Алдағы президент сайлауында дауыс санау міндеті әдеттегідей негізінен мұғалімдер мен дәрігерлерге жүктелетінін жазған "Уральская неделя" басылымы Оралда шамамен мыңнан астам бюджет қызметкерінің аумақтық сайлау комиссиясы құрамына енгізілгенін хабарлады.
Дауыс санау процесі ашық әрі әділ болуы үшін заң бойынша түрлі партия және ұйымдар әрбір аумақтық комиссияға бір-бір кандидатын ұсынады. Ал жергілікті мәслихаттар осы үміткерлерден сайлау комиссиясының құрамын жасақтайды. Ал іс жүзінде сайлау комиссия құрамының тізімі "жабық жағдайда" бекітілді деп жазды басылым.
"Тізім іс жүзінде 100% бюджет қызметкерлерінен құралған. Олардың басым бөлігі - сол баяғы тілалғыш, көнбіс мектеп мұғалімдері мен дәрігерлер - соңғы 25 жыл бойы билікті қажет деген көрсеткішпен қамтамасыз етіп келе жатқан бюджет қызметкерлерінің ең ірі тобы" деп жазды басылым.
"Уральская неделя" Орал қаласы тұрғындарынан "сайлаудың әділ өтетініне сенесіз бе?" деп сұрап та көрген.
Петропавловск.news сайты "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй кешеніне пәтер иелерінің уақытында кіре алмай отырғанын жазды. Сайттың жазуынша, 2018 жылы он ай ішінде асығыс тұрғызылған тоғыз қабатты кешен Назарбаев пен Путин қатысқан аймақаралық форум кезінде қала көркін ашып, қонақтарды "әдемі қарсы алған".
Бірақ оған әлі күнге дейін кіре алмай отырғанын айтқан пәтер иелері - "Тұрғынүйжинақбанкі" салымшылары журналистерге "құр босқа несие төлеп, қарызға батып жатырмыз" деп шағымданған.
"Шамамен бес жыл ақша жинадық. Бірден баспана құнының 50% төлеп тастадық. Енді қазір ай сайын банкіге 50 мың теңге, жалдап отырған пәтерімізге 50 мың теңге төлеп жатырмыз. Оған қоса балабақша, коммуналдық төлем және өзге де шығындар бар. Біз өз пәтерімізге төлеп жатқанымызды білеміз. Бірақ ол жерде тұрып жатқан жоқпыз ғой. Қазір енді екі есе төлеп жатырмыз" деген сайтқа жаңа пәтерін ала алмай жүргендердің бірі Инна Павлова.
Жергілікті билік өкілдері тұрғын үйдің уақытында салынып біткенін, тек құбыр тарту жұмыстарының созылып кеткенін айтқан.
НЕГЕ ТҰРҒЫНДАР РЕСЕЙГЕ КӨШІП ЖАТЫР?
Дәл осы сайт Петропавлдағы орыстардың басым бөлігінің Қазақстанда қалғысы келмей, Ресейге көшуінің себептерін де іздеп көрген.
"Тұрғындарды тіпті жақсы жалақы пен орныққан бизнес те ұстай алмай отыр. Қазақстанды дүрліктірген жақында болған қайта жасақтаулар мен білім саласындағы жаңалықтарға алаңдаған көбі сапалы орта және жоғары білім алу үшін көшіп жатыр" деп жазды сайт.
"Тюменьде тұрып жатқаныма он жыл болды. Тігін шеберханасында істеймін, Петропавлға қарағанда мұнда көбірек ақша табамын. Мұнда жұмыс көп. Петропавлдағы достарымен мен әріптестеріме осы жаққа көшіп келулеріне көмектесемін. Меніңше, бұл жақтан кетіп жатқан адамдар саны көбейіп жатқан сияқты. Көбі өзімен бірге ата-аналарын да алып кетеді, себебі мұнда зейнеткерлерге әлеуметтік жеңілдіктер көп - тегін жолақы, айына бір рет емханаларда - "денсаулық күні" болады. Алдын ала жазылмай-ақ тегін тексеруден өтуге болады" деген сайтқа бұрынғы Петропавл тұрғыны Юлия Рудовская.
Дерек бойынша, өткен жылы ТМД елдеріне 3500-ден астам Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны кеткен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10,7 пайызға көп. Облыс тұрғындарының 98 пайызы Ресейге барған.
ТҮРКІСТАНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ШАҒЫМЫ
Oтырар TV арнасы осы аптада Түркістан мен Түркістан облысындағы көп балалы және жағдайы нашар отбасылардың халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы сапасыз қызметке шағымданғанын хабарлады.
"Құжаттар шашылып жатыр" деген жұмыспен қамту орталығына бардық. Ол жерде мемлекеттік көмек алғысы келген аналардың ұзын-сонар кезекте тұрғанын көрдік. Әйелдер мұнда құжаттарына қызметкерлердің салғырт қарайтынын айтты" деп жазды телеарна сайты.
"Мен 1 сәуірде құжаттарымды өткіздім. Бірнеше рет келдім, маған құжаттарыңыз әлі тіркеуден өткен жоқ деді. Жақында мені бұл жерден мүлде қуып тастады" деді тұрғындардың бірі Зағипа Қасымбекова.
"10 сәуірден бастап құжаттарымның қандай кезеңде екенін білуге тырысып жатырмын. Менің бес кішкентай балам бар, алтыншысына аяғым ауыр. Күн сайын бұл жаққа келе алмаймын. Құжаттарымыз мұнда шашылып жатыр" деп шағымданған Анар Әлімбекова.
Жергілікті шенеуніктер құжаттарды қабылдауға жауапты бұрынғы директордың қызметінен кеткенін, мәселені анықтауға уәде берген.