"Арқадан тиген оқ кеудесінен шыққан". Қаңтарда қаза тапқан жасөспірімді сотқа тартты

17 жастағы Андрей Опушиев пен әйелі Валентина. Андрей 2022 жылғы 6 қаңтарда Тараз қаласында оқ тиіп қаза тапқан. Отбасы архивіндегі сурет.

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісі бойынша сот басталды. Тергеу орындары марқұмға "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып таққан. Мұнымен келіспейтін анасы Олеся Опушиева ұлын толық ақтауды және оның қазасына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді.

3 қазанда Тараз ювеналды сотында Андрей Опушиевтің ісі бойынша процесс басталды. Қылмысстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігімен ("жаппай тәртіпсіздік") айып тағылып отырған Андрей осыдан сегіз ай бұрын – 6 қаңтарда Тараздағы дүрбелең кезінде мерт болған. Қылмыстық іс кәмелетке толмаған жасөспірімнің үстінен қозғалғандықтан сот процесі жабық өтіп жатыр.

Марқұмның анасы 41 жастағы Олеся Опушиеваның айтуынша, алғашқы күні сотқа бір ғана куә – 6 қаңтарда Андрей Опушиевпен бірге алаңға барған жолдас баласы ғана қатысқан. Өзге куәлар, әсіресе сол күні алаңда болған күштік құрылым өкілдері сотқа келмеген. Судья оларды келесі сот отырысына шақыртып, 7 қазанға дейін үзіліс жариялаған.

"ҚАЛА ҚЫРЫЛЫП ҚАЛҒАНДАЙ ЕДІ"

Тараздағы шұжық шығаратын цех жұмысшысы Андрей Опушиев қаңтардың 4-і мен 5-інде түнгі ауысым жұмыс істеп, үйіне 6 қаңтар түске таман келген. Әдеттегідей жуынып-шайынып, тамағын ішкен соң, "цехта бітпеген жұмысым бар, тез ораламын" деп шығып кеткен дейді анасы.

Олеся Опушиева да, Андрейдің аяғы ауыр келіншегі Валентина да сол күні жас жігіттің өшірулі телефонына кезек-кезек қоңырау шалып, таң атқанша еш хабарын біле алмаған. Таңертең жан-жаққа сұрау салған отбасы Андрейдің достарымен бірге алаңға барғанын, оқ атылған кезде бір-бірінен көз жазып қалғанын естиді.

Таңертең ұлын іздеп Таразды шарлаған Олеся Опушиева сол күнгі көріністі әлі күнге шошына еске алады. "Бұрын ондайды фильмдерден ғана көргем. Көшеде тірі жан болмады. Қала халқы құдды бір қырылып қалғандай. Әр тұстан БТР мен қару асынған әскер ғана көзге түседі. Химпоселек (Тараз қаласындағы аудан атауы – ред.) жақтағы полиция бөлімі өртеніпті. Әр бұрышта бүйірін оқ тескен, өртенген көліктер жайрап жатты" деп суреттеді ол Қаңтар оқиғасы кезіндегі қаланы.

– 7 қаңтарда Тараздағы ауруханаларды түгел аралап шықтық. Андрейді таппадық. Қалалық ауруханаға барғанымызда "Өткен түні жүзден астам жаралы адам түсті. Сонша адамның арасынан оны қалай таппақсыңдар?" деді. "Рұқсат етіңізші, палаталарды түгел аралап, сол жүзден астам адамды өзім көріп шығайын. Мүмкін ол жараланып, есін білмейтін болар, тірі шығар" деп жалындым. "Болмайды!" деп кіргізбей қойды. Мәйітханаға да бардық. "Алаңда өлген кілең қазақ. Арасында сіз іздеген адам жоқ" деп маңайлатпады. Жанымда бұрынғы күйеуім, Андрейдің әкесі бар еді. Ол шұғыл шаруасын реттеп болғасын қайтып келетінін айтты да, мені үйіме жеткізіп салды. Көп ұзамай ол қайтып оралды. Сол кезде жүрегім бір жамандықты сезіп, жаным ышқынып отыр еді. Мазам болмай тұрғанын айтып, Андрейдің әкесіне шешем мен келінімді ілестіріп жібердім. Олар ұлымды кешкі жетілер шамасында мәйітханадан тапқан.Үшеуі үйге еңірей кіргенде маңдайымды еденге ұрып, зарлай бердім. Ертесіне ұлымның азапталған мүрдесін көргенде қалай жанымның шығып кетпегеніне әлі күнге қайранмын, – дейді үш перзентінің үлкенін осыдан сегіз ай бұрын жерлеген әйел.

"ҰЛЫҢ – ТЕРРОРИСТ"

Үй іші 17 жастағы Андрейді кім, қалай, қай жерде өлтіргенін білмейді. Анасының сөзінше, жасөспірімнің ту сыртынан тиген оқ кеудесін тесіп шыққан, жақ сүйегі, тістері, қол-аяғы сынған. "Баламды аяусыз азаптаған" дейді ол. Олеся ұлын айыпты етіп көрсететін тергеу деректеріне күмән келтіреді.

17 жастағы Андрей Опушиев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза тапқан.

– Тергеушілер "ұлың – террорист" деп үш видео көрсетті. Оның бірінде Андрей алаңда бейбіт халықтың ортасында тұр. Қолында қару түгілі тас та жоқ. Екінші видеода әкімдік терезесінен оқ атылып жатыр. Ұлым ақсаңдай басып қашып барады. Үшінші видео ұлымның мәйіті ауруханаға жеткізілген кезде түсірілген. Кадр сыртындағы дауыс "2022 жылғы 6 қаңтар, сағат 21:00" дейді. Енді бір құжаттарда ұлымның сол күні сағат 23:00-де жан тапсырғаны жазылған, – дейді Олеся Опушиева.

Андрей Опушиевке "терроризм" және "жаппай тәртіпсіздік" баптары бойынша айып тағылып, іс қозғалғанын марқұмның үй іші бір айдан соң ғана білген. Кейін тергеу органдары "терроризм" айыбын алып тастаған.

Олеся Опушиеваның сөзінше, сот алғашқы отырысты 13 қыркүйекке белгілеп, кейін 22 қыркүйекке ауыстырған. Сосын 3 қазанға қалдырған. Тергеу органдары да, Жамбыл облыстық соты да кәмелетке толмаған Андрей Опушиевтің ісі жабық сот отырысында қаралатынын айтып, Азаттыққа басқа ақпарат бермеді.

– "Баламды өлтірген адамды табыңдар" деп полицияға шағымдандым. Әлі күнге еш жауап жоқ. Полиция ұлымның үстінен "жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған істің өзін ың-шыңсыз жауып тастағысы келді. Оған қарсы болдым. Әкесі де келіспеді. Тергеушілер бізді "іс жабылмаса, мемлекетке материалдық шығын төлейсіңдер", "экспертизалардың ақшасын өндіріп аламыз" деп қорқытты. Миллиондаған соманы атады. Мейлі! Экспертизаға тапсырыс берген мен емес. Кім тапсырыс берсе, сол төлесін! Мемлекет баламды өлтіргендерді тауып, маған өтемақы берсін, – дейді Тараз тұрғыны Олеся Опушиева.

Айтуынша, ұлы он төрт жасында аяғын шалыс басып, Тараздағы тәртібі нашар балаларды тәрбиелейтін арнаулы мектепке жіберіліпті.

– Кейін кешкі мектепке ауысты. Тергеушілер "бала үйде басқа, түзде басқа болады" деп өткенін бетіме баса береді. Ұлымды менен артық ешкім де білмейді. Ол – террорист емес! Қаңтар оқиғасы кезінде де біреуге зәбір көрсетті деп ойламаймын, – дейді Олеся Опушиева.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтарда полицияда азаптан өлген жігіттің отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қауіптенеді

"ӘКЕСІНІҢ АУЗЫНАН ТҮСІП ҚАЛҒАНДАЙ"

Андрей – Олесяның алғашқы некесінен туған ұл. Екінші күйеуімен де дәм-тұзы жараспаған. Одан он жастағы қызы мен сегіз жасар ұлы бар. Андрей көлденең қазаға ұшырардан тура бір ай бұрын – 2021 жылғы 7 желтоқсанда отау құрыпты. Күйеуі қаза тапқан соң төрт айдан кейін босанған Валентинаның жасы қазір 17-де. Тараздағы сервис және технология колледжінде аспаз мамандығында оқитын Валентина Опушиева қазір енесімен бірге тұрып жатыр. Жетімдер үйінде өскен Валентинаның да, әкесінен құрсақта жатқанда айрылған кішкентай Тимурдың да Олеся Опушиевадан өзге жақыны жоқ.

– Баламның арманы көп еді. Ұл туса есімін Тимур қоямын дейтін. Андрей он сегізге толар күнін асыға күтті. "Туған күніме анашым несиеге BMW сатып әпереді. Жұмыстан соң такси айдап, несиені өзім өтеймін. Сосын үлкен үй сатып аламыз. Сол үйден қарындасымды ұзатып, інімді үйлендіремін" дейтін. "Анам, анашым менің" деп мені ылғи төбесіне көтеретін. "Сіз жыламаңызшы, егер жыласаңыз қатты қиналып кетемін" деуші еді. Ұлым о дүниеде қиналмасын деп ешкімге көз жасымды көрсетпеуге тырысып-ақ жүрмін. Бірақ ол мүлдем мүмкін емес. Андрейім тірі болғанда биыл 9 мамырда 18-ге толар еді. Көз жасымды көрмесін деп туған күнінде зиратына бара алмадым. Келінім барды. "Зират басына қалдыр" деп келінімнің қолына Андрей армандаған BMW көлігінің ойыншық түрін ұстатып жібердім. Өмір сүруге асыққаны болмаса, ол кіп-кішкентай бала еді ғой. Әлі тым кішкентай еді, – деп күрсінді қайғыдан қан жұтқан ана.

Немересі Тимур туралы айтқанда Олесяның дауысы өзгеріп, еңсесін басқан қайғы-мұң бір сәт сейілгендей болады. Ол Тимурды "көзі аспан түстес, көкпеңбек", "Андрейдің аузынан түскендей", "журнал мұқабасындағы балалар сияқты" деп сипаттайды. Баласы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан кейбіреулер Олесяға "Бізге қарағанда бақыттырақсың. Немерең бар. Андрейіңнің артында із қалды" дейді екен.

Кәмелетке толмаған төрт баламен (оның бірі – келіні) жалғыз қалған Олеся кейінгі жарты жылда қарызға белшеден батқанын айтады. Денсаулығы болмаған соң бес жылдан бері жұмыс істемепті. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында екі кішкентайын киіндіріп, отбасын асырау үшін қарыз алуға мәжбүр болған. Жалғыз асыраушысынан айрылған әйел баспанасы да жоғын айтады. Бала-шағасымен туысының үйін паналап отыр.

Your browser doesn’t support HTML5

Деректі фильм. Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу

Ресми ақпарат бойынша, Жамбыл облысында Қаңтар оқиғасына байланысты 164 қылмыстық іс, оның 11-і – "Терроризм" бабы бойынша қозғалған. Тергеуге тартылған 165 адамның 130-ы қамауға алынған. Айып тағылғандар арасында 11 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Шілде-тамыз айларында сот 40 адамға әртүрлі мерзімге шартты жаза кесіп, қамаудан босатқан.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, қаңтардың басында Таразда екі жарым мыңға жуық адам қатысқан дүрбелең кезінде 15 адам қаза болған. "Барлығы оқ тиіп мерт болды. Оның біреуі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, біреуі полиция қызметкері және біреуі Ресей азаматы" деп жазылған әкімдік ақпаратында. Оқиға барысында 288 адам зардап шеккен. Басым бөлігі – 17-25 жастағылар.

Азаттық ашық дереккөздерге сүйеніп құрастырған Қаңтар құрбандары тізімінде Жамбыл облысында қаза болғандар одан да көп.

Жыл басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған халық толқуы елдің басқа да өңірлерінде тарап, жұрт әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне, жұмыссыздыққа, қымбатшылық пен жемқорлыққа наразылық білдіріп, жаппай митингіге шыққан. Бірнеше қалада бейбіт басталған шерулер барысында тәртіпсіздіктер болып, оның аяғы тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қазаға ұшыраған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты әлі жарияламай отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтар құрбандарының туыстары президенттің қабылдауын сұрайдыБилік жариялаған Қаңтар құрбандары тізіміне қатысты сұрақ көпҚаңтар-2022: саяси тұтқындар саны 11 есе артқанНұр-Сұлтанда Қаңтар оқиғасында зардап шеккендердің туыстарын полиция ұстап әкетті"Қылмыс құрамы жоқ". Қаңтарда Атырауда оққа ұшқан жігіттің туыстары шындыққа жетуден күдер үзгенін айтады