Жаңаөзен, Шаңырақ, Шеңгелді. Қазис Тоғызбаев түсірген үздік суреттер

2011 жылы желтоқсанда Қазис Тоғызбаев санаулы күн бұрын қайғылы оқиға болған Жаңаөзен қаласына барды. Мұнайшылардың бірнеше айға созылған ереуілі қанды қырғынмен аяқталды. Полиция ереуілшілерге қарсы оқ атып, ресми дерек бойынша, 17 адам өлді. Азаттық тілшісі Жаңаөзеннен репортаждар сериясымен бірге қала атмосферасын жеткізетін суреттер де ала келді.

Фотода: елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бейнеленген билбордтың өрттен кейінгі қалдығы.

Жаңаөзенге арнайы жасақ күштері кірді. Күш құрылымдары қаланы күні-түні күзетті. Комендант сағаты енгізілді. Қазис Тоғызбаев осыған қарамастан көптеген тұрғынмен, қантөгіс кезінде зардап шеккен, туысынан айырылғандармен кездесті.

Маңғыстау облысының әкімшілік орталығы – Ақтауда қала тұрғындары жаңаөзендіктерді қолдау ретінде қарсылық акцияларына шықты. Олар ашық сөйлеп, билік адамдарға оқ атуды бұйыра отырып қылмыс жасады деп айтты.

Жаңаөзенге іс-сапары кезінде Қазис Тоғызбаев сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан Ақтаудағы полицияның Калашников автоматымен не себепті қаруланғанын сұрады. Министр қол астындағы қызметкерлердің суық қару ұстап жүргенін мойындап, "Қажет болса, "Ақтауда" да қару қолданамыз" деп жауап берді.

 

Ал бұл уақытта Жаңаөзеннің өзінде арнайы жасақ өтіп бара жатқан адамдарды тоқтатып, оларды тексеріп отырды.

Көшелердің бойында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың (СОБР) қаруланған қызметкерлері тұрды.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өлі адамның сөйлемейтінін ескеріп, журналистерге мәйітханаға (фотода) кіруге рұқсат берді. Ол сондай-ақ журналистердің ауруханаға баруына да қарсы болмады, бірақ сұхбатты медициналық мекеменің басшысы берсін деп бұйырды. Ауруханаға барғанда журналистер қантөгіс кезінде жарақаттанған адамдармен сөйлесіп үлгерді.

Жаңаөзендегі оқиғадан кейін билік бірден қайтыс болғандар мен жарақаттанғандар ереуілге шыққан мұнайшылар емес, тонаушылар мен бұзақылар деп мәлімдеді. Бірақ кейін әлеуметтік желілерде полицияның қашып бара жатқан қарапайым тұрғындарға оқ атқанын бейнелейтін видеолар тарады.

Қазис Тоғызбаев Жаңаөзенге 2012 жылы тағы барды. Қаланың көптеген тұрғыны салдарынан қорқып, тілшімен сөйлесуден бас тартты. Ал осы тұста билік қаланың қалпына келе бастағанын, жұмыс орындары пайда болып жатқанын айтқан.

Фотода: Жұмысқа тұрғандардың кейбірі. Жаңаөзен қаласы. 16 ақпан 2021 жыл.

 

2006 жылы kub.info сайтында блог жүргізетін Қазис Тоғызбаев (Азаттықпен ол 2008 жылдан бастап жұмыс істей бастады) Шаңырақ оқиғасының ортасында жүрді. Билік Алматы шетіндегі ауылдағы "заңсыз салынған үйлерді" сүріп тастамақ болып, тұрғындардың қарсылығына тап болды. Қақтығыс кезінде 24 жастағы полицей қаза тапты. Билік бұл өлім үшін бірнеше жергілікті тұрғын мен сол күні Шаңырақта болған ақын әрі диссидент Арон Атабекті (фотода) айыптады. Оны 18 жылға соттады. Атабек әлі түрмеде отыр.

2013 жылы Қазис Тоғызбаев редакция тапсырмасымен Алматы облысындағы Шеңгелді елдімекеніне барды. Ол жерде ұлтаралық араздық негізінде төбелес болған. Журналист ауыл туралы репортаж әзірледі.

Шеңгелдіге әскери техника кіргізіп, кіреберіске блокпостар қойылды. Ішкі істер министрлігі ауылдың қазақ және шешен тұрғындары арасындағы төбелестен бір адамның қайтыс болғанын, қақтығыстың тұрмыстық сипатта болғанын мәлімдеді. Қазақстан билігі елдегі ұлтаралық қақтығыстардың барлығын тұрмыстық деп атайды.

Қазис Тоғызбаев Қазақстан билігі барын мойындамайтын «саяси тұтқындар» туралы да жазды. Ол колонияда жатқан саясаткерлер мен белсенділердің туыстарымен кездесіп, олардың тағдыры туралы әңгімелеп тұрды. 2016 жылы ол Заречныйдағы колониядан мерзімінен бұрын босатылған саясаткер Владимир Козловты Алматыдан күтіп алды. Саясаткер үш жылдан кейін отбасымен бірге Украинаға көшіп кетіп, Қазақстандағы адам құқығын бұзу оқиғалары туралы жазатын Kuresker.org сайтын ашты.

Кейінгі жылдары Қазис Тоғызбаев оппозициялық ұстанымдағы белсенділердің қудалануы жөнінде жиі жазып, олардың сот процестеріне қатысты. 2018 жылы ол "қаруланған жиһадқа" шақыру және терроризмнің үгіт-насихатын жүргізу бойынша сот процесін бақылады. Құқық қорғаушылар айыпталушы саналған Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныды.

 

2018 жылы желтоқсанда Алмат Жұмағұлов 8 жылға, Кенжебек Әбішев 7 жылға сотталды. Айыпталушылардың адвокаты мен Алматыдағы сот процесін бақылаушылар көптеген бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.
 
Фотода: Алдыңғы қатарда оң жақтағы әйел – Алмат Жұмағұловтың жары Әсел Көпбосынова. Күйеуінің үкімі оқылған сәт. Алматы, 21 желтоқсан 2018 жыл.

Қазис Тоғызбаев билік қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Қазақстан билігі экстремистік деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған) жұмысына "қатысты" деп айыпталған төрт белсендінің сотын да бақылаған. Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова, Жазира Демеуова және Әнуар Әшірәлиев бір жылға бостандығынан айырылды. Қазақстанда осындай айыппен ондаған адам сотталды.

Емізулі баланың анасы Оксана Шевчукті істі тергеу кезінде абақтыға отырғызып, сегіз айлық қызынан ажыратты. 2019 жылы мамыр айында билікке қарсы наразылық акциясында Оксана және Ева Шевчукті полицияға алып кетіп, тергеу абақтысында екі сағат ұстады.

Алматылық Әсет Әбішев қызметіне тыйым салынған ҚДТ жұмысына "қатысты" деп айыпталды. Ол – осындай айып тағылған алғашқы адамдардың бірі. 2018 жылы қарашада оны төрт жылға соттады.

Қазис Тоғызбаев "алауыздық тудыру" жөніндегі істерден де хабар таратты. Құқық қорғаушылар Қазақстан заңында "экстремизм" ("алауыздық тудыру" экстремистік қылмысқа жатқызылған) ұғымының ауқымы кең, оны билікке қолайсыз адамдарды қудалау үшін пайдаланады дейді.
 
Human Rights Watch халықаралық ұйымының Орталық Азия жөніндегі зерттеушісі Мира Риттман Қазис Тоғызбаев қайтыс болған соң "Қазақстанда құқық қорғау мәселесіне одан асқан адал журналист болмады" деп жазды Twitter-де.