Биылдан бастап Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке ретінде атап өтілмейтін Қазақстанда 25 қазан – Республика күні ұлттық мерекеге айналды. Бұл туралы қыркүйектің 29-ында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне "кинематография, мәдениет және мерекелер мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу" туралы заңында айтылған.
СОВЕТ КЕЗІНДЕГІ ДЕКЛАРАЦИЯ
1990 жылғы 25 қазанда Совет одағы құрамындағы Қазақ советтік социалистік республикасының (Қазақ ССР-і) "Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы" қабылданған. Бұл дата 1992 жылдан бастап атаулы күндер қатарына енгізілген. Ал 2001-2009 жылдар аралығында мемлекеттік мереке ретінде атап өтілген. Алайда 2009 жылдан бастап "Республика күні" мемлекеттік мереке тұрмақ, қатардағы атаулы күндер сапынан да түсіп қалды. Соған дейін ел ішінде бұл дата мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен деңгейлес әсер қалдыратын.
1990 жылы қабылданған "Егемендік туралы декларацияның" мәтінінде арнайы "Республика күні" немесе оның мәртебесі туралы айтылмаған. Тәуелсіздік жолындағы алғашқы талпыныс ретінде бағаланған осы құжатта Қазақстанның "СССР құрамынан ерікті түрде шыға алатыны", "халықаралық қатынастың субъектісі ретінде сыртқы саясатын айқындап, өзге елдермен дипломатиялық байланыс орната алатыны және БҰҰ тәрізді халықаралық ұйымдардың жұмысына қатыса алатыны жазылған. Бұған қоса аумағында СССР Конституциясы бойынша құқықтар сақталып, СССР азаматтығын сақтап қаламын дегендерге Қазақ ССР-інің "кепілдік беретіні" айтылған
"ВОЛЮНТАРИЗМ КӨРІНІСІ" ЖӘНЕ "НАЗАРБАЕВ ФАКТОРЫ"
"Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы" декларациясы жобасының жетекшісі болған, кезінде Жоғары кеңесті басқарған, кейіннен оппозицияға өткен Серікболсын Әбділдин осы декларацияның барлық бабы СССР Конституциясына байланыстырылып жасалғанын айтқан. "Декларацияны қабылдаған кезде ол мереке күні болады деген ешқандай әңгіме болған жоқ. Заң бір жыл екі айдан соң қабылданды" деген Серікболсын Әбділдин түпкілікті шешім қабылдау кезінде субьективті фактор – қазанның 25-ін Республика күні ретінде белгілеу сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалауымен жүзеге асқанын айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан 25 қазан – Республика күнін неге атаусыз қалдырады?1990 жылы қабылданған "Егемендік туралы декларацияның" соңғы бабында осы құжаттың бірінші кезекте "Одақтық келісімнің негізі" болып табылатыны атап көрсетілген. Ал саясаткерлер ортасында Совет Одағы толықтай ыдырауға бет алған тұста "жаңарған одақтың" құрылуынан үміттенген Назарбаевтың сол одақта премьер-министр орнынан дәмеленгені айтылады.
Сөйткен Назарбаев 2009 жылдың сәуір айында қол қойған "Мерекелер туралы" заңнан Республика күні түсіп қалды. Қоғамға оның нақты себебі де айтылмаған. Мұны мәжілістің бұрынғы депутаты Амангелді Айталы волюнтаризмнің көрінісі ретінде қарастырады.
– Республика күнінің 2009 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне алынып тасталғаны Назарбаевтың ырқына байланысты болды. Сол кезде субъективті фактор басым түсті. Волюнтаризм үстемдік құрған кезде Республика күні де күнтізбеден алынып тасталды, – дейді Амангелді Айталы Азаттыққа.
Назарбаев биліктен толық кеткен соң, 2021 жылы бір топ қоғам белсендісі Тәуелсіздік күнін "Тәуелсіздік декларациясы" қабылданған 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауыстыру туралы бастама көтерген.
Your browser doesn’t support HTML5
Алайда олардың кейбірі Тәуелсіздік күнінің бұрынғыша қала беруін қалайтынын, бірақ Республика күнін қайтару дұрыс болатынын айтқан.
2019 жылы жоғары билікке келгенде "естуші үкімет" ұранын көтерген президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл кем дегенде 238 адам қаза тапқан "Қаңтар оқиғасынан" бері конституциялық реформа бағытында референдум өтккізіп, "жаңа Қазақстан", "әділетті Қазақстан" және "екінші республика" туралы айта бастаған.
Содан беріде Қазақстан астанасының атауы "Нұр-Сұлтаннан" қайтадан "Астанаға" өзгеріп, экс-президентті дәріптейтін шаралар кеми бастаған. Мәселен, экс-президент Назарбаев билікте болған кезде оның туған күнімен сәйкестендірілген 6 шілде биыл "астана күні" ретінде ғана аталды. Ал Қапшағай қаласына Назарбаевтың алдында ҚазақССР басшысы болған Дінмұхаммед Қонаевтың аты берілді.
Маусым айында өткен ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында президент Тоқаев Республика күні қайтарылатынын айта келіп, осы күнді "Егемендік күні" деп атаған. "Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды" деген Тоқаев.
Айтуынша, мемлекеттік мереке болып қалатын Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады және бұл күн ұлттық батырларға тағзым күні ретінде атап өтілмек.
"ПОПУЛИЗМНЕН АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ ЕМЕС"
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Тәуелсіздік күнін 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауыстыруды ұсынған.
– Тәуелсіздік күнін алмастыруға қай күн қолайлы дегенде, Егемендік декларациясы қабылданған 25 қазанға ауыстырған жөн дегенмін. Бұл менің жеке субъективті пікірім болатын. Жаңаөзендегідей қанды қырғыннан соң, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні бола алмайтын еді. 16 желтоқсан құрбандарды еске алу күні болып қалуы керек, – дейді ол.
Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, Қазақстан билігі үшін атау өзгерту –үрдіске айналып кеткен құбылыс.
– Биліктің ел астанасына әуелде "Ақмола" атын қайтарып, кейін "Астана" аталуы, соңынан оған "Нұр-Сұлтан атын" беріп, қайта "Астанаға" оралуы – соның бір мысалы. Билік мұндай мәселеге "өзім қожа, өзім би" деген принциппен қарайды. Билік өздерінше бір нәрсені өзгертіп жатқан сияқты түр көрсетіп, осындай мәселе көтеріп жатады. Бұл популизмнен артық ештеңе емес, – дейді саясаткер Азаттыққа.
Жасарал Қуанышәлин "біле білгенге Республика күні дегеннің өзі – салмағы ауыр күн. Оны билік әлдебір датамен, мерекемен емес, күнделікті ісімен көрсетуі керек еді" дейді.
Оның айтуынша, атау мен мереке ауыстыруға бейімдігі Тоқаевтың Назарбаев жүрген жолмен кетіп бара жатқанын аңғартады.
– Бұл билік – Назарбаевтың мұрагері ретінде өмір сүріп жатқан билік. Өйткені қазіргі билік 1995 жылы Назарбаев тұсында қабылданған Конституциямен өмір сүріп жатыр. Қазіргі президент Тоқаев соны өзіне бейімдеп пайдаланып отыр, – дейді Жасарал Қуанышәлин.
РЕСПУБЛИКА КҮНІНІҢ ТАСАСЫНДАҒЫ ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ
Мәжілістің бұрынғы депутаты Амангелді Айталының айтуынша, 1990 жылы қабылданған "Егемендік туралы декларация" саяси жағынан қоғамға үлкен әсер еткен. Бұл құжат Қазақстан қоғамын "дербес республика бола аламыз" дегенге икемдеді.
– Басқа республикалардай емес, Қазақстанның жөні бөлек болды ғой. Декларация Қазақстанның Ресейдің жалғасы емес екендігін көрсетті. Бұл құжат біздегі түрлі ұлт диаспоралары мен көрші Ресейге көп ой салды. Республика күні осы жағынан маңызды еді, – дейді Амангелді Айталы.
Ол қазіргі президент Тоқаев айтатын "екінші республика" тұжырымдамасының 25 қазан – Республика күнімен тікелей қатысы бар деп есептейді.
– "Екінші республика" аталған соң, "бірінші республика кім, қашан жарияланды?" деген сұрақ туындайды. Сондықтан 1990 жылғы 25 қазанда бірінші республика жарияланған болып есептеледі. Егемендік декларациясы мен Тәуелсіздік декларациясы арасында маңызды сабақтастық жатыр. Республика күні мерекесін жаңғырту өте дұрыс қадам болды. Өйткені егемендіксіз тәуелсіздік те болмас еді, – дейді Амангелді Айталы Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтың арманын көрсеткен құжат". Егемендік декларациясы қалай қабылданды?Алайда ол Тәуелсіздік күні Республика күнінің көлеңкесінде қалып қоя ма деген қаупін де жасырмайды.
– Тәуелсіздік күнінің маңызы үнемі айтылуы керек. 16 желтоқсан бір жағынан азалы, екінші жағынан қуанышты күн. Қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының биік шыңы осы Тәуелсіздік алған 16 желтоқсан болатын, – дейді Амангелді Айталы.
Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайтарған соң Қазақстан Тәуелсіздік мерекесін қоса алғанда екі бірдей мемлекеттік (бірі – ұлттық) мерекеге ие болып отыр. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік мекемелерде міндетті түрде ресми іс-шара өткізілуі тиіс. Ал мемлекеттік мереке күні ресми шара өткізу міндеттелмейді.
Қазақстан сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров елшіліктер Тәуелсіздік күні емес, Республика күнін атап өткелі жатқанын растады.
– Енді ресми қабылдаулар мен арнайы кештер Республика күніне орайластырылады. Ондай шараларды бұрынғыдай желтоқсанда өткізбейтін болдық, - деді сыртқы министрлігінің ресми өкілі Азаттыққа.
"ИМИТАЦИЯМЕН АЙНАЛЫСАТЫН САЯСАТКЕРДІҢ ІСІ"
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов президент Тоқаев қазір өзін барынша әділеттің жоқтаушысы ретінде көрсетуге тырысып жүр деп есептейді.
– Бұрын 25 қазан мереке қатарынан шығып қалса да, біздің азаматтар оны атап өтуге үйреніп алған. Қазір бір күн артық демалыс бекітіліп отыр. Оның үстіне Желтоқсан оқиғасы және Жаңаөзен оқиғасы да 16 желтоқсанға дөп келеді. Сондықтан Тәуелсіздік күнін мерекелік көңіл күймен тойлау мүмкін емес. Осыған орай 25 қазанды қайтару керек деген қоғамда жиі талқыланатын. Қарап тұрсақ, барынша популистік күн тәртібін ұсынатын Тоқаев әсіресе, президент сайлауы қарсаңында осылай да жұрттың көңілінен шығуға тырысып жатыр. Осы әрекеттері арқылы ол өзін әділет орнатушы президент ретінде көрсеткісі келеді, – дейді саясаттанушы.
Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, "Екінші республика" концепциясын Тоқаев пен оның айналасындағылар толық түсінбейтін тәрізді.
– Мұны олар Назарбаевтың дәуірі аяқталып, Тоқаевтың дәуірі басталды дегенді білдіретін, символикалық тіркес сияқты ғана қолданып жүр. Сайып келгенде біз саясатта, экономикада, жалпы қоғам өмірінде Қазақстанның автократиялық режимінен шынымен республика деп айтатындай билік формасына көшкенін әлі көрген жоқпыз. Бұл күнді республикамен байланыстырудың еш қажеті жоқ. Өйткені Қазақстандағы "Екінші республика" концепциясының артында идея, құндылық тұрған жоқ, – дейді Шалқар Нұрсейітов.
Оның айтуынша, Республика күнін қайтару – Астананың атын қайтару, тұңғыш президент күнін ресми мерекеден алып тастау сияқты популистік қадамның бірі.
– Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде "25 қазан – Республика күнін қайтару керек" деген пікір жиі айтылды. Тоқаев желіде қандай тақырып жиі талқыланады, соған реакция білдіруге тырысып жатыр. Бұл – нағыз популистердің, имитациямен айналысатын саясаткерлердің іс-әрекеті, – дейді Шалқар Нұрсейітов Азаттыққа.
Орталық Азияның өзге елдері күнтізбесінде "Республика күні" деп аталатын ерекше дата жоқ. Тек Түркіменстанда ғана басқа елдерде жоқ "Бейтараптық күні" бар.
Орталық Азияда Тәуелсіздік күні датасын өзгерткен ел де – Түркіменстан. Түркіменстан 2018 жылы оған дейін 27 қазанда атап өтіліп келген Тәуелсіздік күнін 27 қыркүйекке ауыстырған. Сол күні Ашғабатта Түркіменстан билігі айрықша маңыз берген V Азия ойындарының жабылу рәсімі өткен.