Ішкі істер министрлігінің зейнеткері 68 жастағы Болатхан Жүнісов 2019 жылдың шілде айынан бастап қамауда отыр. Оған бұрынғы банкир және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов басқаратын, ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымының қызметіне қатысты деген айып тағылған.
Шілденің 16-сы күні өткен сот процесі кезінде прокурор Марат Әбуев айыпталушы Жүнісов бір айып бойынша қылмыстық жауапкершілікке екінші рет тартылып отырғанын еске салды. Әбуевтың пікірінше, бұл Жүнісовтің "алдыңғы жазадан сабақ алмағанын" көрсетеді. Қорғаушы тарап Жүнісовтың кінәсі жоғын айтады.
2019 жылы ақпанда билік Болатхан Жүнісовті "ҚДТ жұмысына қатысқаны үшін" жауап тартып, бір жылға бас бостандығын шектеген.
"САЯСАТКЕР ДЕ, ҚЫЛМЫСКЕР ДЕ ЕМЕСПІН"
Сот процесі басталардан бұрын Азаттық тілшісі айыпталушы Болатхан Жүнісовпен сөйлесіп үлгерді. Ол Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылында дүниеге келгенін, мектеп бітірген соң әскерге барып, 1971 жылы милицияға қызметке тұрғанын және 25 жыл еңбек еткенін айтты.
- 1996 жылы майор дәрежесінде зейнетке шықтым. Мамандығым – заңгер, құқықтанушы. Көп жыл тергеуші боп істедім. Кәмелеттік жасқа толған үш балам – бір ұлым және екі қызым бар. 2008 жылы әйелім қайтыс болғаннан кейін Семейден Талдықорғанға көштік. Мұнда үлкен қызым Лаурамен тұрамын. Маған "экстремист" деген айып тағылған соң, жеңіл автокөлігімді айып тұрағына апарып қойды, - дейді Болатхан Жүнісов.
2017 жылы кенже қызы Болатхан Жүнісовке смартфон сыйлаған. Содан бері ол Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысына айналып, Қазақстан мен әлемдегі оқиғалар туралы көбірек біле бастаған. Өз айтуынша, Жүнісов саясатқа 1990 жылдары қызыға бастаған, тіпті, "Азат" азаматтық қозғалысына да мүше болған.
- Әскерде бірге болғандардың арасынан алғаш болып, 1990 жылы коммунистік партиядан шықтым. Және ашық түрде шықтым, өтініш жазып, партбилетімді тапсырдым. Содан бері саясатты бақылау былай тұрсын, шамам келгенше оған араласуға тырысып келемін, - дейді Болатхан Жүнісов.
Жүнісовтің сөзінше, ол Facebook-те елде болып жатқан саяси оқиғалар жайлы пікірін білдірген.
Ешқашан ештеңе ұрлап, ешқандай қылмыс жасаған жоқпын.
- Бізде диктаторлық мемлекет орнады. Заңсыздық көп. Конституцияда " Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деп жазылған. Бірақ халықтың пікірімен ешкім санаспайды. Мұны заңгер, құқықтанушы ретінде мен айтпасам, кім айтады? Ешқашан ештеңе ұрлап, ешқандай қылмыс жасаған жоқпын. Тек өз пікірімді айттым, - дейді ол.
Жүнісов өзіне тағылған айыптармен келіспейді. Ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысы жоғын, ұйым жетекшісін танымайтынын, одан ақша алмағанын айтады.
- Бірақ олардың кей идеяларын қолдаймын. Біздің көзқарасымыз бен пікіріміз сәйкес келетін сияқты. Конституцияда сөз бостандығы мен пікір еркіндігі туралы бап бар. Кез келген азамат өз пікірін ашық білдіруге құқылы. Сондықтан мен Конституцияға қайшы әрекет жасаған жоқпын. Ешқандай қылмыстық құқықбұзушылыққа бармадым. Саясаткер де, қылмыскер де емеспін. Бар кінәм - оғаш ойлап, диссидент болғанымда шығар, - дейді ол.
"ПІКІРІН АШЫҚ БІЛДІРЕДІ"
Сотқа қорғаушы тараптың куәгері ретінде Болатхан Жүнісовтің бұрынғы бастығы, ІІМ-нің отставкадағы подполковнигі Болатбек Солтанов қатысты.
Солтанов өз сөзінде айыпталушыны 1982 жылдан бері танитынын айтты. Солтановтың сөзінше, Жүнісов өзін елдегі жағдай туралы пікірін ашық білдіретін адал азамат ретінде көрсеткен.
- Біздің қазіргі саяси жүйе туралы пікіріміз ұқсас. Бірақ мен оның экстремистік көзқараста болғанын көрген де, естіген де емеспін. Екеуміз елдің болашағына алаңдайтын азаматтар ретінде әңгімелесетінбіз. Қазіргі саяси жүйенің кері тұстарын талқыладық па? Талқыладық! Экстремизм - агрессивтіліктің шектен тыс көрінісі. Бірақ Болатханнан ондайды көріп отырған жоқпын. Мен де биліктің қателігін сынаймын – бұл туралы бірінші кезекте Facebook-те жазамын. Қазіргі билік жіберген барлық қателікті сынаймын, - деді Солтанов.
АЙЫПТАУ
Айыптаушы тарап ұсынған куәгердің айтуынша, 2019 жылы шілденің 5-і күні Талдықорған базарында оны Болатхан Жүнісов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы ұйымдастырған митингіге шығуға шақырып, осы үшін "өтемақы" төлеуге уәде еткен. Куәгер "Жүнісов наразылыққа қай күні шығуды ұсынды?", "Қанша ақша бермек болды?" деген қосымша сұрақтарға жауап бере алмады.
Айыптау актісінде 2019 жылы сәуірдің 7-сі мен шілденің 5-і аралығында Талдықорған қаласында Болатхан Жүнісов тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымының заңға қайшы мақсаттарын жүзеге асыру үшін Facebook-те аталған қозғалыс қызметін қолдауға бағытталған пікірлер мен үндеулер жариялағаны жазылған.
Айыптау актісінде сондай-ақ, шілденің 5-і күні Жүнісов "азаматтарды үгіттеуге" жеке қатысып, оларды "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының әлеуметтік желідегі қызметімен таныстырғаны, шілденің 6-сы күні Талдықорғанның орталығына рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырғаны, наразылық акциясына қатысушыларға қозғалыс басшылығы атынан ақшалай сыйақы беруге уәде бергені туралы ақпарат бар.
Сарапшылар қорытындысына сәйкес, Жүнісовтің әлеуметтік желідегі жазбаларынан "тыйым салынған экстремистік топ қызметіне араласу, олардың идеологиясын үгіттеу және насихаттау жолымен қолдау, ұйымға жаңа мүшелер тарту, азаматтарды қозғалыс қызметіне заңсыз қатысуға шақыру белгілері байқалған".
Айыптаушы тарап сәуірдің 7-сі мен шілденің 5-і аралығында Болатхан Жүнісов ҚДТ қызметіне қатысқанын, оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөліміне ("Терроризмді немесе экстремизмді жүзеге асыруына байланысты сот шешімімен тыйым салынған немесе қызметі тоқтатылған қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу - ред.) сәйкес келетінін мәлімдеді.
Судья Бейбіт Тұрысов үзіліс жариялап, келесі сот отырысы қыркүйектің 18-і күні өтетінін хабарлады.
Болатхан Жүнісовтің қорғаушыларының бірі - оның үлкен қызы Лаура. Ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысты деген айыппен әкесінің бас бостандығын бір жылға шектеген бірінші сот процесіне де қатысқан.
2018 жылы наурыз айында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне заң жүзінде тыйым салынғаннан кейін, Қазақстанда қозғалыстың ондаған ықтимал және шынайы жақтаушыларына қарсы қылмыстық іс қозғалған. Бірқатар заңгер оларды қудалауға негіз жоғын айтып, мұны "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым"деп таныған сот шешімінде түсініксіз тұстар мен қайшылық көп болуымен түсіндіреді.
Қазір Алматыда үш әйелге – көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызілікті аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуоваға аталған ұйым қызметіне қатысты деген айып тағылған. Нұр-Сұлтанда осындай күдікпен Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева қамауға алынған.