Астана Каспийде АҚШ-тың әскери базасы жоғын тағы мәлімдеді

Каспий теңізіндегі "Қазақстан" ракеталық-артиллериялық кемесі.

Ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьев өз хабарында "Қазақстан Каспий теңізіндегі әскери базаларын АҚШ-қа беріп қойды" деген мәлімдеме жасаған. Бір аптадан соң Астана бұл сөзді жоққа шығарды. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде "Қазақстан территориясына өзге елдердің қарулы күштерін орналастыруды жоспарламайды" деген.

Шілденің 9-ы күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасы эфирінде айтылған мәлімдемелер туралы дипломатиялық, бірақ қатқыл сарындағы комментарий таратты. Шілденің 2-сі күні "Россия" телеарнасындағы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы саммиті тақырыбына арналған телехабарда "Астана Каспийдегі әскери базаларын Вашингтонға беріп қойды" деген мәлімдеме айтылған еді.

"ӘСКЕРИ БАЗА БОЛАДЫ ДЕГЕН ӘҢГІМЕ ЖОҚ"

"Ресейлік БАҚ өкілдері мен сарапшылар мұндай пікірді фактілерді әдейі бұрмалау үшін емес, нақты жағдайдан хабарсыз болғандықтан айтып отыр деп ойлаймыз. Каспийде әскери база болады деген ешқандай әңгіме жоқ. Транзит әскери емес жүктерге қатысты, транзитке Қазақстан аумағы ғана емес, АҚШ-тың Ауғанстанға жүк тасымалдайтын жолында орналасқан өзге де елдер тартылған" делінген Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Өткен аптада Владимир Соловьевтің бағдарламасында журналист әрі әскери сарапшы Игорь Коротченко америкалық жүкті Каспий теңізі арқылы тасымалдауға "мүлде жол беруге болмайтынын", бұл "Ресейге ұнамайтынын" айтқан. Ол Ресейдің ресми тұлғалары қазақстандық әріптестерімен сөйлесуі тиіс деп мәлімдеген.

Владимир Соловьев.

"Егер әріптес Қазақстан мұндай келісім жасаған болса, оны іске аспайтындай етіп қайта қарауға болады деп ойлаймын. Ешқандай логистика да, транзит те болмауы тиіс! ҰҚШҰ-дағы (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы – ред.) әріптес ел ретінде Қазақстан өз міндеттемелерін орындауы тиіс" деген Коротченко.

Бұған қоса, ол Кремль бұл позициясын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер кезінде айтуына болады деп санайды.

Соловьев бағдарламасының тағы бір спикері болған Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулин Астана әскери базаларын Вашингтонға беруге америкалық банк әлдебір молдавалық бизнесменнің талап-арызы бойынша "Самұрық-Қазына" қаржысын бұғаттап тастаған соң келіскен деген болжам жасады.

"Әлгіден кейін Назарбаев АҚШ-қа барып, бізді қатты жақсы көретін Трамптың қабылдауына кіру қажет болды" деп түйіндейді Затулин өз сөзін.

Осыған дейін молдовалық бизнесмен Анатол Стати сотқа шағымданып, АҚШ банктердің бірі Қазақстан ұлттық қоры активтерін бұғаттаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ банкі Қазақстан Ұлттық қорының қаржысын бұғаттады

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресей тарабы да 2010-2015 жылдары мұндай транзитті қамтамасыз етіп тұрғанын ескерткен.

"Қазақстан территориясы арқылы аталған коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы 2010 жылы қол қойылған Қазақстан-АҚШ келісімінде Ресей-АҚШ арасындағы келісімде көрсетілгендей шарттар қарастырылған. Біз 2017 жылы қыркүйекте жоғарыда аталған келісімге қосымша хаттамаға қол қойғаннан кейін жүк тасымалы маршрутына Ақтау және Құрық порттары бекеттерін ғана қостық. Хаттама шарттарының бәрі Ресей мен АҚШ арасында болған келісімде қарастырылған шарттарға ұқсас. Америкалық немесе өзге шетелдік мемлекеттердің әскери базаларын Каспий теңізінде орналастыру туралы әңгіме жоқ" делінген министрлік мәлімдемесінде.

МӘСКЕУДІҢ ҮНСІЗДІГІ

Ресейлік БАҚ-тың Каспий теңізіндегі АҚШ әскери базалары туралы ақпаратын Астана бұрын да жоққа шығарған. Сәуірдің аяғында Ресейдегі Қазақстан елшілігі оларды "шындыққа сай емес хабарламалар" деп атаған. Сәуірдің соңында Ресейдегі Қазақстан елшілігі: "Бұл туралы жазбаларды негізсіз, ойдан шығарылған, жалған хабар деп санауды сұраймыз" деп мәлімдеген.

Қазақстан мен АҚШ келісімі

Ауғанстанда тұрақтылық орнату және бұл елді қалпына келтіруге қатысты Қазақстан территориясы арқылы арнайы жүк коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы Қазақстан парламенті 2018 жылғы 19 сәуірде мақұлдаған. Хаттамада Ақтау және Құрық порттарын арнайы жүк тасымалдау маршрутына қосу қарастырылған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев хаттамаға 5 мамырда қол қойған.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы келісімнің өзі 2010 жылы маусымда бекітілген. Бұл келісім Каспий теңізі, оның ішінде Өзбекстан мен Әзербайжан территориясы арқылы Ауғанстанға және одан кері бағытта теміржолмен жүк тасымалдауға мүмкіндік береді. Биыл күшіне енген хаттамада Құрық және Ақтау порттарын арнайы жүк маршрутына қосу қарастырылған. Толықтыру АҚШ-тың өтініші бойынша енгізілген.

​Владимир Соловьевтің хабарларында Қазақстан туралы даулы пікірлер бұған дейін де айтылған. Сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресей ұсынған қарар жобасына (Сирияға АҚШ пен одақтастарының зымыраннан соққы жасағанын айыптаған) дауыс беру кезінде Қазақстанның қалыс қалғанын меңзеген Соловьев: "Қазақстанмен қарым-қатынасымыз туралы біз білмейтін бірдеңе бар ма? Ресейден ажыратып әкету үшін келесі Майдан Қазақстанда ұйымдастырылмақ па?" деген сұрақ қойған.

Оқи отырыңыз: Ақорданың көпвекторлы саясаты сынға түсті ме?

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Соловьевтің сәуірдегі сөзіне орай сабырлық танытып, "мұндай сарындағы мәлімдемелер Астана мен Мәскеудің стратегиялық одағына ешқандай зиян келтірмеуі үшін дипломаттар шаралар қолданатын болады" деп мәлімдеген.

Ресей жағы бұл даулы мәселелерге қатысты ресми комментарий берген жоқ. Бірақ өткен айда ресейлік "Коммерсантъ" газеті ҰҚШҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің маусымның 11-і Алматыда өткен жиынында Сергей Лавров Астана мен Вашингтон арасында Ауғанстанға жүк тасымалдауға қатысты жуырда бекітілген келісім аясында болашақта Каспий порттарында АҚШ-тың логистикалық инфрақұрылымдары пайда болуы мүмкін екеніне наразылық білдірді деп жазған.

Басылым дипломатиялық ортадағы дереккөзіне сілтеп "Астананың Вашингтонмен келісімі Мәскеу үшін жағымсыз тосынсый болды" деген. Ресейлік газет дипломатиялық ортадағы дереккөзіне сілтеме жасап, "Ресей Каспий порттары пайдаланылатын маршруттар экономикалық және логистикалық тұрғыдан тиімді емес, америкалықтарға бұл Каспийде орнығып алу үшін қажет" деп жазған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-пен келісім жасырын әзірленгенін жоққа шығарады. Шілденің 9-ы күні таратқан комментариінде СІМ "процесс, керісінше, ашық әрі транспарентті сипатта болды. Ресей Сыртқы істер министрлігінің қатысуымен де консультациялар өткен" деп мәлімдейді.

Бір қызығы, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінен екі күн бұрын ведомство басшысы Қайрат Әбдірахманов "Российская газета" басылымында жарияланған мақаласында Астана мен Мәскеу арасында "конструктивті диалогсыз және ортақ мүдделер ескерілмей шешілетін мәселелер болмаған және болуы да мүмкін емес" деп жазған.

Жуырда ресейлік әріптесі Владимир Путинмен Сочидегі кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев "көрші жатқан тәуелсіз мемлекеттердің арасында үнемі мәселе туындап тұратынын", оларды "дүрбелең туғызбай шешуге болатынын" айтқан.

Оқи отырыңыз: Ресейлік БАҚ Назарбаевты алаңдатады

"Біз - жақын, одақтас мемлекеттерміз, екі елдің ақпарат құралдары да осы бағытта жұмыс істеуі керек. Қандай да бір мәселе туындап жатса, түймедейді түйедей етпеуі тиіс" деген еді Назарбаев.

БАҚ-тар дәл қандай оқиғалар бойынша "дүрбелең тудырғанын" Қазақстан президенті айтқан жоқ. Назарбаевтың сөзіне Путин қандай реакция білдіргені де белгісіз болып қалды.