ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ҚАЛА ОРНЫ
"Уральская неделя" басылымы осы аптада Алтын Орданың гүлденген кезеңінде пайда болған ортағасырлық қала орнының қоқыс алаңына айналып бара жатқанын жазды. Басылымның дерегінше, Орал маңындағы "Жайық" қалашығын 2001 жылы Алматы және Мәскеу ғалымдары бірігіп ашқан.
2018 жылы жергілікті билік "ашық аспан музейіне" айналдыруды жоспарлап, құрылыс жұмыстарын бастағанмен жоба "басталмай жатып" тоқтап қалған. Қазір "тарихи ескерткіш аумағында қоқыс көп, ал құрылыстың өзі тарихи ескерткіш нысанынан гөрі вандализмге көбірек ұқсайды" деп жазды басылым. Мұнда ежелгі керамика қалдықтарымен бірге пластик бөтелке, пакет, картон қағаздар шашылып жатыр, ал әкімдік сала бастаған "қарауыл қақпасы" қоғамдық әжетханаға айналған.
"Қазіргі кезде қалашық орналасқан аумақтың иесі жоқ, оны ешкім күзетпейді. Сол себепті оның аумағы толған қоқыс. Ешкім бұл ескерткіштің сақталуына жауап бермейді. Қазір көріп отырғандарыңыз бұл тағылық - оны жасаған адамдар да, ескерткіш үшін жауапты адамдар да тағылық жасап отыр" дейді тарих ғылымдарының докторы Мұрат Садықов.
Тарихшылар дерегінше, Жайық қалашығы орта ғасыр кезеңінде моңғол ұлыстарының бірінің әкімшілік орталығы болған. Мұнда сауда-саттық, қолөнер дамыған. Қала орнынан мешіт, моншалар және өзге де құрылыс қалдықтары табылған. Тарихшылардың айтуынша, оның бәрі уақытша көмілген.
Тарихшылар қоқыстан бөлек "ашық аспан музейі" жобасының дұрыс "жобаланбағанын" да айтады. Тарихшы Мұрат Садықовтың айтуынша, "қарауыл қақпасы" деп аталатын мұнара дәл тарихи ескерткіш орнына салынған. Бұл "өрескел қателік" дейді ол.
Басылымның жазуынша, тарихшы "Уральская неделя" тілшілеріне тарихи ескерткіштің қазіргі ахуалын сипаттап жатқан кезде оқиға орнына қала әкімі Абат Шыныбеков келіп, мәселеге араласқан. Ол тарихшыға "ашық аспан астындағы музей" жобасы қайта жалғасатынын айтқан. Жергілікті билік құрылыс жобасына қаржы бюджеттен бөлінбегенін, жеке меценаттардың ақшасына салынғанын айтқан, бірақ нақты қанша қаржы жұмсалғанын айтпаған.
"Біз құрылысты енді ғана бастадық. Оған ақша бюджеттен емес, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы бойынша меценаттық көмек арқылы жүзеге асырылады. Алдағы уақытта нысанды стильдеу жұмыстары басталады. Бізде кезең-кезең бойынша жүзеге асырылатын ірі жоба бар. Қазба жұмыстарына бөлінген жер облыстық археология орталығының балансына алынды" деді Батыс Қазақстан облыстық әкімдігінің мәдениет басқармасының жетекшісі Қадырболат Мұсағалиев.
"Тарихи ескерткіш орны неге қоқыстан тазартылмайды?" деген сұраққа мәдениет басқармасының өкілі "егер құрылыс жалғасатын болса, тазартудың не қажеті бар?" деп жауап берген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сақ қорғандары қоқыс орнына айналғанБОЗАЩЫДА ЕРЕУІЛ БОЛДЫ МА?
Lada.kz сайты 1 қарашада Маңғыстау облысында Солтүстік Бозащы кенішін игеріп жатқан Buzachi Operating Ltd компаниясы басшылығының "ереуіл" туралы ақпаратты жоққа шығарғанын жазды.
"Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде тараған Маңғыстау облысы Солтүстік Бозащы мұнай-газ кенішінде ереуіл болды деген ақпарат жалған. Мұны Buzachi Operating Ltd компаниясының бас директоры Лю Шаою хабарлады" деп жазды сайт.
Лю Шаоюдің түсіндіруінше, 31 қазанда "еңбек ұжымы мен компания бөлімшесі әкімшілігі арасындағы" ұжымдық келісімге сәйкес, кеніште "жоспарлы кездесу" өткен. Онда "компания бөлімшесінің жағдайы мен жұмысшылардың жалпы мәселелері" талқыланған. Компания басшылығының айтуынша, мұнайшылар жалақының төмендігіне наразы. Олар жалақыны өсіруді талап етіп отыр. Дегенмен компания кездесудің немен аяқталғанын, жұмысшылардың талабы орындалатыны-орындалмайтыны жайлы хабарламаған.
Lada.kz сайтында жарияланған видеолардың бірінде жиналысқа қатысып отырған адамдардың бірі "Соңына дейін тұрамыз. Бәріміз ақша үшін келдік қой" деп айтады. Жиналысқа жүзден астам жұмысшының қатысып жатқаны көрінеді. Тағы бір видео жиналыс өтіп жатқан ғимарат сыртында түсірілгенге ұқсайды. Видеоны түсіріп тұрған адам "конфликт, қытайлармен келісім-шарт жасай алмай жатырмыз" деп айтады.
1 қарашада еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі компания басшылығының жауабына ұқсас түсініктеме берген. Министрліктің айтуынша, жұмыс беруші компания өкілдері жұмысшыларға "жалақы мәселесі акционерлермен кездесу кезінде қарастырылады" деп айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мұнай өндіретіндердің жағдайы тасада қалған сияқты"РЕСЕЙДЕ ҰСТАЛҒАН ЕКІБАСТҰЗ ТҰРҒЫНЫ
Павлодар облысынан ақпарат тарататын Pavon.kz сайты Павлодар-онлайн сайтына сүйене отырып, Ресейдің Дағыстан Республикасынан 20 жыл іздеуде болған Екібастұз тұрғынының Қазақстанға экстрадицияланатынын хабарлады.
Сайт дерегінше, 1999 жылы бір топ адам Екібастұз тұрғындарының бірінің пәтеріне шабуыл жасап, мүліктерін тонап әкеткен. Пәтер иесі әйелдің өзіне күш көрсеткен. Шабуылдаушылар бұдан соң жасырынып қалған.
2000 жылы қарақшылық топтың бес мүшесі ұсталып, дегенмен полиция 19 жастағы Екібастұз тұрғынын таба алмай, оған іздеу жариялаған. Тек 20 жылдан кейін мемлекетаралық шұғыл-іздестіру шаралары аясында ұсталған.
Сайт "қарақшылық" бабы бойынша айыпталып отырған 39 жастағы тұрғынды "қажетті құқықтық процедуралардан кейін" Қазақстанға экстрадициялайды деп жазады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ «Қаражанбасмұнайда» алты жыл жалғасқан еңбек дауы