Шымкенттегі Covid орталығы жағдайы ауыр науқасқа толды
Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың Covid орталыққа айналғанына бір ай толған жоқ. Қазір мұнда жағдайы ауыр науқастар, вирус жұқтырған жүкті әйелдер және жас босанған аналар емделіп жатыр.
Қақпадағы күзетшілер шамамен әр 5 минут сайын бірінен соң бірі келіп жатқан жедел жәрдем көлігін ішке кіргізіп тұр.
Науқасты қабылдау бөліміне жеткізген соң жедел жәрдем көліктері қайтадан сыртқа шығып жатыр.
Жедел жәрдем көлігі мен орталықта жұмыс істейтіндерден бөгде адамдардың аурухана қақпасынан ішке кіруіне болмайды.
Қақпаның бір бұрышында орталықта емделіп жатқан науқастардың аты-жөні, қай бөлімде жатқаны, дәрігерлердің есімі мен телефон нөмірі жазылған.
Тізімге қарағанда, 350 орынға шақталған ауруханада қазір одан көп сырқат жатқанға ұқсайды.
Қақпа сыртында науқастардың туыстары тұр. Ақ түсті арнайы киім киген кіші медицина қызметкерлері олардан ас-су, басқа да заттар салынған сәлем-сауқатты қабылдап алып, науқастың аты-жөнін жазып алады да, ішке кіріп кетеді.
Covid орталығында жатқан науқастарға жақын-жуығы әкелген сәлемдемені алып бара жатқан кіші медицина қызметкерлері.
Аурухананың сырт жағында босаған оттегі баллонын көлікке тиеп жатқан адам. Орталықта жатқан науқастардың көбі оттегі баллонына қосылған арнайы аппараттың көмегімен тыныс алады.
Оттегі баллондары тиелген жүк көлігі.
№2 қалалық аурухананың "Лас аймақ" деп аталатын бөлігіне қызметкерлер вирустан қорғайтын арнайы киім киіп қана кіреді.
Аурухананың шетінде жертөлеге түсетін есіктен "таза аймаққа" кіріп, арнайы киім киетін орынға өтеміз.
Қабылдау бөлімінен ішке қарай кіретін есікке "Қызыл аймақ" деп жазылған қызыл түсті тақтай ілініпті.
Қабырғаға қосымша "Таза аймақ" және "Лас аймақ" деп жазып қойыпты.
"Қызыл аймақтың" ішіне қарай өтіп, ұзын дәлізбен жүріп келе жатқанда еңсені басатын көңілсіздік сезіледі.
Мейіргерлер науқастарды мүгедек арбасымен ары-бері тасып жүр. Арбадағы адамның өңі қашқан, сұп-сұр, не қызуы көтерілгендіктен қызарып кеткені байқалады.
Орталықта жатқан науқастарға сырт жақтан жақын-туысы беріп жіберген заттарды мүгедек арбасына салып, итеріп келе жатқан кіші медқызметкер.
Орталыққа ауыр халде жеткізілген науқас көбейген соң қосымша жансақтау бөлімі ашылған. Дәлізге жағалай орналасқан он шақты бөлменің әрбірінде төрт адамнан жатыр.
Әр кереуеттің басында науқастың аты-жөні, туған күні, ауруханаға түскен уақыты мен өкпесінің қанша пайызы қабынғаны туралы мәлімет жазылған. Әр науқастың қасына жеке-жеке тыныс алу аппараты қойылған.
Ерлер мен әйелдер аралас жатқан бөлменің ішінен шыққан шиқылдаған аппарат дыбысы құлақты шыңылдатады.
Оған қоса ырс-ырс етіп, дем жетпей қиналған адамдардың даусы денеңді түршіктіреді. Біз көрген науқастардың түгелге жуығы оттегі аппараты көмегімен тыныстап жатыр.
Кей науқас ауа жетпей, өкпесі қысып, демала алмай қиналғаннан кереуетті ұрып жатыр. Сөйлеуге әлі жетпеген олар дәрігерлерді қолымен ымдап шақырады. Шалқасынан жатқан адам жоқ. Дәрігерлер "шалқадан жатуға болмайды, ауа жетпей қиналады, бір қырына не етпетінен жатқызатынымыз содан" деп түсіндірді.
64 жастағы Кенжетай Қалдарбековтің өкпесінің 60 пайызы қабынған. Қозғалса, сөйлесе жөтел қысып, ауа жетпей қалады. Өздігінен тыныстай алмайды.
– Інім келін алып, құда күтіп едік. Құдалықтан кейін өзенге шомылдық. Содан кейін жөтел басталды. Үйде дәрі алып ішіп едім, қоймады. Ауылда үш адам ауырдық, – дейді ол.
Қазір орталықта жатқан 364 сырқаттың 320-сы өздігінен тыныс ала алмайды, арнайы аппаратпен демалып жатыр дейді аурухана өкілі. Көбінің өкпесі 70 пайыздан 95 пайызға дейін қабынған.
72 жастағы Несібелі Байжанованың жансақтау бөліміне түскеніне он күннен асты. Әуелі бір апта үйінде емделген. Диабетпен ауыратын зейнеткердің қанты көтеріліп, өкпесімен қоса жүрегі қысып, асқазаны ауырған. "Балам коронвирустан қайтыс болды" дейді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, орталықта жатқан науқастар өздігінен тұрып, жүре алмайды. Орнынан тұрса басы айналып, құлап қалуы мүмкін.
– Емханаға хабарласпай, үйінде 5-6 күн емделген науқастардың өкпесі 95 пайызға дейін қабынған. Бізге жағдайы аса ауыр науқастар жеткізіледі. Былайша айтқанда, өлім аузында жатқан адамдар. Мысалы, 5 тамызға қараған түні 7 адам қайтыс болды, – дейді №2 қалалық аурухана бас дәрігері қызметін уақытша атқарушы Асқар Рахматәлиев Азаттық тілшісіне.
Дәрігерлер кейінгі екі аптада коронавирус жұқтырған жүкті әйелдердің саны күрт көбейгенін айтады. Ондаған әйел ауруханаға жатқызылған. Коронавирус жұқтырып, жас босанған әйелдердің балаларынан вирус анықталмаған. Орталықта жүкті әйелдер мен жас босанған аналар жатқан арнайы бөлім бар. Онда перзентханадағыдай жас сәбидің жылаған дауысы естілмейді. Есігі ашық тұрған бөлмелерден бала кереуеті мен оның жанында жатқан анасы көрінеді.
Ділбар Ташмұхаммедованың бойына бала біткеніне 35 апта болған. Ауырғаннан кейін алғашында үйінде ем қабылдап, демала алмай ауруханаға түскенде өкпесінің 72 пайызына зақым келгені анықталған. Қазір өкпесінің 92 пайызы қабынған.
– Салқын су ішіп қойдым. 10 күн үйде емделдім. Жөтелдім, қызуым көтерілді. Қазір ыстығым жоқ, бірақ ауа жетпей жатыр, – дейді ол.
Дәрігерлер ай-күні жақындаған жүкті әйелдерді арнайы аппаратпен тексеріп, құрсағындағы нәрестенің жүрек соғысын тыңдап жүр.
Жүкті әйелдерге арналған жансақтау бөлімінде үш әйел жатыр. Бірі – өкпесінің 48 пайызы қабынып, дене қызуы көтеріліп, алты күн бұрын айы-күні жетпей тұңғышына босаныпты. Бірақ сәбиін әлі көрмегенін айтады.
Азаттық тілшісі орталықтан сыртқа шыққан кезде аурухана жанындағы есіктен кіші медқызметкерлердің бірі орталықтан емделіп шыққан адамды шығарып салды.
Ал аурухана алдында науқастарға келген адамдар жиналып тұрды.
№2 қалалық ауруханада жатқан науқасқа сәлемдеме әкелген адамнан оны қабылдап тұрған кіші медицина қызметкері.
Орталық дәрігерлері бірінен соң бірі толассыз келіп, кезекте тұрған жедел жәрдем көлігінен науқастарды түсіріп, қабылдап жатты.
№2 қалалық аурухананың қабылдау бөліміне жаңа науқастарды әкеліп жатқан жедел жәрдем көліктері. Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
Індеттің өршуіне байланысты "күрең қызыл" аймаққа енгізілген Шымкентте қазір күн сайын жүздеген адамның коронавирус жұқтырып алғаны анықталып жатыр.