Алматы қаласы шет тілдер колледжінің 1-курс студенті Дамир Молдағұл 22 наурызда қала көшелерінің бірінде он шақты адам жиналған жерге барып, Астана атауын өзгертуге қарсы ойын айтқан еді. Дамир Молдағұл мен анасы Мейрамгүл Жанұзақованы осы жерден полиция алып кетіп, бірнеше сағат ұстаған. Кейін оны өзі оқып жүрген колледж оқудан шығарған.
- Астана атауын өзгерту жайлы өз ойымды айттым. Мені [полиция] алып кетеді, соңынан осылай [оқудан шығарып жібереді] деп ойламадым. Полиция колледжге хабарлаған. 27 наурызда колледжге ата-анамды шақыртып, оқудан шығарды. Өз басым, [Астанаға] басқа адамдардың атын берсе болады деп ойлаймын. Мысалы, Керей мен Жәнібектің есімін берсе болар еді. Ал Назарбаевтың атын Қаскелеңге берсе, қарсы емеспін, - дейді Дамир Молдағұл.
«ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМНЫҢ МИТИНГІСІНЕ ҚАТЫСҚАН»
Дамир Молдағұлдың оқудан шығарылғаны әлеуметтік желіде көп талқыланды. 15 сәуірде білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова пікір білдіріп, бұл мәселені тексеретінін айтқан. Ал 16 сәуірде Шет тілдері педагогикалық колледжі студенттің оқуға қайта қабылданғанын мәлімдеді. Колледж директоры Бақыт Шпекбаеваның сөзінше, студент Қазақстанда тыйым салынған ұйымы ұйымдастырған митингіге қатысқаны үшін оқудан шығарылған.
- Ол елде тыйым салынған «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысының 22 наурыздағы митингісіне қатысқан. Сол үшін оқудан шығарылды. Бұл ұйым Қазақстанда экстремистік деп танылған. Олар Алматыдағы Панфилов пен Гоголь көшесінің қилысында митинг өткізген. Ал ол (Дамир Молдағұл – ред.) митингіде біздің президентімізге қарсы шыққан, - дейді директор.
Бақыт Шпекбаева кәмелетке толмаған бала саясатқа араласпай, сабағын оқуы керек деп санайды. Директор студенттің қайта оқуға қабылдауға жоғары жақтан ұсыныс түскенін айтады.
- Білім басқармасынан хабарласты. Колледжге депутаттың (парламент әлде мәслихат депутаты екенін ашып айтпады – ред.) көмекшісі келді. Олар «жеке меншік колледж ретінде оқуға қабылдамауға құқықтарыңыз бар» деді. Дегенмен, біз оны оқуға қайта қабылдадық. Ішкі ережемізде наразылықтарға қатысуға болмайтыны жазылған. Студенттер қол қойған, ата-аналарына ескерткенбіз, - дейді ол.
Колледж директорының сөзінше, Дамир Молдағұл – сабақтан қалмайтын және жақсы оқитын студент.
«ОЙЫҢДЫ АШЫҚ АЙТУҒА БОЛМАЙТЫНЫН ҰҚТЫМ»
Студенттің анасы Мейрамгүл Жанұзақова баласын оқудан шығарарда колледж қызметкерлерінен «бір жолы ескерту беруді сұраған». Бірақ оқу орны «ештеңе істей алмаймыз» деген.
- Колледждің шешіміне көндік. Құжаттарды алып, кітаптарды өткіздік. Кез келген ата-ана баласын оқыса дейді. Кенжеміз Дамир шет тілдерін меңгеріп, шетелге барғысы келетін. Бізді кейін бағам-қағам деп жүрген баламыз. Оқысыншы дедік. Кейін оқудан шығарып жібергенде балам жылап, стресс болды. Мұндай болатынын білген жоқпыз. Білгенде алдын алатын едік. Ал оқуға қабылданғанын естігенде қуанғанын көрсеңіз, - дейді анасы
Бұл оқиға 16 жастағы колледж студентіне сабақ болған. «Осы жағдайдан кейін ойыңды ашық айта салуға болмайтынын ұқтым. Бірден айтпай, ақырындап жеткізу керектігін түсіндім. Ойыңды ашық айтсаң, кері әсері тиіп кетуі мүмкін екен» деп аяқтады әңгімесін Дамир.
22 наурызда Нұр-Сұлтан (ол кезде Астана деп аталған) мен Алматыда полиция ондаған адамды ұстаған. Полиция адамдардың не үшін ұсталғанын ашық айтпаған.
Полиция ұстаған азаматтар талаптарын толық айтып үлгермеді. Кейбірі полиция әкеткенге дейін Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсылық плакатын көтеріп үлгерсе, енді бірі қамалған автобус терезесінен Назарбаевқа қарсы ұран айтқан.
Бұл оқиғаның алдында Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов (қазір шетелде тұрады) азаматтарды 22 наурызда жаппай көшеге шығуға шақырған.
Қарай отырыңыз: Астана мен Алматыда ондаған адамды полиция ұстады (22 наурыз 2019 жыл).