"Баламды террорист қылмақшы". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан Аңсар Исламның анасы кінәліні табуды талап етеді

22 жастағы шымкенттік Аңсар Ислам 2022 жылғы 5 қаңтарда Алматыдағы "Алтын орда" базары маңында мойны мен шатына оқ тиіп қаза тапты. Отбасы архивіндегі сурет.

Қаңтар қырғыны құрбандарының бірі, шымкенттік жас жігіт Аңсар Исламның ата-анасы баласынан айрылып бір қайғырса, ұлының қабірі олардың еркінен тыс қазылып, тағы да қан жұтты. Үш ай күресіп, Жоғарғы сотқа дейін арызданып, зиратын күні-түні күзетсе де болмады, жақында марқұмға эксгумация жасалды. Анасы баламды атқан адамды таппайынша тынбаймын дейді.

"АЛТЫН ОРДА" МАҢЫНДАҒЫ АТЫС

22 жастағы шымкенттік Аңсар Ислам былтыр қарашада ғана үйленіп, Алматыда жаңа өмір бастаған. Такси жүргізіп нәпақа тауып жүрген ол жыл басындағы Қаңтар дүрбелеңінде қыршын кетті.

Жаңа жылда қарашаңыраққа келіп, ата-ана, бауырларымен мерекені тойлап, 4 қаңтарда ағасы Асқарды алып Алматыға кеткеннен қайтып оралмады. Бұл – ата-анасының Аңсарды соңғы көруі екен. Айналасы екі күнде Шымкентке оның денесі келіп, Аманқұлов әулеті қара жамылды.

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Аңсар Ислам. Сурет отбасының жеке архивінен алынды.

Маңғыстауда сұйылтылған газ бағасының қымбаттауына қарсылықтан басталып, бүкіл Қазақстанды шарпыған наразылық әлі бейбіт өтіп жатқан. Дүрбелең басталғанынан бейхабар ағалы-інілі Асқар мен Аңсар 5 қаңтар түс ауа көліктің майын ауыстыру үшін дүкен іздеп сыртқа шығады. Бірнеше дүкенге барса, барлығы жабық.

Ағайынды екеуі қала шетіндегі "Алтын орда" базары маңына келгенде қорқынышты жағдайды көреді.

Жолда бірнеше көлік аударылып, дөңгелектері өртеніп жатады. Ығы-жығы көліктен шыға алмайтынын білген олар машинаны таса жерге қоя салып, жаяулатып үйіне кетпек болады. Осы сәтте жиналып қалған жүздеген адамға белгісіз жақтан оқ атылып, топалаң басталады. Арғы жағы үрейлі киноларда көрсететін атыс пен қантөгіске ұласады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мойны мен шабына оқ тиген". Қаңтарда қаза болған Аңсардың анасының шері

– Болған оқиғаны баламды жерлеген соң үлкен ұлым Асқар айтып берді. Жиналғандарға қарай оқ атылғанда Асқар жол жиегіндегі арыққа құлаған. Аңсар ағашты тасалаған. Шамамен отыз метр қашықта тұрған көліктің жанында оқ тиген адам жатыпты. Аңсар сол адамға көмектесу үшін жауған оқтың астымен жүгірген. Жараланған адамды көлікке салып жатқанда өзінің мойны мен шатына оқ тиіп, құлаған. Ағасы жанында жатқан қалқанды тасалап Аңсардың қасына барғанда мойнынан аққан қанды көріп есінен танып қалыпты, – дейді анасы Жазира Жандарбекова көз жасын тыя алмай.

АУРУХАНА, МӘЙІТХАНА, ЖЕРЛЕУ

Асқар сол жерде талып қалып, тек ауруханада есін жияды. Бірде жаяу, бірде көлікпен жүріп, аурухана мен мәйітханалардан інісін бірнеше сағат іздепті. Әр мәйітханаға барған сайын "бұл жерден шықпаса екен" деп Аллаға жалбарынған. Ең соңында барған Алматы қалалық паталог-анатомия бюросынан оқ тиіп қаза болған інісін тауыпты.

Алматыдағы мәйітхана алдына жиналған адамдар. 10 қаңтар 2022 жыл.

– "Ішке кірсем адам көп, біріне-бірі қарап жатқан ешкім жоқ" дейді. "Бұл жерде алпыс мәйіт жатыр. Бәрін көресің бе?" деп сұрапты. "Көремін" деп, бәрін көріп шыққан. "Бірінің үстінде бірі жатыр, сөзбен айтып жеткізе алмаймын" дейді. Ортасына келгенде інісін аяқкиімінен таныпты, – деп Асқардың сөзін жеткізді анасы.

Мәйітханада экспертиза жасауға мүмкіндік жоқ, адам көп, сондықтан олар Аңсардың қайтыс болғаны туралы медициналық анықтама толтырып, марқұмның сүйегін бауырына береді. Руфат Хасанов қол қойған медициналық анықтамада "аты-жөні", "туған күні", "қайтыс болған күні" мен "қайтыс болу себебі" деген пункттерден басқа ештеңе толтырылмаған. Қайтыс болу себебі айтылған жерде "мойны мен денесіне тиген оқтан қаза тапты" деген жазу ғана бар.

Бірінші оқ желкесінен кіріп, тамағынан, екіншісі құйымшағынан кіріп, шатынан шыққан. Сүйекті жуған адамдар бұған куәлік берген.

Үй-іші Аңсар Исламды 6 қаңтарда Шымкенттің "Қайтпас-2" ықшамауданындағы зиратқа жерледі.

Жазира Жандарбекова (сол жақта) мен күйеуі Әлімжан Аманқұлов 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан ұлдары Аңсар Исламның зираты басында. Шымкент, 7 сәуір 2022 жыл.

ЭКСГУМАЦИЯ

Қайғы-қасірет мұнымен бітпеді. Әкесі үш айдан соң баласының қабірін қайта қазып, сүйегін өз көзімен көруге мәжбүр боларын білмеді.

19 қаңтарда Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық соты Аңсар Исламның мәйітін эксгумациялау жөнінде қаулы шығарды. Онда 4-7 қаңтарда Алматыдағы дүрбелеңге қатысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қылмыстық іс қозғалғаны айтылған. 5 қаңтарда Алматыда оқ тиіп қаза болған Аңсардың сүйегіне сот-медицина сараптамасы өткізілмеген.

– Баламның сүйегін қайта қазып алып, сараптамадан өткізеді дегенде төбемнен жай түскендей болды. Қарсы болдық. Қазып алмасын деп күн-түн демей зират басын күзеттік. Сот қаулысына апелляциялық шағым түсірдік. Жоғарғы сотқа арыздандық. Бірақ бәрі бекер болды, – дейді марқұмның әкесі Әлімжан Аманқұлов.

Әлімжан Аманқұлов ұлы Аңсар Исламның зираты басында тұр. Шымкент, 7 сәуір 2022 жыл.

Жазира Жандарбекованың айтуынша, соңғы қаулы шыққанша полиция мен прокуратураға барып, эксгумация жасамауды өтінген, ешкімнен құн дауламайтынын айтқан.

Қабірді қазып кете ме деп, бейітті Аңсардың ата-анасы, көршілері, тіпті сыныптастары күзеткен.

Үш ай бұрын жерленген жігітке эксгумация жасайтын сәуірдің 7-күні Жазира мен Әлімжанның өтінішімен Азаттық тілшісі бейіт басына барды. Өздері Шымкентте пәтер жалдап тұратын, бірі дәмханада, бірі құрылыста істейтін қарапайым жандардың өз құқығын дұрыстап қорғауға да мүмкіндігі болмай, ақпарат құралдарынан араша сұрады.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері алдымен таңғы 9-да келіп, содан соң түске қалдырып, ақыры "тергеуге кедергі келтірді" деп, тілшіні бейіттен шығарып жіберді. Әкесі ұлының қабірін өзі қазғызуға мәжбүр болды.

Қаңтар дүрбелеңі кезінде Алматыда оқ тиіп қаза тапқан Аңсар Ислам жерленген зиратта жүрген полиция. Шымкент, 7 сәуір 2022 жыл.

– Қазып, сүйегін шығардық, қайтейін енді. Үш ай болды қандай болып кеткенін білесіздер. Сот сараптамасына өзім барып қатыстым. Сүйекті қайта әкеліп, жерледік, – Әлімжан Аманқұлов.

Сараптама кезінде сүйектен оқ шықпаған, тек әлдебір темір жарықшақ табылған, ол ненің темірі екені белгісіз. Қорытынды туыстарына әлі берілген жоқ.

"ОҚ АТҚАН АДАМДЫ ТАППАЙ ТЫНБАЙМЫН"

Іс бойынша Аңсардың анасы мен оқиға кезінде бірге болған ағасы Асқарды прокуратура бес рет шақырған. Бірақ іс бойынша кімге қандай айып тағылғанын, күдіктілердің бар-жоғын нақты айтпаған. Тек оқиғаға байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғалғанын, тергеушілер Аңсардың террористерге қатысы бар-жоғын анықтау үшін эксгумация жасау керегін ғана айтқан.

Бірақ анасы ұлын террорист қатарына қосып жібере ме деп уайымдайды.

– Өтінішіміз орындалмады. Сүйегінде оқ жоқ десек, сенбеді. Баламның қабірдегі сүйегін де тыныш қоймады. Не үшін қазады? Күдігім көп. Баламды террорист ете ме деп күдіктенемін. Балам террорист емес! – дейді өксігін баса алмаған анасы.

"Баламды террорист ете ме деп күдіктенемін. Балам террорист емес!" дейді Жазира Жандарбекова.

– Енді оқ атқан адамды таппай тынбаймын. Өзімді өртеп, өлсем де үкіметтен баламды өлтірген адамды тауып беруін, оны өмір бойы бостандығынан айыруын талап етемін, – дейді Жазира.

Шымкент қалалық полиция департаменті осымен Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда қаза болып, Шымкентте жерленген екінші адамның сүйегін қайта қазды. Бұдан бұрын туыстарының қарсылығына қарамастан, 52 жастағы әйел адамның сүйегіне эксгумация жасалған. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол Алматыда таксиде кетіп бара жатқанда оқ тиіп, мерт болған.

Туыстары келісім бермесе де, Қазақстанның әр аймағында Қаңтар оқиғасына кезінде қаза болған ондаған адамның сүйегі эксгумацияланды. Тергеушілер мұны көз жұмған адамдардың сүйегі тиісті сараптамадан өткізілмей жерленгенімен байланыстырады.

БІР ҮМІТ

Аңсар отбасындағы үш баланың екіншісі еді. Ағасы мен інісі Шымкентте ата-анасымен бірге тұрады.

Аңсар Исламның әскери борышын өтеп жүргенде түскен суреті. Ата-анасының айтуынша, ол әскери қызметкер болуды армандаған.

Аңсар мектеп бітірген соң ол колледжде аспаз мамандығын оқыған. Оны тәмамдап, бір жыл шамасында аспаз болып жұмыс істеген.

Әскери борышын өтеп келген соң Аңсар әскери қызметкер болуға құжат өткізген. Бірақ тиісті талапқа сай болмай, әскерге қабылданбапты. Биыл сәуірде әскери қызметке қайтадан құжат тапсырып, тағы да бақ сынап көруді жоспарлап жүрген.

Көлікке қатты қызығып, машинаны өзі жөндейтін Аңсар барлық суретінде жымия қарап, күлімдеп тұрғаны бейнеленген. Ақжарқын, жайдары жігіт болғаны көрініп тұр.

Аңсар Ислам. Отбасы архивіндегі суреті.

– Жоқ болса да жоқ-жітігін білдірмейтін. Жетпей жатса да "жетпей жатыр деп ешқашан айтпа, анашым, бізде бәрі жақсы болады" дейтін, – деп еске алады Жазира.

Аңсар соңғы екі жыл шамасында Алматыда пәтер жалдап тұрып, "Яндекс таксиде" жұмыс істеп, күн көрген.

Әлімжан мен Жазираның көңіліне демеу болар бір ғана жайт бар. 21 жасында азаматынан айрылған Аңсардың әйелі жүкті екенін кейін білген.

– Қайғымызбен қара жамылып отырғанда бұл қуанышты хабарды естіп жылап алдық. Баламыздың артында ұрпағы қалатын болды-ау деген үміт қайғымызды жеңілдеткендей болды, – дейді Аңсардың әкесі.

2 қаңтарда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жүздеген адам сұйылтылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттауына наразылық білдірді. Бұл наразылық екі күнде Қазақстанның бірнеше қаласында жалғасып, жұрт үкіметке талабын айтып, жаппай митингіге шықты. Бейбіт басталған наразылықтың соңы Қазақстанның жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіске ұласты. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 230 адам қаза болды. Олардың басым бөлігі Алматыдағы дүрбелеңде оққа ұшқан. Бұған қоса, Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адам тергеу изоляторында көз жұмды. Үкімет Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың аты-жөнін әлі күнге жариялаған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтар оқиғасында қаза болғандар

Қаңтар оқиғасында әскерилер бейбіт тұрғындарға оқ атқан деген куәгерлердің сөзін билік теріске шығарып, мойындамайды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүрбелеңге "қарулы бұзақылар" мен "шетелде арнайы дайындықтан өткен террористер" қатысты деп ресми мәлімдегенімен, билік елге сырттан террористер келгеніне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

Қаңтар оқиғасынан соң мыңдаған адам ұсталып, жүздеген адам қамауға алынды. Қозғалған қылмыстық іс бойынша 152 адам сотталды. Оның 17-сі түрмеге қамалды.

Нұр-Сұлтан құқық қорғаушылардың Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеу туралы ұсынысынан бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Террористің әйелі сияқты тергеді". Қаңтар оқиғасында атып өлтірілген азаматтың жесірінің әңгімесі"Алаңда оққа ұшты". Шымкентте қыршынынан қиылған қос ғұмырдың сұрауы кімнен?"Жазықсыз жандарды атып тастады". 6 қаңтарда Алматыдағы алаңда не болды?"Ескертусіз атуды ақтауға болмайды". Қазақстандағы оқиғаға халықаралық құқық тұрғысынан қарау"Баламды террорист деп траншеяға көмбек". Ақтөбеде ұлынан айырылған отбасы марқұмның сүйегін ала алмай жүр