Ретро-фестивалді 1999 жылы Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева ұйымдастырған еді. Сондықтан оны «фестиваль иесі» деп атайды. Оны сахнадан жүргізушілер де айтып өтті. «Сұңқар» шаңғы трамплині кешенінде фестиваль осымен төртінші рет өтті. Бұл жолы көрермендер құжатпен, қатаң тексеріспен кірді.
Ретрофестивалді ашқан Дариға Назарбаева «құпияларды айтайын» деп, музыкалық шара дайындығына қатысты бірқатар цифрларды мәлімдеді. Концертке 1 мың 800 әнші, биші, статист шақырылған; 1 мың 500 қызметкер (жарық, дыбыс режиссерлері, видеоинженерлер, гримерлер, сахна жұмысшылары) жұмылдырылған. Назарбаева әр сөзін шегелеп, бөліп айтты. Бірақ ең басты цифрды – фестивалді өткізуге кеткен қаражатты айтқан жоқ.
Фестивалге әкімнің «тартуы»
Ахметжан Есімовті сахнаға шақырған Дариға Назарбаева «біздің сүйікті әкіміміз» деп хабарлады. Алматы әкімі де қарап қалған жоқ, «Алма-Ата – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалін «қаладағы ең маңызды мәдени оқиға» деп атады.
Есімов тура былтырғыдай синтезатормен музыка ойнап шықты және дәл сол кездегідей өзінің шеберлігі кемшін екенін айтып, көрерменнен оған қатаң талап қоймауды өтінді.
Дариғаның екі әні
Дариға Назарбаева көрерменге өзінің де әнші екенін, «сахнаға шығудың не екенін білетінін» мәлімдеді. Ол бұл жолы екі ән айтты. Алдымен ресейлік «Хор Турецкого» арт-тобымен бірігіп, «Назқоныр» әнін орындады. Ол ән айтқанда сахнадағы монитордан күн шапағы төгіліп тұрды.
Екінші әнді Дариға Назарбаева жалғыз және екі жыл бұрынғыдай италян тілінде айтты. Бұл жолғы махаббат туралы ән «Canto della terra» («Жердің әні») деп аталды. Назарбаева бұл әнге арнайы эффект ойластырған екен. Ол әнін биік тұғырда тұрып шырқады, көйлегінің етегі тұғырды жауып тұрғандықтан, оның бойы өте ұзын болып көрінді.
Фестивалдің соңында қатысушылардың барлығы сахнаға қайта шығып, ән айтты. Бірақ олардың арасында Дариға Назарбаева болмады. Шаңғы стадионының шығар есігіне жақын отырған журналистердің айтуынша, Назарбаева фестиваль соңын күтпей кетіп қалған.
Әке-шеше жолымен
Дариға Назарбаеваның отбасында балалар әке-шешелерін үлгі тұтатын сияқты. Үлкен ұлы Айсұлтан әкесіне (қазір шетелде қуғында жүрген Рахат Әлиевке) ұқсап, арнайы қызметте істейді. Ал қызы Венера ән айтады. Ол алғаш рет осы фестиваль сахнасына шыққан еді. Осы жолы да ән шырқады. Ол Сара Амангелді және Малика Есмұхамедовамен бірге америкалық әнші Бритни Спирстің «Baby One More Time» деген әнін орындады.
Суретте Венера Назарбаева сол жақта тұр.
Экс-сенаторды әні - «Money, Money, Money»
Былтырғы фестивалде саясаткер Ғани Қасымов Толқын Забировамен бірігіп «Stamblin in» (Крис Норман мен Сюзи Кватро репертуарынан) әнін айтқан еді. Оның әншілігі фестиваль ұйымдастырушыларына ұнаған екен. Ол биыл да шақырылыпты. Тағы да Толқын Забировамен шықты, биыл екеуіне Жанна Орынбасарова, Жеңіс Сейдоллаұлы қосылған. Төртеуі 70-жылдары танымал болған АББА квартетінің «Money, Money, Money» әнін шырқады. Суретте: Ғани Қасымов пен Толқын Забирова.
Мәңгілік достық
Фестивалге шақырылған шетелдік қонақтардың арасында ресейлік «Хор Турецкого» тобы да болды. Бұл топ көп тілде ән айтады. Бұл жолы италян және қазақ әндерін шырқады. Топ бір әнін Дариға Назарбаевамен айтты.
Музыкалық ринг пен боксшылар
Биылғы ретрофестиваль «Музыкалық ринг» тақырыбын таңдапты. Түрлі жанр мен стиль әншілері сахнаға дуэт, трио, квартет болып шықты. Сахнада бокс жекпе-жегінің қимылдары көрсетілді. Бокс қимылдарын олар «Битлз» тобының мелодиясына үйлестірген. Олардың бұл «биін» Жәмила Серкебаева скрипкамен сүйемелдеп тұрды.
Көзге түскен трио
90-жылдардың басында танымал болған «Army of Lovers» («Ғашықтар армиясы») швед поп-тобы ерекше көзге түсті. Бұл трио әрдайым сахнаға ерекше дайындықпен шығады. Тіпті топтың кейбір клиптарына MTV тыйым салған еді. Алматыға келген Александр Бард, Жан-Пьер Бард және Доминик Мария Печински жұртты тағы да тәнті етті.
Швеция әншілерінің бұл фестивалге жиі келетінін айта кеткен жөн. 2012 жылы Швециядан бір топ шақырылса, бұл жолы екі топ келіпті. «Army of Lovers»-тен басқа сахнаға 1990 жылдары танымал болған, «E-Type» деген атпен танылған швед әншісі шықты. Ол көрерменнің қалың ортасына дейін барды. Қыздар мен жігіттер онымен қол алысып амандасты. Бұл шақта фестивалді күзеткен СОБР қызметкерлері қырағылықты күшейте түсті.
«Алма-Ата – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалінің тұрақты қонақтары бар. Олар: Нағима Есқалиева, Айгүл Бабаева, Роза Рымбаева, Қыдырәлі Болманов, «Дуэт L», Дильназ Ахмадиева және басқалар. Суретте: Роза Рымбаева.
Айгүл Бабаева мен Нағима Есқалиева «ВиаГра» тобының «Убей мою подругу» әнін айтып тұр.
Ретрофестиваль бағдарламасы алдын-ала жарияланды. Онда Қайрат Нұртастың «Ласковый май» тобының «Белые розы» әнін айтатыны жазылған еді. Бірақ оның орнынан бұл өлеңді Қайрат Нұртаспен жасты Сырым Исабаев айтып шықты. Қайрат Нұртастың не үшін концертке қатыстырылмағаны айтылмады. Бұл 31 тамызда Алматыда, «Прайм Плаза» сауда орталығында болған тәртіпсіздіктермен байланысты болуы мүмкін. Суретте: Қайрат Нұртастың орнына шыққан Сырым Исабаев.
Фестиваль кезінде көрерменнің ортасында болған Азаттық тілшісі Қазақстан жастарының қандай музыка болсын жатсынбайтынын байқады. Жастар қазақша және орысша әндерді қосылып айтты.
«Алма-Ата – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалінде көз тартатын дүниелер көп болды. Мәселен, фестиваль белгісі салынған үлкен шар аспанға жіберілді. Ол биіктеп барып жарылып, ішінен көп ұсақ шар шашылды. Фейерверк атылып, фестиваль салютпен аяқталды.
Фестиваль соңында ұйымдастырушылар келесі жылғы тақырыпты хабарлады. Ол – цирк.