НАРАЗЫЛЫҚ ЖӘНЕ ПРОКУРАТУРАНЫҢ "ЖЫЛДАМ РЕАКЦИЯСЫ"
Lada.kz сайты осы аптада Ақтаудағы ГМ 172/6 түрмесінде отырған 25 жастағы тұтқын наразылық ретінде ауызын тігіп, облыс прокурорымен кездестіруді талап еткенін жазды. Интернетте тараған видеода тұтқын талабын қағаздан оқып беріп, ауызын тіге бастайды.
"Мұндай әрекетке ГМ 172/6 мекеме әкімшілігі итермеледі. Олар менің конституциялық құқықтарымды бұзды. Прокурордың колонияға келіп, мені мен өзге тұтқындарды қабылдауын сұраймын" дейді ол видеоүндеуде.
Видеода ол толық аты-жөнін, жасын айтады. "Адам өлтіру" бабы бойынша 14 жылға сотталып, түрмеде 2013 жылдан бері қамауда отырғанын баяндайды. Бірақ ол түрме әкімшілігінің нақты қандай әрекетіне наразы екенін айтпайды. Оны камераға түсіруге көмектескен адамның кім екені белгісіз. Видеода тұтқын асықпай, нық сеніммен сөйлейді.
Ақпарат жарияланғаннан кейін шамамен үш сағаттан соң Маңғыстау облыстық прокуратурасы түсініктеме беріп, "наразылық акциясына тағы екі адам қосылғанын, үш тұтқын ауызын тіккенін" хабарлады. Бірақ өзге екі тұтқынның аты-жөні жарияланбады.
Прокуратураның хабарлауынша, облыстық прокуратура мен полиция департаменті өкілдері барғаннан кейін тұтқындар "ауыздарындағы жіпті" алып, "тамақ іше бастаған".
"Тұтқындардың түрме әкімшілігі үстінен жазған арыздары Қылмыстық кодекстің 146-бап бойынша ("Азаптау") тіркелді. Тергеу жемқорлықпен күрес қызметіне тапсырылды" делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
"ТӨРТ ЕСЕ АЗ ЖАЛАҚЫ"
Осы аптада "Ақжайық" басылымы 50-ден астам шетелдік жұмысшысы бар Теңіз кен орнындағы 17 компанияны тексеріп, бірдей жұмыс істейтін жергілікті және шетел жұмысшыларының жалақысында төрт есе айырма бар екенін жазды. Атырау облыстық еңбек инспекциясы басқармасы дерегіне сүйенген басылым Қазақстан жұмысшыларының шетелдіктерден кем дегенде төрт есе аз жалақы алатынын айтады.
"Мысалы, шетелдік инженер күніне 400 доллар (155 мың теңге) алса, ал қазақстандық инженер күніне шамамен 40 мың теңге алады. Өзге қызмет атқаратын шетелдік 330 доллар, қазақстандық 35 мың теңге алады. Яғни, жалақыда төрт есе айырма бар, кейде тіпті одан да көп" деді Атырау облысы еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі Игілік Әубәкіров.
Оның айтуынша, 17 компанияны тексергенде "екі мыңнан астам заңбұзушылық анықталған, оның жартысына жуығы жалақы айырмашылығына байланысты". Бұдан бөлек, кейбір шетел жұмысшыларының кәсіби қызметіне сай білімі жоқтығы да анықталып, айыппұл салынған. Бірақ кейбір компаниялар айыппұлмен келіспей, шешімді апелляцияға берген. Мақалада алда тағы 15 компания тексерілетіні айтылған.
Маусым айының соңында Теңіз кен орнындағы ірі жанжалдан кейін жалақы теңсіздігі жиі көтеріле бастаған. Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев "жалақы теңсіздігіне жол бермеу керек" деген еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теңіз кенішіндегі оқиғаның ықтимал себебі қандай?29 маусымда Атырау облысы Жылыой ауданы Теңіз жұмысшылар кентінде "Теңізшевройл" мердігері Consolidated Contracting Engineering and Procurement S.A.L Offshore (CCEP) компаниясының жұмысшылары арасында жанжал шыққан. Жанжалда 40 адам жараланып, Иордания мен Ливан билігі Теңіз кен орнында жұмыс істейтін азаматтарын алып кеткен.
Жанжалға "WhatsApp-та тараған видео түрткі болды" деп хабарланса да, кеніштегі жұмысшылар "жалақы теңсіздігіне" бұрыннан наразы болғанын айтқан. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Chevron өкілі алдағы уақытта кеніште қазақстандық мамандар санын ұлғайтуға тырысатынын хабарлаған.
"ЭКСТРЕМИСТІК МАТЕРИАЛ ТАРАТҚАНДАР" СОТТАЛҒАН
Шығыс Қазақстан облысынан ақпарат тарататын Yk-news.kz осы аптада әлеуметтік желіде "экстремистік мазмұндағы тыйым салынған материал" таратқан ШҚО тұрғынының сотталғанын жазды.
Сайттың жазуынша, ШҚО тұрғыны Вконтакте-дегі парақшасында "елде экстремистік деп танылып, тыйым салынған" лекция материалдарын жариялаған. Лекция авторын бұған дейін Павлодар қалалық соты "діни алауыздық тудыру" бабы бойынша айыптап, 4,5 жылға соттаған.
"Жазбадағы мәтін мазмұны исламдағы салафизм ағымының идеяларымен сәйкес келеді" делінген мақалада. Автор Шығыс Қазақстан облысының "салафит бағытын ұстанатын" 35 жастағы тұрғыны үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілгенін жазады.
Мақаладағы мәліметке қарағанда, тамыз айының басында Аягөз ауданының тұрғынына осыған ұқсас айып тағылып, 176 мың теңге айыппұл салынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ WhatsApp чаттағы әңгіме түрме жазасына себеп болды