Президент сайлауы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін бе?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлауда дауыс беріп жатыр. Астана, 26 сәуір 2015 жыл

Қазақстан билігінің соңғы кездердегі түрлі әрекетін кейбір сарапшы "мерзімінен бұрын өтетін президент сайлауының нышаны" деп санайды. Олар биліктің халыққа ұнамды іс-шараларды сайлау алдында көбейтетінін айтады. Мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.

"САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ БАР"

Конституцияға сәйкес, Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2020 жылдың аяғында өтуі тиіс болса да, қазір әлеуметтік желілер мен кей ақпарат құралдарында "мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін" дейтін болжамдар жиі айтыла бастады. Мұндай болжамға негізгі аргументтерінің бірі – "Қазақстанда президент сайлауының заңда белгіленген уақытта өткен кезі сирек. Мерзімінен бұрын сайлау, әдетте, белгіленген уақыттан бір немесе бірер жыл бұрын, билікке қолайлы уақытта өткізіледі".

Азаттық тілшісі бірнеше сарапшымен сөйлесіп, "ерте сайлауға дайындықтың қандай белгісін" байқағандарын сұрастырды. Олардың пікірінше, президент Нұрсұлтан Назарбаев биыл қарашада өткізген Қауіпсіздік кеңесінің отырысында 2019 жылдың қаңтарынан тарифті арзандатуды бұйырғаны және оның тез арада орындала бастағаны, қылмысты азайту туралы тапсырмасы, тіпті, таяуда прзиденттің "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевті қабылдауы ерте сайлауға дайындықтың белгісі болуы әбден мүмкін.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, сайлаудың алғашқы белгілері қарашаның бас кезінде өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан байқалған.

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев

- Назарбаев бұл отырысты Қазақстан президенті ретінде ғана емес, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде де өткізді. Сөйтіп, өзіне Конституцияға енгізілген соңғы өзгеріс бойынша өмір бойы атқаруға берілген лауазымын байқап көрді. Елбасы ретіндегі функциясына халықтың да көзі үйрене берсін дегені шығар. Осы отырыста коммуналды тариф мәселесінің қарастырылғаны да таңғаларлық. Өйткені бұл мұндай кеңесте қарайтын мәселе емес, әрі кеткенде үкімет деңгейінде талқыланатын жайт. Коммуналдық тарифтерді рынок реттеуі тиіс, ал оны Назарбаевтың әкімшілік бұйрықпен шешкісі келгені - халықтың назарын аударуға жасалған әрекет, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаев соңғы кездері "оқу ақысын төлей алмай жүрген студенттерді қатты қыспау туралы" хабар естігенін айтады. Оның ойынша, әдетте желтоқсан айында студенттерді ауылдарына қайтарып жіберуге тырысатын биліктің бұл жолы жұмсақтық танытуға шақыруы да алдағы сайлаудың жанама белгісі болуы ықтимал.

- Президенттің Парламентте отырған партия басшысын қабылдауында тұрған ештеңе жоқ секілді. Бірақ, бұлай жиі қабылдамайтынын ескерсек, алдағы президент сайлауына бұрынғыдай сайқымазақ бәсекелестер емес, сырт қарағанда салмақты көрінетін, биліктің тапсырмасын орындап шығатын бәсекелестерді іздестіру де басталып кеткенге ұқсайды, - дейді ол.

Саясаттанушының сөзінше, алдағы екі-үш айда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуге алғышарттар жеткілікті. Оның пікірінше, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуі, мемлекеттің біртіндеп қаржы тапшылығына ұшырай бастауы мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, Назарбаевтың президент қызметін өткізіп, Конституцияда көрсетілген жаңа мәртебесі - Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде жоғарыдан бақылау жүргізуіне қолайлы мүмкіндік болмақ.

Қазақстандағы саяси процестерді бақылап-зерттеумен айналысатын "Альтернатива" орталығының жетекшісі Андрей Чеботарев та "сайлауға дайындық белгілерін" байқағандардың бірі. Алайда ол "президент сайлауына ғана емес, парламент сайлауына да дайындық болуы мүмкін" деп топшылайды.

Андрей Чеботарев

- Сайлау туралы заңға енгізілген соңғы өзгерісте мәслихаттарды пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайлау көзделген. Осыған байланысты жергілікті мәслихаттар мен парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуі мүмкін. Бәлкім президент сайлауын көздеп отыр ма екен? Меніңше, қазір қайсысы бірінші өтеді деген мәселе ғана тұр. Президенттің белсенділігі күшейгенін, облыстарды аралап жүргені, сайлау комиссиясын дайындап жатқанын көріп отырмыз. Нақты қайсысы бұрын өтетінін айту қиын. Тарифтерді арзандату, монополистерге сес көрсету – халықтың қолдауын алуға арналған жүріске ұқсайды, - дейді ол.

Чеботаревтің сөзінше, президент Назарбаев "Перуашевті қабылдап, "Ақ жол" партиясының шамасын байқап көруі мүмкін. Таяуда өзге партиялар басшыларын қабылдаса да таңғалуға болмайды".

"БІР ӨЗГЕРІСТІ СЕЗЕМІН"

Азаттық тілшісі Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халықтық коммунистік партиясы фракциясының депутаты Ирина Смирновамен де осы тақырыпта сөйлескен еді. "Мерзімінен бұрын президент сайлауы өтуі мүмкін бе?" деген сауалға ол "бір өзгеріс бар екенін сезіп жүрмін" деп жауап берді.

Қазіргі депутат Ирина Смирнова №48 мектеп-гимназияның директоры кезінде. Алматы, 30 қаңтар 2015 жыл

- Ол өзгерістердің соңында, әйтеуір, нағыз азаматтық қоғам қалыптасады деп үміттенемін. Бірақ өзгерістер қалай жүзеге асады? Бәлкім, президент халыққа жолдау арнайтын болар, қалай болғанда бір белгі болады. Осыны сездім, - дейді депутат.

Смирнованың айтуынша, президенттің "Ақ жол" партиясының төрағасын қабылдауы қазан айындағы жолдауына байланысты болуы мүмкін.

- Президент жолдауында "халқымыздың тең жартысы шағын және орта бизнесте болуы тиіс" деді. Осы мәселе тұрғысынан негізгі электораты шағын және орта бизнес саналатын "Ақ жол" партиясы тартымдырақ шығар. Президент өзге де партиялардың өкілдерімен, я жетекшілерімен кездесуі мүмкін, - дейді ол.

"ЕРТЕ САЙЛАУДЫҢ НЫШАНЫ БАЙҚАЛМАЙДЫ"

Ал саясаттанушы Талғат Қалиев "мерзімінен бұрын сайлау кез келген сәтте өтуі мүмкін, бірақ дәл қазір оның анық белгілері жоқ" деп санайды.

- Нұрсұлтан Назарбаев былтыр тарифтерді қымбаттатуға қарсы болмағаны, ал биыл арзандату керек дегені жұртқа түсініксіз болған сияқты. Меніңше бұл PR емес. Өйткені, былтыр монополистерге тарифті қымбаттатуға рұқсат етілгенде олар инвестиция салуға уәде берген болатын. Бас прокурор Қайрат Қожамжаров тексергенде монополистердің міндеттемелерін орындамағаны, тарифті қымбаттатып тапқан пайдасын инвестиция ретінде қайта салмағаны көрінді. Тарифтерді арзандату туралы бұйрық сонан туды. Оның сайлауға еш қатысы жоқ, - дейді Қалиев.

Оның айтуынша, сайлау туралы нақты шешім шықса, саяси күштер арасында қозғалыс басталады, бірер апта бұрын сыбыс тарайды. Әзірге болжам ғана. Ал, қазіргідей тарифтер арзандатудың эффектісі әлдебір блогер қандай да бір шулы оқиға ойлап тапса, жұрттың есінен шығып та кетеді.

Талғат Қалиев баспасөзде таяуда тараған елдегі "ерлі-зайыптылардың ажырасуын азайту туралы Назарбаевтың тапсырмасы орындала бастады" деген ақпараттың да сайлау алдындағы дайындыққа қатысы жоқ деп есептейді. "Бұл мәселені жақсы білемін" деген ол мұны "биыл көктемде құрылған Жастар және отбасы комитетінің жоспарлы жұмысы" дейді.

Бұған дейін, қарашаның 11-күні Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың жетекшілігімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өткен еді. Ол туралы ресми басылымда тараған ақпаратта 2019-2024 жылдар аралығында отбасыларды қолдау және дамытуға арналған бағдарлама қабылданғаны, елбасының тапсырмасы бойынша "2019 жылы ерлі-зайыптылардың ажырасу көлемін 41 пайыздан 38,2 пайызға дейін, 2023 жылға қарай 30 пайызға, ал 2030 жылға қарай 25 пайызға дейін азайту жоспарланғаны" айтылған.

Қарашаның 7-сінде өткен Қауіпсіздің кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев үкімет пен монополистерді сынап, тарифтерді арзандатуды тапсырғаннан кейін бір аптадан соң үкімет отырысы өткен. Жиында телефон мен интернет және тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық тарифтерінің 2019 жылғы қаңтардан бастап арзандайтыны хабарланған.

Бұдан бір жыл бұрын, қыркүйектің 4-і күні Парламент сессиясының ашылуында Қазақстан президенті "коммуналдық қызмет бағаларын батыл көтере беру керек" деп мәлімдеген еді.

Қарашаның 20-сында президент Назарбаевтың қабылдауында болған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев те "бағаның қымбаттауына жол бермейтінін" айтып шыққан.

Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдап отыр. Шілде айы, 2018 жыл

"Мерзімінен бұрын сайлау өтуі мүмкін" дейтін болжамдар Қазақстанда жиі айтылады. Бұған дейін елде бірнеше рет президент пен парламент сайлаулары мерзімінен бұрын өткізілген.

Биыл Қазақстанның тұңғыш президентіне Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын беретін заң қабылданған соң мұндай болжам көбейе түскен.

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев британдық ВВС телеарнасының Hard Talk бағдарламасына берген сұқбатында "2020 жылы Назарбаев президент сайлауына түседі деп ойламаймын. Ол өте ақылды адам. Мүмкін, 2020 жылғы сайлау басқа кандидаттармен өтер. Сайлауға түседі деп ойламаймын. Бұл – менің жеке ойым. Әрине, бәрі Назарбаевтың өзіне байланысты" деп жауап берген еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаевтың "саяси бомбасының" астарында не жатыр?

Қазақстанда бүкілхалықтық президент сайлауы бес рет – 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылдары өткізілді. Оның үшеуі (1999, 2011 және 2015 жылдары) белгіленген мерзімінен бұрын өткен. Осы сайлаулардың барлығында Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық уақыт басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев үнемі жеңіске жетіп отырды.

Назарбаевтың биліктегі 30 жылы