесі бар. Барлық өңірге бірдей бірыңғай стандарт жоқ. Сарапшылар жергілікті билік өкілдері мен басқа өкілетті тұлғалардың тәжірибесінің аздығынан төтенше жағдай кезінде қателіктерге жол беріліп отырғанын айтады.

ӨҢІРЛЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ ӘРТҮРЛІ

Қазақстанда санитар дәрігерлер мен жедел штабтарға арналған бірыңғай стандарт жоқ. Мәселен, Шымкентте қоғамдық көлік жұмысына таңғы 7-ден кешкі 19:00-ге дейін рұқсат беріп, жеке көлікпен жүруге тыйым салған. Алматыда да осындай тыйым бар, бірақ кейінірек Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов «зәру жағдайда дүкенге жеке көлікпен баруға болады» деді. Шенеунік зәру жағдайдың не екенін айтқан жоқ.

Көшеде кетіп бара жатқан маскалы әйел. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Карантинге жабылған қаланың бәрінде бірдей жеке көлікпен жүруге тыйым салынбаған. Нұр-Сұлтан қаласында жұмысқа, үйге, дүкенге, дәріхана мен банкке, төтенше жағдайда ауруханаға көлікпен баруға болады.

Мұндай шешімді облыстың (немесе республикалық деңгейдегі қаланың) бас санитар дәрігері, жедел штаб пен жергілікті атқарушы биліктің қайсысы қабылдайтыны белгісіз. Мәселен, Батыс Қазақстанда жедел штаб үйлестіру жұмысымен айналысады.

Журналист Лұқпан Ахмедияров

— Сәуірдің 2-сіне жергілікті көші-қон қызметінің басшысына жеке көлікпен жүру туралы сұрақ жібердік. Ол «Жеке көліктің кез келген түріне тыйым салынған, ешқандай сылтау қабылданбайды» деп жауап берді. Бір сағаттан кейін бізге жедел штаб бастығы хабарласып, көші-қон қызметінің басшысы жедел штабта жоқтығын, сондықтан дұрыс ақпарат бермегенін айтты. Оның сөзінше, дүкенге, дәріхана мен банкке қоғамдық көлікпен емес, жеке көлікпен барған дұрыс, — дейді «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров.

Заңгер Джохар Өтебековтің пікірінше, қазір қалыптасқан жағдайға жүйелілік жетіспейді, ал биліктің бейберекет әрекеті халықтың көкейінде көп сұрақ туғызып отыр.

Адвокат Джохар Өтебеков

— Президент жергілікті билік өкілдеріне бастама көтеріп, мәселені шешудіөздеріне тапсырды. Бірақ орталық бұл талаптарды жүйелеп, жергілікті билікке бағыт көрсетуі керек. Мәселен, жергілікті билік қоғамдық көліктің жұмыс уақытын белгілей алады. Бірақ балалармен, жануарлармен серуендеу, маска тағу сияқты мәселелерді бір орталықтан шешкен дұрыс болар еді. Мұны президенттің жарлығында немесе Қазақстанның бас санитар дәрігерінің қаулысымен бекітіп, жергілікті актілер мен аталған құжат арасында қайшылық қалдырмау керек еді. Сонда құқықтық тәжірибе біркелкі болады, әйтпесе қазіргі жағдай ақылға сыймайды. Әр облыстың әрқилы әрекет еткені жақсы емес, — дейді Өтебеков.

Нәтижесінде өңірлерде әртүрлі жағдай қалыптасты. «Ақ Жайық» газетінің бас редакторы Азамат Майтановтың айтуынша, Атырауда шектеу шаралары жеңіл болғанына қарамастан, азаматтар оқшаулау режимін бұзбай отыр.

"Ақ Жайық" газетінің бас редакторы Азамат Майтанов

— Бізде кешкі 7-ден таңғы 6-ға дейін жүріп-тұруға тыйым салынған. Жақында жекеменшік емханадан түнде келе жатқан фельдшерді бес тәулікке қамады. Күндіз жүруге болады. Жұмысқа баратын адамдардың қолында анықтама болуы керек. Мен аптасына екі рет жұмысқа барамын. Көшеде ешкім тоқтатпайды. Күндіз қозғалысты қатаң тексермейді. Ал кешке полиция көлігі жағдайды бақылап жүреді. Қалада адам сиреп қалды, күндіз көлік те аз жүреді. Бірақ қатаң шаралар жоқ, — дейді Азамат Майтанов.

Лұқпан Ахмедияровтың пікірінше, Оралда оқшаулау режимін сақтау қиын.

Үйден 500 метр ұзауға тыйым салынғанына қарамастан, адамдар ереже бұзуға мәжбүр болып отыр


— Оралда жақын жерде дүкені, дәріханасы мен банкоматы бар тұрғын үй көп емес. Сондықтан алысқа баруға тура келеді, — дейді журналист.

РҰҚСАТ ҚАҒАЗЫМЕН ЖҮРУ

Рұқсат қағазымен жүру жүйесі енгізілген жалғыз өңір – Шығыс Қазақстан облысында адамдар көшеде жүруге қажет құжат алу үшін кезекке тұрған. Өскемен мен Семей тұрғындары кезекте тұру оқшаулау режиміне сәйкес келмейтінін айтады.

Өскемен қаласының тұрғыны Роман Честных

— Рұқсат қағазымен жүру идеясын ешкім қолдамайды, өйткені бұл Қазақстанның бірде-бір өңіріндегі тәжірибеге сай келмейді. Басқаөңірлерде бәрі біркелкі жүзеге асып жатыр, ал біздікілер рұқсат қағазын ойлап тапты. Төрт күннен бері кәсіпкерлер кезекте тұр. Басында арнаулы рұқсат қағазы қала тіршілігін қамтамасыз етуге қатысатын кәсіпкерлерге ғана беріледі деді. Бірақ онда дүкен сөрелері азық-түліксіз қалар еді, өйткені тауарды көбіне шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер жеткізеді. Қазір рұқсат қағазын барлық кәсіпкерге беріп жатыр. Кейбір мекемелер жабылуы керек, қалғандарына рұқсат қағазы берілді. Рұқсат қағазын алып, бұрынғыдай шектеусіз өмір сүру қиын емес,— дейді Өскемен қаласының тұрғыны Роман Честных.

Бұл жекелеген өңірде ғана болған жайт емес. Үкімет төтенше жағдайда табысынан айырылған адамдарға жәрдемақы бермек болғанда адамдар эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, ұзын-сонар кезекке тұрды. Халықты кезекке тұруға мәжбүрлеген басқа себептер де жоқ емес.

— Халық азық-түлік қымбаттады дегенде, билік үш дүкенде әлеуметтік бағамен тауар сатып алуға болатынын жариялады. Аталған үш дүкен әп сәтте базарға айналды. Кейін дүкенге адамдарды кезекпен кіргізіп, онда да шұбатылған кезек пайда болды. Билікті әрекетін мүлде түсінбедім, — дейді журналист Лұқпан Ахмедияров.

АШЫҚТЫҚ ПЕН ЕЛІКТЕУ

Саясаттанушы әрі экономист Петр Своик жергілікті биліктің өңірлер тәуелсіздігінің еш мәні жоқ деп есептейді.

Саясаткер Петр Своик

— Жергілікті билікке өз бетінше шешім қабылдауға рұқсат берді. Бірақ мұның мемлекеттік басқару жүйесіне еш қатысы жоқ. Коронавирусқа қарсы іс-қимылымыз басқаларға еліктеп жасап отырмыз. Билік мұндайда қалай әрекет ету керегін білмейтін сияқты. Сондықтан бүкіл ел аумағында ортақ іс-қимыл жоспарын бере алмай отыр. Басқа мемлекеттер төтенше жағдай жариялаған соң, біз де жарияладық. Басқалар шекарасын жапқан соң, біз де жаптық.Басқалар халықаралық әуе рейстерін тоқтатқан соң, біз де тоқтаттық. Бірақ «басқалардың» ішкі жағдайы әртүрлі. Сондықтан бәрін көшіре алмаймыз. Осы бірыңғай жоспар жоқтығы жергілікті өңірлердің әртүрлі әрекетіне себеп болып отыр, — дейді Своик.

Заңгер Роман Подопригораның пікірінше, қазір қазақстандықтар жергілікті билік шешімдерін мемлекеттік комиссияның қай қаулысына қарап қабылдағанын білмейді.

Қазақстан үкіметінің отырысы. Көрнекі сурет.

- Республика деңгейінде ұйымдастырушы-үйлестіруші орган саналатын мемлекеттік комиссия құрылды. Жергілікті жердегілер осы комиссияға сілтеп, «мемлекеттік комиссия шешіміне сай» деп жазады. Бірақ сайтқа кірсеңіз, ешқандай шешім жоғын, тек комиссияның белгілі бір мәселені қарағаны туралы ақпарат қана жарияланғанын көресіз. Жедел штабтар полиция, санитарлық, коммуналдық және басқа қызметтердің жұмысын ұйымдастыру үшін құрылғанымен, жергілікті жерде санитар дәрігерлер билік жүргізуі керек деп ойлаймын. Кейбір өңірлерде шектеулерді санитар дәрігерлер енгізеді, ал штабтар үйлестіреді, - дейді заңгер.

Шығыс Қазақстанда рұқсат қағазымен жүру идеясын кім ұсынғаны белгісіз. Облыс әкімі Даниал Ахметов шектеу шаралары туралы мәлімдемес бұрын, әкімдік сайты мен бірнеше ақпарат құралында облыстың бас санитар дәрігерінің рұқсат қағаздар туралы қаулысы жарияланды. Бір сағаттан кейін белгісіз себеппен қаулыны өшіріп тастады, сондықтан халық шектеу шаралары туралы ресми құжаттарды көрген жоқ. Заңгер Джохар Өтебеков ресми құжаттар мәселесі бүкіл ел аумағында кездесетінін айтады.

— Бір ерекшелікті байқадым. Өңірлердегі нормативті актілердің мазмұны, формасы мен құжатты қабылдау субъектісі әртүрлі болады. Барлық өңірде қандай да бір актіні облыстың, қаланың, республикалық деңгейдегі қаланың бас санитар дәрігері қабылдайды. Одан бөлек, бір қызық жағдай бар. Алматы, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды сияқты кемі үш өңірде төтенше жағдаймен күрес жөніндегі жедел штаб барын білемін. Өз кезегінде бұл штаб та бір шешім қабылдайды. Сонда азаматтар екі түрлі актіге қарауға мәжбүр. Бұл актілер бір-біріне қарама-қайшы келуі де мүмкін. Өкінішке қарай, біздің «Төтенше жағдайлар туралы» заң мұндай жағдайларға дайын емес. Бүкіл әлем бұл пандемияға дайын болмағаны белгілі, бірақ көп мемлекетте төтенше жағдайлар туралы заңға шұғыл өзгертулер енгізілді. Бірақ біздегі заңның жағдайы қиын боп шықты.

Заңнан бөлек, төтенше жағдайға Қазақстан экономикасы да дайын болмаған.

"Қазпошта" алдында кезекте тұрған жұрт. Қызылорда, 6 сәуір 2020 жыл.

Петр Своик экономикалық себептер бойынша таңдалған ем шаралар аурудан да қауіпті екенін айтады.

— Елдегі экономикалық белсенділікті тоқтатудың салдары ауыр болуы мүмкін. Бұл әсіресе, адамдардың денсаулығына байланысты. Адамдар жұмыссыз қалды, табысынан айырылды. Қазақстан үкіметінің жұмыс істеуге тыйым салу арқылы келтірген шығындарды өтейтін әдісі жоқ. Үкіметтің үстеме ақша төлеуге талпынысы көп ұзамай теңге девальвациясы мен басқа қиындықтарға әкеп соғады. Мұндай ем коронавирустан да көп зиян келтіреді. Пандемияның өзі — дағдарыстың бір бөлігі. Коронавирус әлемдегі дағдарыс сценариіне кіретінін, алда әлі шарықтау шегі барын түсіну керек. Ол кезең аяқталған кезде көп нәрсе өзгереді, — дейді экономист.

Сәуірдің 9-ындағы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда 759 адамға жетті. 54 адам дерттен айығып, 7 адам қайтыс болды. Науқастардың көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тіркелгеніне қарамастан, дәрігерлер коронавирус инфекциясы өңірлерде көбірек тарап отырғанын айтады.