Қарағандылық белсендінің өлімі және сайлауды бақылайтын тәуелсіз орталық

Қарағанды облысындағы ауылдардың бірі. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі Қарағандыда кісі қолынан қаза тапқан белсенді Ғалы Бақтыбаев жайлы жазды. Жергілікті басылымдар сонымен бірге Оралда сайлауды бақылайтын тәуелсіз орталық құрылғанын хабарлап, Ресеймен шекаралас аймақтағы қазақ ауылының тіршілігіне тоқталды.

"КӨЛІГІНЕН ШЫҚҚАН КЕЗДЕ БАСЫНАН АТҚАН"

Қарағанды облысында шығатын "Новый вестник" басылымы мамырдың 30-ы күні жарық көрген "Батылдығы түбіне жетті: Қарағанды облысында белсенді қаза тапты" атты мақалада кісі қолынан қаза тапқан жергілікті қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаев жайлы жазады. Белсендіні мамырдың 27-інен 28-іне қараған түні өлтіріп кеткен.

Марқұмның туған қарындасы Зәуре Бақтыбаеваның айтуынша, ағасына көптен бері қоқан-лоқы жасаған. Өткен жылы Ғалы Бақтыбаевтың үйінің терезесін белгісіз біреулер шағып, джип көлігін өртеген. Бұған қоса, телефонына тікелей хабарласып, қоқан-лоқы жасағандар да болыпты.

"Менің ағам Ғалы Бақтыбаев ораза ұстаған, қазір қасиетті ай жалғасып жатыр ғой. Түнде ол құлшылық жасағаннан кейін үйіне келе жатып әйеліне хабарласып, қақпаны ашуын сұраған. Ол аулаға көлігімен кіріп, салоннан шыққан кезде басынан атқан. Осының бәрі әйелінің көзінше болған" деді Зәуре Бақтыбаева.

Белсенді Ғалы Бақтыбаев тұрған ауыл.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жиырма жылға жуық уақыт бойы Ғалы Бақтыбаев қоғамдық жұмыспен айналысып, тұрғындарды толғандырған өткір мәселелерді көтерген.

Қарағандыда тұратын азаматтық белсенді Айтқожа Фазылов "биыл ақпанда Бақтыбаевтың үйіне бетперде киген әлдекімдер басып кіріп, ұрып кеткен соң белсендінің ауруханада жатқанын" айтқан.

- Қазақстан қоғамының белгілі бір бөлігі үшін оның қазасы - ауыр қайғы. Ол өте батыл адам еді. Осы қасиеті тағдырын шешті. Ғалы халық қорғаушысы болды, Жаңаарқаның маңызды мәселелерін көтерді. Оған көп адам көмек сұрап келді. Ешкімді қолын ұшын берместен қайтармайтын. Әкімдерге, министрлерге үндеу жасап, соттарға да қатысты, біразында жеңіске де жетті. Ауданда ол қозғамайтын мәселе болған емес. Ғалы әлеуметтік мәселелермен айналысатын. Саясатқа араласпады, - дейді Фазылов.

Газеттің жазуынша, "Адам өлтіру" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 99-бабы) іс қозғалып, сотқа дейін тергеу амалдары жүріп жатыр. Марқұмның артында бес баласы қалған.

САЙЛАУДЫ БАҚЫЛАЙТЫН ТӘУЕЛСІЗ ОРТАЛЫҚ

"Уральская неделя" басылымы осы аптада Оралда сайлауды бақылатын тәуелсіз орталық құрылғанын хабарлады. Орталықты жергілікті азаматтық белсенділер Асқар Шайғұмаров, Исатай Өтепов және Мақсат Айсауытов бастаған белсенді азаматтар құрған. Басылым олардың сайлауды бақылау бойынша тәжірибесі барын атап өтеді. 2016 жылы мәжіліс сайлауы кезінде бақылаушы-еріктілерді дайындап, сайлау комиссиясындағы дауыс беру мен дауыс санау барысын бақылаған деп еске салады.

Көрнекі сурет.

"Бақылаушы болсаңыз, сіздің белгілі бір кандидатты қолдауыңыз шарт емес. Сіз бойкотты немесе сайлауға баруды жақтауыңыз мүмкін - оның сайлаудың әділ өтуін бақылауға қатысы жоқ. Егер біз қашан әділ сайлау болады деп қол қусырып отыра берсек, ешқашан оған қол жеткізбейміз" деген орталық үйлестірушісі Асқар Шайғұмаров.

Мамырдың 28-і күні орталық өкілдері 30 адамның бақылаушы болуға ниет білдіргенін айтқан. Сайлаудан соң орталық тіркелген заңбұзушылықтар бойынша қорытынды есеп жасайды.

1200 ТҰРҒЫНЫ БАР РЕСЕЙМЕН ШЕКАРАЛАС АУЫЛ

Атырау облысы өңірінде шығатын Ақжайық басылымы және газеттің Azh.kz сайты осы аптада Ресеймен шекаралас аумақта сыртқы әлемнен жырақ "арал" тәрізді өмір сүріп жатқан Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылынан репортаж әзірлеген.

1200-ден астам тұрғыны бар ауылды Қазақстан жағымен Қиғаш өзені бөліп жатыр. Басылымның жазуынша, тұрғындар бұл өзеннен жүзбелі көпір арқылы өтеді. Ал оны сүйрейтін паром күндіз ғана жүргендіктен тұрғындар ары-бері еркін қозғала алмай қиындық көреді. "Кейде бұзылып та жатады. Облыс әкімі Ноғаев бір келгенінде көпір салу керек деп үміттендіріп кеткен. Алайда содан бері біраз уақыт өтті" дейді тұрғындар.

"30 тонналық жүзбелі көпірді сүйрейтін кеме 70 жыл бұрын жасалған екен. Тек жөндеумен ғана жүріп тұр. Адамдар тегін өтеді, ал көліктің жеңіл, ауырлығына қарай бағасы әртүрлі. Өту бағасы: мотоцикл - 500, отандық және шетелдік жеңіл көліктер 700-800, трактор прицепсіз - 2000, "КамАЗ" прицебімен бірге - 4000 теңге" деп жазды басылым.

Шаруа қожалықтары мал жайылымдарын қоршап алғандықтан жергілікті тұрғындар мал жаятын жердің жоқтығын, кей кезде ауыл малының Ресей жағына өтіп кететінін де айтқан.

Көптоғай ауылы. Сурет azh.kz сайтынан алынған.

Басылымның жазуынша, "мал өсіруден басқа кәсіп жоқ ауылда жастар тұрақтамайды". Инфрақұрылымы әбден тозған. Басылым оқырмандарға ауылдан түсірілген шағын сурет галереясын да ұсынған.