"Қарусыз жұртқа оқ атты". 6 қаңтарда Шымкент әкімдігі жанында не болды?

Шымкент қаласы әкімдігі алдында тұрған жасақ. 5 қаңтар 2022 ж.

Шымкентте 6 қаңтарға қараған түні наразылар жиналған қала әкімдігі алдында болған оқиға куәгерлері сол кезде алаң қанға боялғанын айтады. Азаттық сөйлескен оқиға куәгерлерінің сөзін қаз-қалпында беріп отырмыз. Олардың кейбірі қудалаудан қорқып, аты-жөнін атамауды өтінді.

"БЕЙБІТ АДАМДАРДЫ НЕГЕ АТТЫ?"

Ардақ, белсенді Қайрат Сұлтанбектің әйелі:

– Қайрат 5 қаңтар түнде қала әкімдігі алдындағы алаңға барды. Айтуынша, әкімдікке жақындамаған. Ол барғанда жиналғандарға су шашылғанын көрген. Сырттан бақылап тұрған сәтте алдында тұрған шамамен жасы жиырмадағы жігіттің жүрегіне оқ тиген. Жұрт көмекке жүгірген. Қайрат неге бейбіт адамдарға оқ атылды деп, бір сәт есін жинай алмай тұрып қалыпты.

Сағат 23:00 шамасында Қайрат "Жаңа шахар" шағын ауданынан мені алып кетуге келді. Өңі қашып кеткен. "Қолында қаруы жоқ адамдарға оқ атып жатыр" деп не болғанын айтып берді.

Жаңаөзендіктердің талабын қолдап, бейбіт шеруге шыққан адамдар. Шымкент, 4 қаңтар 2022 ж.

Қайратты 4 қаңтарда "Колос" ықшамауданында басталған митинігіні ұйымдастырды, полицияға күш көрсетті, 5 қаңтарда әкімдік жанындағы "Көрме орталығына" қарумен басып кіріп, өртеді" деген күдікпен қамап тастады. Шындығында сол "Көрме орталығының" бар екенін де білмейміз.

4 қаңтарда екеуміз де үйде болдық. Үйді полиция күзетіп тұрды. Үйден бір қадам шықпадық.

Қайратты ұстайтын кезде үйді полицейлер тінтті. Ештеңе таппады. Бірақ қолдан дәлел жасай ма деп алаңдап отырмын. Олай дейтінім, 2021 жылы Қайратты 405-баппен соттады. Сол кезде де үйді тінткен. Ештеңе таппаған соң өздерімен бірге алып келген қап-қап үнпарақты үйден тапқандай етіп көрсетті. Мұны сотта қанша айтсақ та дәлелдей алмағанбыз.

"БАЛАЛАРЫМЫЗ ШЕЙІТ БОЛЫП КЕТПЕСЕ ЕКЕН!"

Гүлмира (есімі өзгертіліп берілді), жергілікті белсенді:

– 6 қаңтарда сағат 21:30 шамасында Бәйтереков көшесінің бойында тұрғанбыз. Жан-жағымыз у-шу. Әкімдік жақта жарылғыш зат, қару дауысы естіледі. Газдың иісіне тұншығып барамыз. Қала әкімдігі орналасқан Нұрсұлтан Назарбаев көшесінен өне бойын қан басқан, тірі я өлі екені белгісіз ес-түссіз бір адамды екі жігіт жанымнан алып өтті. Әкімдік жаққа баруға жүрегім дауаламады. Ол жақ бейнебір соғыс болып жатқандай еді.

Әкімдік маңында полиция бекеті болды. Жұрт әкімдік жаққа қарай емін-еркін өтіп жатты.

Шымкент қаласы әкімдігі алдындағы алаң. 6 қаңтар 2022 ж.

Шамамен отыз шақты әйелдің алаңға қарап, алаңдап тұрған үрейлі бейнесі әлі көз алдымда. Бірі күйеуін, бірі баласын іздеп келген әйелдер зар илеп көз жасын тия алмай тұрды. Арасында "Мына заман не болып кетті?" деп ызаланғаны, "Балаларымыз шейіт болып кетпесе екен!" деп тілегендері де бар.

Назарбаев көшесінің бойында үймелеп тұрған адамдарды көріп жүгіріп бардым. Бір жігіт аяғын баса алмай жан дауысы шыға айғайлап тұрды. Оқ табанын тесіп өтіпті.

Назарбаев пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында цементтен жасалған қабырғаға "Ел тірегі – Нұр-Сұлтан. Назарбаев даңғылы" деген үлкен жазу бар болатын. Ашулы адамдар соның бір әрібін қалдырмай қиратып тастады.

Әкімдік жақтан жараланып, қайтып келе жатқан жігіттерді ашу-ыза кернеген. Кейбірі бейәдеп сөз айтып, "бейбіт адамдарға оқ атты, бұзақыларға оқ атпады" деді.

Әкімдік жақтан тарс-тұрс еткен атыс дауысы естіліп тұрса да сол жаққа қарай "Шал, кет!" деп ұрандатып бара жатқандар болды. Бір уақытта күннің суығында ашық-шашық киінген бір топ қыз келді. Оны көрген наразылардың кейбірі: "Мынау арнайы жіберілген қыздар, абай болыңдар!" деп бір-бірін ескертіп жатты.

Жергілікті белсенділерді танимын ғой. Бірақ наразылықта көп белсенді болмады. Ол жерде негізінен қарапайым халық пен полиция болды.

Қала әкімдігі алдындағы алаңда қалған өртен көліктер. Шымкент, 6 қаңтар 2022 ж.

Аз белсендінің ішінде Ерғали Құлбаевты көрдім. Ол бейбіт адамдардың арандап қалмауына, бұзақылыққа, қиратуға жол бермеуге тырысып, басын қатерге тігіп, барын салды. Қазір оны үстінен қылмыстық іс қозғап, қамап тастаған. Ойласам жүрегім ауырады. Оның еш бөтен ойы болған жоқ. Бейбіт шеру болады деп алаңсыз тұрды. Жиналғандарға "Тәртіп бұзбаңыздар!", "Арандап қалмаңыздар!", "Шақпаңыздар, бүлдірмеңіздер!" деп шыр-пыр болды. Бірақ арандатушылар тым көп еді. Оларға Құлбаевтың жалғыз өзінің шамасы жетпеді.

Мысалы, полиция көше қиылысында тізіліп, наразыларды бақылап тұрды. Ешкімге ештеңе деген жоқ. Олардың алдына барғандар: "Барып айт, әскерилерді әкетсін. Олар да біздің халық. Обалына қалмаңдар!" деді. Полиция үндемеді. Бір уақытта белгісіз біреу келіп, бір полицейді итеріп жіберді. Арандатушы екенін білдік те, әлгі полицейге араша түстік. Сөйткенше болған жоқ, әлгі жігітке бірнеше адам қосыла кетіп, полицейлерге тарпа бас салды. "Апай, былай кетіңіз!" деп мені шетке итеріп жіберді. Тас-топалаң болып кеткен соң үйге қайттым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісіз

"ТАМАҒЫНАН ОҚ ТИГЕНІН КӨРІП, ДЕНЕМ ТҮРШІКТІ"

Жарқынбек Сейтінбек, шымкенттік белсенді:

– Қала әкімдігінің алдындағы алаңға бару үшін 22:00 шамасында үйден шықтым. Бәйтереков көшесімен Назарбаев көшесі жақтан бір топ жігіт келе жатыр екен, біреуінің аяғына оқ тиіп жараланыпты. Ауруханаға алып барайын дедім. Көнбеді. Ары қарай кеттім. Назарбаев көшесіне жете бергенде бірнеше жаралы адам кездесті. Әкімдік жақта гүрс-гүрс еткен жарылғыш заттардың дауысы естіліп тұрды.

Әкімдік алдындағы Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрына жақындадым. Адамдар бері қарай қаша бастады. Бір уақытта тоқтады. "Алға! Алға!" деген дауыс естілді. Лап қойып наразылар алға қарай жүгіре бастағанда оларға арғы жақтан көзді ашытатын газ құтысын лақтырды. Бәрі артқа шегінді. Осылайша бірнеше рет қайталанды.

Тәртіпсіздік кезінде тоналып, қиратылған "Метро" сауда орталығы. Шымкент, 6 қаңтар 2022 ж.

"Метро" сауда үйі жағынан бөшкеге тас салып сүйреп келе жатқан бір топ жігітті көрдім. "Тасты не істейсіңдер? Тастаңдар!" дедім. "Көке, керек" деп мені тыңдамады. Сол сәтте әкімдік жаққа қарасам көлік өртене бастапты. Көліктің жарығы жанып тұр. Сол жарықтан көлік жанында ешкім жоқ екені көрінеді.

Наразылар әкімдікке жақындаған жоқ. "Мұны кім жақты?" деген ой келді. Театрдың артында бір көлікті аударып тастапты. Наразыларға қарап тұрғанымда сол аударылған көлікке екінші көлік келіп соғылып, өрт шықты. Ол көлікті де, әкімдік жанында жанып тұрған көлікті де сөндіруге ешкім келмеді.

Артқа қайтып, Назарбаев пен Бәйтереков көшесінің қиылысына келдім. Ол жерде адамдар айқай салып, жедел жәрдем көлігін қоршап тұр екен. Жақындасам, жедел жәрдем көлігіндегілер әлгі топқа "өліп қалған, алмаймыз" деп тұр екен. Жедел жәрдем көлігіне салынған адам ес-түссіз жатты. Тамағынан оқ тиіпті. Денем түршігіп кетті.

Қазір ойлап отырсам, алаңда топ-тобымен тұрған жастардың көбі саяси көзқарасы қалыптасқан адамдар емес. Кейбірі қолына шоқпар, қысқа таяқ ұстап алған. Бұлар әлдекімдердің бұйрығын орындап жатқандай әсер қалдырды. Қандай да бір нақты талап қойғанын естіген жоқпын. Тіпті өткен күндегідей (5 қаңтар) жалау ұстаған ешкім байқалмады.

"ЖАРАЛАНҒАНДАР КӨП БОЛДЫ"

Берік (есімі өзгертіліп берілді), жергілікті белсенді:

– Сағат 21:00 шамасында қала әкімдігі маңына, Назарбаев көшесіне бардым. Алаңға наразылар топ-тобымен келіп, бірден әкімдікке шабуылдай берді. Арасында қап-қара киім киіп алған адамдар "Қайтпаймыз, алға!" деп айқайлап жүрді.

Бір уақытта ортадан бір жігітті сүйреп әкеле жатты. Мойнынан оқ тиіпті. Демала алмай жатты. Көпшілік жедел жәрдем көлігін тоқтатып, басқа экипаж келеді дегеніне қарамай, салып жіберді. Жараланып, ақсаңдап кетіп бара жатқандар көп болды.

Шымкенттегі тәртіпсіздіктер кезінде өртенген көрме орталығы. 7 қаңтар 2022 ж.

Бір байқағаным – жастар бірін-бірі тыңдамай кетті. Тек қала әкімдігіне қарай жүгіре берді. Неге жүгіріп жатыр, мақсаты қандай – ешкім айта алмайды. Тек "өкіметтен шаршадық" дейді. Бітті. "Әкімдік ғимараты – халық мүлкі" дегенімізді тыңдамады.

Түнгі оқиғалардан соң бейбіт халық арандап қалмасын деген оймен 6 қаңтарда белсенділер штаб құруды ұйғардық. Белсенді Ерғали Құлбаевты жетекші етіп сайладық. Жаңаөзен халқы сияқты митингіні бейбіт өткізейік дедік. Халық бостан босқа оққа ұшып мерт болмасын деп полицияға штабтың құрылғанын хабарлап, хат таапсырдық.

Кешке азаматтық қоғам штабтан екенін білдіретін плакаттар ұстап, қолына ақ лента тағып, әкімдік алдындағы алаңға қайта бардық. Бірақ полиция белсенділерді ұстап әкетті. "Шеттен әскер кірді, рұқсатсыз атуға бұйрық бар" екенін ескертіп, екі сағаттан соң босатты.

Қазір өз атымнан оқиғаны айтудан бас тартамын. Өйткені айттым деген сөз біттім дегенмен бірдей болып тұрған кез. Мысалы, Ерғали Құлбаев Шымкентте наразылық өткен екі күнде де алаңда болды. Ол бүлік шығарған жоқ, керісінше, жиналған жұрт арандап қалмасын, оққа ұшпасын, әкімдік пен басқа ғимараттар бүлінбесін деп барын салды. Оны дәлелдейтін фото-видео, аудиожазбалар бар. Бірақ оның үстінен іс қозғап, "Бұзақылық" (293-бап) және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас пен байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) айыбын тақты.

Әкімдік маңында ондаған полиция көлігі жанып кетті деген ақпарат шықты. Бұл көліктерді полицейлер не үшін әкімдік маңына тастап кетті? Қазір өлген полицей мен әскерилерді марапаттап жатыр. Жазықсыз өліп кеткен бейбіт тұрғындардың аты неге аталмайды? Олардың туыстарына неге ресми адамдар көңіл айтпайды, көмек көрсетпейді? Олар да осы мемлекеттің адамы ғой. Осының бәрі қазір жұрттың ашуына тиіп жатыр.

ШЫМКЕНТТЕ ҚАНША АДАМ ҚАЗА БОЛҒАНЫН АЙТПАЙ ОТЫР

Шымкенттегі Жаңаөзендегі халықтың талабын қолдау және қымбатшылыққа қарсы наразылық 4 қаңтар түнде басталды. Қала орталығындағы орыс драма театрының алдына бейбіт митингіге жиналған мыңдаған адам алғашында түрлі әлеуметтік-экономикалық талаптар қойды. Көп өтпей талаптары саясиланып, "Шал, кет!", "Назарбаев, кет!" деп айқайлады. Қарақұрым адам түн ортасында 10 шақырым қашықта тұрған қала әкімдігіне жаяу шерулетіп барды.

Қала әкімдігіне келген соң шамамен жарты сағат өткенде әкімдік жанында тұрған ондаған полиция көлігін белгісіз топ қирата бастады. Ол күні наразылар таңға жақын тарады.

Өртенген көлік қаңқасының жанында тұрған қарулы полиция қызметкері. Шымкент, 6 қаңтар 2022 ж.

Шымкенттегі қаңтар оқиғасы екі күн қатарынан түнде болды. 6 қаңтарға қараған түні қайта жиналған бейбіт тұрғындарға оқ атылғаны туралы хабар тарады. Бұл түні қаладағы екі ауруханаға митинг кезінде жараланған 120-дан аса адам түсті. Олардың ішінде оқ тиген, пышақталған және өзгедей түрлі жарақат алған адамдар бар.

– Әкімдікті күзетіп тұрғандар арнайы түтін шығаратын, дауыс зорайтатын техникаларды қолданды. Су шашты. Құқық қорғау органдары халыққа оқ атқан жоқ, – деді 7 қаңтарда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

№1 қалалық клиникалық аурухана. Шымкент, 13 қаңтар 2022 ж.

Шымкентте қаңтар оқиғасы кезінде қарудан оқ атқан кім екенін билік айтпады. Бірақ жараланып, ауруханаға түскен адамдарға ота жасалғанда олардың денесінен әскери қару оғы табылған деген ақпарат тарады.

17 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы қаңтар оқиғасы кезінде елде жиынтығы 225 адам қайтыс болып, мыңдаған адам зардап шекті деп хабарлады. Мерт болғандардың он тоғызы – әскерилер мен полицейлер. Ал Шымкентте қанша адам өлгені, олардың кім екенін ресми орындар әлі айтпай отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 5 қаңтарда жарияланған төтенше жағдай режимі Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 14 қаңтарда сағат 18:00-ден бастап күшін жойды.

Шымкенттегі оқиғаларға байланысты күдікті ретінде ұсталған 271 адам әкімшілік қамауға алынды. Үстінен қылмыстық іс қозғалған 77 адамның 75-і екі айға тұтқындалды, арасында 10 белсенді бар. Олардың дені "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап) әрекетіне барған деген күдікке ілінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шымкенттегі наразылық және түнгі ойран. Азаттық тілшісінің көргені