Шымкентте тергеуде өлген Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша төрт полицей сотталды

Шымкент полиция департаментінде тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев. Жеке архивтегі фото.

30 маусымда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот "азаптау" және "қызметін асыра пайдалану" айыбы тағылған төрт полиция қызметкерін 2 жылдан 7 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бостандығынан айырды. Азапталған екі адамның бірі полицияда көз жұмған. Сотталушылар да, жәбірленушілер де үкімге келіспей, апелляциялық шағым беретінін айтты.

2021 жылғы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментіне "қымбат көлік ұрлауға қатысы бар" деген күдікпен Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петров деген екі азамат жеткізілген. Бірнеше сағаттан кейін Жұмабаев полиция мекемесінде көз жұмды. Алғашында полицейлер "ол жауап алу кезінде өзін нашар сезініп, жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды" деп хабарлады.

Әуелде полиция "Жұмабаев жауап алу барысында өзін нашар сезініп, қайтыс болған" деген еді. Бірақ туыстары марқұмның денесінде жарақат көп екенін мәлімдеген соң, 11 желтоқсанда полиция департаментінің сол кездегі басшысы Ералы Жұмаханбетов күдіктіге күш қолданылғанын растады. Ал марқұмның туыстары "Нұрболатты полицияда азаптап өлірген" мәлімдеді. Петров полицейлер өзін ұрып-соққанын айтты. Қоғамда үлкен резонанс туғызған бұл қылмысқа күдікті ретінде ұсталған полицияның төрт лауазымды қызметкеріне айып тағылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Баламды ұрған, айуандықпен өлтірген". Шымкент полициясындағы жігіттің қазасы     

ҮКІМ

30 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың қазасына байланысты қозғалған қылмыстық іс Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта бір жылдан астам уақыт қаралды. Жұма күні судъя Светлана Шынәлиева шығарған үкімін көпшілікке жария етті.

Судья Света Шынәлиева (сол жақта) Нұрболат Жұмабаевтың қазасына қатысты айып тағылған 4 полицейге шығарған үкімін оқып тұр. Шымкент, 30 маусым, 2023 жыл.

Сот "билікті асыра пайдалану" және "азаптау" қылмыстарына айыпты деп тапқан Дәулет Аймешовті – 7 жыл 6 айға, Уәлихан Жәнібековті – 7 жылға, Дінмұхаммед Исаевты – 3 жыл 6 айға қамауға үкім етті. Әлішер Өткіров адамды азаптағаны үшін 2 жылға бостандығынан айырылды. Бұған дейін прокурор айып тағылған төрт полицейді 3 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыруды сұраған. Ал Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталып, полицияда азапталғанын мәлімдеген Сергей Петров сот процесі кезінде айыпталушыларды кешірмейтінін айтып, судьядан оларға барынша ауыр жаза кесуді сұраған.

Полиция полковнигі шенінен айырылған Аймешов, Жәнібеков пен Исаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде, полиция подполковнигі шенінен айырылған Өткіров қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемесінде өтейді деп жазылған үкімде. Бұған қоса олар 3 жылға дейін құқық қорғау органдарында басшы қызмет атқара алмайды.

30 мамыр күні істің сотқа жеткеніне жыл толуына байланысты Аймешов, Жәнібеков пен Исаев тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырылған еді. Жұма күні үкім оқылып болған соң олар сот залында тұтқынға алынды.

42 жастағы Дәулет Аймешев пен 55 жастағы Уәлихан Жәнібеков – Шымкент қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары, 41 жастағы Дінмұхаммед Исаев Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы болып қызмет атқарған. 48 жастағы Әлішер Өткіров полиция департаментінде жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Төртеуі де оқиғадан кейін жұмыстан босатылған. 2021 жылғы 27 желтоқсанда қамауға алынған.

Төртеуінің қамаудағы әр күні бір жарым күнге, ал үйқамақта өткізген екі күні бір күнге есептеліп, жаза мерзімінен алынатын болды.

"ТІК ІШЕГІҢЕ РЕЗЕҢКЕ ТАЯҚ ТЫҒАМЫЗ ДЕП ҚОРҚЫТТЫ"

Соттағы жарыссөзде прокурор Мұхтар Арыстанов полиция офицерлері Аймешов, Жәнібеков пен Исаев марқұм Жұмабаев пен оның серігі Петровты Шымкенттегі дәмханалардың біріне тамақтануға келген жерінен ұстағанын айтты.

Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталған Сергей Петров (сол жақта). Шымкент, 9 желтоқсан, 2021 жыл.

Прокурор айыптау актісінде полицейлер Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петровты ұстау кезінде және қалалық полиция департаментіне жеткізгеннен кейін 35 минут шамасында қалай азаптағанын айтқан. Ол қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркемей тергеу жүргізілгеніне тоқталған.

"Екеуін ұстаған кезде Аймешов Жұмабаев пен Петровтың дәрменсіз күйін пайдаланып ұрып, тепкен. Күннің суығына қарамай, жерге етпетінен жатқызған. Аймешов, Жәнібеков және Исаев Жұмабаев пен Петровты полиция кеңсесіне әкелгеннен кейін жеке-жеке кабинетке кіргізіп, қорқытып, азаптаған. Жәнібеков пен Исаев ыммен келіскеннен кейін Аймешов Жұмабаевтың кеудесінен екі рет ұрып-соққан. Ауыр соққыдан Жұмабаев қайтыс болған" деді мемлекеттік айыптаушы.

Сот тергеуінде сұрақтарға жауап берген Петров өзін ұстағаннан кейін полицейлер одан жеке ұялы телефонына кіру үшін кодын сұрағанын, көнбей қойған соң "тік ішегіңе резеңке таяқ тығамыз" деп қорқытып, сабағанын, кейін екінші бөлмеге алып барған кезде Өткіров ұрып-соққанын айтты.

Марқұм Нұрболат Жұмабаевтың денесіне жасалған медициналық сараптама қорытындысы.

Нұрболат Жұмабаевтың туыстарының Азаттыққа жіберген медициналық сараптама қорытындысында марқұмның қазасына үш жайт: "шок", "ұйқы безіне қан кету" және "ішінен алған жарақат" әсер етуі мүмкін деп көрсетілген. Мұны айыптау актісін оқыған прокурор да растаған.

Сот қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған марқұмның ағасы Жанболат Байеке мен Нұрболат Жұмабаевпен бірге ұсталған Сергей Петровтың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сот үкіміне сай, сотталушылардың әрқайсысы моральдық залал ретінде Петровқа 1 миллион теңге, бұдан бөлек Аймешов пен Жәнібеков жәбірленуші Байекеге 5 миллион теңге төлейтін болды.

Жәбірленушілердің материалдық залалды өндіріп алуға берген өтінішін сот қанағаттандырмады.

Шымкенттегі полиция департаментінде қаза болған Нұрболат Жұмабаевтың әкесі Ерқара Жұмабаев журналистерге сұхбат беріп тұр. 9 желтоқсан, 2020 жыл.

Жәбірленуші тарап соттан "өз жұмысына немқұрайды қараған" сол кездегі Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы генерал Ералы Жұмаханбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін жеке ұйғарым шығаруды да сұраған.

– Полиция департаменті ғимаратында азаптаудан адам өлді. Бұл – факт, ауыр қылмыс, – деді жәбірленуші марқұм Жұмабаевтың ағасы Жанбота Байеке жарыссөзде.

Бірақ судья үкім оқығанда ол туралы қандай шешімге келгенін айтпады.

"ҮКІМГЕ КЕЛІСПЕЙМІЗ"

Өздеріне тағылған айыпты мойындамаған сотталушылар сот тергеуіндегі сөзінде ешкімді қорқытып-азаптамағанын айтып, Жұмабаевтың қазасына қатысты тағы алты полицейдің аты-жөнін атаған. Бірақ олардың сөзі елеусіз қалды.

Үкім оқылып біткеннен кейін сотталушылардың туыстары шу шығарды. Олар "әділ үкім шықпады", "бірде-бір дәлел жоқ", "жаңа Қазақстанда әділдік болған жоқ", "біржақты қаралды, Тоқаевқа дейін шағымданамыз" деді айқалады.

– Үкімге келіспеймін, – деді Азаттыққа сотталушы Уәлихан Жәнібеков.

Қалған үш сотталушы мен олардың адвокаттары үкім туралы ештеңе айтпады. Тек апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Шымкент полиция департаментінде тергеу кезінде қаза тапқан Нұрболат Жұмабаев. Жеке архивтегі фото.

– Үкімнің жазаны тағайындау бөлігіне келіспейміз. Үкімнің толық мәтінін алып, танысқан соң, Аймешов пен Жәнібековтің жазасын ауырлату туралы апелляциялық шағым беруіміз мүмкін, – деді жәбірленуші Байеке мен Петровтың адвокаты Талғат Есімов.

2021 жылғы 8 желтоқсанда Шымкент қалалық полиция департаментінде қайтыс болған Нұрболат Жұмабаев 11 желтоқсанда туған жері Қостанай қаласында жерленген.

Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде, тергеу орындарында сотталушылар мен күдіктілер азаптауға ұшырайтынын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Астананың назарын осы мәселеге жиі аударады. Сотталушылардың я күдіктілердің жақындары да қамауда отырғандардың азапталғанын жиі айтып, дабыл қағады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Азаптау, биліктегі жемқорлық, адамдарды заңсыз өлтіру. АҚШ-тың адам құқығы есебіндегі Қазақстан"Зорлық шеңбері". Қаңтардағы азаптауға кім жауап береді? Халықаралық зерттеушімен сұхбатЕвгений Жовтис: Бетперде тағып алып азаптағанды да жауапқа тартудың амалы барҮтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?"Ұстап әкетіп, қинап өлтірді". Туыстары жігіттің өліміне полицияны айыптады