Абайдың мерейтойын ақынның туған жері Семей қалай атап өтті?

Абай алаңындағы Абай ескерткіші. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

Белгілі қазақ ойшылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның туған жері Семейді көркейту жұмыстарына миллиардтаған теңге бөлінді. Бірақ қала мерейтойды діттегендей атап өте алмады.

Биыл ресми мерекелер тізіміне енген Абайдың туған күні коронавирус пандемиясына байланысты жоспардағыдан әлдеқайда қарапайым деңгейде өтті. Көп шара өтпей қалды, ал қалғаны онлайн форматқа көшті. Бірақ бұл мереке елеусіз өтіп жатыр дегенді білдірмейді. Абайдың туған өңіріндегі Семей қаласында ақынның мерейтойына миллиардтаған теңге жұмсалып жатыр.

Қаржы министрлігінің 2018 жылғы дерегінше, Шығыс Қазақстан облысы республикадағы ең бай облыстардың бірі саналады. "Жергілікті бюджетке түсетін қаржы бойынша" облыс мұнай-газымен танымал Атырау облысымен шамалас.

Семей қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Азаттыққа берген жауабында мерекеге орай ұйымдастырылған шараларды өткізуге 12 миллион теңге, ал қаланы көркейтуге 6,8 миллиард теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл сомаға басқа облыстардың беретін сыйлықтары да кіреді.

МЕРЕЙТОЙҒА ҮЛГЕРУ

Семейде қаланы Абайдың 175 жылдығына дайындау жөніндегі жұмыс тобы 2019 жылдың шілдесінде құрылған. Осы уақыт аралығында 40 нысанды жөндеп, көркейту жоспарланған.

Қазірге дейін аяқталған жұмыстар:

  • Қалаға кіреберісте орналасқан "Абай Жолы" стелласын бояу;
  • Белгісіз "шағын архитектуралық формаларды" бояу;
  • Бір каскадтық фонтанды жөндеу;
  • Ағаш қырқу.

Қалған жобалар карантин шектеулеріне байланысты не аяқталмаған, не басталмаған, ал кейбір шаралар мүлде өтпейтін болды.

"Абай жолы" романының авторы Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіштің тұғыры бұзылып жатыр, бірнеше тақтайшасы түсіп қалған. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

"Абай жолы" романының авторы Мұхтар Әуезовке қойылған ескерткіш бұзылып жатыр. Ескерткіш орнатылған тұғырдың бірнеше тақтайшасы бүлінген. Әкімдік ескерткішті Абайдың туған күніне дейін жөнделетін нысандар тізіміне қосқан. Ескерткіш тұрған алаңды 602 миллион теңгеге реконструкциядан өткізу жұмыстарын Батыс Қазақстан облысы мойнына алған. Бірақ жөндеу жұмыстары әлі басталмаған.

Абай алаңын реконструкциядан өткізу жұмыстары да жоспарға сай жүрмеді. Жалпы құны 534 миллион теңгені құрайтын жоба 1 тамызға дейін аяқталуы керек еді.

Абай алаңы. 10 тамыз 2020 жыл.

"Жұмыстың аяқталу мерзімі — 1 тамыз. Нысандағы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр" деді 7 тамыз күні жауап берген әкімдік өкілдері.

Дегенмен тексеру кезінде әкімдіктің 20 мамыр күні (келісімшартқа қол қойылғаннан кейін) берген уәдесі орындалмағаны белгілі болды. Қалалық әкімдік жоспарда жолдың жиектасын жаңарту, Абай ескерткішіне жарық орнату, фонтан қою, балаларға спорт алаңдарын, көлік тұрағын салу барын айтқан.

Қалалық әкімдіктің мәдениет бөлімінің мәліметінше, шілде айында жобаға өзгеріс енгізілген. Фонтан орнатылмайтын болған, балалар және спорт алаңдары жабдықталған, ал қалған нысандар бойынша мердігерлер жұмыс істеп жатыр.

Абай мұражайы (сол жақта). Семей, 8 тамыз 2020 жыл.

Абайдың 175 жылдығы қарсаңында әкімдік құрылысы 2008 жылы басталған мешітті бітіруді жоспарлаған. 2019 жылы құрылыс нысаны ТAS Group компаниялар тобына тапсырылғаны белгілі болды. Абайдың аты беріледі деп күтілген мешіт құрылысы 2020 жылы жазда аяқталуы керек еді. Бірақ бұл мешіт те ақынның туған күніне дейін салынып бітпеді.

Абайдың 175 жылдық мерейтойына дейін құрылысы аяқталмаған төрт мұнаралы мешіт. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

Екі жылдан бері есігі жабық тұрған Орталық саябақты жөндеу жұмыстары да атаулы датаға дейін аяқталады деп жоспарланған. 2020 жылы наурызда өткен қаланы көркейту жиынында Семейдің әкімі Ермак Сәлімов "Орталық саябақ мамырда ашылады" деп айтқан. Сол кезде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов барлық жұмысты (көше жарығын модернизациялау, 25 километр жолды және тұрғын үйлердің алдыңғы бетін жөндеу жұмыстарын қосқанда) 20 шілдеге дейін бітіруді тапсырған. Әкімнің талабы орындалған жоқ.

Абай атындағы театрды толықтай жөндеуден өткізу жұмыстары да бітпеген. Театр директоры Яков Горельников 2020 жылы сәуірде "Абайдың 175 жылдығына арналған ең маңызды шаралар біздің театрда өтеді. Қонақтарды жақсы дайындықпен қарсы алуымыз керек" деген еді.

Театрды жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 190 миллион теңге бөлінген.

Семейдегі Абай атындағы театр. 8 тамыз 2020 жыл.

СЕМЕЙГЕ ЖАСАЛҒАН СЫЙЛЫҚТАР

Абай мұражайы алдындағы алаңды жөндеуге қарастырылған бюджет 38,8 миллионнан 140 миллион теңгеге дейін үш жарым есе өскен. Мұны "жұмыс түрінің өзгеруімен" түсіндіреді. Жобаны қаржыландыру Шығыс Қазақстан облысына ұсынылған. Бірақ облыстың бұл шығындарды көтеру-көтермеуі белгісіз.

Қаланы шенеуніктер сөзімен айтқанда "адам танымастай етіп өзгертеді" деп жоспарланған нысандардың көбін Абайдың туған күніне басқа облыстар мен ел астанасы тарту етуі керек болған.

Алайда Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Ақмола және Қызылорда облыстары жобаларынан бас тартты. Облыстар 30 ауланы көркейту жобасына қатысқан. Жобаға қатысушы қалған алты өңірдің шешімі белгісіз. Әзірге Шымкент қаласы мен Жамбыл облысы ғана жұмысқа кіріскен.

Соңғы екі жыл бойы жабық тұрған Орталық саябақ, 10 тамыз 2020 жыл.

Екі жыл бұрын астананың 20 жылдығына орай өңірлерден өзі сыйлық алған Нұр-Сұлтан қаласы Ертіс өзенінің жағалауын жөндеп, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын төсеп, спорт алаңдары мен демалыс орындарын салуы керек еді. Ресми жауапқа сәйкес, астана Семейге "атаған" сыйлығынан "қазір қалыптасқан экономикалық жағдай мен бюджеттің шектеулі болуына байланысты" бас тартқан.

Алматы облысы Семейге сыйлық ретінде 650 миллион теңгеге жүргінші жолын салып берген.

Абай Жолы. Бүлінген асфальттың орнына тас кеспекше төселіп, жаңа демалыс орындары мен спорт алаңы салынған. Осыған дейін берілген уәдеде айтылған территория мен архитектуралық формаларды көгалдандыру жүзеге аспаған. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

Қала билігінің жауабына сәйкес, Түркістан облысы құрылысы бітпеген мешіттің маңындағы алаңды көркейту жобасын бастаған. Бұл Алматы қаласымен бірлескен жоба болуы керек. Бірақ Алматы аталған жобаға қаржы бөле ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

"300 МЕТРЛІК ЕУРОПА"

Мәңгілік Ел — Ибраева көшелерінің 300 метрлік бөлігі (орталық алаңға жақын орналасқан көшелер) шілде айында "Еуропаға ұқсап", өзгеруі керек еді.

Мәңгілік Ел көшесін көркейту де – Абайдың 175-жылдығына орай қолға алынған жобалардың бірі.

— Бұл жерде серуендейтін жастар шетел қандай әдемі деп тамсанбауы керек. Шетелдегінің бәрін өз елімізде жасауға шамамыз жетеді. Мына 300 метр жер тура Еуропадағыдай болады. Адамдар атмосфераның өзгергенін сезінуі керек. Мұны жүзеге асыруға дизайнерлік шешімдер көмектеседі, — деген өңір басшысы.

Мәңгілік Ел көшесінде "300 метрлік Еуропа" пайда болуы керек еді. Семей, 10 тамыз 2020 жыл.

2018 жылы Ленин көшесінің аты Мәңгілік ел деп өзгергенде, оның екі километрін жаяу жүргінші жолына айналдыру жоспарланған. Жоба дайындалып, шығын есептелгеннен кейін билік өкілдері Мәңгілік елді кесіп өтетін қосалқы көшелердің көптігін ескеріп, жүргінші жолын салуға болмайды деген қорытындыға келген.

Ал "300 метрлік Еуропа" не шілдеде, не тамызда дайын болған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өлең - сөздің патшасы..." Абай шығармашылығын қаншалық білесіз?