Теңге және оның ширек ғасырлық жолы

Қазақстандық теңге

1993 жылы қарашаның 15-інде тәуелсіз Қазақстанның төл валютасы – теңге айналымға енгізілді. 25 жылдық тарихында теңге кемінде төрт девальвацияны өткерді. Биылғы жылдың басынан бері де шамамен 13 пайызға арзандады. Ұлттық банктің мәлімдемесіне сенсек, бұған доллардың күшеюі мен Ресей рублінің арзандауы себеп болған. Теңге бағамын болжап білу мүмкіндігі қандай? Ол қандай факторларға тәуелді? Оның түрлі тербелістерге мықтырақ төтеп беретін қауқары бар ма? Бұл сұрақтарға қатысты сарапшылардың пікірі әркелкі.

Совет одағы тараған соң Қазақстан рубль аймағында қалуды көздеді, бірақ ол ойы іске аспады. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Ғасырлар тоғысында” атты кітабында рубльді сақтап қалуға деген ұмтылысын “рубль аймағының бұзылуы (ортақ валюта - ред.) ТМД елдерінен алшақтауды тездетер еді”, ал Қазақстан бұған “әзір емес еді” деп түсіндіреді.

Кітапта Н.Назарбаев “1992 жылы Ресейде барлық баға босатылды. Сол кезде іске кірістік. Мен Қазақстан валютасын шығаруды бастау туралы құпия жарлыққа қол қойдым” деп жазды. Ұлттық валюта туралы жарлық 1993 жылғы қарашаның 12-сінде шықты. Үш күннен соң теңге айналымға енді. Бастапқыда 1 АҚШ долларына шаққандағы бағам – 4,75 теңге болатын. 25 жыл ішінде теңге 1999, 2009, 2014 және 2015 жылдары үш ресми девальвацияны бастан өткеріп, 80 есе құнсызданды. 2018 жылғы 15 қарашадағы бағам бойынша доллардың курсы 373 теңгеден асты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көрмедегі теңге тарихы туралы бұрыш. Алматы, желтоқсан айы 2016 жыл

​Жақындағы бір хабарламасында Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев биылғы жылдың басынан бері валюта нарығында теңгенің 12,7 пайызға арзандағанын айтқан. Оның айтуынша, бұған “сыртқы факторлар”, соның ішінде доллардың күшеюі және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің ставкаларды көтеруі себеп болған. “Соның кесірінен дамушы нарықтардан капитал сыртқа кетті, оның үстіне Ресей рублі әлсіреді, соған сәйкес теңге де сыртқы жағдайларға бейімделді”.

БОЛЖАУЫ ҚИЫН ТЕҢГЕ

Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, Ресеймен арадағы тығыз экономикалық қатынасқа қарамастан, валютаның рубльге тәуелділігі тым әсіреленіп көрсетіледі.

– Ресейге бізсіз өмір сүргеннен гөрі бізге Ресейсіз өмір сүрген қиын болатыны түсінікті, әрине, десе де біз бұл кезеңнен өтіп кеттік. Біз тек Ресейдің ғана емес, бүкіл әлемнің экономикасына интеграцияланғанбыз, тауарды тек Ресейден ғана емес, Қытайдан, әлемнің басқа елдерінен сатып ала аламыз. Оның үстіне көп ел Қазақстанмен сауда жасасуға мүдделі, себебі мемлекеттік қаржы тұрғысынан бұл елдің төлем қабілеті жоғары, - дейді Мағбат Спанов.

СССР ыдыраған соң рубль аймағында қалуға ең көп ұмтылған елдер – Қазақстан мен Тәжікстан болды деп еске алады экономист.

- Бірақ Гайдар үкіметі біз оларға масыл болады деп ойласа керек. Біз үгіттедік, өтіндік. Президент белгілі бір деңгейдегі интеграцияны сақтап қалуға қатты күш салды, бірақ жағдай қалай болғаны белгілі. Дегенмен жаңа тәуелсіз ұлттық мемлекет құру тұрғысынан қарағанда өз валютамызды енгізгеніміз – өте дұрыс қадам болды, – дейді экономист.

Алғашқы теңгелер мен тиындар. Түркістан қаласы, 14 қараша 2017 жыл

“Талап” қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаевтың айтуынша, Ресей экономикасында болып жатқан жайттардың Қазақстан экономикасында қайталануы – заңдылық, оның бір себебі “біз бірыңғай экономикалық кеңістік – Еуразия экономикалық
одағындамыз”.

Оның айтуынша, ел экономикасындағы басты проблемалардың бірі –ұлттық валютаға деген сенімнің жоқтығы.

– 2015 жылы инфляциялық таргеттеумен қоса еркін айырбас курсы деген режимге өткенімізді білесіз. Соның кесірінен үш жылда көп нәрсе көрдік. Тенге өте құбылмалы болды. Оған бұрын өте ықпалды болып келген мұнай бағасы, валютаның келуі сияқты факторлар әсер етпей қалды. Қазір Ұлттық банктің теңге курсын жанама түрде рубль курсына байлап қойғанын байқап отырмыз. Теңге бағамын болжап білу мүлде мүмкін емес, ол болжауға келмейді әрі тұрақсыз, ал бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және тұрғындардың сенімсіздігін туғызады, - дейді Рақым Ошақбаев.

"ПРЕЗИДЕНТ БІЗБЕН БІРГЕ"

Кей экономистердің айтуынша, ұлттық валютаның жағдайының жақсы еместігіне, соңғы бірер жылда бірнеше девальвацияны бастан өткергеніне қарамастан, 25 жылдық ғұмырында теңге ұлттық валюта ретінде аман қалды. Оның ендігі болашағы биліктің әрекетіне тікелей байланысты дейді мамандар.

– Девальвацияны ауыздықтап, қаржылық емес, экономикалық механизмдерді дамыту үшін үкімет пен Ұлттық банк бірлесе жұмыс істеуі керек. Менің ойымша, премьерді де [Қазақстанның премьер-министрін], Ұлттық банк төрағасын да ауыстыратын кез келген сияқты, себебі қазіргілер өкінішке қарай, экономикада қалыптасқан жағдайды реттей алмады. Келер жылдан бастап еңбекақы мен әлеуметтік жәрдемақы көлемі өсіп, инвестициялық жобаларға қатысты шығындар артатындықтан, желтоқсанның басында-ақ инфляция “Ұлттық банк осы жылға белгілеп берген дәліз шегінен шығып”, шарықтай бастайды деді Спанов Азаттық тілшісімен сұхбатында.

Экономист Мағбат Спанов

– Үкімет пен Ұлттық банк еңбекақы көлемі артып, әлеуметтік жағдай жақсарып келеді деп үнемі сендіріп отырғанымен, өз жолдауында президент [олай еместігін] мойындағандай болды, сондықтан бұрын-соңды болмаған әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынады. – дейді Мағбат Спанов.

– ЖІӨ өсімі 3,5-4 пайыз көлемінде, біршама жақсы өсіп келеді. Мақсатымыз – дамыған 30 елдің қатарына қосылу болса, 59-орында екінші жыл қатарынан кібіртіктеп тұрмауымыз керек. Экономика өсімін кем дегенде жылына 5-7 пайызға жеткізуіміз қажет. Егер үкімет пен
Ұлттық банк бұл көрсеткішке жететіндей жағдай жасай алмаса, демек
олар тиімді жұмыс істеп жатқан жоқ, - деп түйіндейді сөзін экономист.

Рақым Ошақбаев

Рақым Ошақбаевтың айтуынша, теңгені дәліз режиміне қайтару керек. Ресей рублі девальвацияланатын болса, ішкі нарықты дер кезінде қолға алынған шаралармен қорғау үшін ұлттық валютаға белгілі бір бағдар беру қажет дейді сарапшы. Ошақбаевтың ойынша, долларға қатысты рубль бағасын күрт түсіру сценариі орындалған жағдайда Қазақстан тарифтік емес қорғау шараларын қолға алып, Еуразия экономикалық одағы жөніндегі келісімнің 29-бабын іске қоса алады. Бұл бап Еуразия экономикалық одағының басқа елдерімен өзара сауда-саттықты шекгеуге рұқсат береді. Сарапшы экономикада оң өзгерістердің де бар екенін айтады.

– Мұнай бағасы жоғары болып тұр, экономикамыздың діңгегі – мұнай
өндірісін 15 пайызға өсіру жоспары бар. Ұлттық қорда көп
қаражатымыз бар, экономикалық саясатты әлеуметтік салаға
бұратынын айтқан президент те бізбен бірге. Ал Мағбат Спановтың
айтуынша, саяси өзгерістер болған жағдайда, мәселен парламент не
президент сайлауы өтсе, Қазақстанда кезекті девальвация болуы
мүмкін. – Оған дейін жағдай бақылауда болады деп ойлаймын, себебі
президент бір қолымен әлеуметтік қолдауға ақша бөліп, екінші
қолымен оны девальвация арқылы қайтарып ала алмайды, бұл қисынға
келмейді, – дейді Спанов. – Дегенмен, біздің экономикалық ортада
болмайды дейтін нәрсе жоқ, бәрі болуы мүмкін. Егер үкімет пен
Ұлттық банк ресурстарды мақсатсыз жұмсап, экономиканы біліксіз
басқара беретін болса, бір доллар 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін, - дейді Рақым Ошақбаев.