"Ізгілікке қуғын-сүргінмен тәрбиелемейді". Зайырлы мектеп, ақ орамал және Әнел

Иллюстрация авторы - Алсу Жасқайратова

Қарағандылық 13 жасар Әнел, жағдай басқаша болғанда, ел үміт артқан жас атанар еді. Ал қазір ол басына тартқан орамалға бола жарты жылдан бері мектепке кіре алмай жүр. Қазіргідей жағдайда оқудан біржола қол үзуі де мүмкін. Қазақстан зайырлы қоғамды қорғаймыз деп, мектепке діни киім киіп келуге тыйым салған жалғыз ел емес. Азаттық Қазақстанда, сондай-ақ Франция мен Түркияда осындай шаралар қалай енгізілгенін салыстырып көрді.

ӘНЕЛ

Әнелдің жасы 13-те. Әкесі, анасы және үш іні-сіңлісімен бірге Қарағандыда тұрады. Негізінен, үлгілі, дарынды оқушы: нақты ғылымдарды жақсы көреді, мектептегі олимпиадаларға қатысады, кілең "беске" оқиды.

Қазір ол тағдыр тәлкегіне ұшырағаны жөнінде кітап жазсам деген ойда жүр.

Былтыр 21 қыркүйекте Әнелді өзі оқуға түсуді бұрыннан армандаған мектептен шығарып жіберген.

"Біз жақын тұратынбыз. Үйіміздің терезесінен үнемі сол мектепті көретінмін. Тіпті балабақшаға барып жүрген кезімнен дәл сол мектепте оқуды армандадым", – дейді Әнел.

Химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытатын білім ұясына жоғары ұпай жинап түскен Әнел әлгі мектепке бірнеше апта бойы кіре алмай, пұшайман болған. Күн сайын сабаққа барғанымен, оны сыныпқа кіргізбей қойған. Мектеп әкімшілігі Әнелді оқудан шығару туралы шешім қабылдағанға дейін оқушы қызға тәртібіне қатысты ескерту мен сөгіс жариялаған.

Діни салт-дәстүр ұстанатын отбасында өскен Әнелдің білім алуына басына тартқан ақ орамал кедергі болды. Мектеп әкімшілігі мұндай киім білім министрлігінің 2016 жылғы бұйрығына қайшы дейді. Елдегі барлық орта білім беретін оқу орындары орындауға міндетті бұйрықта мектеп формасы қандай талапқа сай болуға тиіс екені жазылған. Бұйрықта мектепте "әртүрлі конфессияларға тиесілі діни киім элементтерін" енгізуге жол берілмейтіні тайға таңба басқандай көрсетілген. Үкімет сайтындағы түсіндірмеде әлгіндей тыйым "оқу орнының ішкі тәртібі зайырлы қоғам қағидаларына сай" болу үшін енгізілгені айтылған.

Қарағандыда тұратын он үш жасар Әнелді басына орамал тартқанына бола мектептен шығарып жіберген.

Бұрын Әнел мен ата-анасы әлгі бұйрыққа байланысты өзара бір мәмілеге келген еді – оқушы қыз мектепте орамал тақпауға келіскен. Бірақ жаңа оқу жылы басталғанда енді олай жалғаса беруі мүмкін емес деп ұйғарған.

– Бұрын басқа жерде оқыған кезде қызым мектепке жақындаған бойда басындағы орамалын шешетін. Бірақ қазір ол орамалды шешуге болмайтын балиғат жасқа толды. Орамалды өз еркімен, саналы түрде таққысы келеді. Біз екіжүзді бола алмаймыз ғой, – дейді Әнелдің әкесі, 44 жастағы Болат Мусин.

Ол – "орамал дауына" байланысты сотқа шағымданған ата-аналардың бірі. Арызында Конституцияның балаға білім алу құқығына кепілдік беретін 14-бабы мен 2016 жылы Қазақстан ратификациялаған білім беру саласындағы кемсітушілікке қарсы күрес туралы Конвенцияның 1-бабын алға тартып, қызының құқы бұзылып отырғанын айтқан. Конвенцияда адамды діни сенім-нанымына бола кемсітуге болмайды деп жазылған.

Қазір Мусиннің арызы Қарағандының әкімшілік сотында жатыр. Сот бұл істі қарауды бірнеше рет кейінге ысырған. Діни отбасыларға жәрдемдесіп жүрген Еуразия құқық қорғау ұйымының өкілі, құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетовтің есебіне сүйенсек, қазір елде осыған ұқсас 12 іс сотта жатыр. Олардың көбі – Қарағандыда. Айтмағанбетов мектепте болып жатқан жағдай діни салт-дәстүр ұстанатын баланы кемсітеді деп есептейді.

"Орамал тартқанына бола оқушының білім алуын шектеуге болады деген сөз бірде-бір заңда жоқ. Өзге [оқушылар мектепке] не қаласа, соны киіп келеді, бірақ солар жөнінде ешқандай шу болып жатқан жоқ", – дейді құқық қорғаушы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зайырлы мектепке орамал қауіп төндіре ме?

ДІНИ АТРИБУТТАР ЖӘНЕ РАДИКАЛДАНУ

Қазақстанда 2016 жылы діни атрибуттарға тыйым салатын шешім аяқ астынан қабылдана салған жоқ. Ондай тыйым оған дейін ең төменгі деңгейде, яғни мектепте болған. Министрлік діни символдар мен киімдерді анықтау және ол жөнінде қандай да бір шешім қабылдау құқығын мектептің өзіне берген. Содан кейбір мектептер білім министрлігі (2022 жылы бұл мемлекеттік орган екіге бөлінді: Білім министрлігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі – ред.) оқушы формасына қатысты бұйрық шығарғанға дейін де шектеу енгізуге тырысқан.

Орталық Азиядағы радикалдану проблемаларын зерттеп жүрген сарапшы, конфликтолог Икбалжан Мирсайитов Қазақстан және аймақтағы өзге де елдер діни белгілермен совет тұсындағыдай, оны "керітартпалық" нышаны ретінде түп-тамырымен жоюды көздеген ескі әдіс-тәсілге салып күрескісі келеді дейді.

– 1918 – 1936 жылдар аралығында жүргізген күресте жеңіп шықты. Әйелдер мемлекеттік органдардың кәріне ілікпеу үшін төбесін ғана жауып тұратын орамал тартып жүретін болды, – дейді Мирсайитов.

Тәуелсіз Қазақстанда діни радикализм қаупіне байланысты әлгіндей күрес өзгеше өрбіді. Ондай күрестің күшеюіне Сирия мен Иракта ылаң салған "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобына Орталық Азиядан шыққан адамдар қосылуы да себеп болды. 2013-2019 жылдары белсенді әрекет қылған ИМ құрамын толықтыруға осы аймақтан аттанған жүздеген адам Таяу Шығыстағы әскери іс-қимыл жүріп жатқан өңірлерге отбасын қоса ертіп ала барды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Күйеуімізге ілесіп кете бердік". Сириядан оралған екі әйелдің хикаясы

Сарапшылар адамдардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауы, білімге қол жеткізе алмауы және өз еліндегі болашағынан күдер үзуі радикалдануға негізгі себеп болатынын айтады. Ондай адамдарды өз қатарына тартуды көздейтіндер әлгілерді бірден нысанаға алады. Әйткенмен кей елдерде, соның ішінде Қазақстанда діни радикализммен күрес оның себептерін жоюға емес, діни белгілерге, әсіресе діни атрибуттарға қарсы бағытталған.

Әсіресе, әйел киімі – хиджаб, никаб, пәренжі – әлгіндей күресте ерекше орында тұр. Қазақстан оларды үгіт-насихат құралы деп есептейді, оны Оқу-ағарту министрлігі сайтындағы жазбадан да көруге болады. Онда "кез-келген [діни] атрибутика, символ, элемент қандай да бір жолмен өздері ұстанатын дінді насихаттауды білдіреді" деп жазылған. Кейбір елдерде киімнің бұл түрлерін патриархалдық және архаикалық жүйеде әйелді басып-жаншып ұстау нышаны және құралдары деп қарастырады.

Діни символдарға тыйым салу: Франция тәжірибесі

"Францияда орамал тақпаймыз. Франция – никаб таққан әйел емес, шомылатын киім киген Бриджит Бордо", – деп мәлімдеді 2017 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде оңшыл күштер жетекшісі Марин Ле Пен.

Бес миллионға жуық мұсылман тұратын (халықтың шамамен тоғыз пайызы) Францияда діни рәміздерге тыйым салу тарихы ұзақ. Қағаз жүзінде заңдар кез-келген конфессия атрибуттарын киюге тыйым салады, бірақ іс жүзінде олар, негізінен, мұсылмандарға қатысты.

Хиджаб, никаб және пәренжі Францияда әйел "құқын бұзатын" және "қауіпсіздікке қатер төндіретін" киім саналады. 2010 жылдан бастап қоғамдық орында бүркеме мен никаб сияқты бетін жауып тұратын киім киюге мүлде болмайды. 2004 жылдан бастап жекеменшік емес мектепте діни символдарға тыйым салынды. Одан кейінгі оқу жылында абайяға, яғни мұсылман көйлегін киюге тыйым салынды.

Сипаты жағынан француздардың тыйымы мен қазақстандық тыйым бір-біріне ұқсайды. Мұсылман қыз бала мектепте орамалын шешіп жүруге тиіс. Бас тартқан қызбен медиация жұмыс істейді. Оның да қолынан келмесе, оқушыны мектептен шығарып жібереді. Мұндай жағдайда оған үш таңдау беріледі: онлайн оқу, жекеменшік мектепте оқу немесе кету.

Бұл тыйымға қатысты пікірталастар – қазір Франциядағы қызу талқыланатын тақырыптардың бірі. Тыйымды жақтаушылар интеграция, әйелдер эмансипациясы және зайырлы қоғамды қорғау керек дейді. Оған қарсы аргументтер – дін еркіндігіне қол сұғу, нәсілшілдікті бүркемелеу және азаматтардың жеке өміріне мемлекеттің араласуы.

Тыйым жастарға қалай ықпал етіп жатыр деген сұраққа осы мәселеге қатысты жүргізілген зерттеулер қорытындысы біржақты жауап бере алмай отыр. Тек 2020 жылы Стэнфорд университеті жүргізген зерттеуді жиі алға тартады. Ол тыйым салу – мұсылман қыздардың білім деңгейіне теріс әсер еткен деген қорытындыға келген. Зерттеу авторларының бірі Василика Фуканың айтуынша, бұл орта және жоғары білім алған мұсылмандар саны азайып кетуіне, сондай-ақ, әсіресе мектепте өзін кем санау сезімінің күшеюіне әкелген. Зерттеуде сонымен қатар тыйым салу қыздардың діни сипат бойынша өзін ерекшелеу сезімін нығайтты делінген.

Стэнфорд университетінің саясаттану профессоры Василика Фука Азаттыққа берген сұхбатында: "Біздің зерттеуіміз тыйымның ұзақ мерзімді әсері қандай болатынын болжамайды, бірақ болашақта адамдар ережелерді толық қабылдауы да, мүлде қоғамнан оқшау өмір сүруі де немесе кері ықпал пайда болуы да мүмкін", – дейді.

Зерттеуші Икбалжан Мирсайитов Франция да, Қазақстан да қолданып келе жатқан тыйым салу стратегиясы қауіпті деп есептейді.

– Басқа-басқа, дәл Қазақстан түсінуі керек: жері ұлан-ғайыр, халқы сирек орналасқан елде егер мұндай тыйым күшейе берсе, адамдар біртіндеп оқшауланып, "мемлекет ішінде мемлекет" пайда болуы мүмкін. Оның салдары өте ауыр болмақ. Қуғын-сүргінге салып, қатаң шаралар қолданып жақсы нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Бір күні ол "жарылатын" болса, өте қиын болады,– дейді Мирсайитов.

Орталық Азиядағы радикалдану проблемаларын зерттеп жүрген сарапшы, конфликтолог Икбалжан Мирсайитов.

Қазақстанда 2021 жылы жүргізілген халық санағының мәліметіне сәйкес, азаматтардың 69 пайыздан астамы ислам дінін ұстанамыз деп көрсеткен. Кейінгі алты жылда министрліктің бұйрығы қанша оқушы қызға әсер еткені белгісіз. 2023 жылы министрлік Азаттыққа "діни киім киген балалардың жеке есебін" жүргізбейтінін хабарлаған. 2023 жылы білім министрі Ғани Бейсембаев Атырау облысында орамалға салынған тыйымға баланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын растаған.

Содан бері Қазақстанда діни салт-дәстүр ұстанатын отбасылар дилеммаға тап болды: оларға не білім, не орамал деген талап қойылды. Ал осыдан жол табу міндетін ата-аналардың өзіне жүктеді. Олармен диалог емес, әкімшілік жазаға тартамыз деп қоқан-лоқы жасап, түсіндіру жұмыстары ғана жүргізілген. Білім беру жүйесі баланы оқытудың балама жолын ұсынбайды, өйткені бұл бұйрыққа жеке меншік мектептер де бағынуға міндетті, ал діни сенім-нанымға байланысты онлайн оқыту деген нәрсе заңда қарастырылмаған.

Мектепте діни символға тыйым салу: Түркия тәжірибесі

Түркияда халықтың 99 пайыздан астамы өзін мұсылман санайды. Қоғамдық орында және мемлекеттік мекемеде мұсылман киіміне толық тыйым салу әскери үкімет билігі тұсында ондаған жыл бойы күшінде болды. Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлудың айтуынша, тыйымды орындау қатаң бақылауда болған. "Кей мекемеге тек төбесін жауып тұратын баскиім киген әйел ғана емес, сақалы ұзын ер адам да кіре алмаған", – дейді Тутумлу.

Бірақ Түркия мәжбүрлеу шараларымен ғана шектелген жоқ. Оқушыны мектепке баруға ынталандыру мақсатында баласы сабақтан қалмайтын отбасыға ақшалай жәрдемақы төлеу бағдарламасын енгіген. "Ақшаны әкесі емес, анасы алып отырады. Сондықтан анаға баласының мектептен қалмағаны өте маңызды", – дейді ғалым.

Кейінгі бірнеше жылда Түркия бұл бағыттан теріс айнала бастады. 2010 жылдың басында билікке Режеп Тайып Ердоған мен Әділет пен даму партиясы келгелі бері елде діни атрибутикаға салынған тыйым біртіндеп алына бастады. Мектепте де (бастауыш сыныптардан басқаларында) оған рұқсат етілген. Бұған қоса қатардағы мектептерді имам-хатибке, яғни мемлекеттік діни мекемеге айналдыру процесі жүріп жатыр. Ондай оқу орнында зайырлы қоғам қағидалары жүрмейді, әдеттегі пәндермен қатар діни пәндер де оқытылады.

Әсел Тутумлу бірнеше жыл күшті экономикалық дағдарыс құрсауында болған Түркияны дін мәселесі екіге жарып отырғанын айтады. Халықтың ондаған жыл бойы басып-жаншылған консервативті бөлігі Ердоғанды олардың мүддесін қорғайтын күшті көшбасшы көреді және оны жүргізіп отырған саясаты өмірдің басқа салаларына қалай әсер ететініне қарамастан қолдауға дайын.

"Олар реформалар мен бағдарламаларға, идеологияға дауыс береді. Олар Ердоғанды ислам мен әділет қағидаларын орнататын адам деп біледі. Президентті өздеріне діни сенім-наным еркіндігін берген адам ретінде пір тұтады", – дейді сарапшы.

Тутумлудың пікірінше, Түркиядағы билеуші режим халықтың мұндай көңіл-күйін саяси қару ретінде пайдаланып отыр. Елде тіпті діни атрибуттарды пайдалану құқығын конституциялық тұрғыдан бекітуге талпыныс жасалған. Бірақ Ердоған бұған қоса "діни еркіндік идеясын жамылып, авторитарлық билігін күшейтетін" түзетулер енгізуді ұсынған дейді ғалым. Бірақ президент түзетулері қабылданбады.

Қазіргі кезде Қазақстанда оқудан шығарылған діндар балалардың ата-аналары ақ орамалды тыйым тізімінен алғызып тастау жолында күресіп жүр. Олар орамал діни символ емес, жай ғана аксессуар дейді. Болат Мусин сотқа берген арызында мектептің ішкі тәртіп ережесін алға тартқан. Онда хиджаб, никаб және пәренжі діни сипаттағы киімге жатады деп жазылған. Ақ орамал туралы сөз жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында киімнің нақты элементтері туралы ештеңе айтылмаған.

Бірақ кейбір мемлекеттік мекемелер ақ орамалды хиджабқа жатқызатын сияқты. Мысалы, Болат Мусиннің "басына ақ орамал тартқанына бола қызымды мектепке кіргізбеді" деген шағымына бала құқығын қорғау комитеті "хиджаб – анықтамасы мен тарихына үңілсек, діни киім. Киімнің бұл түрі міндетті мектеп формасына қойылатын талапқа сәйкес келмейді", – деп жауап берген.

Болат Мусин – орамал тартқанына бола оқудан шығарылған қыздың әкесі.

Мусин бұл жауапқа таңғалып отыр. "Оқулық тапсыруға мектепке барғанымда сақалы бар қазақ ақындары мен орамал тартқан қыздардың суреті ілініп тұрғанын көрдім. Мұны қалай түсінуге болады?" – дейді ол.

Сарапшы Икбалжан Мирсайитов хиджаб пен орамалды бір-біріне теңестіру дұрыс емес деп есептейді.

– Орамал мойынды және басты толық жапса, бәрі оны хиджаб деп есептейді. Бірақ олай емес. Орамал – бас киім. Хиджаб – бүкіл денені жауып тұратын киім. Отбасы діндар болса, ол үйдегі қыз бала тоғыз жастан бастап басына орамал тартуы немесе хиджаб киюі керек. Ислам заңы сондай. Қазақстан теологтары осыны білім беретін мекемелерге түсіндірсе дұрыс болар еді, – дейді Мирсайитов.

Мемлекетпен соттасып жүрген діндар отбасылар көп жылға жалғасқан дауда үнемі жеңіліп қалады. Соттар бұған дейін ондаған істі қарап, министрлік пен мектептердің сөзін қоштаған. Кейде арыз иелеріне ата-ана міндетін орындамағаны үшін айыппұл салған.

– Тым болмағанда сот аяқталғанша онлайн оқуға мүмкіндік беріңіздер деп сұрадым. Бас тартты. Олай болса, проблеманы шешсін немесе діндар балаларға Қазақстанда орын жоқ деп айтсын. Содан кейін көшу мәселесін қарастырамыз. Бірақ неге бәрін қарсы қояды? Біз жоғары білімі бар, қатардағы отбасымыз. Радикал емеспіз. Ата-аналық міндетімізді атқарып, балаларды мектепке апарамыз. Бізді прокуратураға шақыртты, полиция келді. Неге үйтеді, қылмыскер емеспіз ғой, – дейді Мусин.

Сарапшы Мирсайитовтың пікірінше, ата-аналар мен мектептер арасындағы тартыста екі тарап та бала құқын қорғауға тырысып жатырмыз дегенімен, бала құқығы екінші орынға ысырылып қалып жатыр.

– Отбасы зардап шегеді, мемлекетте білімсіз жастар пайда болады. Бұл жерде болашақта осы бала кім болып өседі деген сұрақ қана ойландыруы керек. Және мәмілеге келген дұрыс, – дейді сарапшы.

Мирсаитовтың сөзінше, толық тыйым салу идеясынан бас тартқан Орталық Азияның басқа елдері де осындай қорытындыға келген.

– Бұрын Қырғызстанда да осы процесс қатты тартыс пен жанжал туғызған. Содан кейін отбасылар, мектептер және білім министрлігі қыздың басында ақ орамал тартуға болады деп мәмілеге келді. Бітті. Барлық білім беру мекемелеріне ата-ана басына ақ орамал тартқан қызын алып келеді. Өзбекстанда қоғамдық орында никаб киюге тыйым салатын заң қабылдау туралы бастама көтерді. Бірақ орамал тағуға ешкім тыйым салған жоқ, – дейді Мирсайитов.

Иллюстрация авторы - Алсу Жасқайратова

Франция мектептерінде діни символдарға тыйым салудың нәтижесін зерттеген АҚШ-тағы Стэнфорд университетінің профессоры Василика Фука "оқушының немесе оның отбасының құндылықтарына қайшы мінез-құлық стандартын таңу" шараларына асқан сақтықпен қарайтынын айтады. Мұндай жолмен реттеудің аяғы "күтпеген салдарға" әкелуі мүмкін дейді ол. Оған дәлел де жеткілікті.

"Діни символдарға мемлекеттік саясатты қолданып шүйлігудің аяғы өте қауіпті. Оның кері әсері болуы мүмкін. Діннің маңызын күшейтіп, қоғамды екіге жаруы ықтимал", – дейді Фука.

Әнел мектепке бармағалы жарты жыл болды. Оқу бағдарламасынан қалып қоймау үшін репетитор жалдап оқып жүр. Оған едәуір ақша кетеді. Оқушы қыз сыныпқа ораламын деген үмітін үзбей келеді.

"Сотта жеңеміз деп үміттенем. Қатардағы мектепте оқығым келмейді. Ол жақта оқу тым оңай әрі іш пыстырады. Орамалға бола кіргізбегені көңіліме келді. Ол ештеңеге, соның ішінде оқуыма да әсер етпейді ғой", – дейді Әнел.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пәренжі, орамал, шәлі. Бұрынғы СССР-дағы әйел бас киімінің эволюциясы