“Уральская неделя” басылымы апта басында Батыс Қазақстан облысында қытайлық компанияның деректерді өңдейтін орталық сала бастағанын хабарлады.
“БҚО-ның Бәйтерек ауданында ерекше жоба – ірі Data орталық – қарапайым тілмен айтқанда көп ақпаратты сақтау мен өңдеуге арналған суперкомпьютердің құрылысы басталды. Тапсырыс беруші – Қытай халық республикасы” деп жазды басылым.
Газеттің жазуынша, орталық 2019 жылдың аяғында Бәйтерек ауданы Белес ауылында салына бастаған. Бірақ нақты қандай қытайлық компанияның тапсырыс бергені белгісіз. Мұны жергілікті тұрғындар да, билік те айта алмаған. Құрылыс орнына да ешкімді кіргізбейді дейді газет.
“Бұл жеке аумақ, сол себепті осы аумақтың иесінің келісімінсіз бұл жаққа кіре алмаймыз. Мұнда қытайлық компания нысан салып жатқанын білемін. 17 жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастырдық. Білуімше, 2020 жылдың тамыз немесе қыркүйек айында құрылыс аяқталуы тиіс” деді Белес ауылдық округының әкімі Мәлік Ілиясов.
Аудан әкімі Асхат Шахаровтың сөзіне сүйенген Mgorod.kz сайтының жазуынша, жобаның құны 25 млн доллар. Онда деректер сақталып қана қоймай, интернет-платформаларға да қызмет көрсетіледі. Әкім құрылыспен жеке қытайлық компания айналысып жатқанын айтқанмен атын атамаған. Сайт дерегінше, орталық Белес ауылындағы Batys Power компаниясының аумағында салынып жатыр.
Өткен жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пекинге сапарынан кейін Қазақстан мен Қытай Нұр-Сұлтанда 100 млн долларлық дата орталық салуға келіскен. Бұдан бөлек тараптар ІТ, электронды өнеркәсіп, дерек өңдеу саласында әріптестік орнатуға уағдаласқан. Сол кезде қытайдың мемлекеттік CETC International компаниясының аты аталған еді. Бірақ Белестегі орталыққа бұл компанияның қатысы бар-жоғы белгісіз.
МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕНІҢ ЖҰПЫНЫ ТІРШІЛІГІ
Осы аптада “Уральская неделя” басылымының тілшілері Лұқпан Ахмедьяров пен Рауль Упоровтың “Мұнай қаһары” (“По ту сторону нефти”) атты деректі фильмі жарық көрді. Онда мұнай кеніштері орналасқан Қазақстанның үш аймақ тұрғындарының жұпыны да қиын тіршілігі баяндалады.
“Тұрғындардың басым бөлігі мұнайды телеарнадағы жаңалықтардан біледі, онда әрине оны игілік ретінде көрсетеді. Біз фильмдегі кейіпкерлеріміз - мұнай кеніштеріне жақын орналасқан елді мекен тұрғындары арқылы бұл саланың көлеңкелі жағын көрсетуді құп көрдік” деді Лұқпан Ахмедьяров.
Осылайша "Ақжайық" пен "Наша газета" басылымдары фильм авторларының бірінің сөзін келтірген.
"Ферғана" сайтына берген сұхбатында Лұқпан Ахмедьяров шикізатты игеру барысында халықтың мүддесі ескерілмегендіктен әлеуметтік теңсіздік пайда болады, экология мен жұмысқа орналасуда осы мәселе айқын білінеді деп айтқан.
“Көптеген нәрсе тіпті біз үшін жаңалық болды. Ақтөбе облысындағы елді мекендердің бірінде (Шұбаршы) үйлерден небәрі 700 метр жерде құрылғы орнатып қойып, мұнайды сорып жатыр. Ал халық сонымен тыныс алып жатыр. Санитарлық аймақ болуы керек және елді мекен арасындағы қашықтық сақталуы тиіс. Тағы бір ауылда билік полицияның көмегімен халықтың наразылығын басқан және тұрғынды үйқамаққа алған” деді Лұқпан Ахмедьяров.
Шамамен 36 минутқа созылатын фильмді қазақ және орыс тілінде көруге болады.
ӘКІММЕН КЕЗДЕСУ ЖИЫНДАРЫ
Осы аптада бірқатар аймақтық БАҚ әкімдердің халыққа есеп беру жиынынан хабар таратып, ондағы қозғалған мәселелерге назар аударды.
Тұрғындар сөзіне сүйенген Otyrar TV телеарнасы Түркістан облысы Сайрам ауданы әкімінің халыққа есеп беру жиынында жер телімін заңсыз беру мәселесі қозғалғанын, мәселенің ауданда ушығып кеткенін хабарлады. Тұрғындардың айтуынша, аудандағы бір ғана елді мекенде мыңнан астам жер телімі заңсыз бөлініп кеткен. Сондай заңсыздықтың салдарынан кейбір адамдар малдарын жая алмай, енді бірі астық еге алмай, кейбірі баспана сала алмай отыр дейді арна.
“Мына Қарабалақ елді мекенінде 1387 адам заңсыз тұрғын үй сатқан. Ол жерде 10-15 сотық жер емес, әрқайсысы жерді гектарлап алған. Уақытысында ауыл шаруашылығы, суармалы жерлер алған” деді тұрғындардың бірі есеп беру жиыны кезінде.
Телеарна дерегінше, Сайрам ауданында 17 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Құқық қорғау органдары мен биліктен құралған комиссия мәселені шешуге кіріскен.
“Заңсыз жерлерді қалай заңдастыру керек? Соның тетіктерін қай жерден аламыз? Осы мәселе бойынша облыстық комиссия екі айдан бері жұмыс істеп жатыр” деді Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков.
Солтүстік Қазақстан аумағынан хабар тарататын pkzsk.info сайтының жазуынша, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында әкіммен кездесуге бармақ болған тұрғындар аршылмаған жолда қалып, қар құрсауында қалған. Кездесу туралы видеосюжетте жолда қалған тұрғындардың бірі “күнде көріп жүргеніміз осы, жолды аршу деген жоқ” деп шағымданады.
Бұл мәселені әкіммен кездесуге келген кейбір тұрғындар да көтеріп, ауырып қалған жағдайда аудан орталығындағы ауруханаға жету қиын болатынын айтып, шағымданған. Олардың айтуынша, 2019 жылы бір әйел ауруханаға жете алмай, жолда көз жұмған.
Кездесуде ауыз су тапшылығы, жер дауы, инфрақұрылымның жоқтығы сияқты өзге мәселелер айтылған. Кездесудің басым бөлігі тұрғындар сұрақтарына арналса да, мәселенің көптігі сонша тұрғындар айтып үлгере алмаған.
Айыртау ауданының әкімі Бейбіт Исманов тұрғындардың мәселесін жазып алмаған. Дегенмен әрқайсысын жеке қабылдайтынын айтқан.