Араға 17 жыл салып оралған Рақыжан Зейнолланы Алматыда қалай қарсы алды?

Зейнолла Рақыжанның елге оралатынын естіген туыстары мен жақындары таңғы сағат 5-тен бастап Алматы әуежайына жиналды. Жолаушылар шығатын есіктің алдына топталғандардың жүзінен қуаныш та, қобалжу да байқалады. Алматы, 9 сәуір 2021 жыл.

Күту алаңында тұрған Зейнолла Рақыжанның отбасы. Ол түрмеде жатқанда үйленген ұлы Ғалым жұбайы мен төрт баласын ерте келген. Немерелер атасымен бірінше рет қауышпақ. 

Фарида Қабылбек пен қызы Роза. Роза әкесі ұсталғанда 7 жаста болған.

Көп күткен жолаушыны қарсы алуға Қабылбекпен бірге Қытай консулдығы алдына наразылыққа шығып, туыстарына іздеу салып жүрген адамдар да келді. Кейбірі қолына гүл ала келген. 

Топ ішінде тұрған Рақыжанның әйелі Фарида Қабылбек ұялы телефонындағы сағатқа жиі қарайды. Ол күйеуін 17 жыл күтті. Оған ұшаққа мінгелі жатқанын Рақыжанның өзі WeChat желісі арқылы хабарлаған.  

Қытайдың Чэнду қаласынан сапарға шыққан ұшақ Алматыға кестеден 1 сағатқа кеш қонды. Зейнолла Шыңжаңнан тікелей рейс жоқ болған соң Чэнду арқылы ұшқан.  

Рақыжан Зейнолланың ұлы Ғалым Рақыжанұлы үлкен қызын көтеріп тұр. Жолаушылардың алғашқы легі сыртқа шыққанда Ғалымның көзіне жас үйірілді.  

Рақыжан Зейнолла кеден бақылау пунктіне келгенін көргендер шу ете түсті.

Бірақ кеден қызметі Рақыжан Зейнолланы ұзақ ұстады. Біраздан соң кеденшілер оның осындағы әйелінен неке куәлігін сұратты. Құжаттың электронды нұсқасы көрсетілген соң жиналғандарға қызметкерлер «10 минут күтіңіздер» деді. 

Зейнолла араға 17 жыл салып, отбасымен қауышты. Сыртқа шыға сала қызы Розаны құшағына басты.  

Ажыраған шаңырақ қайта қосылған сәтте жиналғандар Қазақстан гимнін шырқады. Ерлі-зайыптылар жылап табысты.  

Ғалым әкесін соңғы рет 2007 жылы Қытай түрмесіне кездесуге барғанда көрген. Бірақ екеуінің арасын әйнек бөліп тұрған. 

Рақыжан Зейнолла Қазақстанға ықтияр хатпен келіп, 2004 жылы Қытайға кері барғанда ұсталған. Туыстары оған "тыңшы" деген айып тағылғанын айтады. 13 жыл түрме жазасын өтегеннен кейін Шыңжаңда 1,5 жыл "саяси үйрену лагерінде" отырған. Одан шыққан соң үйқамақта болған. 

Зейнолла түрмеде жатқанда туған немерелерін бауырына басып, маңдайынан сүйді.  

Туыстары және таныстарымен көрісіп тұрған Зейнолла Рақыжан. Алматы, 9 сәуір 2021

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 60 күн наразылыққа шыққан Қабылбек 61-күні әуежайдан жұбайымен қолтықтасып шықты. Күйеуінің оралуына  тоқтаусыз шағым жасауы, халықаралық ұйымдардың қысымы әсері болғанын айтады.  

Қабылбекпен бірге консулдық алдында пикет өткізген адамдар қолына сұрау салған туыстарының суретін ұстап, «Қытай билігінен біздің де жақындарымызды жіберуін сұраймыз» десті. Шыңжаңда түркі халықтарының қуғын көруі бес жыл бойы айтылып келеді. Пекин  халықаралық қауымдастық айыбын терістеуден танбайды. 

Рақыжан Зейнолла. 

Қарсы алуға келгендер мәз-мейрам болған шаңырақты ортаға алып, суретке түсті.