Діни қызмет туралы жоба неге заңға айналмады?

Алматының Орталық мешіті алдында жүрген азаматтар. Көрнекі сурет.

Сарапшылардың пікірінше, бір жылдам астам уақыт тұжырымдау мәселесі дауға айналған "Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы" заң жобасының парламенттен кері қайтуына ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен. Соның ішінде Вашингтонның Астанаға ықпал жасауы да мүмкін. Үкімет онымен келіспейді.

Осы апта Қазақстанның діни саясатын жүргізетін мекеме қайта құрылып, қоғамдық даму министрлігі тарады да, оның орнында ақпарат және даму министрлігі пайда болды. Діни қызмет туралы заңнамаға енгізілген даулы түзетулерді министрлік былтыр ұсынып, Қазақстан парламентінің екі палатасы ұзақ қараған. Алайда құжатты президентке қол қоюға жібермеген. Биыл қаңтардың 29-ы күні үкімет себебін түсіндірместен жобаны кері қайтарып алған. Құжат парламентке жетпей жатып дау тудырған еді, сол дау бір жарым жыл толастамады.

ҚЫСЫМДЫ АЗАЙТУ БЕЛГІСІ МЕ?

Былтыр мамыр айында түзетулер пакетін мәжіліс екі оқылымда тез мақұлдап, сенатқа жіберген соң құжат тез бекитіндей көрінген. Билік 2016 жылдың жазында Ақтөбе мен Алматыда болған шабуылдардан соң (шабуылды «радикал ағым өкілдері ұйымдастырды» десті) «деструктивті діни ағымдарға» қарсы күресетінін мәлімдеген, құжат соның заңды жалғасы еді. Алайда билік аяқ астынан құжатты қабылдаудан айнып қалған.

Дін туралы заң жобасы. Мазалануға не себеп?

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен дін саласы бойынша сарапшылар 2017 жылдан бастап Қазақстан үкіметі әзірлеген діни қызмет және діни ұйымдар туралы заң жобасының бірқатар шектеу нормаларына алаңдаушылық танытты. Соның ішінде «деструктивті діни ағымдар» деген бұлыңғыр анықтама мен «деструктивтіліктің» сыртқы белгілеріне тыйым салу күмән тудырды. Билік адамның бетін тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салған (паранжа мен ниқабты меңзейді). Сол кезде Дін істері және азаматтық қоғам министрі болған Нұрлан Ермекбаев қажет болса, заңға сәйкес сақал мен балақтың ұзындығы да реттеледі деп мәлімдеген.

Нұрлан Ермекбаев

Заң жобасы «дін саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін» полиция өкілеттігін кеңейтуді де қарастырды, жергілікті атқарушы мекемелерді «діни ұйымдардың қызметінің заңнамаға сай екенін тексеру және бақылау үшін» және діни жағдайды бақылау қызметін жүзеге асыру үшін өкілет беруді ұсынды. Талқылау кезінде қазақстандықтардың қолында өз елінде жоғары діни білім алғаны туралы дипломы болмаса, шетелде діни білім алуына тыйым салынатыны айтылды (сенат бұл тармақты алып тастауды ұсынды).

Алматы мешіттерінің бірінің қасында тұрған, балағы қысқа шалбар киген, ұзын сақалды жас жігіттер Азаттық тілшісімен сөйлескен кезде өздерін «кәдімгі салафиттерміз» деп атады, былтыр жаздан бері қысымның сәл азайғанын айтты. 32 жастағы Мұхамеджанның айтуынша, (өтініші бойынша аты өзгертілді – ред.) бұрын өзін және таныстарын полиция бөлімшесіне жиі апарып, қандай діни ағымға кіретіні туралы түсініктеме беруді талап ететін. Қазір ондай әрекет азайған.

Ослода орналасқан Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымы жариялаған Қазақстандағы діни жағдай туралы баяндаманың авторы Феликс Корли былтыр әкімшілік жауапкершілікке тартылған діни азшылық өкілдерінің саны азайғанын растады, бірақ елдегі азшылыққа қатысты теріс қарым-қатынас сақталғанын айтты.

Ақпанның басында ұсынылған Forum 18 баяндамасында 2018 жылы Қазақстанда кем дегенде 164 әкімшілік іс қозғалғаны айтылады. Бұл істер «дін және сенім бостандығын пайдаланған жеке тұлғалар мен діни қауымдастық өкілдерін, қайырымдылық қорлары мен компанияларды» жазалау үшін қозғалған деп сипатталған. 2017 жылы ондай істер саны 279 болыпты.

Сол жылы 259 іске қатысты жаза қолданылса (негізінен айыппұл салған, діни қызметке уақытша тоқтау қойған, діни әдебиетті тәркілеп, жойған), былтыр 139 іске қатысты жаза тағайындалған.

ЫҚТИМАЛ ФАКТОРЛАР

Парламент мәжілісінің депутаты Владислав Косаревтің пікірінше, билік діни азшылықпен қатаң күресудің (Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі солай бастаған еді) салдары жаман болатынын түсінген.

- Қоғамды жікке бөлу түкке тұрмайтын іс, оны орындау оңай. Ал біріктіру қиын. Ең мықты саясат – адамға қамқорлық жасау. Сол бағытта жұмыс істеу керек. Сол кезде күресу қажет болмайды, - дейді Косарев.

Бұрынғы сенат депутаты Зәуреш Батталованың айтуынша, заң жобасының тағдырына ішкі саяси факторлар әсер етуі мүмкін.

- Президент сайлауының белгілері байқалып жатыр. Діни проблема ең өзекті емес, ал әлеуметтік шиеленіс күшейіп жатыр. Сондықтан аңдысын аңдиық деп заң жобасын кері қайтарды, - дейді Батталова.

Қоғамды жікке бөлу түкке тұрмайтын іс, оны орындау оңай. Ал біріктіру қиын.

Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтистің пікірінше, даулы заң жобасын кері қайтаруға АҚШ-тың Астанаға қысым жасауы ықпал етуі мүмкін.

Жовтистің айтуынша, 2018 жылы шілденің соңында АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео дін ұстану еркіндігін ілгерілетуге арналған «министрлік кездесуінде» сол кездегі Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа дін бостандығын «сорақы бұзғаны» үшін Астанаға санкция салулары мүмкін екенін ескерткен.

Ескертуден екі ай бұрын, 2018 жылы мамырдың 29-ы күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 2017 жылғы әлемдегі дін ұстану еркіндігі туралы баяндамасын жасаған.

Майк Помпео, АҚШ мемлекет хатшысы

Бұл есепте Қазақстан дін бостандығын «сорақы түрде бұзатын» елдер қатарына кірген. Баяндамада АҚШ үкіметінің Қазақстанға қатысты ұсынысы: «Адам құқығын қорғау жөніндегі Магнитский ғаламдық заңын қолдану, 13818 атқару қаулысы немесе өзге де тиісті мақсаттық құралдарды қолданып, АҚШ-қа виза беруден бас тарту және дін мен сенім бостандығы құқығын бұзуға жауапты нақты лауазымды тұлғалар мен мекемелердің америкалық активтерін бұғаттау» деп жазылған.

- Діни жағдайы Қазақстаннан өткен сорақы Ресей (ол жақта Иегова куәгерлерін түрмеге оп-оңай отырғыза салады) санкцияға үйреніп алды. Қазақстанға ондай санкциялар қиын тиер еді, - дейді Жовтис.

«ӨЗЕКТІ ЕТУ ҚАЖЕТ»

Ақпанның 25-і күні (қоғамдық даму министрлігін қайта құруға бірнеше сағат қалғанда) Азаттық редакциясына діни қызмет туралы заң жобасын парламенттің қайтару себебі туралы үкіметтің жауабы келді. Астанадан келген хатта парламенттің жобаны ұзақ уақыт қарағаны (2017 жылғы желтоқсанның 29-ынан бастап) айтылады.

Қоғамдық даму министрлігі «Осы уақыт ішінде енгізілген түзетулерді өзекті ету қажеттілігі туды. Заң жобасын қайтаруға ешқандай сыртқы немесе ішкі факторлар ықпал етпеді» деп жазған. Министрлік Қазақстанда діни топтар құқығын бұзудың болғанын терістейді. «Қазір Қазақстан діндерге төзімділік деңгейі жағынан постсоветтік кеңістіктегі ең либерал мемлекет саналады» деп мәлімдеген мекеме «елде дін бостандығы жағдайының нашарлауы байқалмайды» деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алғашқы дін істері министрі несімен есте қалды?

«Заң жобасын қайтару кезінде Астанаға экстремизммен күрес аясында діни топтардың құқығын бұзбауға кеңес берген АҚШ пікірі ескерілді ме?» деген сауалға министрлік «Қазақстан халықаралық қарым-қатынастың белсенді қатысушысы ретінде халықаралық ұйымдардың ұсынысы мен пікірін ескереді, соған сәйкес халықаралық құқықтың ортақ нормаларын сақтау және ар-ұждан бостандығын қорғау мен кепілдігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізеді» деп жауап берді.

Министрлік қайтарылған жобаның орнына алдағы жылы жаңа заң жобасының жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ресми жауапта «2020 жылдың бірінші жартысында діни қызмет пен діни бірлестіктерге қатысты заңнаманы жетілдіру қарастырылған» деген жолдар бар.

Үкімет қайтарып алған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заң жобасының авторы - дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік. Бұл мекеме Қазақстанда 2016 жылдың күзде құрылды.

Кейбір сарапшылар жаңа министрліктің құрылуын және оған басшы етіп бұрынғы қауіпсіздік кеңесі хатшысы Нұрлан Ермекбаевты тағайындауды Ақтөбе мен Алматыдағы қарулы шабуылға «жауап» деп атайды. Министрлік ұсынған заң жобасын мәжіліске Ермекбаев емес, оның ізбасары Дархан Кәлетаев ұсынған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дархан Кәлетаев: "Діни азшылықтарға ашықпын"

2018 жылдың күзінде дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрліктің атауы қоғамдық даму министрлігі болып өзгерген. «Дін істері жөніндегі» деген тіркес министрлік пен тиісті комитеттің атауынан алынып тасталған. Ол кезде Кәлетаев құрылым басшысы болып қала берген.

2019 жылы ақпанның 25-і күні қоғамдық даму министрлігі президент жарлығымен ақпарат және қоғамдық даму министрлігі болып қайта құрылды. Таратылған ақпарат және коммуникация министрлігінің біраз өкілеті жаңа министрлікке көшті. Бұл министрліктің басшысы болып бұрын ақпарат және коммуникация министрі болған Дәурен Абаев тағайындалды.