Қытай азаматтарына "жалған құжат" жасаған топ және вагонда тұратын көп балалы ана

Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі Қытай азаматтарына "жалған құжат" жасап беріп, Қазақстанға келуіне көмектескен "трансұлттық қылмыстық топ" мүшелеріне үкім шыққанын жазды. Аймақ басылымдары сонымен бірге Ақтауда вагонда тұрып жатқан көп балалы анаға жергілікті еріктілердің көмектесіп жатқанын, Оралда сыныптардың толып кетуі оқу процесіне кедергі келтіріп отырғанын жазды.

"ЗАҢСЫЗ КӨШІ-ҚОН ҰЙЫМДАСТЫРУ"

"Ақжайық" басылымы 15 қарашада Қытай азаматтарына "жалған құжат" жасап беріп, Қазақстан аумағына заңсыз кіруге көмектескен "трансұлттық қылмыстық топ мүшелеріне" үкім шыққанын жазды.

Атырау қалалық N2 соты "трансұлттық қылмыстық топтың ісіне араласты", "заңсыз көші-қон ұйымдастырды" деп айыпталған Э.Н. есімді Нұр-Сұлтан тұрғынын (аты-жөндері толық аталмайды) 5,5 жылға соттаған. Бұған қоса сот "қызметтік өкілетін пайдаланып заңсыз көші-қон ұйымдастырған" үш адамның бас бостандығын екі жылға шектеген. Олардың бірі Қызылорда облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімін басқарған.

Тергеу орындарының айтуынша, олар Қытайдың екі мыңнан астам азаматына "қызмет көрсеткен". Басылымның жазуынша, Ч.Т. есімді Қытай азаматы қылмыстық топ жетекшісі болған, бірақ оның ісі жеке қаралады. Топ жетекшісі Қытайда Қазақстанға барғысы келетін адамдарды жинап, олардың өтініштерін Нұр-Сұлтандағы Э.Н. есімді тұрғынға жіберіп отырған. Қытай университетін бітіргеннен кейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде істеген Э.Н. осы жақтағы таныстарының көмегін пайдаланған.

"Қазақстан заңы бойынша, іскерлік және жұмыс визаларын алу үшін шетелдіктерге қазақстандық компаниялардан шақыру хат қажет. Осы мақсатта қылмыстық топ 2015-2018 жылдар аралығында жалпы саны 2 мың Қытай азаматына шақыру хат жіберген 35 жалған кәсіпорынды тіркеген. Астанада бұл жұмысты Э.Н. атқарып, осы жалған құжаттардың негізінде қажетті құжаттар тізімін дайындаған. Кейін бұл құжаттар СІМ-ге, сонымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қызылорда және Атырау қалаларының көші-қон қызметтеріне жіберілген. Ал Қытай азаматтары осы құжаттар бойынша Қазақстанға келіп, қалаған нәрселерін істеген" деп жазды "Ақжайық".

Тергеу орындарының айтуынша, қылмыстық топ жетекшісі "пара ретінде" шенеуніктер мен полицейлерге, делдалдарға жалпы сомасы 140 миллион теңге берген. Үкімді оқыған судья Дәуренбек Даумов қылмыстық топ әрекетінің кесірінен Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы бұзылды, мемлекет мүддесіне нұқсан келді, көрші мемлекет азаматтары заңсыз жұмыс істеді, салық төлемеді деп айтқан.

БЕС БАЛАСЫМЕН БІРГЕ ВАГОНДА ТҰРЫП ЖАТҚАН АНА

Lada.kz сайты осы аптада Ақтауда вагонда бес баласымен бірге тұрып жатқан көп балалы ана 43 жастағы Назгүл Қожахметоваға жергілікті еріктілердің көмектесіп жатқанын жазды.

"Ол N2 өнеркәсіптік аймақта орналасқан жылыжайда жұмыс істейді. Оның баспанасы болмағандықтан балаларымен бірге "жұмыс орнында" тұрып келген. Жұмыс беруші оған вагон беріп, қазір сонда бес баласымен тұрып жатыр. Тағы екі баласы Атырауда оқып жатыр. Балалардың әкесі қайтыс болып кеткен. Ақтауда туыстары жоқ" деді еріктілердің бірі Ренат Бекмұхамедов.

Еріктілер сөзіне сүйенген сайт Назгүл Қожахметованың денсаулығы нашарлағанын, арзан емделу үшін Өзбекстанға жиі баратынын жазды. Бұған дейін еріктілер оған қаржы жинап, көрші елге барып келуіне көмектескен. Жақында олар көп балалы отбасыға жылыту құрылғыларын да апарып берген. Еріктілер "қатерлі ісік" дертіне шалдыққан көп балалы анаға жергілікті билік көмектессе дейді.

Вагонда тұрып жатқан көп балалы ананың "қатерлі ісікке шалдыққаны" жайлы ақпарат шыққаннан кейін Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлама таратып, оның онкологтар тізімінде жоқ екенін, басқа ауруға шалдыққанын хабарлады.

"Медициналық құжаттарға сенсек, оған 2018 жылы урологиялық, гинекологиялық және неврологиялық сипаттағы бірқатар диагноз қойылған" деді басқарма өкілдері.

Жергілікті билік көп балалы ананың денсаулық сақтау басқармасына шағымы жоқ екенін айтып, екі баласын балабақшаға орналастыруға көмектескенін де айтқан.

Қарай отырыңыз: Вагонда тұратын отбасы.

Your browser doesn’t support HTML5

Вагонда тұратын отбасы

"КАБИНЕТ ЖЕТІСПЕЙДІ - САБАҚ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА ӨТЕДІ"

"Уральская неделя" басылымы осы аптада Орал қаласы мектептеріндегі сыныптардың толып кету мәселесін қозғап, мұның оқу процесіне кедергі келтіріп отырғанын жазды. Заң бойынша және санитарлық-эпидемиологиялық нормаға сәйкес бір сыныпта 25 оқушыдан артық болмауы тиіс. Ал қаладағы кейбір мектептерде бір сыныпта 35 бала оқиды.

Басылым Оралдағы N7 орта мектептің 5 "Г" сыныбындағы жағдайды мысал ретінде келтіреді. Мұнда 25 оқушының орнына 33 оқушы оқиды. Мұғалім үш оқушыны екі орындықты бөлісіп отыруға мәжбүрлеген. Ал мұндай кезде отыру қолайсыз болғандықтан оқушылар бір-бірін шынтағымен итеріп, көбірек орынға таласады. Кейбір оқушылардың үлегірімі де төмендегені байқалған.

Қазақстандағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.

Басылымның жазуынша, екі ауысыммен оқитын мектепте сабақ 40 минутқа созылады. Оқушы көп сыныпта мұғалімдер бір сабақта төрт-бес оқушыны ғана сұрап үлгереді. Кейбір мұғалімдер оқушылардың аты-жөнін есінде толық сақтап үлгермегенін де айтқан.

"Уральская неделя" Оралда өзге мектептерде де жағдай осыған ұқсас екенін айтып, Instagram-дағы парақшасына пікір жазған ата-аналардың комментарийлерінен үзінді келтірген.

"1200 орындық N24 орта мектепте 2500 бала оқиды. Бір сыныпта 35 бала, балалар үш ауысыммен оқиды" деп жазған қолданушылардың бірі.

"N20 орта мектептегі жағдай қорқынышты. Кабинет жетіспейді, сабақтар мәжіліс залында немесе шеберханада өтеді. Сабақ кестесінде сынып, пән аты ғана көрсетілген, кабинет нөмірі жоқ" деп жазды қолданушылардың бірі.

Басылым сыныпта көп оқушының болуы оқу процесіне кедергі келтіреді деп айтқан психологтар пікірін келтіріп, олардың ата-аналарға айтқан кеңестерін де мақалаға қосқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бір сыныптағы 46 оқушы. Үш ауысыммен оқитын мектеп көбейді