Індеттен жабырқаған жұрттың көңіліне жылу сыйлаған суретші

Көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы орындықта, қабырғасына Вениамин Шульгин сурет салған гараждың қасында демалып отырған ер адам. Шымкент, 1 қыркүйек 2020 жыл.

Шымкенттік әуесқой суретші Вениамин Шульгин коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде қаладағы көпқабатты үйлердің ауласындағы гараж-сарайларға жиырмаға жуық сурет салып шыққан. Ол мұны індеттен жабырқаған тұрғындардың көңілін көтеру үшін салғанын айтады.

Вениамин Шульгин сурет салумен 12 жасынан бастап айналыса бастапты. Сүйікті тақырыптарының бірі – пейзаж. Ол салған суреттерде сарқыраған өзен-су, аң мен құс, ну орман мен шыңы қар жамылған биік таулар, тұңғиық теңіз бен оны мекендейтін жануарлар мен жәндіктер жиі кездеседі.

Вениамин ауладағы гараж, сарайлардың қабырғасына сурет салуды бір жыл бұрын бастапты. Содан бері ол жиырмаға жуық сурет салған.

Шульгин тұрғын үй ауласы маңындағы гараж қабырғасына салған мына суретте ормандағы панда мен тотықұс бейнеленген.

Ал гараж қабырғаcына салған тағы бір суретте ғарыш көгінен қар жамылған тау шыңдарға төнген Сатурн планетасы мен жотада тұрған қызыл түсті жеңіл автокөлік бейнеленген.

Вениамин Шульгин сурет салатын қабырғаны таңдағаннан кейін оны маңайымен қоса тазартып, тегістеп, дайындық жұмысын жүргізеді.

Орынды әзірлеу де едәуір уақыт алатын жұмыс. Кейде қабырғаны бойлай өскен шөп-шаламды жұлу да қажырлы еңбекті қажет етеді.

Сылағы түскен сұрықсыз қабырғаның сурет салуға келуі үшін Вениаминге біраз тер төгуге тура келеді. Шульгин бір суретке 4-5 күн, 25-30 мың теңге жұмсайтынын айтады.

Вениамин Шульгин сурет салуға таңдап гараж қабырғасын тазалап жатыр.

Әу баста жұрт ескі гараждардың қабырғасын тазалап, бояу құйылған ыдыстары мен қылқалам, өзге де құрал-жабдығын сайлап, күні бойы тынымсыз жұмыс істеп жүрген адамға таңырқай қарайтын. Қазір Вениаминді барлығы танып алған. Кезекті қабырғаны тазартуға кіріскен онымен ары-бері өткендер жымия амандасып, қандай сурет салатынын сұрап, ісіне сәттілік тілейді.

"Мен суретті адамның көңіл-күйін көтеріп, демалуы үшін саламын. Коронавирус індеті халыққа ауыр тиді. Әйткенмен, өмір деген тек қорқыныш, ауру, зорлық-зомбылықтан ғана емес, әдеміліктен де тұрады. Нені қаласаң, сол болады", - дейді суретшінің өзі.

Вениамин Шульгин салған суреттің маңынан өтіп бара жатқан әйел.

Кейінгі кезде Вениамин Шульгинге сурет салғызғысы келетіндер көбейген. Мысалы, мына көпқабатты тұрғын үйдің ауласында тұрған гараждардың төртеуінің иесі сурет салуға тапсырыс берген. Шымкент, 3 қыркүйек 2020 жыл.

Вениамин Шульгин әртүрлі тақырыпқа сурет салады.

– Мысалы, қабырға тұрған маңда балалар жиі жүрсе, онда суретті балалар тақырыбына саламын. Сол сияқты, егде жастағы адамдарға да арнап салған суреттерім бар. Яғни, жас болсын, кәрі болсын, өзім салған сурет жұрттың бәрі қызыға тамашалайтын, оларға шабыт, жігер мен жақсы көңіл-күй сыйласа деймін, - дейді ол.

Вениамин Шульгин салған суреттерді тамашалап бара жатқан балалы әйел.

- Қазір адамдар жұмысыма ризашылық есебінде керек-жарағымның ақшасын төлеп беретін болды. Оларға жұмыс істеуіме, дамуыма септескені үшін рахмет айтамын, - дейді суретші.

Вениамин Шульгиннің көрші тұрған екі гараждың беткі қабырғасына табиғат суретін салып шықты.

Суретшінің жұмыс құралы.

Вениамин Шульгин сурет салғанда пайдаланатын түрлі құрал-сайманын осы қоралардың біріне қояды.

Your browser doesn’t support HTML5

Карантинде көшені түрлендірген суретші